Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 5197 0 пікір 17 Ақпан, 2017 сағат 12:36

МҮФТИЯТ: ..."ҚАБІРДІ ЖЕКЕ-ЖЕКЕ ҚОРШАУ МІНДЕТ ЕМЕС"

Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігінің мұсылман зираттарына қатысты ұстанымы бойынша

Таяу арада ақпарат құралдарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің XV мәжілісінде мұсылман зиратының қағидалары мен талаптарын бекіткені туралы хабарлар тарағаны белгілі. Бұл талаптарда, «қабірді қоршау, қабір үстіне құрылыс нысандарын салу, қабір басына белгі тас қою, оның айналасын тазалау, түзету» және тағы да басқа мәселелер қамтылған.

Бүгінгі күні БАҚ-тарда, интернет-сайттар мен әлеуметтік желілерде осы мәселе төңірегінде қызу талқылау басталды. Әсіресе әлеуметтік желіні пайдаланушылар мұсылман зиратының қағидалары мен талаптары міндеттелді, енді бәріміз осымен жүруіміз керек деген пікірді насихаттай бастады.

Кейбір оқырмандар дін мен мемлекет бір-бірінен бөлінген емес пе, мұндай міндеттеулер қаншалықты орынды деген алаңдаушылықтарын да білдіруде. Әрине, әрбір тұлғаның пікір айтуға, сынауға құқы бар.

Дегенмен, қабылданған қағидалар мен талаптар туралы түсініктеме бере кету орынды болады деп санаймыз.

Әрине, ҚМДБ ғұламалары тарапынан қабылданған бұл қағидалар мен талаптар көп уақыттан бері қордаланған мәселелердің шешімдері іспетті. Халықтың әл-ауқатын ескере отырып, жалпыға ортақ қабылданған шешімдер деп ескеру қажет.

Қабылданған мәтінде «Мұсылман зиратының қағидалары мен талаптары» деп аталатын құжат мәтінінде «қабір тапталып, аяқасты болмауы үшін қоғамдық зиратты тұтас қоршаған абзал. Тұтас қоршалған зираттың ішіндегі қабірді жеке-жеке қоршау қажет емес. Егер қабірстан толықтай қоршалмаса, аяққа тапталмас үшін қабірді шариғат шеңберінде төртқұлақ етіп қоршауға рұқсат беріледі» және қабір үстіне құрылыс нысандарын салуға шариғи тұрғыдан рұқсат жоқ» деген пікірлер айтылады.

Осы айтылғандарды ең алдымен ұсынымдық сипатта деп қабылдаған жөн. Сондай-ақ, мұндай жағдай қазіргі қоғамда белең алған қабірді түрлі құрлыс сәулетімен әшекейлеп, көркейтіп сала бастаған бәсекенің алдын алуға қатысты айтылған пікір деп қабылдау керек шығар.

Себебі, жалпы қазақ топырағына ислам дінінің келгеніне 1400 жылдай болды деп айтып жүрсек, осы кезеңдердің тарихына да терең үңіліп қарауымыз керек. Әрбір дәуірдің өзінің қабір тұрғызу мәдениеті бар және олардың әркелкі екендігін көреміз. Біз осылардың бәріне құрметпен қарауымыз қажет. Ата-бабаларымыз өз заманының білімді, көзі ашық адамдары болды. Солардың бәрін жоққа шығарып, бір сөзбен тарихты өшіріп тастай салу дұрыс емес. Алдымен осы саланы зерттеп жүрген қаншама тарихшыларымыз бен ғалымдарымыз бар. Олардың зертетеулеріне де жүгінген жөн болар.   

Сондай-ақ, «Алайда белгі ретінде қойылған құлпытасқа сурет салуға, сондай-ақ, құлпытасты мүсін бейнесінде ойып жасауға болмайды. Тасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін жазуға, сондай-ақ, ай белгісін қоюға рұқсат. Бірақ Құран аяттары аяқ асты болып кетпес үшін құлпытасқа жазбаған жөн. Қабірдің лақатын жабатын материалға күйдірілген кірпіш, қара қағаз, целлофан пайдаланбаған дұрыс. Қабірді жабу үшін табиғи материалдардан ағаш, тақтай, шыбық, плитаны пайдалануға болады. Қабір айналасын тазалауға, түзетуге рұқсат. Ал оны жаңалауға, бояуға т.б. болмайды», − деген талаптар тікелей діни тұрғыдан айтылған.

Яғни, Діни басқарманың  шығарылған шариғи үкімдері барлығымызға бірдей үзілді-кесілді орындалуға жатады деген ой туындамауы керек.

Себебі, Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болғандықтан еліміздің тұрғындары өздерінің іс-әрекеттерінде алдымен Конституцияны және қолданыстағы заңнаманы басшылыққа алулары орынды болады.

Еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет. Осыған орай, қандай да бір діни бірлестіктің талаптары халқымыз үшін міндетті болып есептелмейді. Әркім өзі қалағанынша қолданыстағы заңнама шеңберінде жерлеу рәсімін өткізуге құқылы.

Дегенмен, еліміздегі тұрғындардың 70%-дан астамы ислам дінін ұстанатын мұсылмандар. Осыншама көпшілікті қызықтыратын мәселелерді ескере отырып, ҚМДБ тарапынан арнайы талаптардың бекітілгені құптарлық жайт. Мұндай талаптар еліміздің тұрғындарын ауызбіршілікке, татулыққа, қоғам ішіндегі тұрақтылықты сақтауға шақырады деп сенеміз.

Баймаханов Б.К. ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының орынбасары

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1480
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475