Жексенбі, 24 Қараша 2024
Билік 2930 0 пікір 15 Қараша, 2016 сағат 08:24

САҒЫНТАЕВ ҮКІМЕТІ АЛАТАУ ТӨРІНДЕ ӨТЕТІН ӘЛЕМДІК УНИВЕРСИАДАҒА ДАЙЫН

Сарыарқаны ақтүтек борансыз, саршұнақ аязсыз елестету қиын.

Халықаралық энциклопедияларда біздің бас қаламыз «Азиядағы ең теріскейдегі астана» деп бекер аталмаса керек. Осы апта басында елорда қалың қардың астында қалды. Тіпті осының салдарынан Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысы да уақытынан кеш басталды. Оған министрлердің кешігіп келуіне қала көшелерінде туындаған алапат кептелістер себеп болыпты, - деп жазды "Айқын" газетінің тілшісі.  

Министрлер кабинетінің жиынын аш­қан Үкімет басшысына елорда әкіміне қайы­ры­лып, мәселенің байыбына баруға тура кел­ді: «Жұмысымызды бастамас бұрын, Әсет Өрен­тайұлына бір сұрағымыз бар: бүгін жұрт­тың бәрі түнімен жауған қарға байла­ныс­ты жұмысқа кешігіп келуде. Біздің де оты­рысымыз кешігіп өтуде. Қала қозғалысы бір орнында тұрып қалды. Дәп бір қысқа ешбір дайындық болмағандай. Жағдай не болып жатыр?»

Қалабасы Ә.Исекешев дайындық бол­ға­нын алға тартты. «Алайда ауа райы күрт өз­гер­ді. Түнгі екіден бастап, көшелердегі қар­ды жинаудамыз. Жалпы, қазір жолдар та­за. Дегенмен қардың көп жауғанына бай­ла­нысты үлкен кептелістер туындады. Ме­нің­ше, жақын арада бәрі реттеледі». Әкімнің ай­туынша, қолда бар техника түн ішінде те­гіс далаға шығарылған, орталық көше­лер­де­гі қарды жиған. Рас, орталықтан сәл алыс­та, тіпті ауыр жүк көліктерінің өздері омбы қар­ға батып қалған көрінісіне куә болдық. 

Премьер-министр мұндай келеңсіздіктің енді қайталанбасынан үміт білдіріп, қа­лабасына қыстан абыроймен шығуды тіледі: «Әсет Өрентайұлы, бұл сіздің қала әкімі ретіндегі алғашқы қысыңыз, алғашқы сына­ғыңыз. Осы жағдайды абыроймен өткеруіңіз­ге тілектеспіз» деп нықтаған Б.Сағынтаев оған Астана жолдарындағы қарды күреуге қа­тысты жағдайды бақылауда ұстауды тап­сырды.
Расында, бұл күні елордада көптеген қо­ғам­дық көліктердің сынып қалуы кесірінен, автобустар аузы-мұрнынан шыға толды. Біз әңгімеге тартқан адамдар соның кесірінен таңғы 8-ден бері бір бағыттағы екі-үш авто­бустың сырттан жолаушылар қабылдай ал­май өткенін айтты. Тіпті төл «темір тұл­пар­лары» бар қалалықтардың көбі жұмысқа ке­шікті. Жол қозғалысы ең төменгі меже­лер­ге дейін баяулады. Әрине, бұл жағдайда ең­бек өнімділігін арттыру туралы сөз қозғау қиын. Астана ІІД дерегінше, алдыңғы тәулік ішінде 100-ден астам, ал кешегі таңда 26 жол апаты орын алған. Бір жақсысы, құрбан бол­ғандар жоқ көрінеді. 

Әкімдіктің мәліметінше, коммуналдық қыз­меттер күшейтілген жұмыс тәртібіне кө­шірілді. Себебі, 12 қарашадан бастап, соңғы үш тәулік ішінде Астанада 31 сантиметрден артық қар түсіпті. Синоптиктердің айтуын­ша, қараша үшін қалыпты көрсеткіш Аста­нада 28 сантиметр көрінеді. Қарды жинап, қа­ла сыртына шығаруға 369 машина жұмыл­дырылған. Әсет Исекешев елордалық ком­муналдық қызметтер ары қарай да кү­шей­тілген режимде жұмыс жасайтынын ха­­­бар­лады. Қала әкімі өз орынбасарларымен, таңнан кешке дейін қала көшелерін аралап, қар күреу жұмыстарын бақылауда ұстауға уәде етті. 

Әрине, мемлекет маңыз беріп отырған Ас­танадағы ірі жаһандық шара – ЭКСПО көр­месінің қыста өтпейтіні біраз жеңілдік бол­са керек. 

Ал Алматы қаласын осы қыста әлемдік дең­гейдегі сынақ күтіп тұр. Үкімет отыры­сында баяндама жасаған Алматы әкімі Бауыр­жан Байбек Алатау бөктеріндегі әсем қа­ла­да әлем тарихындағы ең ірі Универсиада өткелі тұрғанын жариялады.  

– Универсиада – 2017 қысқы ойын­дары­ның басталуына 76 күн қалды, – деді 
Б.Байбек. – Ол келесі жылдың 29 қаңтары мен 8 ақ­паны аралығында спорттың 12 түрі бойынша 8 нысанда өтеді. Барлығы жоспар бойынша жүруде: үш жаңа нысан қолданысқа беріліп қана қоймай, жұмыс жасауға кірісті. Бұлар – «Алматы арена», «Халық арена», Ат­летикалық ауыл. Қолданыстағы алты объектіні жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. Қатысушы елдер саны бойынша бұл Универсиада тарихтағы ең ірісі болады деп күтілуде. Өткен аптада Иран командасы қосымша тіркелді. Нәтижесінде, қатысушы мемлекеттер саны 57-ге жетті. 

Әкімнің мәліметінше, бұған дейінгі Уни­версиадаларда қатысушылар саны бойынша жа­салған рекорд – 52 ел болған. Дәл осы көр­сеткіш 2011 жылы Түркия ұйымдастырған Универсиадада тіркеліпті. Алматы болса, оны да басып озып, жаңа әлемдік рекорд ор­натпақ! Б.Байбек спортшы студенттерден құрал­ған ұлттық құрамаларын жолдайтын елде­р­дің ақырғы саны Жаңа жылда, 2017 жыл­ғы 1 қаңтарда анықталатынын мәлім­деді.  

Ол виза мәселесі жалпы алғанда, шешіл­генін айтты: «57 елдің 45-інің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады. Төрт ел визаны елшіліктерде, тағы 7 ел – Қазақ­стан­ның әуежайларында ала алады». 

Бауыржан Қыдырғалиұлы қауіпсіздік мә­селелеріне айрықша мән берілетінін қа­дап айтты. 

– Универсиада қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күш құрылымдарының 6,5 мыңнан астам қызметкерін тарту жоспарлануда, – деді ол. – Сондай-ақ жергілікті бюджет есе­бінен жарылғыш заттарды анықтайтын, қол­ға алып жүруге арналған 15 детектор са­тып алынады. Қатысушылар мен көрер­мендерді тексеріп, қарау үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің екі мобильді инс­пекциялық-тексеру кешені және метроның тоғыз рентген-телевизиялық қондырғысы пайдаланылады. Бұл 3,5 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Әуежайда ор­нату үшін үш «тепловизорлар» алу, №4 және №7 қалалық ауруханалар аумағында екі тікұ­шақ алаңын салу мәселелері шешімін тапты. Жаңа 40 реанимобиль жұмыс жасауда.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы бұл әлемдік додаға Қазақстан өзінің негізгі құрамасын жолдайтынын хабарлады. Өйткені төрткүл дүниедегі ең ірі спорт аламандарында ел намысын негізінен, жастар қорғап жүр және олар – әртүрлі жоғары оқу орындарының студенттері. Министрлік еліміздің Студенттік спорт федерациясымен бірге, «Универсиада – 2017»-ге қатысуға үміткерлер тізімін жасаған екен.

– Қазір 227 мықты спортшы дайындалып жатыр, олардың 121-і – жігіттер және 106-сы – қыздар. Олармен 66 бекітілген маман жұмыс жасауда, арасында жаттықтырушылар, дәрігерлер, үгушілер және басқалары бар. Отандық спортшылар 7 спорт түрінен бақ сынап көрмек. Олардың арасында жеңіс тұғырына шығудан, жүлде иеленуден үмітті, сайыпқыран спорт­шыларымыз бар, – деді А.Мұхамедиұлы.

Атап айтқанда, Универсиада кезінде қазақстандықтар мәнерлеп сырғанаудан Денис Теннің, фристайлдан Юлия Галышеваның, Павел Колмаковтың, Жанбота Алдабергенованың, конькимен жүгіру спортынан Роман Кречтің, Станислав Палкиннің, шорт-тректен Айдар Бекжановтың, Абзал Әжіғалиевтің, Нұрберген Жұмағазиев пен Денис Никишаның өнерін тамашалай алады. Жалпы алғанда, Тәуелсіздіктің 25 жылында қазақ елі 12 рет Универсиадаға қатысып, 44 медальді қанжығалап қайтыпты. Олардың 18-і – алтын, 13-і – күміс және 13-і – қола. 

Бұл тақырып бойынша талқылауларды қорытқан Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев осынау жаһандық жастар сайысы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуі керектігін, себебі мұндай жарыстар спортсүйер қауымды көптеп тартатынын қаперге салды. Үкімет жетекшісі Алматы әкімдігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне Универсиаданың барлық ұйымдастырушылық кезеңдері бойынша және еліміздің құрама командасын дайындау бойынша лайықты жұмыс жүргізуді жүктеді. Сонымен бірге ол облыстар, Астана және Алматы әкімдеріне «Дүниежүзілік Универсиада Алауы эстафетасының» өңірлік кезеңдерін өткізуді айрықша бақылауға алуды тап­сырды.

Үкімет отырысында қаузалған тағы бір маңызды тақырып инвестиция тарту жайы болды. Елге сырттан бизнес қаржысы құйылмаса, ол мемлекет өс­пейді, эко­номикасы ілгері баспайды. Ал алға қарай жасаған адымдары барған сайын алыптана түскен Қазақстанның экономикасы жыл сайын инвестиция көлемінің де еселеп артуын қажет етеді. Тіпті осы мақсатта Елбасы Жарлығымен республикада жеке министрлік құрыл­ғаны мәлім. 

Бірақ әлемде дағдарыс ұзаған сайын инвесторлар «үшінші әлем» елдерінен кетіп, қаржыларын дамыған елдерге салуда. Сондықтан Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан дамыған елдер мүше «Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының» Инвестициялар жөніндегі комитетіне мүше болуға ұмтылуда. Биыл ЭЫДҰ Қазақстанды өзінің осы комитетіне қатысушысы ретінде шақыруға ұсыну туралы шешім қабыл­дапты. «Бұл Қазақстанға деген зор сенімнің белгісі және Қазақстанның инвестициялық ахуалы халықаралық стандарттарға, іскерлік ортаның жоғарғы деңгейіне, бәсекелестік пен инвес­торлардың құқығын қорғау салаларына сәйкестігінің көрсеткіші» деді министр. 

Жеңіс Махмұдұлы Үкімет мүшелеріне Қазақстандағы инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту жоспарлары туралы баяндады.

– ЭЫДҰ-дағы позициясын орнықтыру үшін Қазақстан инвестициялық ахуалды жетілдіру бойынша жоспарды іске асыру жұмыстарын жалғастырады. Бұл жұмыстың маңызды бағыттары инвесторлар үшін көші-қон және виза мәселесін жеңілдету, салықтық және кедендік басқаруды жетілдіру, сонымен қатар инвесторларды тартудың жүйелі құралдарын жақсарту болып табылады, – деді ол. 
Министрдің ақпарынша, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестициялар ағымы бірден 25,8%-ға артып, 9,3 млрд долларды құраған. Инвестициялардың 60%-ға жуығы – тау-кен өнеркәсібі, мұнай және геологиялық барлауға, 15%-ы – өңдеу саласына, 9%-ы – саудаға және 5%-ы құрылысқа тиесілі.

Doing Business жаһандық рейтингінде республикамыз биыл 41-орыннан 35-орынға көтерілді. 
Осы орайда сөз алған Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов қаптаған үкіметаралық комиссиялар мен іскерлік кеңестердің жұмыс тиімділігіне күмән келтірді: «Бізде 115 үкіметаралық комиссия мен 24 іскерлік кеңес бар. Барлығы да жұмыс жасап жатыр. Алайда, өкінішке қарай, жұмыстары «кездесуден кездесуге дейін» ғана жүргізіледі» деген сыртқы саясат ведомствосының басшысы бұл мәселе бойынша Үкімет басшысына хат жазғандарынан құлағдар етті. Ол бойынша Премьер арнайы тапсырма беріпті. СІМ үкіметаралық комиссиялар жұмысын бағалау критерийлері бойынша ұсыныстар да енгізген.

Б.Сағынтаев бұл сынды құптады. Сонымен қатар үкіметаралық комис­сиялардың қазақстандық бас­шыларының жауапкершілігін көтеру міндетін қойды. 

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың инвестициялар тарту мәселесін айрықша бақылауда ұстап отырғанына назар аударта келе, Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмаларын сапалы орындау қажеттігін қадап айтты. Ол инвестиция тартудағы түйіткілді мәселелердің нақты шешімдерін қабылдау керектігін нұсқады. Әйтпесе, олар шешімін таппаса, Үкімет үгітке еріп келген инвесторлардың өзінен айырылып қалады.

– Елбасының шетелдік сапарлары барысында бизнес-форумдар өтеді, көптеген келісімдер мен меморандумдарға қол қоямыз. Олар кейін қағаз жүзінде қалып қоймай, аяғына дейін жеткізілуі қажет. Сондықтан бұл жұмыстарға қос министрлік – Инвестициялар және даму мен Сыртқы істер министрліктері тарапынан бақылау жүргізілгені жөн! – деген Б.Сағынтаев жыл соңына дейін бұл жұмыстардың қорытындысы қаралатынын білдірді. Яғни, жеке жиын өткізіліп, бизнес-форумдар барысында рәсімделетін келісімдердің қаншалықты тиімді екендігі, қайтарымы сараланбақ. 
Ұлт көшбасшысының таяудағы Корея мен Жапонияға сапары барысында сол елдердің ірі бизнесі тарапынан Қазақстанға үлкен қызығушылық байқалған, «темірді қызған кезде соқ» дегендей, мұны да еліміз өз орайына пайдаланып қалуы керек. Сол себепті Үкімет бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруге, жандандыруға белсене кірісті.

Елдос СЕНБАЙ 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570