ТҮР МЕН ТҮСТІҢ БОЯУЫ
Осы аптада көршілеріміз - қырғыздар Сәуір революциясының 5-жылдығын атап өтті. Осы дата посткеңестік кеңістіктегі кешегі коммунистік режимдердің орнына келген биліктердің революциялық жолмен ауысуының аз-кем тәжірибесі туралы әңгіме қозғауға себеп боп отыр. Осы жылдар ішінде бұл тақырып біраз талқыланып, тіпті жауыр боп кеткен сияқты. Сондықтан да мен бұрын айтылған ойларды қайталай бермей, өмір туындатып отырған сол төңкерістердің тағлымдарын тарқатайын.
Бірінші тағлым мынада.
Осынау өзгерістерден кейін терең ойға қалған посткеңестік елдердегі билік «түрлі-түсті төңкерістер» деген тұрақты тіркес ретіндегі жаңа саяси термин енгізіп, ресми идеологияның арқасында оны негізінен негативді, жағымсыз сыңайда суреттей бастады.
Бірақ бұл мәселенің екі жағы бар. Дәлірек айтсақ, қоғам оны екі түрлі қабылдады.
Биліктің сөзі мен ресми ақпаратқа имандай сенетін, «қарнымыз аш болса да, соғыс жоқ, сол үшін өкіметке рахмет!» деушілер биліктің ауысуын сөзсіз теріс құбылыс деп санайды. О жағын мойындауымыз керек. Оларға өзгеріссіз кедейшілік өзгеріс арқылы келетін дәулетті өмірден мың есе артық!
«Жоқ, билік міндетті түрде ауысып тұруы қажет, сол кезде ол жұртымен санасуға мәжбүр болады» деушілер бұл саяси жаңалықты жақтайды. Олар теледидардан билік басындағылар ауысқанымен, АҚШ та, Ұлыбритания да дағдарып қалмай, өз тіршілігін жасап жатқанын көріп, біліп отыр. Сондықтан да оларда пәлендей абыржушылық жоқ.
Басқасын білмеймін, кезінде Совет Одағын талай жыл басқарған Компартия бас хатшысы Леонид Брежнев өлгенде 18 жастағы студент мен үлкендердің «Енді Совет Одағының тағдыры не болмақ? Басқа адам осындай елді басқара ала ма?» деп шын ниетімен қайғырғанын өз көзіммен көрдім.
Сондықтан да бір емес, бірнеше елде орын алған бұл революциялар қазақтың да санасын оятты. Бейбіт түрде биліктің ауысуы – ұлттық трагедия емес, тарихи дамуда тұйыққа тірелу де емес, ол қоғам дамуының заңды кезеңі екенін ел түсіне бастаған секілді.
Әрине, кейбір елдерде сұмдық қақтығыстар болды, оқ атылды, қан төгілді, бас жарылды. Ондай қанды жолды, әрине, мен құптай алмаймын.
Бірақ кез келген билік ұғып алар бір ақиқат бар: эволюциялық даму жолына өзің түспесең, халықтың өзі революция арқылы орныңнан алып тастайды!
Сондықтан төгілген қанға, қиылған өмірлерге тек қана революционерлерді айыптай беруге болмайды, жауапкершіліктің негізгі салмағы – жағдайды ушықтырып, сондай дәрежеге жеткізген билік басындағы басшыларда!
Екінші тағлым мынада. Кейбір елдерде елді алаңға шығарып, билік басына келген демократтар уақты өте өздері берген уәделерін орындамай, халықтың наразылығын туғызып жатты. Мәселен, Ющенко сайланар алдынды «бас билікті президенттен парламентке береміз» деп айды аспанға бір шығарып, ант-су ішкен еді. Сол үшін Украина оны қолдады, президент қып сайлады. Бірақ, Ющенко әртүрлі сылтау тауып, сол уәдесін орындамай-ақ қойды. Нәтижесінде ел сенімінен айрылып қалды.
Үшінші тағлым да осыған сабақтас. Жасыратыны жоқ, кейбір елдерде осы жаңалықтардан кейін оң өзгерістермен қатар, кемшіліктер де орын алды. Мәселен, биліктің ауыс-түйісін екі мәрте бастан өткерген Қырғыз елінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы әлі де мәз емес. Әрине, ол Қазақстан секілді мұнай мен газы, алюминийі мен хромы бар бай мемлекет емес, сондықтан қаржы жағынан қысылып жататыны рас. Ол жағы түсінікті. Десек те, «құрғақ қасық қана емес, құрғақ уәде де ауыз жыртатынын» естен шығармау керек.
«Түрлі-түсті төңкерістен» кейін ісі оңға басқан елдер де бар. Мәселен, Шеварднадзеден кейін Грузияны басқарған Саакашвили елде жемқорлыққа қарсы ашықтан-ашық күрес бастады. Ол дертті түп-тамырымен жойды десе де болады. Оған қоғам көмектесті. Сондықтан ол күрес соншалықты нәтижелі болды. Оның үстіне қоғам парламент, еркін БАҚ, оппозициялық партиялар арқылы сол Саакашвилидің апшысын қуырып отырып, қызметіне мықты бақылау орнатты.
Төртінші тағлым бүгінгі күнде емес, таяу болашақта жатыр. Менің осы жылдар бойына биліктің бейбіт түрде ауысуын жақтап келе жатқанымды оқырман біледі. Бірақ «жаман айтпай, жақсы жоқ» дейді атам қазақ. Сөз жоқ, екі қарсыласын сайлау науқанында Назарбаевтың жеңіп шығатынын халық бек түсініп отыр. Бірақ одан кейін не болмақ? Ертеңгі күні елбасы елге ұсынар мұрагер қоғамның барлық топтарының көңілінен шыға ма? Әлде, бір-біріне онсыз да қырғиқабақ боп келе жатқан кландар жасанды төңкерістер ұйымдастыра ма? Қуырдақтың көкесін сонда көреміз бе? Бас биліктен дәмелілерді түлен түртпесін, түлен түртсе, одан кейін болуы ықтимал «түрлі-түстінің» бояуын қалай айырамыз?
Келе-келе араб көктеміне ұласқан Грузия, Украина, Қырғызстандағы «түрлі-түсті» төңкерістер тәжірибесіне қарап, мен сол туралы ойланып отырмын...
Әміржан ҚОСАНОВ.
Түпнұсқадағы тақырып: Эволюцияны қаламаған революцияға тап болады!
Немесе «түрлі-түсті» төңкерістердің төрт тағлымы
«Ашық алаң» («Қалам мезгіл»), 9 сәуір 2015 жыл