ҚАЗАҚ ПЕН ТҮРІК ЕЛІ ҚАТЫНАСЫ. ХАЛЫҚ НЕ КҮТЕДІ?
Түрік лидері Ердоған Қазақстанға Президент ретінде алғаш рет іссапармен келді. 15 сәуірде басталған үш күндік ресми сапарда Түрік елі басшысы жалғыз келмей, 7 министрін ала келді. Кездесудің негізгі тақырыбы экономикалық ортақ сфера мен селбескен индустриализация.
Режеп Ердоған Қазақстанға келетіні туралы ақпарат екі елдің БАҚ беттерінде жарияланған соң-ақ әлеуметтік үлкен аңыс тудырды. Себебі Түркия Президенті Ердоған мен Назарбаевтың соңғы ресми кездесуі Ердоғанның президенттік ұлықтауы кезінде болған еді. Түркия басшысы Президент ретінде алғаш рет Түрік елдерінен Әзербайжанға былтыр Қыркүйек айында барды. Ердоғанның Қазақстанға және Өзбекстанға іссапармен келетіні туралы ақпарат Түрік БАҚ-ында ақпан айында жарияланды. Әлем ауқымында жаңа алмағайып заманның көрініс беріп, Түрік елдеріне «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуін қажет ететін» сыртқы және ішкі факторлар күн сайын айқындала түскенін жіті қадағалап отырған азаматтар әлеуметтік желіде, жаңалық сайттарында алуан түрлі қолдау пікірлерін жазып жатты.
Мемлекет басшысы Назарбаев Ердоғанды салтанатпен қарсы алды.
Екі жақты кездесу аясында бүгін мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақ-Түрік бизнес форумы өтті. 400 ден астам делегат қатысқан форумда 25 жоба таныстырылып, "Жаңа синергия" экономикалық бағдарламасының жасақталған жобаларын іске асырудың жолдары таныстырылды. Бүгінгі бизнес-форум аясында жалпы соммасы 800 млн. долларға бағаланатын 19 жоба рәсімделді. Бұдан сырт Түркия басшысы Қазақстанға қатысты бірқатар пікірлерін білдірді. Ол Назарбаевты түрік елінің ақсақалы деп бағалап, өзінің инаугурациясына қатысқанына алғыс айтты. Қазақ хандығының 550 – жылдығымен құттықтауды да ұмытпады. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия бизнесмендері екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту үшін бар күшін жұмылдырады деп үміттенетінін де жеткізді. Түрік басшысы Түркияның «Қазақстан-2050» стратегиясында, «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы-2020» сияқты құжаттарда межеленген жаңа стратегиялық міндеттер қойып отырғанын, әрі осылардың аясында ынтымақтастығымызды жалғастыра береміз деді. Р.Ердоғанның атап өтуінше, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3,2 млрд. долларды құраған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 млрд. долларға жеткізу көзделіп отыр. Аталмыш шара аясында Ресми Анкара Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болу өтінішін қолдайтыны да белгілі болды.
Ердоғанның жұбайы Әмина Ердоған да бүгін Астананың бірқатар нысандарын аралады. Атап айтқанда «АЛЖИР» мемориялды музейін, Республикасының Ұлттық Академиялық кітапхананы тамашалады. Былтырғы сайлауларда Түркияның АҚ партиясы музыкасын қолданған «Домбыра» әнін де авторының орындауында тыңдады.
Ертең екі ел президенті бірлікте Түркістанға бармақ. Қасиетті жерде олар Қожа Ахмет Яссауи кесенесі орын алған алаңның қасында қазақ-түрік бауырластығының ортақ әшекей салтымен безендірілген, Орталық Азия мен Селчүк сәулетінің іздерін тасыған жаңа мешіттің ашылу салтанатына қатысады және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік Университеті қалашығында жаңа мешіттің іргетасын бірге қалайды.
Бұл сапарында Ердоғанның Астана төрінде айтқан ең биік сөзі мынау болды: «Қазақстанда біз өзімізді қонақтан гөрі өзінің бабаларының отанына оралған адамдай сезінеміз. Бұл біздің елдеріміздің халықтарының байланыстарына ерекше мән береді. Біз бауырлас халықпыз. Сондықтан да кез келген саладағы ынтымақтастық біздер үшін зор қуаныш». Алайда, Астана төрінде дүрілдеп бизнес-форум өткенімен, көптің елеңдеген «Түркияның ЕАЭО-ға кіруі туралы» мәселе талқыланбады. Жыл басында Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев Түркияның аталған одаққа кіруін қолдайтынын мәлімдеп, Қазақстанның бұл мәселедегі Түркия туралы ашық ниетін жеткізген еді. Бір тарапынан Түркия да осыған ыңғай танытатындай көрінетін. Себебі Ердоғанның ЕО-мен саясаты әзірге табысты болмай тұр.
Қазақ пен түбір бір Түрік елінің басшысы не дегенмен де әлі көптің көкейіндегі сөзді айта қоймаған сияқты. Мүмкін ертең киелі жерде дуалы сөздер айтылып қалар.
Нұрғали НҰРТАЙ
Abai.kz