ҚАЙТСЕК «ҚАЗАҚ ЕЛІ» БОЛАМЫЗ?
«Қазақ Елі – Мәңгілік Ел» мәселесі өткен жылы идеология туралы ойларға серпін бергендей болды. Алайда осы идеялар көпшілік жағдайда сыртқы бейнесі бойынша қабылдау мен түсінуде сол деңгейде болған сияқты. Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу барынсында мемлекеттілік мәселесі талқыға түсіп жатыр. Бұл да идеология мәселесін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік.
Алдымен «Қазақ Елі» сөзінің этимологиялық тұрғысынан тоқталсақ. «Қазақ Елі» деген ұсынысты бұрнағы жылдары Елбасы Атырауға барған ресми сапарында айтқан болатын. Зиялы қауым, басқа да қоғам белсенділерінің көпшілігінің қолдауын тапты. Қоғам болғандықтан пікір алуандығы болатыны рас. Әр түрлі ұсыныстарда пайда бола бастады. Бұл пікірлердің ішінде мәселен «Қазақия», «Алашия», «Қазақ Республикасы» деген ұсыныс пікірлер бой көтеріліп қалды. Алайда биылғы жылғы ұсыныстармен ол ойлар су сепкендей басылды. Соған қарамастан, Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы «Ел бүгіншіл, менікі, ертеңгі үшін» дегенді қағида етіп қарастырып, сөз қозғап және ұсыныс айтсақ.
Бірінші, «Қазақстан» атауына тоқталатын болсақ. Біздің қолданысымызда бар. Қазіргі мемлекетіміздің ресми атауы болып саналады. Алайда, біз көбіне көп түсіне бермейтін «стан» жалғауы парсының «мекен», «ел» деген сөзіне саяды. «Стан» жалғауы тек парсының ғана сөзі емес, ол түркінің де сөзі деген пікірлер кездеседі. «Қазақ Елі» деу арқылы еліміздің атауын парсы сөзінен қазақша нақышына келтірейін деп жатырмыз.
Екінші, «Қазақия» деген ұсыныстың айтылып жүргеніне де біраз уақыт болды. Осы жерде бізге «ия» жалғауы сұрақ туғызатыны анық. «Ия» жалғауына әртүрлі тұжырымдамалар бар. Бірқатар түркітанушы ғалымдардың «ұя» деген сөзден шығатындығын алға тартады. Әлемдік қауымдастықта бұл сөз араб пен латынның сөзі ретінде мойындалған. «Ия» жалғауы этимологиясы «иесі», «қожайыны», «ел» деген мағына береді. Латын мен араптың сөзін аламыз ба немесе өзіміздің болмысымыздағы сөзді алғанымыз дұрыс па?!
Үшінші, «Қазақ Республикасы» деушілер бар. Әрине, дұрыс ой. Бұл пікірді білдірушілер өзіндік толғаныстарын білдіріп жатыр. Себебі, «Қазақ Елі» деу арқылы монархиялық билік пайда болып кете ме деген алаңдаушылықтары да бар. «Қазақ Елі» деп ауыстырғанда қазіргідей республикалық формадағы басқару жүйесі болуға тиісті. Алдағы уақытта биыл болмаса да болашақта ел атын ауыстыруға қатысты референдум болып жатса міндетті түрде анық айқын республикалық формадағы басқару жүйесі екендігі көрсетілуі тиіс. Мемлекетіміздің ресми атауы «Қазақ Елі Республикасы» деп аталатын болу қажет.
Осы жерде «ел» сөзіне Қазақстанның ықшамдалған энциклопедиялық сөздігінде анықтама келтірсек. Ел – көне түркі тілінде «халық» сөзінің синонимі ретінде қолданылған атау. Дәстүрлі қоғамдағы көшпелі шаруашылық қарым-қатынастардың дамыған кезеңдерінде «Ел» атауы қауымдық-туыстық құрлымның (патриархалды отбасы, ру, тайпа, мемлекет, бірлестік) жоғары деңгейін білдіретін мағынаға ие болды.
Қазіргі саясаттану ілімінде «Ел» атауы «мемлекет» сөзінің баламасы ретінде алынған. Анықтамалық мағынасы осылай келтірілген. Отандық философтар және сарапшылар Сұлтанбаева Г.С., Құлсариева А.Т., Жұмашова Ж.А «Интеллектуалды әлеуеттен – интеллектуалды ұлтқа» атты ұжымдық монографиясында осы мәселеге тоқталған болатын. «Ел» ұғымы философиялық, саяси, әлеуметтік, діни, тарихи, мәдени теориялардың кешенді құрамында зерттелінуі қажет. Публицистикалық ой-пікірлерде ел болу ұғымы саяси жүйенің негізі институты, құрлымы мағынасында жиі қолданыста, әдетте, мемлекеттің қоғамда атқаратын қызметі түрлерінің көрінісі деген түсінікпен теңестіріп айтылып жүр. Ал түптің түбінде қашанда халықтың қаймағы алынбаған өз түсінігінде ел болу дегеніміз бейбіт қатар тіршілік ету, бірлесе өмір сүру, ортақ құндылықтар мен ортақ мүдделерді иелену болып табылады. Ел болу ұғымының негізгі түйіні болып табылатын кешенді мағына – қоғамның саяси ұйымдасуы ретінде мемлекет және мемлекеттің қоғамдық болмыстың түрлі салаларымен қарым-қатынасы.
Ғалым, философ Ғарифолла Есімнің көптеген еңбектері осы «ел», «ел болу», «елдік сана» мәселесіне қатысты. «Бесінші жол» деген мақаласында , қоғам қайраткері: «Қай халықтың болмасын рухы оның елдік санасында айқындалады. Елдік санаға көтерілгенше халықтық рухы туралы айту қиын, ол көмескі болмақ. Ел деген ұғым Мемлекет пен Қоғамның синтезі», - деп біледі.
Елдікке қатысты мәселелерді зерттеулер тарихының бүгінге дейінгі тарихында болғандығы және қазір де жалғасып келе жатқандығы белгілі. Ел құру үрдісінің түрлі аспектілі: ұлттық, саяси, әлеуметтік, тарихи, мәдени, өркениеттік кешенді құбылыс екендігі де мәлім. Ендеше, «ел болу», «елдік сана» тәжірбиелік және теориялық білімдердің кешенін түгелдей қамтитын кең мағыналы ұғым ретінде саяси-әлеуметтік шындықты ғана емес, оған қоса философиялық дәстүрдегі дүниеге деген көзқарасты, қоғамдық идеология формасын айқындап бере алатын феномен болып табылады.
Ал енді бір қатар сарапшылар « «Ел» сөзін өзіміз және түркі тілдес туыстас ұлттар жақсы түсінер, әлемдік қауымдастыққа түсініксіз болып қалады» деген сияқты өз ойларын білдіріп жатыр. Ең бастысы өзіміз дұрыс түсінетін сөз болса болды. Туыстас түркі жұртына да түсінікті болады. Шамамен 200 млн жуық халық дұрыс түсінеді. Мәселен, өзіндік мемлекет атауында ерекшеленетін елдерді кезіктіреміз. Мысалы, «england», «finland», «tailand» сияқты елдерді «land» деген жалғау еріксіз кезіктіреміз. «Land» сөзі жері, елі, мемлекеті деген мағынаны береді екен. Демек «Ел» сөзінде тұрған ешбір әбестік жоқ деген ойдамын. Сонымен қатар көршіліс Қытай елін біз «Қытай» дейміз, ағылшындар «Сhina» десе, ал өздері «Чжунго» деп атайды. Мағынасы «Орталық Мемлекет» деп аударылады. Әр елдің өзінің болмысына сай мемлекет атауы болатындығын байқаймыз. Қалғандары екінші деңгейлі мәселелер.
Руслан Ахмағанбетов,
Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультеті,саясаттану кафедрасының 2 курс магистранты.
Abai.kz