Астанада 5-6 маусым күндері өтетін “Музтв” арнасының жүлдесін табыстау рәсіміне “МузАрт” тобының әншілері бармайтындығын жария етті. Сондай шешім қабылдағандары туралы топтың белгілі әншісі Сәкен Майғазиев (суретте) әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті. Былай деп:
«Қымбатты төртiншi билiк өкiлдерi! Даттарыңыз орынды. Сауалдарыңыз салмақты. Жауап береміз, Қазақ үшін сөйлеуден тартынған кезім болған емес. Премияның өзіне әуелден қарсымын, МузАРТ-тың атынан айтайын: біз бармаймыз! Премиясы өзіне, ол Қазақтың МузАРТ-қа деген махаббатынан биік емес. Қазақтың мәдениетін, халықтық музыкасын, дәстүрлі әнін дәріптеу, міне, бзге осы абырой! Ойлаңызшы, «Гәкку» телеарнасы Бакуге, Тбилисиге, болмаса Варшаваға барып осындай шара жасай алар ма еді? Олар кіргізбейді. Аумақ, территория, әр халықтың өзіндік жеке мәдени кеңістігі деген нәрсе бар. Менің, МузАРТ-тың айтары мынау: Қазаққа пайдаң тимесе, жөніңе жүр, әйтеуір, зияның тимесін!».
Аталған арнаның жүлдесін табыстау салтанатына осы күндері Ресейдің шоу-бизнесте танылған "звездалары" келіп жатыр. Солардың бірі туғаннан зағип әнші - Диана Гурцкая. Ол кеше Астанада өзімен тағдырлас мектеп оқушыларымен кездесіп, журналистермен жүздесті. Жүздесу барысында әнші: “Муз тв” мерекесін ұйымдастырғаны үшін алғысын президент Нұрсұлтан Назарбаевқа білдірді. Қазақ елінің қарқынды дамып жатқаны да, халықтың осындай “ұлы” мерекеге қызығуы да мемлекет басшысының арқасында", - деді.
Abai.kz