Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7606 0 пікір 6 Наурыз, 2017 сағат 14:23

... ҚАЙЫРЫП ҚАРА СӨЗДІҢ ҚҰДІРЕТІН

Дәулетбек Байтұрсынұлының поэзиясы туралы

Поэзия - өнердің бір түрі. Оның бойында сурет пен үнннің тоғысы болады. Егер өлеңді оқып отырып суретті көре алмасаң, поэзия сұлулығына тұшына алмайсың.

Өлең адамға сыр бү­гер­­лік мүмкіндік бермейді. Құдіретті сөз а­дам­­­­ның ақымақтығын да, да­­­­­­на­­­­лы­­­ғын да, ұшқары ойларын да, те­­­­­­рең­­­­нен түйгендерін де, сүй­­­­дір­­­­ге­­нін де, күйдіргенін де, қуан­ғанын да, мұңайғанын да жайып салады. Сондықтан да, өлең — Абай айт­­қан­­дай өсекші. Өсекші болғандық­тан да, ол — ақынның бағы мен со­­ры.Осылай пайымдауыма еш ренжімес деп ойлаймын ақындарды. Өйткені бұл сөзімнің астарында шындық бар ғой. Ал Дәулетбек Байтұрсынұлы үшін поэзия –бақ. Себебі Дәулетбек ақынның өлеңдерінен оның азаматтық үнін, қуанышын, бақытын, қамыққан көңілін, өмірінің айнасын танығандай боламыз.  Ақынды атамекенімен тілдестірген де, үндестірген де, халқымен бірге  өмірді бір кештірген де сол өлең. Осы туралы ақын « Сенің арқаң» деген өлеңінде тамаша жеткізген

Тауы мен өрі қалқан,

Жерімде елі дарқан,

Өмірге келгендігім,

Қойнында кені бар сан,

Бастырған мені балпаң,

Иә, Алла, сенің арқаң!

 

Ұлы боп көшпендінің,

Ұлан боп өскендігім,

Бақытым бүршік жарып,

Өкініш өшкен мұңым,

Дегенім сенім артам,

Иә, Алла, сенің арқаң!-деп жүрекжарды сырын ақтара салады. Өмірде  Аллаға шүкіршілік етіп, алғыс айтумен ғана шектелмейді. Сондай –ақ :

Қатені «қой!» дегенім,

Тапқаным ой кененін,

Мойындап құлдығымды,

Шүкір деп сөйлегенім,

Рухымның шөлі қанса,

Иә, Алла, сенің арқаң!-деп тебіренеді. Алланың берген шабытты сыйын – ақындығын меңзегенін аңғару қиын емес.

 Дәулетбек Байтұрсынұлының өлеңдерін оқығанда оны  жанының , ойдың сүзгісінен өткізу керек. Сонда ғана ақынның өлеңіндегі әуезі, үні, барлық поэзияға құмартушылардың әуезіне, үніне айналмақ.

Жазайын десем, менсіз де,

Алматы да ақын көп.

Жазбайын десем, «елсізде»,

Өлеңнен басқа жақын жоқ,-деп ақынның өзі айтқандай, өлеңі өміріне серік болған жанның ішкі толғаныстарына бойлайық.

Ақынның қаламынан туған өлеңдері тамаша суреттеулерге, сөзбен салынған суреттерге тұнып тұрады.

Дәулетбек ағаның жаңа өлеңі - « Таң» .Керемет суреттеулерге толы өлеңді сүйсінбей оқу мүмкін емес. «Таң атып келе жатыр рауандап..»деп басталатын өлең алғашқы жолынан-ақ елең еткізеді.Одан кейінгі:
Боз сәуле терезеге жайылуда ,-деген жолда әдебиеттегі шарттылықты байқаймыз.   Өлеңде шарттылық аз емес. Мәселен, лирикалық қаһарманның iшкi сырының, яғни дерексiз ұғым сырдың заттанып, жанданғаны сондай: талпынып, құлаш сермеуi-шарттылық нәтижесi.

  Боз сәуле –көңіл күйді танытатын әсерлі эпитет болса, одан әрі жайылып сөзі арқылы көз алдымызға жанды бейне елестейді.Ал енді екінші шумақтағы төрт тармақ та тұнып тұрған сурет.. Сурет болғанда қандай!!! Керемет!!! Қарайықшы:
Аязда таңға жуық шытқылданып,
Кіреді етегіңнен сыпсың қағып.
Көліктер қыбырлайды қар-шекпенді,
Басыпты байтақ жерді қыс қырланып.
Таңға жуық шытқылданған аяз деген бейнелі сөзді ақынның жаңа эпитетті қолдануы .Ал сол аяз етегіңнен кіреді деуі кейіптеу болады. Көз алдымызға сыпсыңдаған аяздың жанды бейнесі көрінеді.Қар-шекпен киген көліктер, қыстың байтақ жерді басуы-бәрі де тамаша суретті ақын ойын одан әрі дамыта түседі. Қар-шекпен –метафора. Ал ақын осы арқылы қардың қалыңдығын беріп тұр. Осыдан кейінгі аспан көкке ышқынып ұшқан ұшақтар, олардың ақ қарды ақ боранға айналдыруы да әдемі өрілген суреттер.Осылай табиғат құбылысы мен мінезін беріп алады да ақын ары қарай жұп-жұқа киінген қызды, қар күреген жігітті айта келіп, ой тастайтындай....Бұрқасынның көмуі де әсерлі айтылған. Көміп сөзі арқылы бұрқасынның күштілігін айтып тұр.Ал аяздың бетті ашытып шымшылауы тағы да жансызға жан бере суреттеу болып табылады.Соңғы шумақ! Міне керемет! Ақын нағыз өлеңнің идеясын осы шумақта түйіндеген.
Бұл мінез ескерту ғой Қаһарланған,
Аржағы аман өтсең Баһар-жалған.
Кетеді от пен суға тәнді салып,
Ұшады мәңгілікке жасалған жан
Иә бір сәттік табиғат құбылысы мен көрінісін суреттеу арқылы өмір туралы үлкен философиялық ой түйіндеу нағыз шебер ақынның ғана қолынан келер іс. Поэзия әлемінде өз ойын көркемдікпен,асқан шеберлікпен бере білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл тек шабыты өте жоғары,өлең шығару дарыны бар үлкен талант иесінің қолынан ғана келеді.

Лирикада бір адамның ғана сезімі беріледі дегенде, ол да мүлде өз алдына, оқшау тұрмайтынын ескеруіміз қажет. Лирикалық кейіпкердің дейміз бе, ақындық «меннің» дейміз бе, өзіндік сезімі бейнеленгенде, оның басқа адамға қалай қарайтыны да қоса алынады. Көп ретте ол өз сезімін жария етумен қатар екінші бір адамға деген көзқарасын, сезімін /не сүйсінуін, не безінуін, кейде екеуінің де әсерін қатар қабылдап, бір мезеттің өзінде көп көзбен қарауын/ қоса береді. Әрине, бұл бір өлеңде   екі адам тең дәрежеде бірдей ашылады, екі образ пайда болады дегендік емес. Онда бір адам, лирикалық қаһарман, неғұрлым кеңірек /лирика мүмкіндігі аясында/ ашылса, екінші адам әрі лирикалық қаһарман  әсерін қабылдап, әрі соған аз да болса ықпал етіп,  тек жеке сипаттарымен  көрініс береді. «Қандай күйде қалам мен» деген өлеңінен ақынның ішкі толғанысын түсінбеу мүмкін емес.

Сол күндерге өкінбеймін әттең деп,
Сағынамын ұзатылған «әпкем» деп.
Сығалайды есігінен есімнің,-
Сабылысқан жолдар жатыр ат терлеп...

Ұзатылған әпкесіндей өткен күндерге деген сағынышқа толы өлең. Сырт қарағанда өкініш секілді, алайда бұл өлеңде өкініштен гөрі сағыныш басымырақ секілді. Есінің есігі деген жолда тамаша шарттылық бар. « Сабылысқан жолдар жатыр» ,  жай жол емес, ат терлеген жолдар. Бұл нені білдіреді? Ұзақ жол, қызығы мен қиындығы , күрделілігі мол жолда ат терлейді. Яғни ақынның өткен күндері текке кетпеген.

Жүгірмеймін ертеңіме ентігіп,
Нығметтерді кеткім келмес өлтіріп.
Өкінбеймін, теңге менің теңім бе?
Тәубе деймін басқаныма өр тұрып...

Өткенді осылай сағынған ақын ертеңге жанталасып асығудан аулақ. Жүгірмеймін ертеңіме ентігіп,-деуі осыны айтуынан ақынның мінезі көрініс табады. Лирикалық қаһарманның бойынан сабырлылық пен салмақтылықты байқаймыз.Сондай –ақ ақын :
Тәубе деймін басқаныма өр тұрып...-деп, адами парасаттылығын білдіріп өтеді.  Сондықтан өлеңде бiр-ақ тұлға, лирикалық қаһарман- "мен" ғана бар да, ал қалғандары сол "мендi" өрiстетуге жұмылдырылған деп түйемiз.

    Ақын жан-жү­­ре­гін ақта­­рып, бо­йын­дағы өлең тасқынына ерік береді.

Керексіз ой кергілейді қамалап,
Бүгініме қызыметім қанағат.
Даңғой нәпсі жұлқысқанда Арыммен,-
Арашалап отырамын адалап.

Адам –періште емес, пенде. Иә мына қу тірлікте не болмайды дейсіз? Бірақ ақын пендешілікке салынғысы жоқ.Керексіз ой кедергілей қаумаласа да, барға қанағат тұтып,
Бүгініме қызыметім қанағат.
Даңғой нәпсі жұлқысқанда Арыммен,-
Арашалап отырамын адалап,-дейді. Даңғой нәпсінің Армен жұлқысуы жанды суретті көз алдымызға әкеледі. Кейіптеу арқылы тамаша өрнек жасаған.
Сумаң ойды серт қамшымен талдырдым! Неткен керемет сурет. Сөзбен салынған әдемі сурет. Шарттылық десек те, идеяға өң беріп тқр.Әсерлі көркемдеген. Сумаң—жыланның екінші аты, сондықтан да сумаң ой жақсы нәрсе емес. Жылан секілді жылмаң және тітіркендіретін жайсыз нәрсе. Оның, сеспей қатыратын серті қамшы. Осылайша ұлттық құндылықты меңзеп тұр. Серт қамшы – ұлттық айшықпен шырайланған эпитетті метафора.Одан әрі ақын өмірді сыңаржақ суреттемей , оның екі жағын да шынайы бере білген. Мысалы:
Болды өмірім бірде шалғын көк жайлау,
Болды өмірім бірде сағым тарғыл құм.
Иә, өмірдің жақсылығы мен жамандығы, қиыны мен қызығы, молшылығы мен таршылығы қатар жүретінін осылай жеткізеді.Ақын суреттеуіндегі көк жайлау мен тарғыл құм – осының дәлелі. Өлеңнің түйінін ақын:
Алла алдында қандай күйде қаламын?!-деп түйіндейді.Иә ар мен ожданды жоғары қойған ақынның мақсат-мүддесі де осы тұста айқындалады. Идея мен тақырып тұтасып келіп, алдымызға әдемі де айшықты жырды тарту еткен ақын ағамның оқырмандарға тартқан баға жетпес сыйы деп білемін.

Ақын  ойы мен өлең  үндестігі лирикаға жан бітіреді. Қиял еркіндігі, оның ортаға қатысы, әлем кереметтерін түсінуге құлшынуы өлең құдіретін пайымдау арқылы жүзеге асады. Осындай сезіну ақынның өзінде болған жағдайда ғана ол оқырмандарын дәл сондай сезіндірері хақ.

Адамға қасиеттер қонар сырлы,
Түйсігің сезеді екен болар шынды.
Ажалдың хабаршысын анық көрген,
Ағарған сақалынан Омар сынды!..

Ажалмен сәлемдескен олар танып.
Сақалы ағарғанда Омар халиф.
Пәнидің балы тәтті болғанымен,
Жалғанға байланбаған омарталық!..-деп басталатын өлеңі турасында осыны айтуға болады. Өлеңді  тек бейнелiлiк пен стиль ауқымдастығы тұрғысынан таразылаумен шектелмей, оны лириканың жанрлық сипаты жағынан қарастыруға болады. Өлеңде лирикалық қаһарман тек бiр қырымен әспеттелмейді. Өмір туралы философиялық ой тастайды.

Өмір –жалған. Десек те сол қысқа ғұмырда астамшылдыққа бармай, тәубаға келу сияқты киелі де келелі ой айтылған.

Негізі өлеңді  талдағанда ондағы бейнелiлiк, суреткерлiк шеберлiгi өзалдына алынбай, ақын стилi көрсеткiшi ретiнде дәйектелуi керек. «Талыс» атты өлеңін енді осы тұрғыдан алып қарастырғанымыз жөн болар.

 Талыс-жылқының бас терісінен жасалған оны-мұны салып қоятын ыдыс.
(Қуралұлы А. Қазақ дәстүрлі медениетінің энциклопедиялық сөздігі.— Алматы. 2007. ) Осындай түсінік беріледі. Ал Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына жолдары да бар: Талтиып қалған үлкен аяқ. Мисыз ой, т а л ы с а я қ, сасық қолтық, Мегежін, шартық бұқа, бойы қортық. Буаз қатын секілді шартиғанда, Айран құйып байлаған бір жанторсық (С.Торайғыров, Таңд. шығ., 25. Осындай түсініктемелерден кейін Дәулетбек Байтұрсынұлының мына өлеңінің мағынасын кең түсінуге мүмкіндік мол. Сонымен ,Жылқының бас терісін илеген соң,
Тігетін дорба жасап төрт бұрыштап.
Аузына тобылғыдан түйреген соң,
Таспамен қайып шығар дөп қуыстап,-деген жолдарда ақын талыстан тігетін дорбаның жасалу жолына сипаттама береді. Бұдан кейінгі шумақта ақын ұлттық қолөнер бұйымының әдемілігіне де ерекше мән берілетіндігін жеткізеді:

Қайыстан бауын тағып бекітеді,
Ілуге керегеге ыңғайлы етіп.
Тұрады құлпы болып екі тиегі,
Сәнімен көз тартады жымдай бекіп. " ...жымдай бекіп" тіркесі осы жерде ерекше рөл атқарып тұр. Оны қандай қажеттілік үшін пайдаланылатынын тағы да айқын айтып кетеді:

Салады ішіне әкеп керек-жарақ,
Бізбенен, кешкіш, тескіш, тарамысын.
Әкеміз жыртылғанды берер жамап,
Қажетті соның бәрі адам үшін.. Ұлттық бұйымның маңызын саралай келе , бағалауды да ұмытпайды.

Көшкенде жұмсақ тері бүлінбейді,
Заттарда бей-берекет шашылмайды.
Ол кезде қалаға ешкім жүгірмейді,
Бүгінгі істі ертеңге асырмайды.

Сапасы да тілге арқау болып отырғанын аңғару қиын емес. Ақын өлеңіне арқау болған бұл бұйым өз өмірімен де байланысты екен. Әкесі тұтқан осы бұйым балаға да мирас секілді, яғни санасына сіңген құндылық деп тануға болады.Біз тек көнерген сөз деп қарап, тек бірлі-жарлы өлеңдерден ғана атын естіп жүрміз оны мойындауымыз керек. Ұлттық нақыштарымыз бен құндылықтарымызды санамызда қайта жаңғыртып, көз алдымызға тірі бейнедей осылай сипаттай суреттеген ақынның мына өлеңін әрине құнды десек болады. Біздерге , мұғалімдерге, таптырмас, баға жетпес көмекші құрал. Өз іс-тәжірибемде пайдаланамын деген оймен ағамның бұл өлеңін қуана қабылдадым. Өлең соңын ақын ағам тамаша аяқтапты:

Тисе егер өлеңімнің жолға себі,
Өзінен жібермейді жұрт алыс қып.
Біздерде арман сірә болмас еді,-
Қазаққа құным болса бір Талыстық!..-депті.

Ағажан, Талыс-ұлттық нақыштағы жәдігеріміз болса, сіз қазақ поэзиясындағы Ұлттық рухтағы айшықты , нақышты өрнегімізсіз.

Иә , әр ақынның сәтсіз өлеңі болады. Ақынның барлық өлеңдері жоғары деңгейде шыға бермейтіні белгілі. Ақынның мына өлеңі менің көңіліме ұнай қоймады. Қаламымның ащы сиясына ілігіп отырғаны да сондықтан. Өлең «Қалады» деп аталады. Сынамас бұрын алғашқы шумағын оқып қарайық.

Қалады бәрі, қызық пен қиын бұл жалған,

Қалады тауың, ағашың көктеп бүр жарған.

Сарайың, тағың, күркеше жүдеу лашығың,

Қалады тегіс қол созған әсем түрлі арман...

Поэзиядағы жауыр болған, көп кездесетін , қайталана беретін тіркестер қолданылған. « Өмір өтер, жиғаның қалар, дүние жалған » деген жаттанды ой әсерсіз жалаң айтылған. Көз алымызға әдемі суреттерді жандандырып, жандырып әкеліп беретін ақын бұл жолы  тек осындай жұпыны сөздермен шектелген.

Қалады мақтан, алданыш, арбау аздаған,

Нені де болса, мәңгілік саған жазбаған.

Пәниді біліп, бақиды білмей пенделер,

Қалды ма адам баласы жерде азбаған?

Тек қана біздер кетеміз тәннен бөлініп,

Құтылармыз да жататын күннен Бөрі ұлып.

Жанымыз анау жеті қат көкке жол шегер,

Тәніміз қалар топырақ Текке көміліп.

Ал, не көрдік!  Ешқандай әдемі суреттер жоқ. Тек жалаң баяндау ғана бар. Келісемін, өлеңде өтпелі өмір туралы , яғни тақырып бар, бірақ идея жоқ.

Дегенмен де мына өлеңі осы олқылықты жуып-шаятындай екен.

Өтсін десең басыма кие қонып,
Ақылыңа сабырдан тие көміп!
Көп сөйлесең, қадірің көп кетеді,
Өткенің жөн аузыңа ие болып!
Бұл жолдар шамасы Дәулетбек ағаның көңілі қамыққан кезде туса керек деп ойлаймын... Қазіргі қоғамдағы тыныс – тіршіліктің бейнесі көлбеңдегендей екен көз алдыңнан.Әрі қарай ақын ойын тереңдете түседі.
Тіліңді ти, құлыпта ерініңді,
Артық сөзден ішіпті елің уды.
Тыныш жүргін тісіңді қарыстырып,
Бездіресің ел-жұртың, серігіңді!..

Тілді тыю, ерінді құлыптау... Шарттылық! Бұл жерде ақынның шеберлігіне риза боласың.Артық сөзден ішіпті елің уды.. Бастапқы жолдардың жауабын осы жол беріп тұрғандай. «У ішу» тіліміздегі тұрақты тіркес болса да, ақын қолданысында өте ұтымды көрініп тұр.Негізі бір сәттік көңіл –күйі ақынның өзегін жарған өлеңдеріне тосқауыл бола алмайды.Ақын жүрегі ақ жырларын ағылтады.Өлең туралы мына шумақтарына назар салайықшы.
Өлеңнің ақыл – өсі, сезім – шеңбер,
Тұлғасын шымырлатар сөзің шебер.
Шындығы мидан жетсе мығымданып,
Бояуы жүрегіңнен, өзің себер.

Көкірегі ояу жанға өлең ақыл мен сезімнің жемісі деп тұр ғой. Бойды шымырлатар ақын сөзінің бояуын да жүрек қалауыңмен бересің дегенін де ұғу қиын емес. Иә шын ақынның жүрегінен туған өлең осындай болса керек.Ақынның өзі «..қайырып қара сөздің құдіретін..» десе, бұл ағаның өз мінезі деп бағалау керек.Асқар Сүлейменов : «Ұрпақ - ұрпақпен ұрпақ. Аға буын ағалық қамқорлығын көрсетсе, рухани мұраның тарих қоржынында қабаттасып қала бермейтініне есеп беріп отыр»- деген пікірін осы жерде мен Дәулетбек ағаның шығармашылығына орай келтіргім келіп отыр. Өйткені ақынның поэзиясының біздің ұлттық мәдени мұрамыздың көшіне қосар үлесі мол. Қазақ поэзиясының қайнап жатқан жыр қазанының ішіндегі майлы жілігі осы ағамның үлесі десем, қателеспейтін шығармын.
 Ақынның өз бейнесі, өзіне берген бағасы бар.

Айгүл Омарова

Маңғыстау облысы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364