Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 7322 0 пікір 27 Мамыр, 2015 сағат 14:54

ТЫРЖАЛАҢАШ ДЕНЕ "ДЕМОКРАТИЯСЫ"

Бұрындары жабайы адам шығыпты. Орман жақта өмір сүреді екен деген сөздер айтылып жататын. Үсті­-басын жүн басқан делінетін оның үстінде лыпа болмайтыны да белгілі еді. Сол тұста жабайы адамның «досы» Астанадан да шыға келетінін кім білген?..

Өткен аптаның сенбісінде кешке таяу қаланың Уәлиханов көшесінің бойымен тыр жалаңаш сызып бара жатқан адамға қатысты «бейнесюжет» ғаламторды дүр сілкінтті. Жан­-жағына қарамай, әлдебір жаққа асыққан әрі еш қымсынбаған кейіппен кетіп бара жатыр. Машиналар жанынан зулап өтуде. Бейнероликтен байқалғаны, автокөліктер арасында жол­-патрульдік полициясы машинасы да кетіп барады. Сөйтсек, олар да байқап үлгеріп, жедел түрде ұстап алған екен. Полицияның анықтағанындай, тыр жалаңаш адам 41 жастағы Астана қаласының тұрғыны болып шықты.
Біз де қоғамдық азғындыққа апаратын көрініске бейжай қарамай, Астана қаласы ІІД-­не хабарластық. Ондағы баспасөз қызметінің жетекшісі София ханымнан ұялсақ та сол оқиғаға байланысты не болып жатқаны және аяғы немен тынуы мүмкін екендігі турасында баян етуін сұраған едік:
— Психологиясы бәрі дұрыс. …Мамандар қарады. Бірақ ол ішімдікке салыну бойынша есепте тұрған, — деді.
Сондай-­ақ, София Әнуарбекқызының айтуынша, жалпы бұндай жағдайларда, егер ол адамның психологиясында ауытқу болса, ешқандай шара қолданылмайды. Ал ақыл-­есі дұрыстығы дәлелденсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Тіпті жалаңаш кетіп бара жатып адамдарға тиіссе, түрлі деңгейде зиянын тигізсе, қылмыстық іс қозғалатындай деңгейге дейін жетпек. Бұл енді заңнан хабары бар адамдарға белгілі болар.
Дегенмен, бір нәрсе байқалып қалды. Мысалы, порнографиялық фильмдер мен анайы суреттерге, біржыныстық некеге және т.б. қоғамдық арды бұзатын жат құбылыстарға заң шеңберінде тыйым салдық. Бірақ көшеде, қоғамдық орталарда жалаңаштануға тыйым салу заңға түспей кеткендей. Себебі бұл біздің қоғамда мұндай көріністің болуы мүмкін емес деген түсініктен шықса керек. Соның да кесірінен құқық қорғау органдары мұндай оқиғаларда жалаңаш адамды жазалай алмай әлекке түседі. Ендеше, қоғамдық этиканы бұзатын жалаңаштануды тоқтатып, заң шеңберінде жазалау үшін кешіктірмей тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізген дұрыс.
Демократияның маңызы терең. Оның адамзаттық ортақ құндылықтарды сақтауда, тең құқықты қамтамасыз етуде үлкен мәні бар. Бірақ мұндай «демократияның» азғындық пен арсыздықты өршіткеннен басқа қандай пайдасы бар?.. Иә, еуропалықтарда, басқа да кейбір елдерде натуризм және т.б. ағымдар бар. Тыр жалаңаш жүру, олардың ойынша, табиғатпен үйлесім табудың жолы. Табиғатқа етене жақындап, жан мен тәнді сауықтыра түсетін әдіс.
Бізге мұндай «әдістің» мүлде керегі жоқ. Сондықтан да қоғамдық санаға әбден енбей тұрғанда тоқтатқан дұрыс. Алдағы уақытта мұндай көріністер қайталанбас үшін шаралар қолданылуы тиіс. Бұған «Естімеген елде көп» деп қарап, жайбарақат қалдыра салуға болмайды.

Қуат Ерғалиұлы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы:
«Лұт Пайғамбардың қауымы арсыз еді…»

— Жалпы, шариғат бойынша алсақ, Алла Тағала Құран Кәрімде: “Сендер үшін киімдер жараттық. Тақуалық киімдер киіңдер”, — дейді. Бұл дегеніңіз әуретті жерлері көрінбейтін, өзіне жарасымды киімдер.
Құран кәрімде: “Лұт (а.с.) пайғамбардың қауымы арсыз еді…” — деп аталып өтеді. Өйткені оның тұсында жалаңаш жүру, еркектер мен еркектердің жанасуы кең етек алды. Соңы көктен жаудырылған таспен, отпен азапталумен аяқталды.
Егер біздің қоғамда да белең алатын болса, ондай жағдайдың орын алмасына кім кепіл?! Сондықтан қолмен, тілмен тыйым салуға тырысайық!
Меніңше, алда қайталанбас үшін арнайылап заң шығару керек болар. Мемлекет тарапынан қоғамдық ортадағы киімнің құқық бұзбайтын нормасы бекігені жөн. Сонымен қатар қоғамдық деңгейдегі насихатты көп жүргізу керек қой. Жекелеген азаматтардан бастап, мемлекеттік билікке дейін.

Амангелді Айталы, қоғам қайраткері:
Демократияның ауытқуы

— Шектен шықса, демократия дегеннің өзі қоғам үшін жақсы емес. Себебі ондай жағдайда діни наным-­сенімдерге, адамгершілік қағидаларына, мәдениетке қарсы келеді. Соның бір дәлелі: өзімнің денем өзімдікі, сатамын ба, саудаға саламын ба, біржынысты некемен өмір сүремін бе, басқа ма және т.б. деген түсініктің салтанат құруы. Бұл еркіндік өсе келе көшедегі жалаңаштану құбылыстарына ұласуы мүмкін.
Бұл — демократияның ауытқуы. Жеккөрінішті белгілерінің бірі. Демократияны желеу етіп, одан жирендіруге дейін апаратын құбылыстар. Сондықтан демократияның жақсы да жаман жақтарын айта білуіміз керек. Өкінішке орай, бұқаралық ақпарат құралдарында да, саяси терминологияда да оны тек жағымды бағыт деп жүр. Ағылшынның саяси және қоғам қайраткері У.Черчилльдің: «Демократияның да өзіндік кемшіліктері бар, дегенмен адамзат бұдан артықты ойлап таппады», — деп айтқаны бар ғой. Бұл да сол кемшілігінің бірі деп ойлаймын…

Құрманғали Нұрғалиев

Дереккөзі: http://www.kazakhstanzaman.kz/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322