Жұма, 1 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 9272 3 пікір 19 Қараша, 2016 сағат 09:25

ҚУАТТЫ ЕЛ БОЛУ - ҚАБІЛЕТТІ ЕЛ БОЛУ ДЕГЕН СӨЗ

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отандық тауар өндіретін жаңа өндіріс орындарын ашып, Қазақстан өнеркәсібін дамытуды, осы арқылы жаңа жұмыс орнын құруды тапсырғаны белгілі.

«Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек» деп атап көрсетті Елбасы халыққа арнаған Жолдауында. 

Сондықтан қазіргі кезде на­рықта қазақстандық үлесті кө­бейту жолында жер-жерде жүйелі жұмыс жүргізілуде. Расында отандық өнімнің көбеюінен ұтарымыз көп. Бірінші тауар өзімізде жасалған соң, арзанға түседі. Екіншіден, жергілікті тұрғындар үшін арнайы жұмыс орындары ашылады. Үшіншіден, Қазақстанда жасалған тауарға шетелдің сұранысы мен қызы­ғушылығы оянады. Сөйтіп, отан­дық өнімнің экспорты артады. Сондықтан қазіргі кезеңде Елбасы тапсырмасына орай отандық өнімді дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық брендті қолдау арқылы еліміз әлемге танылады. 

Елбасы өткен жылы индус­триялық-инновациялық өндірісті іске қосуға арналған телекөпірді ашу барысында «Біздің басқа елдерден өзіндік ерекшелігіміз болуы керек. Мысалы, Фран­цияны әлем жұртшылығы жұпар иісті әтірлері мен сапалы шарабы арқылы таниды. Жапондықтар көлік, тұрмыстық техникасымен танымал. Нидерланды қызғал­дағымен белгілі. Неге бізге де осы жөнінде ойланбасқа? Милан­да өткен ЭКСПО көрмесінде біздің аграрлар апортты таныстырды. Қазір әлем Қазақстан алманың отаны екенін түсінді. Алдымен адамға идея келеді. Одан кейін барып материал жиналады. Материал жиналған соң, іске кірісу қажет. Бізде талантты жастар өте көп. Біз – ұлы даланың ұрпағымыз. Біздің бабаларымыз осы Ұлы далада өмір сүрді. Сондықтан біз Қазақ елін әлемге жаңа брендпен танытуымыз қажет» деп атап көрсеткені белгілі. 

Елбасы айтқандай, алдымен адамға идея келетіні рас. Дәурен Өмірбекұлы Омаров та UKO-S Star конструкциялық металл зауытын құрарда бұл саланы ұзақ зерттеді. Уранды сақтау және оны тасымалдау үшін бөшке шы­ғаратын бизнес-жоспар жасады. Жоспарын бүге-шігесіне дейін талқылап, өндірісті құрған жігіт ақыры мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысты. Басқа бәсекелестерге қарағанда арзан баға ұсынды. Түпкілікті зерт­телген бизнестің жолы осылай ашылды. 
Рас, бұрын уранға арнап бөшке шығаратын арнайы фирмалар болды. Оның біреуі жабылып қалды. Ал екінші фирма Өскеменде орналасты. Сонау шығыстан келетін арнайы бөш­келерді Созаққа, оңтүстік өңірге жеткізу қымбатқа түсті. Осыны тереңірек зерттеген Дәурен Өмірбекұлы жергілікті жерде уранды сақтайтын және тасы­малдайтын зауыт салуды қолға алды. 
Оңайға соққан жоқ, әрине. Бағасын арзандатты. Тендерге қатысты. Қазір жұмыс алға жылжып, өндіріс ойдағыдай өркендеп келе жатыр. 

– Алғаш нарыққа енгенде бізді ешкім таныған да, білген де жоқ. Тауарың танымал болу үшін ең алдымен сапалы әрі бәс­е­келестеріңнен арзан болуы тиіс. Кадр мәселесі де маңызды. Сон­дықтан біз слесарь мен электр­­м­ен дәнекерлеушілер және басқа да мамандарды өзіміз оқытып, дайындадық. Қолынан іс келетін адамдарды жұмысқа алдық. Нарықта танымал болуы үшін жыл сайын өзіміз шығарған тауарды жиі арзандатып оты­рамыз. Сол арқылы тендерден біраз қаржы ұттық. Қазір алған қаржының барлығын өндірісті дамытуға тиімді пайдаланып жа­тырмыз. 2011 жылдары бөш­келер 22 мыңнан сатылды, ал біз нарыққа 2013 жылы ендік те, бағаны 15 мың теңгеге түсірдік. 2014 жылы тағы да тауардың бағасын түсірдік. Бұған бәсе­келестеріміз шыдамады. Тиімді менеджмент пен бизнесті озық әрі жетік әдіспен басқара білу бизнестің жемісті болуына септігін тигізеді, – дейді UKO-S Star конструкциялық металл зауытының директоры Дәурен Өмірбекұлы Омаров.

Дәурен Өмірбекұлы жетек­шілік ететін зауыт қазір бір рет қолдануға арналған бөшкелер­ді шығарады, сондықтан да болар, жыл сайын тапсырыс көп түседі. Тапсырыс берушілер тарапы­нан отандық өнімге қояр еш кінә жоқ. Өйткені зауыттың өнімі сапалы әрі арзан. Нарықта бағаланатыны да осы ғой. Қазір зауытта 45 адам жұмыс істейді. Болашақта адам санын көбейту көзделіп отыр. Қазір осы салада Дәурен Өмірбекұлы басқаратын UKO-S Star зауыты мен Шымкенттегі «КЭМ 2030» компаниясы ғана қалды. Бүгінгідей қаржы дағ­дарысы тұсында мықтылар ғана нарыққа төтеп беріп, жұмысын жалғастыра алады деген осы.

UKO-S Star зауытының болашаққа арналған жоспары үлкен. Қазір майды тасымалдау және сақтау үшін сол бөшкелерді шығаратын тағы екінші зауыт іске қосылуға таяу. Кәсіпорын дирек­торы өндірісті Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай іске қосуды жоспарлап отыр. Екінші зауыт ашылса, қосымша жұмыс орны пайда болады. UKO-S Star зауыт жұмысшыларының әлеуметтік-материалдық жағдайы жақсы. Негізінен, мұнда жастар жұмыс істейді. Қолдау үлкен. Егер үйленсе, тағы басқа тосын жағдай орын алса, оларға арнайы ақ­шалай-заттай үлкен көлемде көмек көрсетіледі. Зауыт Созақ ауданында орналасқандықтан 100 пайыз жергілікті жердің аза­маттары жұмысқа алынып отыр. Жылына 50 мыңға дейін уран бөшкелерін шығаратын зауыттың екінші желісі іске қосылса, тағы да жаңадан жұмыс орындары ашылады. Бәрі тапсырысқа байланысты екені де сөзсіз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ашылатын екінші желі жаңадан жұмысқа келетін жастар үшін үлкен қуаныш әрі жергілікті жердегі тұрғындардың материалдық жағдайын жақ­сартуға үлкен септігін тигізеді. 

– Қазіргі таңда Елбасы тапсырмасына орай «кәсіп көзін ашамын» деген адамға барлық жағдай жасалынып отыр. 2003 жылдан бастап, субсидия, «Даму» қоры арқылы берілетін несиелерді кәсіпкерлер мен көзі ашық Қа­зақстан азаматтары тиімді пайдалануда. Елбасы алдымызға қазақстандық брендті қалып­тастыру жөнінде тапсырма қойды. Сондықтан біз ұлт Көшбас­шысының айқын қолдауын сезініп отырмыз, – дейді Дәурен Өмірбекұлы.

Расында да шағын және орта кәсіпкерліктің нарықтық эко­номикада алар орны ерекше. Президент бұл салаға әрдайым басымдық беріп отыр. Елбасы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында шағын және орта бизнестің дамуын – еліміздің экономикалық саясатының негізгі бағыттарының бірі ретінде атап көрсетті.

Расында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытпай, на­рықтық экономиканы қалып­тастыру мүмкін емес. Өйткені бұл – нарықтық қатынастарды алға жетелейтін жетекші күш. Осы орайда Елбасы «Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқ­ты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіп­орындары санының 90 пайыз­дан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын береді. Сондықтан да біздің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда түбірінен жаңа идеология түзуіміз қажет» деп атап көрсеткені белгілі. Ал біздің елімізде шағын және орта кәсіп­керліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі қазіргі кезде 20 пайызды ғана құрап отыр. Қазақстан үшін шағын бизнестің қалыптасуы жоғары дамыған экономикаға өтетін көпір іспетті. 

– Өндірісті жолға қойған сайын Елбасы саясатының дұрыс екеніне көзім анық жетіп келе жатыр. Отандық өнім сапалы болған сайын біздің халықаралық нарықта абыройымыз да арта түседі. Қазақстанда кәсіпті өркендетуге ешқандай кедергі жоқ. Президент барлық көмегі мен қолдауын жасап жатыр. Отандық өндірісті көтеруге мүмкіндігіміз мол. Көзін тапқан адамға жұмыс көп. Қандай да бір нәрсемен айналыссаңыз, алғашқыда аздаған кедергілер кездесер. Бірақ қателіктен де сабақ аласың. Тек бастаған істі тастамай, жалғастыру керек. Бәрі басымыздан өтті. Үйренуден қашпау қажет. Кәсіпке келген адамға ең бірінші керек нәрсе – төзімділік, табандылық пен жігерлі болу.Сонда ғана тірлік нәтиже болады.Бұл орайда бес институттық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен Елбасы қолдауын сезіне білуіміз қажет. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады» деген Елбасы тапсырмасы әрдайым менің жанымнан шықпайды, – дейді UKO-S Star конструкция­лық металл зауытының дирек­торы Дәурен Омаров.

Білікті басшы қазір соңғы екі жылғы алған кірісті қайтадан өндіріске салып жатыр. Алынған табыс пен қаржы өндірісті дамытып, экспортты ұлғайтады. Келесі жылға мақсат – лабора­тория ашу. Лаборатория ашу үшін табыс та көбеюі керек. Ал қазіргі кездегі міндет – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында екінші зауытты өндіріске қосу болып отыр.

Берік Бейсенұлы

дереккөзі: Aikyn.kz

Түпнұсқадағы тақырып: Ісіміз өнімді, тауарымыз өтімді болсын десек...

Abai.kz


3 пікір

Үздік материалдар