Сенбі, 23 Қараша 2024
Әттең... 5664 0 пікір 24 Ақпан, 2017 сағат 17:16

«БОГВИДІ» ӘРУАҚТАР СОТҚА БЕРМЕКШІ

Осы атаумен аталатын кәсіпорын ауылдың жерін үптеп, банкке кепілге қойып, миллиардтаған теңге несие ақшаны қалталарына басып, өзім-қайым жоғалғанын осыған дейін де жазған едік. Ауылдағы онсыз да тұрмысы жұпыны тұрғындарының пайға алған жерлерін «жамбастарына» басып, мұрттары майланған богвиліктердің бұл асыра сілтеулеріне ешкім тоқтау сала алар емес.

Әділдіктің жаршысы – заң да тал түсте пайларынан айрылған үлескерлер жағында емес. Алдында бірде ауылдықтарға «бүйректері» бұрса, енді тіптен  айды аспанға бірақ шығарған «Богви» кәсіпорнының сойылын соғып кетті. «Бүйрегі бұрды», «сойылын соқты» деп жатқанымыз соттың заң тілінде  бірде үлескерлердің есебіне, енді бірде қарама-қарсы тараптың пайдасына шешім шығарғаны ғой. Сонда зар қақсаған ауыл адамдарына кім араша түседі екен?!

Бұл әсте жауабы табылмай, күрмеуі шешілмей, арты сиырқұйымшақтанған   мәселе болып тұр. Біз сөз етіп отырған Зеренді ауданына қарасты Шағалалы, Жамантұз, Желтау ауылдарының 367 тұрғыны төрт жылдан бері соттан-сотқа жүгініп, төзімдері әбден таусылған сияқты. Енді осыдан ондаған жылдар бұрын марқұм болса да, олардың аттарына жалған сенімхат алып, кепілге қойылған жердің үлескер иелері, яғни, «өлілер»  «Богвиді» сотқа бермекші.

Бәлкім, «өлілер сотқа береді» деген мені алжасып отыр деп ойларсыздар. Жоқ, олай емес. Жаңағы «марқұмдардың» атынан олардың мұрагерлері береміз деп отыр. Неге десеңіз, ауылдың тірі тұрғындары төрт жылдан бері әділдік таба алар емес. Мүмкін, заң және сот орындары «өлілерге» шындықтың бетін ашып берер?! Әруақтарды сыйлап, оларға «тиесілі» жерді банктің құрсауынан босатар. Себебі, «Богви» басқаның жерін кепілге қойған кезде  бұл әруақтар баяғыда марқұм болып кеткен еді. Олардың қарасы да аз емес. Жоғарыда аталған үш ауылдан осы шулы оқиғаға дейін о дүниелік болғандар саны жиырмадан асады екен.

Шынында, богвиліктерді сотқа берсе  «әруақтар» әділдікке жете ала ма? Жер басып тірі жүргендерге анадай әлімжеттік жасаса, «өлілерге» қандай қысастық жасалады екен. Көрейік, артын бағайық. Ойланар, әділ шешім шығарар...

Ал енді осы даулы оқиға жайлы шегініс жасап көрелікші. «Атың шықпаса жер өрте» демекші, елді шулатқан «Богви Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде барлығы 603 жеке тұлға қатысушы болған екен. Оның 367-сі жаңағы үш ауылдың тұрғындары болып табылады. Сөйтіп, соңғыларының шартты жер үлестері 6851,1 гектарды құрайды.

Бір өкініштісі, осынша жер телімін иеленген «Богви Агро» серіктестігі өзінің жарғылық капиталында ауыл тұрғындарының жер үлестерін бар-жоғы 55 мың 650 теңгеге ғана бағалаған болып шықты. Сонымен, аталған кәсіпорынның жарғылық капиталындағы  бұл үлес 9,2 пайызбен бағаланса, ал, серіктестік басшысы В.Богданецтің үлесі 90,7 пайыз етіп көрсетіледі. Оған қоса, В.Богданец өзінің жер пайызын серіктестік жарғысына мүлде енгізбеген. Бұл аталған серіктестіктің барлық жер телімі пай иелері мен жеке тұлғаларға тиесілі екенін аңғарамыз.

Ауыл тұрғындарын алдаған «Богви» үлескерлер жерін бар-жоғы 55 мың теңгеге бағаласа да, банкке кепілге қойып, несие алу кезінде бұл үлес жердің құны қалайша миллиардтаған теңгеге бірақ шарықтады екен дейсің. Құйтырқылықтың да, ауылдықтарды бопсалаудың да астары қандай екенін осындан-ақ көруге болады.

Үлескерлерді жабырқатқан жағдай қанша жылдан бері өз пайларына жылына бір қап ұн алатындығы еді. Бір жағынан, ауылдың бар жерін жамбасына басып алса да, жұмысшыларға жарытып жалақы төлемей, елдің әлеуметтік  жағдайына көз қиығын салмағаны өкінішті-ақ. Тіпті, қыстың қытымыраязды, боранды күндерінде жолды тазалаудың өзін ұмытқан.

Міне, «Дайрабайдың көк сиырының дауы» да осы тұста қылаң берді. Жер үлесі иелері осылай аталған серіктестік құрамынан шығуға арыз берді.

Сөйтсе, аталған ауыл тұрғындарының жер үлестері толығымен олардың келісімінсіз  банкке кепілдікке қойылған болып шықты. Заңға жүгінсек, мұндай жер кепілдігі туралы мәселе қатысушылардың жалпы жиналысында шешілуге тиіс екен. Ал, ауыл тұрғындары ондай жиналыстың өткенінен хабарсыз. Мұндай басқосудың болмағанын айтады.

Керісінше, серіктестіктің 2008 жылғы 25 шілдедегі жиналысы хаттамасымен пайшылар атынан С.И.Желавская дегенге сенімхат беріліп, банкке жер телімдерін қою кезінде сол үлескерлердің  мүдделерін ұсынғаны анықталды. Бір атап өтерлігі, кейін бұл мәселе сотта қаралғанда С.И.Желавскаяның сенімхатты қандай нотариустан алғаны дәйек таппады. Бұл соттың сұрауы бойынша  Бурабай ауданының  мемлекеттік мұрағаты берген жауапта да басы ашылып айтылады.

Серіктестіктің жалпы жиналысы қатысушыларды он бес күн бұрын баспасөз арқылы хабардар еткеннен кейін  ғана өткізілуі тиіс. Шынында, серіктестік ондай хабарландыруды «Акмолинская правда» газетінің 2008 жылғы 10 шілдедегі №86 санында жариялаған. Бірақ, арызданушы тарап жалпы жиналыстың  өткізілу уақыты да өрескел бұзылғанын айтып отыр. Қарапайым адамдардың құқығын аяққа таптаған жалпы жиналыс хабарландыру шыққаннан кейін он төртінші күні өткізілгенін де назарға алуды сұрапты жер иелері.

Жалпы жиналыста жерді кепілдікке қою мәселесі қаралғанда қатысушылардың бірауыздан шешімі шығарылуы тиіс. Жарайды, жиналыс пайшылардың  қатысуынсыз өтсін-ақ делік, бірақ оның шешімімен жұртты хабардар етуге тиіс еді ғой. Бұл жайында олар арада бірнеше жыл өткесін ғана біліп отыр.

Сөйтіп, жер иелері 2013 жылдың 24 шілдесінде  жергілікті қаржы полициясына арыз түсіреді. Бірақ, құқық қорғау органы  бұл оқиғаның астарында азаматтық-құқықтық дау-дамай бар дегенді желеу етіп, «Богвидің» басшыларына қылмыстық іс қозғаудан бас тартады.

Ал, Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Мағжанов қылмыстық іс қозғау туралы аталған материалды қарай келіп, қаржы полициясының қаулысын өзгертуге және қылмыстық іс қозғауға шешім шығарады. Бұл шешімде «Богви Агро» серіктестігінің лауазымды тұлғалары тарапынан алаяқтық факті орын алып отырғаны да жоққа шығарылмайды.

Ақыры, жапа шеккен ауыл үлескерлері сотқа арыз түсірді. Ақмола облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2014 жылғы 30 қаңтарында шығарған шешіміне үңіліп көрейікші.

Сот процесінде  жауапкер серіктестік өкілдері бас көрсетпесе де, сот серіктестіктің 2008 жылғы 25 шілдедегі жалпы жиналысының заң талабымен өткендігі жөнінде қаулы шығарады.

Бір қызығы, арызданушылар осы жолы серіктестіктің басты қожайыны В.Богданецтің 2010 жылы банкке кепілге қойылған жер телімдеріне несие желісі мерзімін ұзартып, зайымшының өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда қаржы мекемесі аталған жерді сот шешімінсіз сатуға рұқсат беретін келісім-шарт жасасу жөніндегі жалпы жиналыс хаттамасының  заңдылығын да атап көрсеткен еді. Өкініштісі сол, банктің «Богвидің» ұсынысын қабыл алып, қосымша  келісім-шарт жасағаны анықталды. Сонда банк неге аталған серіктестікке осынша емеуірін танытып, бүйрегі бұра тартты екен дейсің.

Оны айтасыз, В.Богданец осы оқиғадан екі жыл өткенде, яғни, 2012 жылдың 2 қазанында «Богви Агроның» банк алдындағы бар қарызын «Ақжар-Нан» деген серіктестікке беру жөнінде банкпен қосымша келісімге отырғаны да белгілі болды. Сонымен, аталған сот соңғы келісім-шарттарға негіз болған жалпы жиналыс  шешімдерін негізсіз деп тапты.

Арада төрт ай өткенде бұл іс Ақмола облыстық сотының апелляциялық сот алқасында қаралды. Бұл жолы үлескерлердің атынан сенімхат негізінде әрекет еткен С.Желавскаяның қаракеті де айғақтармен расталмағаны дәлел ретінде ұсынылды. Банк те С.Желавскаяның әлгіндей сенімхаты мен үлескерлердің жазбаша келісімінің бар-жоғын дәлелдей алмады. Соттың бұл сатысы істің пайдасын үлескерлер жағына шешті.

Өрмекшінің торындай әбден шиырланған бұл іс 2014 жылдың 4 желтоқсанында облыстық соттың кассациялық  алқасында қайта қаралып, алдыңғы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Осымен бұл оқиғаның соңғы нүктесі қойылды деп ойлағамыз. Олай емес екен. «Халық банк» Жоғарғы сотқа қуыну арызын жолдады. Бір қызығы, Жоғарғы сот төмендегі бірнеше сатыда қаралып, шығарылған шешімдерді өзгертіп, 2015 жылдың 15 шілдесіндегі өз қаулысымен  Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексінің 387 бабының 3 бөліміне сәйкес қадағалау тәртібіне енген сот актілері материалдық, не процессуалдық құқық нормалары бұзылған жағдайда қайта қаралуға жатады деген тұжырымға келді. Жоғарғы сотқа осыншалықты соттың бірнеше сатысында қаралған шешімді бұзуға не түрткі болды дегенге келсек, төменгі сот сатыларында кепілге қойылатын мүлік көлеміне қатысты жағдай тексерілмеген делінеді. Үлескерлер атынан  серіктестіктің жалпы жиналысына қатысқан С.Желавскаяның да сенімхат алуы туралы нотариус деректері зерттелмеген. Бұл іс жағдайын біржақты бағалауға әкеледі. Сондықтан, жаңадан қарауға шешім шығарылғаны айтылады.

***

Үлескерлер үшін биылғы жылдың басы тағы сотқа жүгінумен бастау алды. Бірақ, Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы арызданушылардың өтінішін қанағаттандырған жоқ.  Оның алдында ел Президентінен бастап, барлық заң органдарына жазбаша шағымданған еді. Еш нәтижесі жоқ. Енді олар  ондаған жыл бұрын, бұл даулы оқиға әлі туындамаған кезде «қайтыс болған» үлескерлер атынан сотқа арызданбақшы. Десек те, тірілердің құқығы аяққа тапталғанда, «өлілерге» құрмет көрсетеді деу қиын.  Олай болса, соттың «өлілердің» құқығын қараған шешімін күтейік!..

Бақыт Смағұл, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339