Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Шынның жүзі 10835 1 пікір 27 Наурыз, 2017 сағат 18:59

Бүгінгі Парламенттің сықпыты Снежанналар болып тұр

Тайжанның орнына Рау барды. Қазақстан Парламентіндегі жылы орындықтың бірі қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанға «тиесілі»  болған-мыс.

«newtimes.kz» жүргізген әлеуметтік сауалнама респонденттері осылай деп топшылапты.

Ал ҚР Инвестиция және даму вице-министрі папкесін Алик Айдарбаевқа тапсырып берген Альберт Рау тыныш қана барып, Мәжілістегі бос орынға отыра қалған.

Айтпақшы, біреулерге көз ұшында бұлдырап тұрған депутаттық лауазым біреулерге оп-оғай бұйырып жататын кездер де аз емес. Қазақстан Парламентінің Мәжілісіне жақында ғана спортшы Серік Сәпиев барды. Рингте шашасына шаң жұқтырмаған Сәпиев саясатқа араласуға бейіл екенін өзі айтқан. Несі бар, Шишигина шешпеген спортшылардың мәселесін Сәпиев шешіп қалар...Ол бақандай «Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің» мүшесі болды ғой.

Мұхтар Болатханұлы Тайжан Қазақстанның саяси-қоғамдық өміріне белсене араласып жүрді. Әсіресе былтырғы жылғы Жер дауы кезінде арнайы комиссияда жұмыс атқарып, ақырында Сағынтаев басқаратын үйдің дәлізіне кірді. Соңғы кездері Үкімет үйіне жиі барғыштап, бірлі-жарым министрліктермен  қоян-қолтық жұмыс жасауға көшті. Сөзден іске дегенге балап қойдық. Дегенмен Мұхтар Тайжанға қатысты пікірлер алуан түрлі. Бірі қоштаса, енді біреулері керісінше.

Сарымдар мен Тайжандарды неге Парламентке отырғызбайды?


Ал ұзын-құлақтың айтуынша, Мұхтар Тайжанның сол барғыштағаны бекер емес екен. Парламентте бос тұрған бір орыннан дәмеленсе керек. Оның ретін Рау келтірмеді. Мейлі.

Мұнда бір мәселе бар. Ақорда мен Үкімет неліктен саяси ой блокадасының бергі бетіндегі азаматтарды ауласына жақындатпайды?  Айтар болсақ, Айдос Сарым, Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы секілді сен тұр мен атайын дейтін саясаткерлерді Парламентке неге алмайды? Себебі, идеология басқа. Демогратия діңкеленіп болған.

Ескірмейтін Парламент

Мемлекет басшысының қалауымен, Конституцияға өзгертулер енгізілді. Қазақстанның жоғарғы саяси билігі бөліске түсті. Әрине формалды түрде. Президент бірсыпыра міндетті Үкімет пен Парламенттің құзырына берді. Бұл жүйе бойынша – Парламент пәрменді, тірі саяси институтқа айналу керек еді. Елбасының айтқанындай болды. Өзгерістер орын алды. Өзгермеген тек – Парламент. Ақсақалдар алқасы дейтін Сенатта да, Заңды «пачкілеп» мақұлдайтын Мәжілісте де сең байқалмады. Ескірмейтін Парламент.

Күні кеше ғана БАҚ өкілдерімен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент өз мерзімдері аяқталғанға дейін жұмыс жасайтынын айтты.

Ал сіз мына депутаттарды танисыз ба?


Ескі құрам дегеннен шығады. Жаңа жүйедегі ескі кадр. Кадр болғанда қандай десеңізші. Міне: Звольский Сергей, Имашева Снежанна, Ким Роман, Клименко Иван, Козлов Евгений, Кесебаева Балайым, Магеррамов Магеррам, Микаэлян Наринэ, Өтемісов Шавхат, Суслов Александр, Хитуов Тарас, Чирков Михаил, Хахазов Шакир, Теміржанов Мұрат...

Бұл азаматтар неге үнсіз отыр? Не істеп отыр? Бар ма өзі...Бәлкім көрмей жүрген болармыз. Әй, қайдам...

Түйін. Парламент дейміз. Еуропалықтарша айтқанда, «қалтадағы» парламент халыққа қызмет етпейді. Бүгінгі парламенттің сықпыты Снежанналар болып тұр. Елбасының 2021 жылға дейін сенім білдірген бұл депутаттарына іздеу саламыз. Көрген-білгендер болса, дұғай сәлем жолдадық. Халықпен байланысқа шықсын. Әйтпесе, орындарын босатсын! Бұл біздің талап.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969