Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Аласапыран 7052 2 пікір 27 Наурыз, 2017 сағат 18:54

Ауылшаруашылығын реформалаудағы қателіктер елге қатер төндіреді

Сурет "Азаттық радиосының" сайтынан алынды

 

Өмір бар жерде өзгерулер бар. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан. Оның өзі тіршілік заңы. Нарық аз ғана жылдар ішінде жан-жағымызға көп өзгерістер әкелді. Біздің қалаларымызды алайықшы. Әсіресе, орталықтары түрлі-түске боянып, қырғауыл құстай сылаңдап шыға келген жоқ па. Ал осы өзгерістердің түпнұсқасы шетелдерден келіп жатқаны түсінікті. Дәлірек айтқанда, нарыққа баяғыда көшкен елдер тіршілігіне еліктеудеміз.  Бұл жерде жақсы мағынада айтқымыз келеді. Біз олардың жақсыларын алмай, бай тәжірибелерінен көп нәрсе үйренбей, ісіміз алға баспасы белгілі. Бизнеспен айналысушылардың, коммерсанттардың шет жерлерде болып келгендері «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, дәл сол жақтағылардай болмағанмен де соған жуықтайтын қонақ үй, кафе-бар, мейрамхана, сән салоны секілді тағы басқа сауда және қызмет көрсету орындарын ашып тастады. Жалпы қай сала болмасын ғылым, өндіріс, медицина және басқалары жылдан жылға шетелдік технологияларды кеңінен пайдалануда.

 

Өзгерістер бізді асыраушы сала ауыл шаруашылығында да, ауылдың өзінде де байқалуда. Бірақ, ол әлі біз күткендей дәрежеде емес. Оның да өзіндік себептері бар. Кезінде ауыл шаруашылығын реформалауда қателіктерге жол берілді. Елімізді азық-түлікпен қамтамасыз етушілерге несие алудың қиындығы көп болды. Өнімнің өзіндік құны қымбат, бағасы арзан, өткізуі қиын сияқты тағы басқа себептері жетерлік. Тіпті керек десеңіз,  сол себептердің қатарында «біздің ағайын жалқау, бойкүйездігі басым, шаруаға қыры жоқ» деген уәж айтып, кінәлаушылар да табылып жатты. Рас, көбінің істің көзін таба алмай, нарықтық қатынастарға бейімделіп кетуі қиын тиіп жатқаны шындық.

 

Қанша дегенмен біз орыс, өзбек, неміс, корей секілді ата-бабамыздан отырықшы өмір сүріп келген ұлт емеспіз. Ондай ортаға бейімделгенімізге бар болғаны жүз жылдың шамасы. Әлі қанымызда отырықшылдық тіршілік психологиясы мықты қалыптаспаған. Шаруаны дөңгелетіп алып кете алмай жатқан себептердің бірі осы ма деп ойлауға тура келеді кейде. Сол себепті, бізге көп нәрсе үйрену керек, қанша дегенмен нарық есепті, үнемділікті, ұқыптылықты сүйеді. Әйтпесе, біздің халық талантты, еңбекқор халық.  Өнер, білім, әдебиет пен спортта танылып жатқан тәрізді бұл саланы да жақсы игеріп әкетері ақиқат. Сондықтан, отырықшылық психологияның мықты қалыптасуына ықпал жасау қажет.

 

Оған қалай қол жеткізуге болады? Ел тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етіп жатқан адамдар арасынан шағын топтар құрып, жыл сайын шетелдерде, онда да «жығылсаң нардан жығыл» дегендей, бізден көп алға озып кеткендірдің, оның ішінде ауыл шаруашылығы жоғары дамыған елдерде атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, танысып қайтуына мүмкіндік жасалып тұрса, көп нәтижесі болар еді. АҚШ, Канада фермерлерінің шаруашылықтары, Израйльдегі кибуцилер, голландиялық гүл өсірушілер, немістердің деревнялары, Болгария мен Венгрияның көкөніс алқаптары, Польшаның жеміс баулары, Австрияның, Австралияның, Жаңа Зелландияның қой шаруашылықтары, жапон, корей күріш егістіктері секілді ауыл шаруашылық секторында көрсетуге дүниелері жетерлік елдер бар. Бір-екі мысал келтіріп кетуге де болады. Жер көлемі біздің елдегі бір облыс аумағынан аспайтын Нидерланды елін алайық. Голландықтардың гүл өсіруден аты шыққанын бәріміз білеміз. Алайда, бұл елдің ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығарудан әлемде екінші орын алатынынан көбіміз хабарсызбыз.  Мұнда тіпті ауыл шаруашылығы министрлігі де жоқ екен. Немесе соңғы жылдары аграрлық секторы мықты дамып кеткен Польша мемлекеті экспортқа жылына 25 млрд. доллар көлемінде ауылшаруашылығы өнімдерін шығаруда. Ал ол негізінен шағын шаруашылықтар, жеке кәсіпкерлер күшімен жүзеге асуда. Сондай-ақ, шөл мен тастақты жерге  бау, егін салған еңбек­қор еврей халқы өнімдерін  өздеріне де, өзгелерге де жеткізіп жатыр. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.

 

Еліміздің ауылшаруашылық саласын дамыту мақсатында өзге мемлекеттермен жоғары деңгейдегі қарым-қатынастар бола беретіні түсінікті. Олардың осы саладағы ғылыми жетістіктері мен тәжірибелерін үйренуге ғалымдарымыз да тоқтаусыз жұмыс жүргізе берері анық. Журналистеріміз осындай елдерде болып, ондағы керемет дүниелерді түсіріп немесе суреттеп жеткізіп, мамандарын сөйлетіп, бейнесюжеттері мен мақалаларын халыққа ұсына берер. Бірақ, мұның бәрі шаруашылық жүргізіп жатқан адамдарымыздың сол дүниелерді өз көзімен көргендей болмайды. Сол себепті де олардың шетелдегі әріптестерінің жасап жатқан жұмысын көріп қайтуына мүмкіндік берген абзал. Ол үшін мемлекет арнайы бағдарлама қабылдауы қажет. Оны Сыртқы істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Кәсіпкерлер палатасы секілді өзге де құрылымдар бірлесіп атқаратын болады. Мұндай жобаны кем дегенде бес жылдай жүзеге асырған жөн. Онан кейінге кезеңде жалғастырудың қажеттілігі бар ма, оны уақыт көрсетер. Мүмкін әрі қарай кәсіпкерлер мемлекет көмегіне сүйенбей, жақсыны көрмек үшін өз күштерімен-ақ барып қайта беретін болар.

 

Егер мұндай сапарлар жүзеге асып жатса, онда болғандар ол жақтағы ұқыптылықты, жинақылықты, тазалықты, үнемшілдікті, тәртіпті, еңбекқорлықты, қолдан жасалған сұлулылық пен әдемілікті, мәдениеттілікті өз көзімен көріп, ерекше әсер алып, қатты қызығушылық танытса, сонан кейін өзі тұратын үйіне, ауласына, қора-жайына, ауылына, жүргізіп жатқан шаруашылығына басқаша көзбен қарай бастар еді. «Мен неге сондай бола алмаймын, адамның істегенін адам істей алады» деген жігерлену, алға ұмтылушылық, жаңа серпін пайда болар еді.

 

Егер топпен аралатудың мүмкіндігі болмайды, қажеттілігі жоқ деп санаса, онда әр жердегі бір фермерге, бізден бір адамды бір апта не он күндей қонақ ету жолын қарастырған дұрыс болар. Осы оқуға барғандардың бір ай бойы шетелдіктердің үйінде қонақ болып, сол үйдің отбасы мүшесіндей тұратынын естіп жүрміз. Маңыз-мақсаты дұрыс түсіндіріліп, сондай өтініш жасалып жатса шетелдік фермер не кооператив басшысы қарсылық білдіре қоймас. Құдайға шүкір, еліміз дүние жүзі қауымдастығына жақсы атпен танылып келеді. Шетелдік кооперативке қонақ болып барған адам сондағы фермерлермен бірге жүріп-тұрып, тіпті шаруашылық жұмыстарына қолғабыс жасап, өзін қызықтырған нәрселерді сұрап біліп тұрар еді. Бұл жерде тіл мәселесі кедергі болары анық. Оның да жолын табуға болады. Қазір көптеген елдерде біздің жастарымыз білім алуда. Фермер шаруашылығымен танысуға шыққан әрбір топқа не жеке адамға бір тіл үйренушіден қосып жіберіп тұрса, ол бір жағынан тілмаштықты атқарып, екінші жағынан тұрмыста қолданылатын тілді үйреніп қайтар еді.

 

Тағы бір назар аударарлық жайт, шетелге шығушыларды міндетті түрде өзі айналысып жатқан жұмыс түрі бар шаруашылықтарға, яғни қойшыны қойшыға, күрішшіні күрішшіге, бал арасын асыраушыны әріптесіне апару шарт емес. Әрине, дәл сондай жұмыс түрлерін көріп, тәжірибелерімен танысып жатса артық болмас еді. Бірақ, ондай мүмкіндік туа бермесі анық. Қандайы тура келеді соны көре бергені дұрыс. Тірліктің басқа түрін көрген адамға мүмкін жаңа ой келер, болмаса ауылдастарына кеңес беріп, оларды қызықтырып, сол іске жұмылдырар.

 

Енді мұндай шараларға қаржы керек екені белгілі. Қазір қаржы дағдарысының  әсері әлі сезіліп тұр. Көптеген салаға қатысты қаржылық қысқартулар болып өтті. Дегенмен де біздің еліміздің болашағы үшін жүзеге асырылып жатқан жобалар, мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Қырқына шыдағанда, қырық біріншісіне неге шыдамасқа? Бір жылда 200-300-дей қарапайым еңбек адамдарының шетелде болып қайтуын ұйымдастырып тұруға соншалықты мол қаржы кете қоймас. Ауыл шаруашылығын аралаған адамға қымбат қонақ үй, қымбат ресторан керек емес. Жоғарыда келтіргендей, үйінде болған бір-екі адамның кейбір шығындарын фермердің өзі-ақ көтеріп алуы мүмкін. Кім біледі, сол фермердің қонағына ықыласы ауып, таныстығы достыққа ұласып, еліне қайтқаннан кейін де шаруашылығын жүргізуге одан әрі көмегін жалғастырып жатуы да ықтимал.

 

Адам жан-жағына қарамай, араласпай, өз көзімен көрмей көп нәрсені үйренбесі анық. Ондай сапарлардың нарыққа кеш араласқан бізге берері аз болмауы тиіс. Өйткені, ауылды көтеретін сол қарапайым адамдар емес пе? Тіпті пайда әкелмегеннің өзінде бұндай шаралар  мемлекеттің қарапайым еңбек адамдарының мынандай қиын кезеңде шетелге шығып, қызық көріп, демалып қайтуына жағдай жасағаны болып шықпай ма? Енді олардың шетелге шығып қайтуына қашан мүмкіндігі болады. Сөйтіп мемлекетіміздің өз адамдарына жасаған жақсылығы болып есептелер еді. Қысқасы, ауыл адамдарының шетелдік әріптестері жасап жатқан жұмыстарын, тұрмыс-тіршілігін көріп, танысып қайтқанының зияны болмасы белгілі.  Бұл мақсатта Қазақстанда туып өскен, қазір тарихи отандарында өмір сүріп жатқан неміс, еврей, грек секілді т.б. көптеген ұлт өкілдерінің көмегіне арқа сүйеуге болар еді.

 

Тұрмыс әдемілігіне не жетсін! Осы орайда, тағы бір ой мазалайды.  Еуропа елдерін айтпағанда, көршіміз Ресейде үй шаруашылығын жүргізуге қажетті ақыл-кеңес қосатын түрлі-түсті безендірілген  «Сад и огород»,  «Мой прекрасный сад», «Ваши 6 соток», «Хозяйство» сияқты журналдар, басылымдар көптеп шығады. Қазір интернет дамыған заман. Бүгінде аталған басылымдардың интернеттік нұсқасы белең алып келеді. Міне, осыған ұқсас журнал және сайттардың қазақ тілінде де пайда болуына ынталандырулар,  тиісті  қолдау мен жеңілдіктер көрсетілсе дейсің.

 

Осының бәрі ауыл мәдениетінің артуына, ауыл келбетінің жақсаруына  қарлығаштың қанатымен су сепкендей көмегі бола ма деген тілектен туып отырған пікірлер. Үнемшілдік, ұқыптылық, жинақылық, еңбекққорлық жағынан біздің ағайынның басқалардан кем болмағанын, сонымен бірге әрбір үй отбасылық бюджетін байыта түскенін қалағандықтан осындай ойларды ортаға салуға тура келіп отыр. Қажет деп табатын тұстары болып қалар.

 

Біз дамыған 30 елдің қатарынан табылуды мақсат тұтқан елміз. Ол үшін экономикамыз мықты болуы тиіс. Ал ауылшаруашылығы дамымай, ел экономикасы түзелмейді.  Мамандар үш алып көршіміз –  Қытай, Ресей және Иран мемлекеттерінің сырттан тасымалдап отырған азық-түліктерінің оннан бір бөлігін бере алсақ шаш-етектен болатынымызды айтады. Осы мақсатта, яғни агроөндірісті дамыту үшін жер реформасы  қолға алынған еді. Алайда, оның кейбір баптарына қатысты бес жылға мораторий енгізілді. Ол мерзім біткен кезде де ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беруге қол жеткізе алмауымыз мүмкін. Сондықтан да ауыл шаруашылығын өз күшімізбен дамыта берудің барлық мүмкіндіктерін қарастыра берген артық болмас. Жоғарыда айтылған ойлар сондай мүмкіндіктердің  бір нұсқасы ғана.

 

Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40 пайызға көбейту туралы тапсырма қойып отыр. Сонымен бірге, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға қарай 50 пайыз болуын қамтамасыз ету туралы міндеті тұр алдымызда. Ауылдық жерде де, қалалық жерде де шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға берілетін несие көлемі өсіп отыр. Шағын кәсіпкерлікті, жеке қожалықтарды дамытуға жақсы мүмкіндіктер берілуде. Мақалада айтылған ұсыныстар ескеріліп, жүзеге асатындай жағдай туса, сол мүмкіндіктер қатары артатыны сөзсіз. Қалай болғанда да елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің, сол секілді фермерлік үрдістің дами беруі үшін жұмыс жүргізе беруіміз қажет.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

 

Қызылорда қаласы.

 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1980