"СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ"
...Мұқаға, менің де сәби болғым келеді... Көңілі кіршіксіз, күлкісі күміс, жүрегі пәк, жолдасы періште сәби болғым келеді... Менің, қорғансыз – сол себепті қамқоршысы көп, аңғал – сол себепті алдаушысы жоқ сәби болғым келеді... Жылауының зілі жоқ, күлкісінің мұңы жоқ, бірақ көзінде күні бар, кеудесінде жыры бар, сөйлегенде тілі – бал, былдырының мәні бар, қылығының сәні бар, өз өлшемі, заңы бар сәби болғым келеді...
Менің сәби болғым келетіндігім – есеюден қашуым, жауапкершіліктен жалтаруым, қауіптен қорқып, сынақтан сырғақсуым емес; есейгенмен еркелігімді жоғалтпау, күрсінсем де күлкімді ұмытпау, құмартсам қалыптан шықпау, адассам адал жылау; түп мәні – жүрегімді таза ұстау жолындағы ізденісім...
Иса пайғамбардан (Ол кісіге Алланың сәлемі болсын!) шәкірттері: «Құдай патшалығында кімнің жолы үлкен?» деп сұрағанда, «Сендерге ақиқатын айтам: балалар сияқты болмасаңдар, ол патшалыққа кіре алмайсыңдар» деген екен... Бақытты өмір сүру жолын, Адамдық жолын, Алланың ақ жолын іздеген, тапқан даналардың айтуынша: Адам өмірге денесімен, биологиялық жағынан бір-ақ рет келіп, бір-ақ рет кететін болғанымен, ол рухани жағынан бірнеше рет «өліп-тіріледі» екен. Өзіңіз ойлап көріңізші, осы уақытқа дейін, дәл осы жасыңызға дейін сіздің көзқарасыңыз, әдетіңіз, мінез-құлқыңыз қаншама рет өзгеріске түсті? Міне, осының бәрі – кішігірім «өліп-тірілулер», түлеу мен жаңарулар. Бірақ сол өмірге қайта келгендей болған сәттерде өзіңізді қалай сезіндіңіз? Мәселе - осыда. Егер көңіліңіз күңгірттеніп, қайғыңыз қоюланып, үрейіңіз үдеп, жаныңыз жабырқаса, онда түлеу емес түнеру, жаңа асу емес – адасу болғаны... Ал егер көңіліңіз көтеріліп, жан-дүниеңізді жайлы да жылы сезім кернесе, санаңыз сергіп, қуатыңыз өрлесе, Өмір өзгеше көрініп, қуанған жүрек ой-жалғанға көнбесе, онда шын мәнінде қайта туылғаныңыз – жарығыңыздың көбейгені, жолыңыздың үлкейгені!
«Енді, олай түлеуге болар, бірақ сәби болып қайта туылу қиын болар» дерсіз. Дұрыс айтасыз: қиын болады. Алайда қиын дүниенің қызығы мен қуанышы көп болады. Ең бастысы: болады! Анамыз бізді дүниеге әкелмес бұрын 9 ай 10 күн көтеріп, қинала толғатып тапқаны сиқты, біздің де қайта туылуымыз бірден бола қоймайды. Алдымен Адалдыққа, Тазалыққа, Сұлулықққа, Шындыққа, Махаббатқа – Ақ Жолға «жүкті боламыз». Содан кейін сол «сәбиді» тереңімізде тербетіп жетілдіреміз, уақыты келгенше «көтереміз»: сынайды – шыдаймыз; толғанамыз – толғатамыз; туамыз – туыламыз...
Қайта туу дегеніміз – жүректің кірін жуу деген сөз. «Сәби көңіл адам» деп жүрегі таза адамды айтамыз. Ал жүректің тазалығы – сананың саралығына, тұлғаның даралығына, Махаббаттың аралына, Бақыттың дарағына бастайтын, жеткізетін Жол... Иә, сәби болу – санадан қашып, ақылдан азу, ақымақ болу емес; әлсіздік, нәрсіздік, қамсыздық емес. Сәби болу – ақылды аршу, қайратты қайрау, жүректі тазалау.
Менің сәбилігім – өмірдің сынынан өткен, нәпсісін сөккен, жарықты таныған, жігерін жаныған, сондықтан алдауға түспейтін, айнымайтын Адалдық, қайғырмайтын Әділдік, таң сыйлайтын Ынсап, таусылмайтын Мейірім... Менің сәбилігім – Шайтанның өзін Адамның рухани өсіп-толуы үшін жаратқан, мейірімі мол, рақымы зор Жаратқан Иеге деген шексіз Сенім мен шексіз сүйіспеншілік!..
Мұқаға, менің де сәби болғым келеді. Адасып жүргеннің есіне арманын түсіретін, шаршағанның дәрменін кіргізетін; былдыр сөзі – дәрі, күлім көзі – дәрі; қайғының емшісіндей, ғайыптың елшісіндей сәби болғым келеді!..
Достар, сіздерге де Өмірге «қайта келуді» тілеймін! Өздеріңіз де, перзенттеріңіз де Махаббаттан жаралғай!..
1999 жыл
Алғадай Абылғазыұлы
Facebook-тегі парақшасынан