Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Мәйекті 6694 0 пікір 18 Қаңтар, 2017 сағат 14:41

БYГІНГІ САЯСАТ ҺӘМ АВГЕЙДІҢ АТ ҚОРАСЫ

Көне герек мифологиясындағы алып батыр Гераклдің алтыншы ерлігі - Авгей патшаның ат қорасын тазалаумен әйгіленетіні есте. Жырда Геракл ат қораны күреп, тазалап жатпайды, Алфей мен Пеней өзендерін бұрып әкеліп, қораның қос қапталынан есік ашады да, қаптатып қоя береді. Герклдің осы ерлігі мен қоса сол қадым заманнан бері Авгейдің ат қорасы қосарлана аталып келеді. Қандай да бір тазалық, тазару туралы сөз бола қалса, ескілікті жырдан хабары бар адам «бәрін Авгейдің ат қорасынан бастайық» дейді. «Авгейдің ат қорасынан бастайықты» соноу бір жылдары әдебиеттегі тіл тазалығы жөнінде толғанған ұлы Ғабит Мүсірепов те айтқан еді. Біз де бүгін «Авгейдің қорасына» соғуды ойлап отырмыз. Біздікі, бірақ, әдебиеттің емес, осы күні сасып, мүңкіп, қолқаны қауып, күлімсі иісімен дүниені алып бара жатқан саясаттың әңгімесі.  Және бұл өзіміздің саясаттың, өзіміздің «Авгейдің ат қорасындағы» саясаттың әңгімесі болғалы тұр.

2013 жылы, 1 тамызда  Францияда ұсталып тұтқындалған қазақстандық қаржыгер, ҚР ҚК бойынша бірнеше ауыр жазаға кесілген Мұхтар Әблязов  2016 жылы 12 желтоқсанда қамаудан босады.  Содан 14 күн өткен соң, яғни  2016 жылы  26 желтоқсанда бұрынғы ҰҚК басшысы Нартай Дүтбаев «Мемлекеттік құпияларды  жария етті»,  «Қызмет бабын асыра пайдаланды» деген күдікпен жабылды. Нартай Нұртайұлымен бірге ҰҚК қызметкерлері Хасен Нұрлан Болатұлы, Нұртаев Ерлан Сүйімбайұлы да қамалды.

Нартай Дүтбаев еісімі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен Заманбек Нұрқаділовтың  өлімімен жалпақ жұртқа жария болған еді. Саяси жүйемен ашық күреске шыққан екі азаматтың кісі қолынан қаза табуы, қасақана өлтірілуі  Нартай Нұртайұлының  басын дауға қалдырған. Дәл сол кезде ол Рахат – Дариға тандемінің де қатты қыспағына ұшарды. Дариға Назарбаева «Де жа вю» дейтін тақырыппен оппозиционерлердің өлімін ҰҚК қызметімен бе, әлде Нартай Дүтбаевтың тікелей өзімен бе байланыстырып, астарлы мақала жазғаны есімізде. Өйткені бұл шамада ҰҚК төрағасының  (Н. Дүтбаевтың)тұтқыннан босаған Мұхтар Әблязовпен астырытын байланысы бар деген сөздердің шеті шығып жүрді.  Ұзынқұлақтың айтуына қарағанда, 2003 жылы Мұхтар Қабылұлы түрмеден шығар алдында Дүтбаев оған арнайы барыпты-мыс. Әблязов Дүтбаевқа үлкен көлемде қаражат беруге уәде еткен - міс... Экс-банкир сондағы ҰҚК төрағасына уәде қылған ақшасын берді ме, жоқ па, алайда қызметсіз қалған Дүтбаевты  Қазатопром басшысы Мұхтар Жәкішовтің орынбасарлығына тағайындауға пәрмен еткен көрінеді. Кейін Жәкішов басымен қайғы болып кетті. Ол қазір «Қазатомпромның қаржысын жымқырды», «қызмет бабын асыра пайдаланды», т.б. деген бап бойынша сотталып, жазасын абақтыда өтеп жатыр. Одан кейін Дүтбаев жұрт көзінен тасаланып қала берген. Енді міне ол қарап жүрмей «мемлекет құпиясын жария еткендіктен» бұрынғы әліптестерінің, ҰҚК қызметкерлерінің қатаң тергеуіне алынып, оқшаулау орынанда жауапқа тартылып жатыр.  Дүтбаевтың  қамалауының Қабылұлымен қандай да бір байланысы бар ма? Болуы мүмкін. Өйткені үш жыл Францияда түрменің дәмін татып, ақыр соңында ақталып шыққан олигарх-саясаткер (ресми баспасөздің тілімен қайырсақ, алаяқ, қашқын, сатқын) Әблязов енді қарап жатпайды. Қазір әлемде баспасөз еркіндігіне шектеу қою қиындап барады. Әлеуметтік желілер мен ғаламтордағы сайттар арқылы-ақ ол енді Ақ орданың айналасындағылардың шаңын қағып отыруы мүмкін. Тіпті, «алты қанат» Ақ орданың іргесін кей-кейде шайқап жіберуі де  ықтимал. Сондықтан билік алдағы күндері де төңірегін шұғыл тазалауға, күдікті-күмәнділердің сыртпен байланысын үзуге барын салып бастайды. Дүтбаевтың тұтқындалуы сондай науқанның басы деп ойлауға болады. Одан кейін кім және кімдер? Бұлай сұрақ қюымызға себеп: «Сұлтан Бейбарыс» фильмінде айтылғандай, «Орданы төңіректеп жүрген қаптаған қара жыландарды» аулау әл-әзір аяқталмайтын сияқты. 

Дегендей-ақ, қаңтардың 12-сі күні  анау-мынау емес, Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаев қызмет орнынада отырған жерінен қолына кісен салынып абақтыға айдалды. Бағлан Асаубайұлының Әблязовпен қандай да бір жасырын байланысы бар ма, жоқ па – оны айту қиын. Бірақ, бұл жігіттің Ресейден, тіпті Кремльден тікелей  саяси тапсырыс алып отыратыны туралы күбір-сыбырды әредік құлағымыз шалатын. Алайда, ауылда өскен (Жамбыл облысы, Сарысу ауданы) қарапайым қазақы азаматтың қарындас жұртына қарсы шабуы ақылға да, қисынға да симайтын еді. Әйткенмен де оның еліміздегі телеарналардың басшылық-кеңесшілік қызметіне Ресейден белгісіз мамандарды сүйреп әкелуі, қазақ баспасөзін қаржыдан қысып, идеолгояны теріске салғаны көрініп қалатын. Бірақ, ол кейінгі бірер жылдың шегінде «Мәңгілік ел», «Ұлы дала», «Қазақ хандығының 550 жылдығы» дейтін жобалардың басы-қасынан табылды. Ұйтқы болды. Сөйте жүріп, «мемлкетттік құпияны жария еткен», «тарихи мұрағаттарды іздеу мен зерттеуге бөлінген қыруар қаржыны қымқырған» болып шықты. Майлыбаевтың бұлайша істі болуын Тәжиннің Ақ ордаға қайтып оралуымен байланыстырып жатқандар да бар. Әрине, РФ-да елші болған Марат Мұхамбетқазыұлы келе салып: «Майлыбаевты тұтқындаңдар, ол – Ресейдің тыңшысы, шпионы» демесе керек. Алайда, тап осы Марат мырзаның Мемхатшылықтан кетуіне Майлыбаев ықпал етті дейтін сөздің шыққаны анық. Майлыбаев сондай-ақ, Тәжин қолға алған тарихи мұраларымызды қалпына келтіру, зерттеу, зерделеу, әлем елдерінің мұрағаттарынан қазақ тарихына қатысты жазбалар мен деректерді жинау жұмысын елеусіз қалдырды. Президент әкімшілігіндегі бас идеолог ретінде қолдау білдірмеді. Есесіне, қазақ баспасөзінде Ресейге қатысты, Ресейдің саяси тұлғаларына қатысты айтылған, жазылған сөз бен мақалаларға бақылау күшейе түсті. Мысалы, Жарылқап Қалыбайдың «Аңыз адам» журналындағы Путинді Гитлерге теңеген сынық сөйлем екі ел арасындағы саяси мәселеге айнала жаздап тоқтады. Кремль бәрін қойып, қазақ баспасөзін Ақ орда арқылы бақылауға көшті. Қатал бұйрықтар беріп отыруды қалыпты жәйтке айналдырды. Оны жалпы көпшілік, оқырман қауым біле бермейді, көнтерлі қазақ журналистері ғана біледі.

Майлыбаев 1997 – 99 жылдар аралығында Мәскеуде оқыды. Мәскеуден оралған ауылдың қара баласы біраз уақыт қазақ тілін «ұмытып» қалғанын  онымен араласатын орта қынжыла айтып жүретін.  Содан кейін-ақ, Бағлан Асаубайұлы қызмет бабымен сатылап өсе берді. «Президенттік басқару иниститутының кереметтігі» турасында Мәскеуде докторлық қорғап келген ол Президент Назарбаевтың баспасөз хатшысы, одан кейін іле-шала Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып шыға келді. Өзіне қолайлы адамды сыртқы күштердің қолдап, өсіріп отыратынын ескерсек, Майлыбаев та сол кеппен қазақ билігінің биігіне көтеріле бергенге ұқсайды. Турасын айтсақ, қарайғанды қалт жібермейтін Ресей саясаткерлері өзінің туған ұлтының тарихы мен мәдениетін, терең тамырын жете танып білмеген немесе білгісі келмейтін нигилистер мен космополиттердің қай-қайсысын болмасын оп-оңай қолға түсіріп, құлша жұмсайды. Оған күмәніңіз болмасын.

Осы күні Ақ орда, әсіресе, Назарбаев Ресейдің «мәңгілік дос» еместігіне еріксіз мән бере бастады. Бұл тақырыпты алдағы күндері тарқатып айта түсетін боламыз. Әзірше әлгі «ат қорамызға» қайтып келе тұрайық.

Авгейдің ат қорасы дегенді, жоғарыдағы мырзалар ренжімей қоя тұрсын, Ақ орданың айналасы деп есептейік. Ал, енді осы «ат қораны» тазалап, иіс-қоңыстан, нәжістен арылту мүмкін бе? Нақты жауабын айту қиын. Бірақ, "Гераклдің" келуін күтпей-ақ "ақсақал Авгей" «ат қораның» тазалығына өзі кірісіп кеткен сияқты...

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz      

0 пікір