Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 10225 0 пікір 20 Сәуір, 2015 сағат 09:48

СЕРІК АҚСҰҢҚАРҰЛЫ. ЕРКЕК

Таяуда қырыққа жетер-жетпей, бір келіншек қайтыс болды. Соңында бес-алты баласы қалды. Сүт кенжесі тіпті жас. Алты жасар ұл. Тоқсаныншы жылдары ел ауылдан қалаға шұбырғанда бала-шағасын алып, Майқұдыққа көшіп келген. Жиырма жасар кезі екен. Базарда тұрып бір үйді асыраған. Күйеуі — жұмыссыз.

— Енді қайттім?! Бала-шағамды қалай асыраймын?! - дейді ол.
...Келіншегінің асын берген күні күйеуі кып-қызыл мас болып жүрді. 
Балалары әкесіне қарайды. 
Әкесі қайда қарайтынын білмейді. 
Қабырғамыз қайысты.

Әйелі — еркек, еркегі — әйел болып кеткен заманға кез болдық. 
Ұлдарымыздың үні жіңішкеріп, қыздарымыздың дауысы жуандап барады. 
Арғымақтың баласы
Аз оттар да, көп жусар —
Талаудан тартқан дәні бар;
Азамат ердің баласы 
Аз ұйықтар да, көп жортар —
Дұшпанға кеткен ары мен 
Барымтаға түскен малы бар, - дейтін Махамбеттің қарасы көзден ұшқалы қашан?!

Елінің азаттығы үшін арқа еті — арша, борбай еті — борша болып, жау қолынан өлім құшқанда: «Мен сендерден найза бойы биік тұрмын!» дейтін хан Кене де жоқ. Ерден намыс кеткелі елден береке де кеткен. Еркектер жиылып алып, өсек айтады. Абайша айтқанда, бойы — бұлғаң, сөзі —жылмаң. Елдің сөзін айтатын еркек қалмай барады! Екінің бірі — жағымпаз, егіздің сынары —жалтақ. Ерден абырой кетіп, езге бақ қонды. Есердің екі езуі —екі құлағында...

Көз алдыма ертедегі Спарта әйелдері елестейді. Олар ұлдары жау қолынан қаза тауып, еліне табыт болып оралғанда: «Мен ұл туған екем!» деп масаттанған.

Қазақ әйелі қай ұлын көріп мағымұрланады? Миллиондап ұрлап, байшыкеш, мырза атанған немесе бір қой үптеп, түрмеде отырған баласын көріп, масаттана ма?! Ұлттың киесі — әйел болса, иесі —еркек. Бүгіннен бастап Есенғали Раушановтың «Еркек» атты өлеңін мектеп бағдарламасына кіргізуіміз керек! Ертең кеш болады...

Тасырқағанда тас жауған, 
Тау болды ұйықтар айлағым.
Қасқырдан анау, қас жаудан
Тартып ап апан жайладым.

Жетіп бір құлан қайырып, 
Желкеден алдым жеміт деп.
Тағыдан олжа айырып, 
Тарпаңды міңдім көлік деп.

Батырша күліп, түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жанымды тостым, міне, деп
Жолбарыс тағдыр атылса.

Суықта суыр асым боп.
Сусынын бастым мұзбенен
Жатыры мұның асыл деп.
Жандастым қабылан қызбенен.

Қасқайып өстім шынымда,
Қара да беріш қайың боп.
Ендігі қалған ғұмырда,
Езілетұғын жайым жоқ.

Ақыры барып жатам бір,
Сен айтпа маған тамұқты.
Тапқан екенсің, а, тағдыр, 
Талқыңа көнер ғаріпті!

Кетеді шаһит сорласа, 
Несі бар қорқар заты ұлдың, —
Ып-ыстық жасы болмаса,
Ана бір қабылан қатынның...

(Жазба автордың facebookтегі парақшасынан алынды) 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407