Сенбі, 23 Қараша 2024
Тағзым 6477 0 пікір 9 Маусым, 2015 сағат 16:10

САБЫР БАТЫРҒА ЕСКЕРТКІШ ҚОЮЫМЫЗ КЕРЕК

Мәжіліс депутаттары Сабыр Рахымовқа Астана қаласында ескерткіш қою керек деп мәселе көтеріп жатыр. Осылайша мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдаған олар былай дейді:  

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрінің

орынбасары

Б.М.Сапарбаевқа

 

Депутаттық сауал

 

Құрметті Бердібек Машбекұлы !

 

Тәуелсіздікпен бірге қаншама құндылықтарымыз құт-береке тұнған қазақтың қасиетті қара шаңырағына оралуда. Солардың қатарында ұлт үшін ұрысқан, Отан үшін тұрысқан біртуар батыр бабаларымыздың аттары да қайта жаңғырып, ұлықталуда. Бұл іс әсіресе, «Нұр Отан» партиясынан қолдау тапқан биылғы, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы жылында аса өзекті деп білем.

Ел қорғау жолында жанын құрбан еткен, бүгінде тәуелсіз елдің ұрпағы үлгі тұтуға лайық ерлеріміздің бірі – бүкіл Орталық Азия елдері және қазақ арасынан шыққан тұңғыш генерал, бір емес үш дивизияға Басшылық еткен  командир, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов болып табылады. Ол 1902 жылы 25 қаңтарда қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Қазығұрт жерінде дүниеге келді. Оның отбасы сол тұста бай-бақуатты адамдарға қарсы басталған қудалаудан құтылуға тырысып, Тәшкент жаққа көшкені нақты деректерден мәлім.

Ұлы Отан соғысы басталғанда, 1941 жылы С.Рахымов өз еркімен майданға аттанды. Оның мотоатқыштар дивизиясы генерал фон Буштың қару-жарағы жаңа, қуаты басым ірі күштеріне қарсы тұрған. Алапат жаудан айласын асырып, фашистердің соққы жасаушы күшін Туапсе қаласына жеткізбей, жау шебін кері шегіндіреді. 1943 жылдың басында оның дивизиясы Солтүстік Кавказдағы шабуыл операциясында жанқиярлық ерлікті паш етеді. Осылайша, Гитлердің Қап тауы етегіндегі елді мекендерді басып алу жоспарының күл-талқанын шығарады.

Осы ерлігі үшін С.Рахымовқа 1943 жылдың 19 наурызында генерал-майор шені беріледі және сәуірде Мәскеуге, Бас штабтың Ворошилов атындағы әскери академиясына оқуға жіберіледі. Оқудан кейін де ол соғысқа сұранып, кері қайтқан.

1944 жылы Екінші Белоруссия майданында жүріп, ол Беларусь пен Польша жерін жаудан азат етеді.

Даңқты қолбасшы Гвардия генералы Сабыр Рахымов 1945 жылы наурыз айының соңында Ұлы Жеңіс күніне аз уақыт қалғанда, Польшаның Данциг (қазіргі Гданьск) қаласы маңында асқан ерлікпен қаза тапты. Ол Өзбекстан астанасы Тәшкентте, Кафанов паркіндегі бауырластар зиратында жерленіп, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен, 1965 жылдың 6 мамырында оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кезінде Темір генерал атанған С.Рахымовтың басқа марапаттарын айтпағанның өзінде, ол екінші дәрежелі Кутузов, Суворов ордендерімен 4 мәрте жауынгерлік «Қызыл Ту» орденнің кавалері болып табылып, 4 рет ауыр жарақаттанғанына қарамастан алғы шепте соғысты.

Бүгінде Жеңістің 70-жылдығына орай, Қазақфильм киностудиясы Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығыменен бірлесе отырып режиссер Тлеген Ахметовтің жетекшілігімен Генерал Сабыр Рахымов деректі филімін түсіріп аяқтады.

Бір өкініштісі, 2011 жылы 7 қаңтарда, Тәшкенттегі С.Рахымов ескерткіші орнынан алып тасталып, Гафур Гулям атындағы парк аумағына көшірілген. Қазіргі кезде тұғырсыз, «Сабыр Рахымов» деген тақтайшасыз, қара жерде жатыр.

Әрине, бұл көрші елдің ішкі ісі. Біздің айтпағымыз, болашақ ұрпақ осындай ұлы бабаларын үлгі тұтуы үшін онымен байланысты тарихи жәдігерлер де Отанына қайтарылуға тиіс.

Тәшкендегі Даңқ мұражайында Сабыр Рахымовтың 1926 жылы жараланған кезде маршал Буденыйдың өзі берген алтын сапты қылышы, шинелі, бас киімі – папахасы марапаттары сақталған болатын. Бүгінде олардың барлығы мұражайдан алып тасталып, сақтау қоймасында шаң басқан күйде жатыр.

Өзбекстан бауырлас ел ғой, онда жақсы достарымыз да, жанашыр тілектестеріміз де барлығы сөзсіз. Сондықтан құрметті Бердібек Машбекұлы, ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы ресми хат жолдап, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі келіссөздер жүргізіп, ол жәдігерлерді елімізге әкелудің мүмкіндіктерін қарастыруыңызды сұраймыз.

Бұл ерлік пен елдіктің сабақтастығы үшін ауадай қажет. Сабыр Рахымов сирек, даңқты батыр. Демек, оның есімімен және ерлігімен байланысты басты заттар Қазақстанның орталық музейлерінен орын алса, Ер есімі ескеріліп, ескерткіші  Астана қаласынан бой көтеріп жатса, бұл өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге зор үлес қосар еді. «Тірісінде елін ерлікпен жаудан қорғаған, өлген соң, қадірі болмаған» деп ұрпақ жазғырмауы үшін Ұлы Жеңіс жылында осындай ізгі іс қолға алынса, игі болар еді. 

 

 

 

 

Құрметпен,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары,

«Нұр Отан» партиясы Фракциясының

мүшелері                                                                              Б. Смағұл

 

                                                                                              Қ.Сүлейменов

 

                                                                                              Б.Ертаев

                                                                          

                                                                                              А.Тасболатов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373