Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2020 жылдар аралығында орындалатын стратегиялық алты бағыт айқын
ОҚО-да Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2020 жылдар аралығында орындалатын стратегиялық алты бағыты айқын, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Мал шаруашылығын дамыту Оңтүстік Қазаұстан облысында өзге де республикалық бағдарламалар бойынша жүзеге асырылуда. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 22 мың аналық iрi қара сатып алынды. Тұқымдық түрлендiруге 72,3 мың аналық iрi қара алынды. Ол жалпы ұрғашы малдың 19,1 пайызына тең.
Сол секiлдi «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 31,4 мың қой сатып алынып, тұқымдық түрлендiруге 146,1 мың аналық қой қатыстырылуда.
Ал, «Құлан» бағдарламасы аясында сатып алынған жылқы саны 3,4 мыңға жетiп, жоспар 1,3 есеге артық орындалды.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ауыл шаруашылығында бүгінгі жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп отырған жоқ. Аймақтың ауа райы, жер жағдайы жақсы, шаруалар мен диқандардың еңбекқорлығын үнемі айтып отыратын облыс басшысы ауыл шаруашылығының көп түрімен елімізді қамтуға мүмкіндік мол екендігін назарға ұстап келеді. Ол үшін нақты іс-шаралар жоспарын бекіткен.
«Алтын күз-2016» салтанатты жиынында: «Егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артып, бақша, көкөніс, мақта, картоп және жеміс-жидек дақылдарынан мол өнім жиналды. Өнім көлемін, гектар түсімділігін арттыруға негізінен шаруашылықтардың агротехнологиялық іс-шараларды дұрыс жүргізудің нәтижесінде қол жеткізіп отырғандығымызды мақтана айтуымызға болады. Оның ішінде, терең қопсыту технологиясы, тамшылатып суғару әдісі мен жылыжайлардың көлемі бойынша республикада көш бастап келеміз», - деді облыс басшысы.
Сонымен қатар, облыста соңғы үш жылдың өзінде 2 мың гектар өндірістік қарқынды баулар отырғызылғанын, оның тиімділігі гектарынан мақтамен салыстырғанда 30 есеге, бақшамен салыстырғанда 10 есеге артық өнім алуға болатынын айтты. Қарқынды баулардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндіктердің барлығы бар екеніне тоқталған әкім мал шаруашылығында да қабылданған іс-шаралар мен «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жоғары деңгейде орындалып жатқанын атап өтті. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында өңір басшысының тапсырмасымен өнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту жағдайында Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2020 жылдар аралығында орындалатын стратегиялық алты бағыты айқындалған. Осы стратегиялық бағыттар толық іске асқан жағдайда Оңтүстіктің берекесі бүгінгісінен де мол болмақ.
Абай-ақпарат