Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 5543 0 пікір 5 Маусым, 2015 сағат 01:44

КИІКТЕРДІҢ АЖАЛЫ ГЕПТИЛДЕН БЕ?

ҰЛАН ДАЛАНЫ ҰЗАҚ ЖЫЛ ГЕПТИЛМЕН УЛАП КЕЛЕ ЖАТҚАН КОСМОДРОМ БОЛАР

Астана, 3 маусым. Мәжіліс Үйі.

Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Алдан Смайыл Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.

         «Киіктің осы жолғы орасан зор шығыны, 127 мың ақбөкеннің қырылып қалуы, бұл мәселеге қайта-қайта оралуға мәжбүр етіп отыр. Көптің көңілінде сан сұрақ. 1970 жылдары сар даланы емін-еркін жайлаған 1 млн. 200 мың киіктен 2003 жылы 1 мың 800-і қалуына не себеп? «Пастереллез» деген жұмбақ індет пе? Ұлан даланы ұзақ жыл гептилмен улап келе жатқан космодром болар. Бәлкім кеңес одағы Бетпақдалада жылдар бойы жүргізген құпия сынақтардың кесірі шығар?

         Осы сауалдардың ешқайсына нақты жауап жоқ. Анығы біреу – тиісті мемлекеттік басқару орындары өткен кезеңдердің қиын оқиғаларынан нәтиже шығармады.

         90-шы жылға қарай Қарағанды, Жезқазған, Торғай, Орал өңірінде киік қынадай қырылған болатын. 1984 жылы Орал құмында 250 мың, 1988 жылы Байқоңырда ракета ұшырылғанда Бетпақдала, Жаңаарқа, Арқалық алқабында 500 мың ақбөкен өлді. Басқа да аңдар мен өрістегі мал қоса кетті. Сол апаттың себебі айтылмады. Белгісіз індет ойдан шығарылды, ел іштен тынды.

         Кейін ақбөкеннің бірде Орал, бірде басқа аймақтарда ондап – жүздеп шығын болуы байқалды. Сауалдан сауал туды. Өткен ғасырдың 84-інші жылына дейін киік неге осылай жаппай қырылмаған? Ақбөкен неге Арқа мен Орал жақта өледі. Мұндай оқиға киік көп тараған  Қалмақстан және басқа елдерде неге кездеспейді?

         Осы сұрақтарға мемлекет айқын жауап бермеген соң, берген күнде жаңбыр көп жауғандықтан, көк шөпке тойғандықтан, кене шаққандықтан дейтін пәтуасыз сылтау айтылған соң, ел өзінше болжам жасауда. Арқада космодром бар, Орал аймағында ядролық сынақ алаңы болған. Қырғынның сырын солардан іздейді. Киік мыңдап өлген күннің алдында «Протонның» апатқа ұшырағанынан күдіктенеді.

         Пастереллез киік өлімінің басты себебі емес екенін Ұлыбританиядағы «Киіктерді сақтау альянсының» басшысы Миллер-Гулланд та айтып отыр. Оның дәлелдеуінше пастереллез бактериясынан басқа бір індетке шалдыққан, әбден әлсіреген аң ғана өледі.

         Ал енді Байқоңырдан жіберілген протонның ұшу бағытына көз салайық. Төретам, Қоскөл, Арқалық, Қарағанды, Ақмола облысының жерлері, Алтай. Дәл осы бағытпен көктемде қалың киік жөнкіледі. Олар осы жолдың бастауында уланып, Арқаға жеткенде өлуі әбден мүмкін.

         Кәрім Қажымқанұлы! Мына апаттың, қисапсыз қырылған киіктің осы жолғы қаупі күшті. 127 мың аналық киікпен бірге олардан өнуге тиіс 254 мың құралайдан айырылдық. Пастереллез деген сылтау енді ешкімді сендіре алмайды. Талабымыз мынау: ҚР Үкіметінің жанынан құрылатын комиссияның жұмысына экология және табиғат қорғау мәселелерімен айналысатын қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Парламент депутаттары қатыстырылсын. Шетелдер ғалымдары жұмылдырылған зерттеу жұмыстарының мәліметтері халыққа ашық жарияланып отырылсын. Осы зерттеудің аясында Қарағанды, Жезқазған, Торғай, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Орал облыстарындағы топырақтың, судың, ауаның экологиялық жағдайы жан-жақты тексерілсін. Зерттеу науқандық сипат алмай, жыл бойы, қажет болса жылдар бойы жүргізілсін және республикалық бюджеттен қаржыландырылсын.

         Екіншіден, Қазақстанда экологиялық залалды аймақтардағы топырақ пен өсімдіктің биологиялық, химиялық т.б. өзгерістерін тұрақты тексеретін арнайы ғылыми орталық құрылсын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша ондай орталық біздің елімізде жоқ.

 

Жауабын ҚР Заңдарында көрсетілген тәртіппен жазбаша беруіңізді сұраймыз. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377