Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7097 0 пікір 23 Қаңтар, 2017 сағат 12:32

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚЫТАЙДА НЕ АЙТТЫ?

Қазіргі кезеңдегі дүбірлі дүниеде әлемдік қауымдастықтың болмысы мен келбеті, адамзат баласының тыныс-тіршілігі мен іс-әрекеті, мінез-құлқы жыл санап, ол аз десеңіз, тіпті ай мен күн сайын күрт өзгеріп жатқандығына қапысыз көз жетуде. Әттеген-айы, жаратылғалы бері құт мекеніне айналып ортақ өмір сүріп жатқан жұмыр жер бетіндегі халықтардың, ұлттар мен ұлыстардың ынтымақ арқылы ырысқа, бейбітшілік мұратымен берекеге бастауы емес, керісінше, жаға жыртысқан жанжалға, мағынасыз талас-тартысқа, ең ауыры, ешбір жазығы жоқ бейбіт адамдардың құрбандыққа шалынып, қисапсыз жапа шегуіне алып келуі ұлғайып барады.

Тәуелсіз дамуының ширек ғасырында біздің жас мемлекетіміз дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырағысыз мүшесі ретінде жаһандық құбылыстардан ешқашан тыс қалмағандығы анық һәм заңдылық.

Осы орайда, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, халықаралық ауқымдағы танымал саясаткер, дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Бейжің қаласындағы Қытай халықаралық проблемалар институтында сөйлеген көлемді де бірегей сөзінде әлемдік дамудың бүгінгі ахуалына кең ауқымда жан-жақты талдау жасаған болатын. Біздің ойымызша, Отанымыз тәуелсіздігінің 25-жылдығына ұштастыра отырып, жалпы дүниежүзілік қоғамдастықтың назарына ұсынылған баяндамасын қазақстандық саясаткер, сөзінің барысында арнайы атап өткеніндей, соңғы онжылдықтарда Еуропалық Одақтың құрылуымен бірге, осы мерзімде ерен екпінмен көтерілуінің нәтижесінде әлемдік саяси және экономикалық өлшемдер жүйесінің өзгеруіне елеулі ықпал етіп отырған тап осы Қытай елінде жасауы тегін болмаса керек.

Әлемдік үрдістердің қазіргі келбетін тиянақты талдай отырып, алақанға салғандай айқара ашып беретін, сонымен бірге алдағы замандарда адамзат қоғамының қандай бағытта алға жылжып, нендей кедергі-апаттарға жолығуы ықтималдығын да батыл баяндаған осынау терең мағыналы еңбектің жалпы оқырман қауымға, мамандарға, әлбетте білім жолындағы талапты қазақ  жастарына тигізер пайдасы зор, берер мағлұматы мол деп білеміз.     

Қ.Тоқаев бұдан 25 жыл бұрын қырғи-қабақ соғыс ақталғанда, халықаралық қатынастарда үйлесімділік орнайтындай көрінгендігін еске салып, алайда жанжалдасу бұрынғыдан да үдеп, бұған дейін екі саяси жүйе мен идеологияның жаулығынан тұрса, ендігі негізгі мемлекеттердің ұлттық-стратегиялық мүдделері желісінде үдеп бара жатқанын алға тартады. Ал, мұндай мүдделерді қорғауда күш қолданушылықтың басым сипат алуы, әскери қақтығыстар қатері жоғары бола түсуде.

Жанжалдар ауқымының артуынан экономикалардың күйреуі, тұрғындардың жағдайының төмендеуі, жаппай миграцияға ұшырауына әкеліп соғуда. БҰҰ бағалауы бойынша «араб көктемінен» Таяу Шығыс елдерінің экономикалық зардабы 614 млрд долларды құрап, босқындар саны 65 млн адамнан асқан.

Еуропаның босқындар мәселесін шешуге дайын болмауы – ұлтшылдықты жаңғыртып, мұның өзі Еуропалық Одақтың өз ішінде дағдарыс туғызды.

Қазіргі әлемде көпполярлылық үрдіс берік қалыптасуда. Бүгінде аймақтық құрылымдардың ұстанымымен санаспауға болмайды. Мәселен, БРИКС, ШЫҰ, АСЕАН тәрізді ұйымдардың іс-қимылы баршаға мойындалды.     

Спикер бұдан 25 жылдай бұрын халықаралық терроризм енді ғана бас көтерген болса, бүгінде бұл қатерлі құбылыс ғаламдық қауіпсіздіктің басты қаупіне айналғандығын атады.

Сирия, Либия, Йемен, тіпті Ирақтың өзі 25 жыл бұрын орнықты, өз игілігі өзіне жететін елдер-тұғын. Ендігі бұл елдер халықаралық шиеленістің қызған ошағына айналды.  Бұл жағдайларда Ресейдің геосаяси рөлі елеулі арта түсті, Сирияға әскерін енгізу арқылы стратегиялық бастаманы өзіне алды. Аймаққа өз ықпалын Иран да күшейтуге тырысуда.

Ақыры Ресеймен тайталасуға алып келген Украинада болып жатқан жағдайдың түске кіруі де қиын еді.

«Өркениеттер қақтығысы» шындыққа айналды. Негізгі діндер арасында ғана емес, конфессиялардың ішінде: шейіттер мен сүнниттер, православ пен католиктер арасындағы қарама-қайшылықтар мен жанжалдар ушығып барады.

Ядролық қарусыздану ең бір өзекті мәселе ретінде қалуда. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ядролық қатерді азайтуды ұдайы жақтап келеді. Жаппай қырып жоятын қарудың таралуына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау лазым. Бетін, ары қылсын мұндай жойқын қару ИЛИМ, «Боко Харам», «Әл-Қаида» тәрізді террорлық ұйымдардың қолына түсссе не болмақ.

Қазіргі әлемдік құрылыста Орталық Азияның рөлі көтерілуде. Аймақтағы тұрақтылыққа айналадағы мемлекеттердің, соның ішінде төрт бірдей ядролық қаруы бар елдердің қауіпсіздігі тәуелді. Олай болса, Орталық Азияға, әсіресе ауған жайтына әлемдік державалардың айрықша назар аударуы мұқтаждық. Бүгінде орталықазиялық мемлекеттердің барлығының күш-жігері аймақтағы таза ауыз суы, есірткі тасымалы, адам саудасы, трансшекаралық өзендер түйіндерін шешуге бағытталуы абзал.

Дүнииежүзін қаржылық, экономикалық дағдарыстар сілкілеуде. Сондықтан экономикалық проблемаларды шешуге саясаттан тыс тұратын, мүлде жаңа, шын мәніндегі инновациялық ұстанымдар қажет.

Өткен жылдың басты саяси оқиғасы АҚШ-тағы президент сайлауы десек, Д.Трамптың жеңіске жетуі ұлтшылдық - мемлекеттердің ішкі саясатындағы доминантты құбылыс ретінде халықаралық қатынастар ауқымына көтерілді. Әлбетте, АҚШ-тағы оқиғалар әлемдік саясатқа, бірқатар елдердің ішкі өміріне тікелей әсер етпек.

Ғылыми-техникалық жарылыстың салдары әлі жеткілікті ұғылып болған жоқ. Байланыстардың жаңа құралы, әлеуметтік желілердің таралуы көз ашпас жылдамдықпен дамуда. «Араб көктемінен» кейін «интернет-революция» ұғымы пайда болды.

Алдағы он жылдықтарда технологиялық ең дамыған мемлекеттер шоғыры ғана алға озып кетеді. Олардың соңынан ғылыми-техникалық жетістіктерді игерген орташа дамыған елдер қатары ұмтылады. Алайда мемлекеттердің негізгі бөлігі дамудан тыс қалып, оның салдары әлемдік қауіпсіздікке кері әсер етерлігі күмәнсыз. Жұмыссыздық 200 млн-нан асып 1 млрд адамға жетеді, мұның өзінің ғаламның игілікті әрі қауіпсіз дамуына тигізетін салдары тым ауыр.  

 Біз халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде БҰҰ-ның барынша белсенді әрекетін күтеміз. Қазақстан алдағы екі жылда аталған Ұйымның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болады.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі Қытайдың бүгінде әлемдік экономикалық держава ғана емес, қазіргі заманның кіндікті мәселелерін шешуде оның пікірімен санасады.

Спикер өз сөзінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қытайдың бұрынғы және қазіргі жетекшілерімен қол қойған бірнеше маңызды стратегиялық келісім-шарттары негізінде Қазақстанның ҚХР-мен татукөршілік, достық қарым-қатынастары қалыптасқындығын алға тарта отырып, өзара мүдделестікті ілгерілету бойынша ірі жобалардың жүзеге асырыла бастағандығын атап көрсетті.

Еуразия кеңістігінде қытайлық Жібек жолының экономикалық белдеуі жобасының сауда-экономикалық мәні зор. Қазақстан ұлттық даму стратегиясымен және Еуразиялық Экономикалық Одақтың ықпалдастық бағдарламаларымен ұштастыра отырып бұл мегажобаның өз аумағында тиімді негізде жүзеге асырылуын көздейді.

Жалпы, Қытайдың Қазақстан үшін басымдық сипаттағы әріптес екендігін айта келе, Сенат Төрағасы екі елдің өзара тиімді, түсіністік пен құрметке негізделген ғылыми, мәдени байланыстарын нығайтуды, бұл орайда «ойлау орталықтарының» да ықпалдастықтығын арттыра отырып, олардың тарапынан екі елдің татукөршілік қарым-қатынастарын одан ары жетілдіруге бағытталған ұсыныс-кеңестері мемлекеттердің тиісті мекемелерінің нақты жұмыстары үшін пайдалы болатындығына көңіл бұрды.

Жоғарыда айтылғандай, қазіргі әлемнің ірі державасына айналған қытай елінің төрінде тұрып дүниежүзілік қоғамдастық назарына ұсынылған салиқалы сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы байтақ Отанымыз – Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнады. Осы орайда, өткен кезеңдегі халықаралық ауанның күнгей мен көлеңке тұстарын сындарлы саралай отырып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының бастауымен, айналамыздағы туысқан көрші елдерде, әсіресе іргелі Өзбекстандағы елеулі саяси оң өзгерістер, Тәжікстандағы тұрақтылық пен ұмтылыс райында бауырлас ұлыстармен тығыз ынтымақтастықта алдымыздағы ширек ғасырларда бүгінгі толайым табыстарды одан сайын еселеп, бірлік пен берекеге, ынтымақ пен ырысқа негізделген кемел келешекке сенімді қадам баса беретіндігіміз кәміл.

Мұхтар Кәрібай  

Abai.kz


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434