БРАЙТМАННЫҢ ОРНЫНА «АЙҒА» АЙДЫН БАРАТЫН БОЛДЫ
Қазақтың тағы бір қара баласы ғарышқа сапар шегетін болып жатыр. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бақытжан Сағынтаев Байқоңыр ғарыш айлағының 60 жылдығына орай сөйлеген сөзінде құлаққа жылы тиетін осы бір жаңалықты жария етті. Вице-пермьер келесі ғарышкеріміздің аты жөнін атамағанымен дерек көздері оның Айдын Айымбетов екендігін хабарлай бастады. Айдын Айымбетов – 2007 жылы Гагарин атындағы Ресей мемлекеттік ғарышкерлерді дайындау орталығын ойдағыдай тәмамдаған жас. Айдынның қасында Мұхтар Аймаханов бар. Айдын мен Мұхтар 2009 жылы 30 қыркүйекте ғарышқа ұшуы керек еді. Сол кезде ұшу құны – 25 миллион доллар болды. 25 миллион доллар әлемдік қаржы дағдарысы тұсында «үлкен шығын» деген желеумен екі жігіттің десі қайтқандай еді.
Енді міне, сүйіншті хабар естіп отырмыз. Алайда, осы арада Мұхтар Аймахановтың амалсыздан Ресей азаматтығын қабылдағанын да айта кетуіміз керек. Болашақ ғарышкерлер Қазақстанның қаржысына оқып, жаттықса да ғарышқа ұшу үшін Мұхтар «Ресей азаматы» атанды. Мұның себебін білетіндер: «Халықаралық ғарыш стансасы көп елдер қатысатын үлкен құрылым. Бұл құрылымға АҚШ пен Еуропаның бірқатар қаржылы елдері және Ресей мүше болып табылады. Қазақстан мүше болмаса да, Ресеймен екіарада келісімшарт жасалған. Бірақ, мұның да квотасы бар. Мұхтар Аймаханов Ресей азаматы атанып, сол квотаны иеленді» деп түсіндіреді. Алайда, квота алған Мұхтардан бұрын авиация полковнигі Айдын ғарышқа сапар шегетін сияқты. Алдағы күзде. Қыркүйектің 1-інде. Айдынның қасында Ресей ғарышкері Сергей Волков пен еуропалық астронавт Андреас Могенсен болады. Дегенмен осы арада Британдық әнші Сара Брайтманға рахмет айтқанымыз жөн шығар. Неге? Өйткені, әзірше ғарышқа ұшудан бас тартқан Брайтманның орнына «Айға» Айдын баратын болды.
Бұған дейін ғарышта екі қазақ ғарышкерінің болғаны белгілі. Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы 2 қазанда «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышкер-зерттеуші болып ұшса, Талғат Мұсабаев 1994 жылы бортинженер, 1998 және 2001 жылдары ғарыш кемесінің командирі ретінде «Мир» орбиталық стансасында және Халықаралық ғарыш стансасында болған еді.
Abai.kz