Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 6247 0 пікір 23 Ақпан, 2017 сағат 15:31

ЕЛБАСЫ – САЯСАТТАҒЫ ЧЕМПИОН

Дзюдо және самбо күрестерінен ел намысын қорғап жүрген, 2 дүркін Азия чемпионы, Түркия, Германия мемлекеттерінде өткен халықаралық сайыстардың жеңімпазы, Оңтүстік Қазақстан облыстық Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернатының жаттықтырушысы  Отарбаев Айдоспен  сұхбат.

 

-         Өзіңізге белгілі кез келген мамандыққа адамның бала күнінен қызығушылығы болу керек деп жатамыз. Сіздің спортқа деген қызығушылығыңыз қай кезден басталды?

-         Мен 1988 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында дүниеге келгенмін. Барлығы сияқты мен де бала күнімнен атақты спортшы, чемпион болуды армандап өстім. Мен бұл арманымды қазіргі Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінде жалғастырдым. Ол уақытта бесінші сынып оқып жүрген кезім болса керек. Жалпы өмірімдегі спортқа деген қызығушылығымды әкем оятты десем де болады. Себебі  әкем де спорттан алыс емес. Кеңес өкіметі тұсында еркін күреспен айналысып, бірнеше үлкен жетістіктерге жеткен адам.

-         Спорттың қай түрмен айналыссаң сол спортқа тән мінез қалыптасады дейді білетіндер. Дзюдо қандай спорт түрі? Басқа спорт түрлерінен ол несімен өзгешеленеді?

-         Менің ойымша адам қандай спорт түрімен айналысса да ол оны тек жақсылыққа тәрбиелейді. Бауыржан Момышұлы атамыздың жақсы сөзі бар «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген, спортта да адамды қатаң тәртіп тәрбиелейді. Сондықтан спорттың жаман түрі болмайды. Оны адам жан дүниесімен қалауы керек. Ал дзюдо адамға ұстамды болуды, айналасындағы адамдарға достық көзқараспен, адамгершілік тұрғысынан қарауды үйретеді. Қанша қарсылас болып тұрсақ та бір-бірімізге деген сыйластығымызды ешқашан бұзбауды да осы спорт санамызға сіңірді.

-         Спорт саласында үлгі тұтатын тұлғаңыз бар ма?

-         Спорт саласында өзіме үлгі тұтатын екі адам бар. Оның бірі дзюдо күресінен үлкен жетістіктерге жеткен Базарбек Донбай деген ағамыз. Базарбек ағамыз олимпиада ойындарына қатысқан өте еңбекқор спортшы. Одан бөлек Рио олимпиадасында жүлделі орынға ие болған ініміз Елдос Сметов. Елдосты жасы кіші болса да атқарған жұмысы мен төккен теріне бола қатты құрметтеймін. Бүгінгі жастарға нағыз үлгі болатын азамат деп айтар едім оны.

 

-         Ал саясатта ше?

 

-         Спорттағы ең биік жетістік чемпион болу. Ал мен саясаттағы чемпион деп Елбасымызды айтар едім. Себебі біздің еліміз үшін, жастардың болашағы үшін жасап жатқан жұмыстары өте көп әрі өте маңызды. Қазіргі уақыттың өзінде ел спортшыларына үлкен мүмкіндік пен жағдай жасап беріп отыр. Сол үшін де спортың жанашыры Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа айтар алғысым шексіз.

 

-         Қазіргі уақытта немен айналысып жүрсіз? Алдағы уақытта қандай жоспарыңыз бар?

 

-         Қазіргі уақытта жоғарыда атап өткен Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балаларға арналған мектепте бірінші дәрежелі жаттықтырушымын. Шәкірттерім бірнеше республикалық, халықаралық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып үлгерді. Алдағы уақытта еліміздің намысын қоғайтын, көк туымызды желбірететін спортшылар даярлап шығарсам деген үлкен жоспарым бар. Ал өзім әлі де жарыстарға қатысып тұрамын. Спортпен қазір қоштаспаймын. Алда болатын Қазақстан чемпионатына дайындық үстіндемін. Бұйыртса жүлдеден үміттімін.

 

-         Болашақта спорттан үміті бар жас жеткіншектерге айтар ақыл кеңесіңіз?

 

-         Жас спортшыларға тек қана алға ұмтылыңдар дегім келеді. Мақсатқа жету жолында ерінбей еңбек етсеңдер ол өз нәтижесін міндетті түрде береді. Қазір елімізде қаншама мықты спортшы ағаларымыз бен әпкелеріміз бар солардың орнын басатын, еліміздің мәртебесін өзге елде қорғайтын азаматтар мен азаматшалар сендер  болуларың керек. Сондықтан спортқа қадам бассам деп жүрген барлық жас достарыма тек қана сәттілік дегім келеді. Еліміздің ертеңі сіздер мен біздер екенін ұмытпайық.

Сұхбатыңызға үлкен алғыс білдіреміз!!!

Сұхбаттасқан - Сайлаухан Абылай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347