Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
8789 0 пікір 25 Ақпан, 2017 сағат 12:12

САРАЙШЫҚ: АТҚАРЫЛАР ШАРУА ШАШ ЕТЕКТЕН

«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі күнге көз жіберуіңіз керек» - деп сөзіміздің басын Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың құнды да ойлы пікірінен бастауымыздың  өзіндік сыры бар. Расында, өткенге, тарихымызға көз жүгіртіп жаухарларымызды зерделемей бүгініміз бен ертеңімізді болжау әсте мүмкін емес деп ойлаймын.

Ата-бабаларымыз осынау ұшқан құстың қанаты талатын  жазиралы даламызды ұрпағына мирас етіп қана қоймай, осы иен далада салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін, дамытып, экономикасының хал-жайын да қалыпқа келтіріп отырды.

Жеріміздің қойнауы есепсіз  кенішке, қазба байлықтармен ғана толықпай ықылым заманнан  келе жатқан тарихи жәдігерлерден де кенде емес.  Оған қасиетті жерімізден осы күнге дейін табылған археологиялық, сәулеттік, фольклорлық жазба деректер куә.

Олардың бәрі халқымыздың өткенінен сыр шертетін дерек ретінде сақтаулы тұр. Әсіресе археологиялық мұралардың ішінде тарихи ескерткіштер көптеп саналады. Сонау Арқадан Алатауға , Атыраудан Алтайға дейінгі аралықты алып жатқан ен байтақ даламыз бойынша мұндай деректерді  көптеп келтіруге болады. Мәселен, бұл орайда Президентіміз Н.Ә. Назарбаев былай деп ағынан жарылғаны әлі есімде: «Біздің далалық мемлекетіміздің бірнеше мыңжылдықтарды қамтитын тарихы бар. Оның әрқилы кезеңінде, әрқилы өлкемізге орда қонып, ту тігілген. Біреулерінің саяси дәурені әлденеше ғасырға созылса, біреулерінікі бірнеше айлармен шектелген. Соған қарамастан, оның қай-қайсысы да біздің ұлттық тағдырымыздың ең талма кезеңдерін иеленді. Сондықтан да батыс бетіміздегі Сарайшық, Астана, Байтақ, күнгейіміздегі Суяб, Баласағұн, Тараз, Сайрам, Созақ, Түркістан, Сығанақ, Сауран, Жаңакент, Қозыбасы, Ақмешіт, Ұлытау, Ордатау, Көкшетау, мен Алаштың аты аталғанда ет жүрегіміз еріксіз елжіреп қоя береді» деп толқығаны да бекер емес.

Мінеки, қаншама тарихи қалалар бар. Ал, біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы көне Сарайшық қаласы болғалы тұр.

Шын мәнінде бір кездері Алтын Орданың Кіші Сарайы, діни астанасы болған Сарайшық талай тарихты бүгіп жатқан шежірелі мекен. Ол жөнінде тарихшыларымыз неше мәрте зерттегенмен сыры толықтай ашылмаған құпия тұстары да жетерлік.

Менің айтпағым, Сарайшық қаласының бүгінгі хал-ахуалы болмақ. Иә, жүйрік уақыт сынаптай сырғып, жылдар жөңкіген сайын Сарайшық қаласының іргетасы қаланған Жайық өзенінің де арнасы өзгеріске ұшырауда. Мәселен, соңғы 40-50 жылда Жайық өзенінің ағысы Сарайшықты су астында қалдырып шайып кету қаупін тудыруда. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары өзен ағысының бағыты 5-6 метрге өзгерген көрінеді. Бұл дегеніміз біздің үрейіміздің, дабыл қағуымыздың  орынды екенін дәлелдей түссе керек. Соның салдарынан археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілуіне де көп кедергі келтіріліп, қолбайлау болып отыр.

Негізінен Сарайшықтағы археологиялық қазба жұмыстары алғаш рет 1937 жылы жүргізілді. Одан кейін араға уақыт салып 1950 жылы   Ә. Марғұлан атындағы археология институтының ғалымдары жұмыс жасады. Ал, соңғы рет 1989 жылы  зерттеу жұмыстары бастау алып еді, өкінішке қарай белгісіз себептерге байланысты қайта тоқтаған болатын.

Одан кейін, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кезеңде 1999 жылы  Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қатысуымен «Хан ордалы Сарайшық» атты тарихи-мемориалдық кешен ашылып, оның құрамына жеті ханға арналған кесене, мешіт, мұражай еніп соның нәтижесінде қазба жұмыстары қолға алынып, көптеген ғылыми еңбектер дүниеге келген еді. Сол кезде тарихи-археологиялық Сарайшық қорын құру жөнінде шешім қабылданғанымен ол мүлде аяқсыз қалды.Айталық, қазірдің өзінде де шешімін таппай жатқан мәселе көп.

Әйтседе, Сарайшық қаласының өзекті проблемасына барынша көңіл ауырып, шыр-пыр болып жүрген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының еңбегін атап өтпеске болмас. Ол кісінің басшылығы мен іскерлігінің арқасында Сарайшық қаласының түйткілді түйіні шешіліп, игілікті істің тамырына қан жүгре бастағаны мені аса қуантады.

Әрине, алда атқарылар шаруа шаш етектен. Соның бірі Сарайшық қаласының аумағындағы  жер телімін тез арада заңдастыру қажет. Одан қалды қаланың археологиялық, геодезиялық аумағын анықтау да – кезек күттірмейтін мәселенің бірі.

Сондай-ақ, ашылған мұражайды қазіргі заман талабына сай үлкейтіп, туристік инфрақұрылымды жандандырып, үлкен тарихи-мәдени орталыққа айналдыру да өте маңызды іс.

Негізінен бұл жоба 2013-2014 жылдары жасалғанымен жабулы қазан жабулы күйінде қалған болатын. Ендігі кезекте Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан тапсырма болса, архитекторлар білек сыбана жұмысқа кірісуге дайын.

Ең бастысы Жайық өзені жағасындағы көне қаланың іргесін қымтап, су шайып кетуден сақтап қалу шаралары қолға алынды. Сөйтіп, Сарайшықты толық қалпына келтіріп, жағалауын бекіту жұмыстарына, жалпы құрылысқа 1 млрд 625 млн 197 мың теңге қаржы бөлінді.

Құдай қалап, сәтін салса Сарайшық қаласының  көркейген сәтін көру де алыс емес деп ойлаймын. Өйткені Сарайшықты қалпына келтіру еліміз үшін стратегиялық жағынан туристік кластерді дамытуға бірден-бір сеп болмақ.

Зейнолла Самашев,

археолог- ғалым

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970