Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6697 0 пікір 1 Ақпан, 2017 сағат 17:42

ОЙШЫБАЕВТЫҢ ОРНЫНА КІМ БАРАДЫ?

Қазақстан ұлттық арнасы басшылығынан Кемелбек Ойшыбаевтың кеткеніне де бірқанша уақыт өтті.

Кемелбектің келуінен кетуі тез болды. Қазақстан телеарнасының он тоғызыншы тізгіншісі тындырған шаруа мынау дейтіндей болмады. Себебі, оған берілген мерзім тым қысқа еді.

Өзі әлеуметтік желі арқылы, оқу-ғылымға бет бұрмақпын дегенімен, біздегі топтық талас-тартыстар Ойшыбаевтың ойысуына себеп болды дейтіндер көп. Мүмкін, әрине. Не десек те Ойшыбаевтың орынтағы он күннен бері бос. Ол орынтаққа  құлшынып отырғандар да көп секілді.

Бейресми деректерге сүйенсек, құлшынып отырғандардың бірі - экс-басшы Нұржан Мұхамеджанова көрінеді.

Нұржан Жалауқызының басшылық еткен тұсын корпорацияға сегіз жыл тізгінші болған Хамит Хасеновпен салыстыруға келмес. Ол кезде телевизия түрлі-түсті хабар таратуға көшті. 17 облыстың өз радиосы болды. 15 телевизиялық студия жұмыс істеп жатты. Кемелбекпен салыстырғанда Нұржан Жалауқызы бақандай 5 жылдан астам басшылық жасады. Ол кісінің еңбегін жоққа шығарудан аулақпыз. Дәл Нұржан ханымның тұсында арна 100 пайыз мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге көшті. Дегенмен, ол кісінің жұмысына жұрт бағасын беріп қойғаны да рас. 

Бұл жаққа баруға басты үміткерлер – Ләззат Танысбай мен Дархан Мыңбай дейді жұрт. Хош, бұлар да жұртқа мәлім. Шама-шарқын көргенбіз. Біздің пайымымызға сыймайтыны – телевизия саласының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген қаншама азаматтар бар емес пе?.. Осы саланың озық мамандары қора-қопсының маңайында жүре беруі керек пе? Модернистер неге жоқ? Елдің ең бірінші ақпараттық идеологиясын жасайтын шеберхананың жаңа басшысы етіп, қайтадан ескі кадрларды тағайындай ма?

Айта кетейік, сәл ертеректе ғана елге оралған Марат Тәжиннің РФ-дағы елшілік креслосы да босап тұрғанына біраз уақыт өтті.  Ол туралы ілгеріде жазғанбыз. Болжам біреу: я бізде Тәжинді алмастыратын адам жоқ. Я болмаса – Ресей біздің кандитаттарды қабылдамай жатыр.

Бұдан бөлек, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болған Жансейіт Түймебаевтың да елшіліктегі орыны қаңырап тұр. Түймебаевтың Оңтүстікке әкім болғанына да жыл жақындап келе жатыр. Біздің Түркияда елшіміз жоқ.

Бірінші кезекте саяси әм салалық кадр тапшылығы басталғанын аңғартса керек. Сонымен Ойшыбаевтың орнына кім лайық? Бұл тақырып төңірегінде журналистика саласының мамандары "Abai.kz" порталына пікір білдірді.

ТІЗГІНДІ КІМ-КӨРІНГЕНГЕ ҰСТАТА САЛУҒА БОЛМАЙДЫ

Қуандық Шамахайұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық журналист:

Қазақстан" ТРК төрағасы жуықта ғана өз еркімен қызметінен кеткен соң, оның орнына әзір ешкім тағайындала қойған жоқ. Әрине, бұл саланы басқаруға мықты басшы менеджер табылмай отыр дей алмаймыз. Дегенмен мұндай ірі корпорацияның тізгінін кім қаласа соған ұстатып жіберуге болмайтыны бәрімізге мәлім. Еліміздегі қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз телеарнамен қатар облыстардағы телекомпаниялар да аталмыш корпорацияға қарайтынын ескерсек, ұлттық ой мен идеяның мұндай ірі ошағын журналистика саласында әбден ысылған, саясат пен экономика саласын жілікше шағатын, халық арасында беделі зор танымал тұлға басқарғаны абзал.

Өз басым осы саланы ғылыми тұрғыдан біраз жыл зерттеп жүрген маман ретінде айтарым: корпорация төрағалығына лайық екі тұлғаны ерекше атап айтар едім. Оның бірі - Дархан Қамзабекұлы Мыңбай, екіншісі - Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай. Бұдан бұрын басқарған журналист мамандар болды, енді, оларды қайта әкеліп қойып шиырлай берудің қажеті шамалы шығар. Мен атаған екі тұлға да мен үшін бейтарап жандар. Мен атаған осы екі тұлғаның базалық мамандықтары журналист әрі біздің салада өздерінің көшбасшылық қабілеттерін мойындатқан адамдар.

Мұндай жағдайды кадр тапшылығымен байланыстырудың еш қисыны жоқ. Мамандар баршылық. Елші мәселесіне келсек, ондай дипломаттарды біздің мемлекет ұсынғанымен келесі жақ бата бермеген соң үміткер өтпей қалатын тұстары да болады. Тақтың бос тұруы оған ие табылмаудан емес, соған барғысы келетін ізденушілер мен үміткерлердің тым көптігі, таластың қарқындылығынан болуы да ықтимал. "Қазақстан" телерадио корпорациясын қазіргідей кезде ең сенімді ақпарат көзіне айналдыру бәрінен де маңызды. Ондағы бағдарламалардың салмағы ауыр, көтеретін мәселелері салиқалы болуға тиіс. Жеңіл-желпі көңіл көтеру бағдарламаларды коммерциялық арналардың еншісіне қалдырып, "Қазақстан" ұлттық арнасы саяси-экономикалық өзекті мәселерді қаузайтын ірі нысан айналуы үшін терең біліктілік керек.

БИЛІККЕ ТӘУЕЛДІ БОЛҒАН АРНАНЫҢ ТӘУЕЛСІЗ АҚПАРАТ ТАРАТУЫ ЕКІТАЛАЙ 

Есенгүл Кәпқызы, тәуелсіз журналист:

Кемелбек келді де кетті. Оның бұл қадамын Бағлан Майлыбаевпен байланыстырып жатқандар бар. Бәлкім солай да шығар. Ол жағы біз үшін бұлыңғыр. Бірақ менің ойымша, Кемелбектің орнын алмастыратын кемел басшы немесе қарымды журналист жоқ десек, қателесеміз.

Осы телевизияның айналасында жүрген, оның отымен кіріп, күлімен шыққан, бұл саланы бес саусағындай білетін жандар, шүкір, жетерлік. Бірақ, жұрттың жүрегі мемлекеттік қызметтен шайлығып қалған сынды. Өйткені, жемқорлықпен аты шығып, істі болып жатқандар тым көбейіп барады. Әрі сол тұтқындаулардың артында бір белгісіз кландық соғыс жүріп жатқан сынды сезіледі. Шығарылған үкімдер де түсініксіз. Мысалы, Сейітқазы Матаев пен Бигелді Ғабдуллиннің ісіне параллель жүргізіп көріңізші. Жасаған ісіне өкініп, кешірім сұраған адам сот залынан босап шығады да, өзі ісінен белгілі саяси астардың бар екенін айтқан әрі өз кінәсін мойындамаған адам алты жылға сотталады.

Сол үшін де белгілі бір мемлекеттік лауазымның құлағынан ұстауға жұрт жүрексініп отыр.

Бұл орынға лайықты мықты менеджерлер, телеарнаның қазанында бүлкілдеп қайнаған мамандар жетеді. Кім басқарса да, адал журналистік принциптерге лайық адам басқаруы керек

Қазақстан ұлттық телеарнасы 24 сағат қазақ тілінде ақпарат тарататын бірден-бір арна. Өкінішке қарай, бұл арнада жеңіл-желпі әзіл-оспақ пен көңіл-көтерерлік бағдарламалармен, түрік пен үндінің арзан телехикаяларынан көз ашпайтын арнаның біріне айналды. Әрине, кейбір көрерменнің көзайымына айналған "Дара жол", "Айтуға оңай", секілді ток-шоулар мен "Келбет", "Жансарай" деген бағдарламалар бар.

"Апта" ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы жаңартылып, көптеген мәселелерді көтеруге бел байлап жатыр екен. Десе де, билікке тәуелді болған арнаның тәуелсіз ақпарат таратуы екіталай.

Ол биліктің сойылын соғуды тоқтатып, өмірдің шынайы бет пердесін бермесе, одан көрерменге келер пайда жоқ

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371