Сенбі, 23 Қараша 2024
Міне, әңгіме! 6561 0 пікір 14 Сәуір, 2015 сағат 11:39

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ДАМУЫНА ӘРКІМ ҮЛЕС ҚОСУЫ КЕРЕК!

2015 жылдың сәуір айының 11-інде Астана қаласындағы «Ақ жол» партиясының бас ғимаратында Қазақстан Президенті сайлауына байланысты «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Оған Парламент депутаттары,  зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты деп хабарлайды «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі.

Дөңгелек үстелді «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев  кіріспе сөзбен ашты:

«Міне, бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет» деген сөздері күн тәртібінде өте өзекті болып тұр. Сондықтан «Ақ жол» партиясы мүшелерінің басым көпшілігі қазақ тілін пайдалану көлемін бұрын болмаған жоғары деңгейде көтеру қажет деп есептейді. Мемлекеттік тіл мәдениет мәселесі аясынан да асып кеткенін назарға алу керек, бүгінде ол—ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің қатарында екені белгілі. Мемлекеттік тілдің қоғамдағы барлық салада үстем және биік болуы, оның тағдыры мен болашағы, кеудесіндегі жүрегі қазақ деп соққан әрбір азаматты алаңдатары айдан анық» деді.

«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» атты жиынның баяндамасын «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса жасады:

«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп мәлімдеген Елбасымыз, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді Атазаңымызға сай өз төріне биіктету үшін үнемі қайрат көрсетіп келеді. Қазақстан халқына Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар — ана тіліміз мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек, өзіміз соған атсалысуымыз керек» деп қадап айтты.

Ал енді үкіметіміз осы үдеден шығу үшін түбегейлі бетбұрыс жасап, мемлекеттік тіл мемлекеттік  деңгейде барлық жерде қолданылуы тиіс. Еліміздегі ең жоғары лауазым – Президенттен мемлекеттік тіл үшін сынақ алғандай, барлық мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілден емтихан тапсыратын кез жетті. Сонда ғана Елбасы Жолдауынада айтылғандай, 2025 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтар 95 пайызға жетіп, қазақ тілі ­ұлтты біріктіруші басты фактор бола береді.

Қорыта айтқанда, Мемлекеттік тіл мемлекеттік деңгейде барлық жерде қолданылуы тиіс!  Сондықтан да, 26 сәуірде Қазақстан Президенті сайлауында ақжолдықтар руханиятқа қамқор рухы биік тұлға, әлемдік деңгейдегі саңлақ саясаткер Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа үлкен үміт артып отыр» деп мәлімдеді.

Жарыссөзде «Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы «Мемлекет қазақ тілін дамыту жөнінде белгілі бір деңгейде күш-жігер жұмсап келеді, соның нәтижесінде ана тіліміз бірте-бірте мемлекеттің басты ұйыстырушы негізіне айнала бастағанын жоққа шығаруға болмайды. Тәуелсіздігімізді алғанымызға ширек ғасырға жуықтаған кезде қоғам мемлекеттік тілдің шынайы, нақты мәртебесін одан әрі көтеру жөнінде жаңа міндеттер қоюға толық құқылы. Біз ата-бабаларымыз аңсаған кемел жарқын болашаққа, алтын ғасырға аяқ басқан ұлтымыздың игілігі жолындағы іргелі істерге Елбасымен бірге барамыз» деді.

Академик, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім «Ақ жол» партиясы Алашордалықтардың ізбасары ретінде, үнемі ұлттың игі істеріне үлесін қосып жүретіндігін сөзге тиек етті. Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге «Бір ел, бір мүдде, бір мектеп» бағдарламасын ұйымдастырған жөн. Өйткені, өсіп келе жатқан бала ана тілінде сусындап өспесе, ертең ол ұлтқа жаны ашымайды. Сондықтан «Ақ жол» партиясы бастама көтеруі тиіс деді.

Астана қаласы әкімдігі Тіл басқармасы басшысы Ербол Тілешов мектептердің жайын сөз етті. Парламент депутаты, ақжолдық  Алмас Тұртаев мемлекеттік тілдің маңыздылығын көтерді. Запастағы полковник Сланқожа Қарақыстық: «Мемлекеттік тілді балабақшадан бастап, барлық балабақшалар мемлекеттік тілде болуы керек», - деді. Ақын Серік Тұрғынбекұлы мемлекеттік тілдің мемлекеттік мекемелердегі жағдайын жеріне жеткізіп тұрып айтты. Ол «Ақ жол» партиясының Алаш ісін жақсы қолға алып келе жатқанын баяндады. «Ақ жол» партиясы рухани байлардың да партиясы болу жолында еңбек ете беруі тиіс. Ал «Қазақ үні» газетін «Қазақ мұңы» деп атасақ тура болады. Өйткені, ел ықыласына бөленген бұл газетті оқыған сайын қазақтың мұңын тыңдап, рухани серпін аласың», - деді.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Омар Жәлел қазақ тілінің  тағдырын Абай Құнанбайұлының сөздерімен ұштастырып отырып ойын жеткізді. «Төртінші билік» газетінің бас редакторы Төлемырза Темірбекұлы да тіл туралы, қазақ басылымдарының Астанада сатылуы туралы жанайқайын ортаға салды. «Еуразия» телеарнасының «Ашығын айтқанда» бағдарламасының продюсері, белгілі мәдениеттанушы Серік Ерғали «Ақ жол» партиясы басшы болып әртүрлі бағытта ағартушылық жиындар ұйымдастыруды, әртүрлі жобаларды талқылау, мемлекеттік тіл орталықтарының ісіне мониторинг жүргізу, үйірмелер ұйымдастыру керектігін сөз етті. Журналист Жұмамұрат Шәмші мемлекеттік тілді үйрену мен үйретуді әркім өзінен бастап үлесін қосу керектігін нақты мысалмен келтірді.

Парламент депутаты, тіл жанашыры Оразгүл Асанғазы тығырықтан қалай шығу керек екенін, мемлекеттік тіл мәселесін көтеруден жалықпай, қайта-қайта айта беруімізге үгіттеді. Ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов ЖОО-лардағы оқулықтың жетіспеуі мен Астанада педагогикалық институттың жоқтығын көтерді. Журналист Сұлтанхан Аққұлы мемлекеттік тілде сөйлеуді алдымен мемлекеттік мекемелерден бастау керек екенін жеткізді. Жазушы Өтен Ахмет біртекті ұлт ұйыстыру мәселесін, кәсіпкер Сансызбай Өнерхан тіл мен мәдениетті біртұтас қарап, Наурыз мерекесінің беделін көтеруді, ақжолдық ардагер Тұрсынбай Ахметов мемлекеттік тілді насихаттау мәселесін, Сенбек Сансызбай мемлекеттік тіл мерейін асыруда, ұлттық мүдделерді қорғаудағы ақжолдықтардың еңбегін, Ақтілек Байназаров жастар мен жарнама жайын сөз етті.

Сонымен, «Ақ жол» партиясы ұйымдастырған, нағыз қайнаған пікірталас қазанына айналған, барлығы өз ойын ашық айтқан алқалы жиын қорытындысында 26 сәуірдегі Қазақстан Президенті сайлауында бірауыздан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдау туралы ұйғарым жасалды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5443