Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 6182 0 пікір 15 Мамыр, 2015 сағат 10:34

СОФЫ СМАТАЕВ. ЕКІ АМАНАТ

2. Күрсіністер (Жалғасы. Басын мына сілтемеден қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=3532)

2007 жылдың 12-желтоқсаны. Үйімнің екінші қабатындағы кабинетімдегі телефон тарғыл мысықтың тарғыл даусымен бажылдап ала жөнелді. Жатын бөлмеде жатқан орнымнан тұрып барып, трубканы көтердім. Телефон шалған қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов азамат екен. Амандасып, хал-жағдайымды біраз сұрап алып, «Аға, бізге келіп кетіңізші!» дегені ғой. «Әкімдіктің кеңесшісі» дейтін бүтінге жарамастау жартылай «жабуым» бар-тын. Әлдебір тығыз жұмыстары болып қалған шығар деумен көп ұзатпай орынбасардың кабинетінен табыла қойдым.

Серік бауыр қолын да ұсынып, құшағын да ашып, қауқылдап қарсы алып, қарсысына мені отырғыза берді.

–       Сәке, сізге Астанадан арнайы шақырту келіпті. Елбасымыз орденіңізді өз қолымен төсіңізге тақпақ. Соған жолға шығуыңыз керек.

«Орден тақпақ» дегенді естігенде, лепіріп қуанбасам да, ентігіп есінегенімді білемін. Елгезек інінің көңілі үшін бас изеп, ырзалық ниет танытып жатырмын. Бірақ сонау жер түбіндегі Астанаға қыстың көзі қырауда дімкәс кеудені сүйретіп бара қоюдың қияметін ойлап қобалжыңқырап қалғаным да рас. Сонымды орынбасардан жасырғам да жоқ.

–       Рахмет, Серікжан! Елбасының да маған деген таза көңіліне ризалығым мол. Ал сол Астанаңа бара алмаспын. Біріншіден, ақордаңда мені тосып алар да, қас-қабағыма қарар да ешкімім жоқ. Қонақүйлерінің қолын жайып қарсылап, қондыра қоярлық бос орнының бола қоярына да күмәндімін. Екіншіден, асқазаны жоқ бұл ағаңның режимді сақтап, диетамен тамақтанатын тәртібін бұзып алғысы келмейтінін де ескертейін, – деп шатқаяқтататын сапардың сылтауларын шұбырта жөнелдім.

–       Аға, отыра тұрыңызшы! – деп Серік кабинетінен асығыс шығып кетті. Жалғыз отырып қалып осынау наградталудың қитұрқылықпен әрең жеткен хикаясына ойыммен тағы бір сүңгіп кеттім.

1999 жылы Ақпарат министрі ақпейіл Алтынбектің ұсынуымен «Құрмет» орденін алғам. Үкіметтің жыл сайын қосақтап тізімдеп төске тағарларын жаңбырдай жауғызып тастайтынын білудей-ақ білетін зиялы қауымның өкілі болсам да, сегіз жылдың ішінде сол марапаттауларға қол созып, тілек білдіруім онша еместігі өзіме ғана аян. Оның үстіне Жазушылар одағының кейінгі басшысымен азаматтық көзқарасым кереғар келді ме, қаламгерлердің қасиетті қарашаңырағынан шетқақпайланып қалғанымды өкпе сызын көбейтпей-ақ қабылдап алған едім. Сол жағдайымды қайдан сезгендерін білмеймін, қалалық әкімдіктің азамат басшылары мені «Отан» орденіне ұсынған болатын. Міне енді сол ұсыныстың нәтижесі мені мынау кабинетке жетектеп жетіпті...

Есіктен адымдай аттап кірген Серік Тұрарұлы иығыма алақанын төсей қойды.

–       Софы аға, Имекең сіздің денсаулығыңыздың қандай екенін жақсы біледі ғой. Астанаға бара алмайтыныңызды айтып едім... Баруыңыздың қажеттігін жеткіз деді маған. Режиміңізді де, диетаңызды да қадағалайтын, қонақүй, транспортпен де қамтамасыз ететін екі жігітті қасыңызға қосып бермек. Айтпақшы, әлгінде Талғат Бегелдинов ағаға да Астанаға шақырылғанын айтып хабарласқам. Имекең екеуіңізді әкімдіктің ЯК-40 самолетімен апартпақ. Енді де келіспейсіз бе, – деп жымия берген Серікке де, жай-жағдайымды айтқызбай-ақ біліп, ескеріп отырған Имашжан – Иманғалиға да риза болған көңілімді ықылық атқан демімнің дірілді толқынымен білдіріп едім-ау...

Сол күні кешке қарай Имашжанның қосып бермек болған екі жігітінің бірі – Далабаев Мұрат дейтін жүзіктің көзінен өтердей әкімдіктің жауапты қызметкері мені үйімнен жеңіл машинамен аэропортқа алып барып, самолетке қолтықтап мінгізді.

Талғат ағам жеңгей екеуі іште, салонда отыр екен. Құшақтасып табысып, мәз боп жатырмыз. Тәкеңді бұрыннан да жақсы білетінмін. Жаны дарқан, тік, тура мінезді, адалынан айнымайтын, адамгершілігін ардақ тұтатын қазағымның хас батырын ерекше қадірлейтінімді өзі де сезетін. Сезетін де інілік ізетімді ағалық аялауымен асқақтата түсетін.

–       Оу, менің ЦеКам! Софыжан, бір-бірімізді көптен бері көрмеп едік, денсаулығың қалай? Операциядан кейін түзеліп кеттің бе? – деп арқамнан қағып қойды.

Тәкеңнің мені «менің ЦеКам!» деуінің де біраз себебі бар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында мен Орталық Комитетте көркемәдебиет секторын басқарсам, ағамыз Әл-Фараби атындағы Шығармашылық үйінің директоры болатын. Біздің кей жазушылардың кей-кейде шамадан тыс шалқып кетіп, бір-біріне қонақ болып, күн мен түнді ажыратпай мейрамдап, тәртіп бұзып кететіні болатын. Қаламгерлердің шығарма жазуына кедергі келтіретін осындай келеңсіздіктерді жоюға Тәкең мықтап кірісіп кеткен еді. Көгеннен босаған қозыдай ойнақтататын емін-еркіндігіне тұсау салмақ болған «озбырлыққа» көне қойғысы келмейтін кеуделі қалам иелерінің екі-үшеуінен «Бегелдинов жолдасты директорлықтан босату керек!» дейтін Орталық Комитетке арыз да түскен-ді. Мәдениет бөлімінің көркемәдебиет секторы әділетке жүгініп, Талғат ағаның әрекетін түгелдей қолдап шыққан-ды. Содан бері Тәкемнің мені «менің – ЦеКам!» дейтіні разы көңілінің белгісіндей болып естілетін.

–       Ал, Софыжан, жол болсын! Төсіңе не қадамақ боп келесің? – деп бетіме күлімдей қарады.

–       «Отан» ордені ғой. Өзіңіз ше, аға?

–       Әй, менікі аңсау... армандау тәрізді бір тілек, бауырым. Қаным, жаным қазақтық деймін бе, көптен бері орындалуы қиын ниеттің шырмауында жүруші ем... Бірақ ешкімге, ешбір жанға тіс жарып сездірген емеспін онымды. Әйтсе де, осы ниетімнің үстінен түскендей қалалық ардагерлер ұйымы мені «Халық қаһарманына» лайық көріп, награда комиссиясына ұсыныс жасаған екен. Жоғарыдағы президентіміз бастаған азаматтар көңілімді көншітуге тырысса керек. Қуанышты хабарды естіп, төбем көкке тигендей, мәре-сәре күй кешудемін. Ішімнен тәубамды мың қайталап, мына жеңгеңнің жетектеуімен, Иманғали баламның қолтығымнан сүйеп демеуімен ырза боп келе жатырмын.

Күйініші көп тірліктің анда-санда ойламаған жерден сүйінішін тоса қалып, адам-пендеге құдіреттің қанатын қондыра қойғандай күйге түсіретіні болады ғой. Сондай халді тебіреніп кешкен ағалы-інілі екеуіміз қыбырлатқан ғұмырдың сәл елжіреткен сәтіне емірене еніп кетіп едік-ау...

Әлгі жолсерік Мұрат жолдасы екеуі тездетіп көлік дайындап, тездетіп жеткізіп, бізді қонақүйге орналастырған-ды. Сәлден соң менің нөміріме Мұрат бауырым бірінші қабаттағы мейрамхананың даяшысын ертіп келіп, қай тағамға тапсырма беретініме шейін қатты қадағалағанын қалай ұмытармын.

Ертемен ауқаттанып бола бергенімізде жетіп келген жігіттерім аяғымызды қарға тигізбей, машиналарды есік көзіне көлденеңдете тоса қойып мінгізіп алды да, Ақ Үйге тарта жөнелді.

Жеңгені сыртқы қақпаның алдындағы машинада қалдырып, ағам екеуіміз қақпаның іш жағындағы жеңіл автобусқа бірімізді біріміз сүйемелдеп міне сала, Ақ Үйдің кіреберісіне жетіп те келдік.

Неге екенін білмеймін, бізді марапатталушылардың алғашқы легіне қоспай, кең фойеде тоса тұруымызды өтінген күтіп алушы жігіттер шайы мен кофесін де, ағы, қызылы аралас әртүрлі ішімдігін алдымызға тоса қойған еді. Бір-бір шыны шайдан ауыз тиген Тәкең екеуіміз қауқылдасып сөйлеп, қарқылдасып күліп, ащы судан аз-аздап ұрттап жатқан өзгелерге онша жұғыспай отырғанымызда «Жоғарыға көтерілулеріңізді сұраймыз!» деген хабар жетті.

Салтанатты залға кіргенімізде марапаттау рәсімін қадағалайтын әлекедей жаланған қызметшілер «Сол жақ қанатқа бірінші болып, «Халық қаһарманын» алушылар, одан кейін «Отан» орденінің иелері және басқалары қатар түзеп тұрады» деп шұбырта жөнелген-ді. Сол айтылған ретті өзімізше жобалап, Талғат ағаны қолтықтап сүйеп апарып, бірінші қылып тұрғызып, өзім оның оң жағына шыққаным сол еді, әлгі желқайықтай сумаңдаған жігіттердің бірі Тәкеңді тәлтіректете итеріп жіберді. Босаған орнына екінші біреуі отызекінші жылдың аш-арығындай бала жігітті дедектетіп әкеліп, қондыра қойды. Ал анау алғашқысы енді мені жұлқылағандай етіп итеріп апарып, төртінші әлде бесінші кезекке қадай салды. Талғат аға маған жапақтай қарап, мен батырға алақтай қарап, бір-бірімізге түк түсінбегенімізді танытқандай бас шайқаудан басқаға шамамыз келген жоқ.

Сөйткенше әлдебір есіктен екі-үш адам шыға келді де, трибунаға беттеді. Араларынан асыға күткен елбасыны көре алмалдық. Келгендердің дөкейі – сол кездегі мемлекеттік хатшы – Қанат Саудабаев екен. Баршамызды бірер жаттанды сөзбен құттықтап болды да, марапаттарды тапсыруды бастап кетті.

Әлгі балаң жігіт өртеніп жатқан үйден шалды ма, баланы ма, әйтеуір бір адамды өлімнен құтқарып қалған азамат екен. Сол ерлігіне әлде Құдай, әлде билік жарылқап «Халық қаһарманы» атағы бұйырыпты. Медалін төсіне жарқырата тағып, қасымызға жадырап оралған жасты жапырласа құттықтап жатқанымызда, шақыруды естімей қалған Тәкемді жігіттердің бірі жетектеп сүйреп әкетті. Кеңестер Одағының қос дүркін батырын әлдекімдей ғана етіп, алақанындағы қағазына жазылғанды дауыстап оқып беріп, «Отан» орденін төсіне апара берген Қанаттың қолынан орден мен қорапты үнсіз алған батыр ағам кілт бұрылып, орнына асықпай оралды. Құттықтау белгісін танытып, басымды изей беріп, Тәкеңнің күйзелген жан дүниесінің жабырқаған жанарының күлгін шоғымен кеудемді өртеп алғандай алай-түлей күйдің толқынына шомдым да кеттім.

Кезегім жетіп, мемлекеттік хатшының қасына жақындадым. Обалы нешік, «Халіңіз қалай, Софы аға?» деп Қанат қолын ұсынды. Ізінше «Парасат» орденімен наградталғанымды оқып болып, әлгісін төсіме тақпаққа ыңғайланғанын көріп, басымды шайқадым. Орденді қорабына салып, кітапшасын қалтама сүңгітіп, бей-жай қалыппен орныма оралдым. Талғат ағам тағы да басын шайқады. Бұл қимылы енді менің жағдайымды үлкендік пейілмен сезген ағаның мен үшін қиналған әлпеті еді.

Сыртқы киімдерімізді киіп, есік алдына шыға бергенімізде, манадан үнсіз сүйеніп жүрген ағамның қатты күрсінгені естілді. Бетіне қарай бергенім сол еді.

–       Апырай! Президент ең болмаса қарасын көрсетіп, есендесуін де көп көрді-ау. Жер түбінен әрең жетіп тұрғанымда, ағалығымды сыйлай салса қайтер еді, – дегені.

–       Елбасының бір қауырт шаруасы... әлдебір күтпеген кездесуі қабаттасып қалған шығар, Тәке, – деп жуып-шаймақ болып едім, ағам бас шайқауын тағы жалғастырды.

–       Онда анау бірінші топқа бізді неге қоспаған? Соларға орден-медальді өзі тапсырыпты ғой, – деп сәл кідірді, қолы иығыма батыңқырап кетті. – Күпті болар көңілімізді, жабырқайтын түрімізді көргісі келмеген ғой. Көргісі келмесе... онда неге... Жә, жарайды бұнысын да көтеріп алармыз. Не көрмей жүр едік...

Ендігі күрсінісі ішкі өкініш толқынымен үзік-үзік лекілдете төгілді.

Ұлттық сілкініс – ұлылардың бесігінің тербелісінен басталарын сезуші едім. Ұлтының қожырауы ұлыларын күрсіндіретін сұрықсыз әділетсіздіктен туындайтынын сол сәтте пайымдағандай да болып едім-ау...

Қақпа алдындағы машинаның есігін ашып, ағаны мінгізе бергеннен-ақ іштегі жеңгей түр-түсімізден онша желпініп келе жатпағанымызды байқап қалып, Тәкеңді демей отырғызып, шарфын түзеп, пальтосының түймесін салып, үн-түнсіз күлімсірей берген-ді.

Қанаты талмаған халқының қыраны, ұлтының ұранына айналған ұланы осынау қамқор жанның – жұбайының жылы қабағымен тезірек жадыраса екенді іштей қайталап, мен өз машинама бұрылып кеттім.

Шүйілгіш самолетімен 305 рет шабуылға ұшып шығып, 500 сағат бойы өлім мен өмір арпалысын бастан кешкен батырдың бейбіт өмірді өзі орнатқан әлемге, сол әлемнің мынау бүгінгі тыныш ғұмыр сүріп жатқан азаматтары үшін өлшеусіз ерлік пен еңбек сіңірген адамға борышкер күйімді дәл сол сәтте бір кісідей-ақ сезінген едім. Сезінгенім сондай: «Ал біз не бітірдік? Не тындырдық? Не бердік?» деген алқымды тілген қанжар сұрақтар көмейімнен ақтарыла төгіліп те кеткен еді. Апырау деп тындырғаны аз, бергені мүлде жоқ биіктегі, биліктегі кейбіреулерге Адамды табудың, Адамды танудың қажеттігін айтқың бар-ау. Жазықсыз запыланған жанның күрсінісін зар-запыран етіп қотарарсың-ау. Бірақ соныңды зер салып тыңдар құлақ, қабылдар көңіл табармысың?..

Қонақүйдің алдына жеткенде машинасынан түскен Тәкең өзінің жағдайының қашып, ауырлап тұрғанын әрең айтқан-ды. Сондықтан енді анау салтанатты жиынға бара алмайтынын маған да, көмекші жігіттерге де құлаққағыс етіп, қос қолтығынан демеген Мұрат пен жеңгейден бұрын есік тұтқасына өзі қол соза берген-ді. Сол қимылы – «әлі де бармын, әлі де зормын! Тірімін һәм ірімін!» деген тәкаппар қайсарлығынан хабар білдіргені де еді-ау Алаш батырының.

Содан ба, мынау бүгінгі тірлігімізбен салыстырып, сонау Тәуке хан заманындағы тарихи ізімізге көңіл көзімен үңіліп кеткенімді байқамай да қалыппын.

17 – ғасырдың екінші жартысында шашырап кеткен бұрынғы іргелі ел, қабырғалы мемлекет дейтін атышулы атағына Қазақ Ордасы бірден келе қойған жоқ еді. Сол ұлы бірлікке жету үшін Тәуке үлкен тәуекелге баруға бел байлаған болатын.

Дәрменсіз Бахадүрдің хандық құрған кезінде Жәдіктен тараған сұлтандар ата-бабасының алтын тақ, алтын тәжін өз тақымы мен өз бастарында көру үшін құрығын құлаштай сілтеп, өз көршісінің алдындағы қылқұйрықты қуалай үйірген. Қылышын қиялай шауып, қандас қазағының толағай бастарының талайын доптай ұшырған. Өз төңірегіне қол топтап, ұсақ та болса хандық құрып, беделін өсіруге тырысып, талыстай даласын дар-дар айырған. Алыс-берісі азайған ағайын арасын араздық шалған соң сауырын тұяқ тесіп, шұрайлы жайлауын шаң қабатын қайран да берекелі сайын сахара тусырап қала беріп еді. Бірақ тусыраған сол даланы жем іздеп желіккен төрелердің шаң мен лаң ұйытқытқан әбігер тіршілігі ауық-ауық дүрбелеңге толтыра қоятынын қалай ескермеспіз.

Бахадүр хан өздігінен қылжия салды ма, әлде сол көкірегі бітеу, жаны жүдеу хансымақты халық қарғысы атты ма, Салқам Жәңгірдің мирас тағына белбаласы Тәуке отырып еді-ау. Киелі тақтың қасиеті шын иесін тапқанда ғана айқындана, айбарлана қалатын қашаннан әдеті. Тәуке хан бетін оңға беріп, жүзін жұртына бұрып, барды бәсін бере бағалап, жоқты бар етуді азайтып еді. Ақылдысын ақылдас етіп алға шығарып, қарулысын қасына шақырып, қорған мен қалқан ғып ұстаған еді. Көкірек жарыстырып, көбік шашырататын желөкпелерді маңайынан аластап, шашпау көтеріп, сақалымен жер сыпырып, мұртымен етік тазалайтын жағымпаздарды Ақ Сарайдан қуып еді. Төресінен гөрі қарасының көңілін көбірек тауып, қолынан келгенше төбесіне шығаруға тырысқан Әз Тәуке азып-тозған елін бүтіндеуге, шашылып-төгілген хандығын шеңберлеп біріктіруге жанұшыра кірісіп кеткен еді...

Шіркін-ай, дәл сондай жансебіл ерлікті, «Ұлтым, ұланым!» дейтін адал тірлікті құнттауды бүгінгі төрелерім мен шенеуніктерімнен қашан ғана көрер екенбіз дейтін көп күрсіністің бірін... дүрін көмейімнен қалай ықылықтатқанымды тағы да сезбей қалыппын-ау, міне...

Түскі астан кейін нөмірімде дем алып жатқам, жетіп келген Мұрат мені жуындыртып, киіндіртіп «Пирамидада» өтетін салтанатты жиналысқа алып кетті.

Министрлер мен депутаттарды екінші-үшінші қатарға «сырғытып» жіберіп, сәл де болса бір мәрте өзімше, «нығызданып» бірінші қатарға қодилана жайғастым. Елбасымыздың арғы-бергіні түгендей қозғап, тәуелсіздігімізді берік тұғырына қондырғанымыз туралы сабырлы, салмақты баяндамасын баптана тыңдадым. Даламыздың сырқатын дәл басқан емшідей боп емдеуге, мемлекетіміздің сан алуан әрекеті мен шаруасын тыңғылықты жөндеуге жең түре, бел буа кірісіп кетпекші президентімді қасымнан, мақтана тыңдап көңіл демдедім.

Гала-концерттен кейін лепірген, желпінген тойшыл қауым дүркіреп жоғары көтеріле бастадық. Бір қаракөлеңкелеу қабатта фотокорреспонденттер шұғыл да тығыз қарбаласын бастап кеткен екен. Состиыңқырап тұрып қалған едім, әлдекім ту сыртымнан құшақтай алды. Қасымжомарт Тоқаев бауыр екен. Кемел аға екеуіміздің арамыздағы ағалы-інілі сыйластығымызды һәм бір-бірімізге деген қаламгерлік, әріптестік қадір-құрметіміздің шынайылығын жақсы білетін осы азамат, ақпейіл інінің маған үнемі іші бұрып тұратын. Мен де Қасымжомартқа құлшына бас изеп, бауырыма тарттым.

–       Софы аға, суретке түсейікші! – дей берген азаматқа үнсіз шұлғи бергенім сол еді, депуттары, министрлері бар биік биліктегілер екеумізді қоршай алды. Тұс-тұстан кимелеп, «мәңгіліктің өкілі» – жазушымен бірге суретке түсіп, сол қаламгердің арқасында «болашақтан табылуға» ұмтылып қалысқан еді.

Жоғарыдағы қабылдау залына орындығы жоқ столдарды қаптатып қойып француздың «ля фуршет» дәстүрін көлденеңдете тосқаны әлгіндегі лепірген көңілімді басып тастағанын айтқызбасым  айтқызып отырғанын қалай жасырайын. Марапатталушылардан бұрын астананың қаптаған шенеуніктері бір-бір тарелкаларын көтеріп, интернаттың асқа таласа кимелейтін балаларындай төрдегі тағам таратып жатқан аспазшыларға жапатармағай ұмтылғандарын көріп және қоңырайып қалдым. Содан соң столдағы салаттан помидордың бір тілімін тісіме басып, наннан бір үзіп алып ауыз тидім. Сөйткенше бір тұстан дүр ете қалған шулы дүбір естілді. Қасында екі-үш адамы, соңында төрт-бес нөкері бар Нұрекең кіріп келген екен. Әр топқа бір жақындап, емен-жарқын сөйлесіп, көп кідірмей ілгері оза берді. Осы сәтте қалта телефоным шар ете қалып, құлағыма апарғанымда, төменде мені күтіп тұрған Мұратымның: «Аға, самолеттің ұшатын уақыты тақалып қалды» дегені ғой. Есікке қарай беттей берген мені тұсыма жақындап қалған Нұрекеңнің дауыстап шақырмасы бар ма.

–       Ау, Сәке! Қайда асықтыңыз?

Еріксіз жақындадым. Қол ұсына амандастым.

–       Нұреке, менің әзірше қалаған уағымда мініп, түсетін жеке самолетім жоғын білесіз. Ұшағымның ұшатын мезгілі болып қалған екен. Асығуым содан.

–       Орденіңізді тақпапсыз. Сірә, өкпе бар-ау, Сәке.

–       Өкпем жоқ. Өзіңіз айтатындай, «тұлабойым толған бауыр». Өкпе Талғат ағамда... батыр ағамда бар-ау.

Нұрекеңнің түсі құбылып, түзелді.

–       Ә-ә, Талғат ағада деймісіз. Болар, болар... – деп тұрды да, кілт өзгерді.  – Уау, Сәке! Мына адам – Түркияның президенті. Танысып қойыңыз.

Қонақ президент екеуміз үнсіз ғана бас изесіп, қол алыстық.

–       Ал, Сәке, сізді мен енді анау келе жатқан Словенияның жаңа емшісімен де таныстырайын.

–       Рахмет, Нұреке. Самолетімнен қалып қоярмын, – деп елбасына иек қағып қоштасып, жөніме қайқайдым.

Самолетке әрең мінген Талғат аға ісіңкіреп кеткен аяғындағы ботинкаларын шешіп, жан шақырғандай болды. Түсерде сол аяқ киімін қайта кигізбек болып ұзақ әуреге түскенімізге, батыр ағаның қатты қиналғанын тағы бір аяушылық танытқан кеудемнің терең түкпірінен атылған күрсінісім куә.

Дайындатып қойған машинаға Мұраттар үшеумізді отырғызып, өздері қоштасып қалып қойған еді. Бірімізге баладай, бірімізге інідей болып кеткен жаны жайсаң жігіттерге де, соларды қосып берген Иманғалиға да алғыс-ризалықтарымызды үйіп-төгіп, кете бардық.

Үйінің кіреберісіне тоқтаған көліктің жүргізушісіне «сәл кідіре тұрыңызшы!» деп өтінген Тәкең алдыңғы орында отырған менің иығыма қолын салып, өзіне қаратып алды.

–       Софыжан, мен бүгін қатты қиналып келемін. Өткенде аңсау ма... армандау ма, жанымды жайлап алған бір тілегім бар деп ем ғой. Сол тілек – өзімнің қазақ екенімді, қазағымның бір боздағы болғанымды халқымның ыстық ықыласымен  сүйсініп те, түйсініп те бір белгі қалдырып кетсем-ау деу еді. Шабуылға самолетіммен әр ұшқан сайын ең алдымен ата-бабалар аруағына, алашымның кең байтақ даласына, туған топырағыма сыйынатынмын. Қазағымның қаны мен тері сіңген атамекеніме фашист табанын тигізбесем екен деумен өзегімді кекпен өртегенімді өзіңе ғана айтып отырмын. Мынау екі медальді ұлтымның қаһарманы болғанымды айғақтайтын бір белгіге алмастырсам, көңілімді көншітер ме едім дейтін ниетім еді-ау ол. Жете алмадым. Жеткізбеді ғой... – даусы дірілдеп кідіре берді де, қайта ширықты. – Сен, інім, жазушысың ғой. Менің осы бір халқыма деген перзенттік елжіреуімді жүрегімде сақтап келгенімді сол жұртыма жеткізермісің...

Арамыздан оралмасына кеткен ағаның сол бір арманды аманатын кешіктіргеніме кешірім сұрай отырып, халқына, қазағына жеткізгенім – осы ақтарылуым. Тізгін ұстағандардың ел-жұртын тіздеп ұстаудың жөн-жосығы болмайтынын бар болмысымен дәлелдеп кеткен ағаны сағынған көңілімнің баяу лықсыған күрсінісі де осы.

(Соңы)

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377