Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 56460 0 пікір 18 Наурыз, 2015 сағат 15:04

«ҚАРАШ-ҚАРАШ ОҚИҒАСЫ» ЖӘНЕ ҚОҒАМ

Жақында «Abai.kz» сайтында жарияланған, түпнұсқасы «Айқап» журналының 1915 жылғы 2-нөмірінде жарық көрген «Қазаққа алалық қайдан келді?» дейтін дерек-мақалада Ресей патшасы Екінші Екатеринаның құпия жарлығы жайында айтылып, ел ішіне іріткі салудың амалдары әдейі ойлап табылғаны баяндалады. Зиянды, өкінішті салдары әлі де жойылмай келе жатқан бұл күрделі жайт қазіргі уақытта тарихи, ғылыми тұрғыда көптен айтылып, дәлелденіп жүргені мәлім.  Ұлттың тұтастығы мен азаттығы үшін күресті өмірлерінің мағынасы етіп алған Алаш қайраткерлері ел бірлігіне орасан нұқсанын тигізіп отырған бұл індеттің түп тамырын ашып көрсету, олардан арылу жолдарын өздерінің күнделікті қызметінде, еңбектері мен мақалаларында көрсетіп, әлбетте көркем шығармалары арқылы қалың жұртшылыққа жеткізгені кәміл. Кеңестік дәуірде көркем шығарма шеңберінде ғана қарастырылып келген осынау терең де ұлағатты еңбектерге бүгінгі заман талабынан тың көзқараспен, өзгеше ұстаныммен қарайтын мезгіл жетті деп білеміз.

Бұл тұрғыда Мұхтар Әуезовтың ұлы туындыларының бірі - «Қараш-Қараш оқиғасын» айрықша атауымыз лазым. Шығарманың басты кейіпкері Бақтығұл қазақ даласында патшалық Ресей билігінің орнығып, екі-үш ғасыр бойында қалыптасу кезеңдерінен өтіп, ендігі барлық отар елдердің басына орнайтын кепті киген тәуелді қоғамның терең де күрделі дағдарысқа ұшырағандығын қапысыз танытқан қуатты герой, жаңа дәуірдің алғашқы хабаршысы, бастаушысы, анығында рәмізі деуіміз орынды.

Оқырманның есінде: он алты жасар Бақтығұл он жастағы жалғыз інісі Тектіғұл екеуі жастайларынан жетім қалып, нағашы жұрттарын іздеп келіп, Қозыбақ аулының Сәлмен дейтін сотқар байының бірі жылқысын, екіншісі қойын баққан малайы болады. Күн-түн демей, тыным көрмейтін еңбекқор екі жігіттің арқасында Сәлмен байдың байлығының үстей өсуі де молаяды. Қанша еңбектенсе де, ақ-адал қызметтерінің жемісін көрмей, керісінше, кесір байдың аярлығынан кедейліктен арылмай, ол аздай жосықсыз қиянаттың салдарынан қаза болған інісінен айырылған Бақтығұл жалғыздық, панасыздықтан көрері итшілік күн боларына көзі жетіп, біреудің қолтығына кірмеске лаж жоқтығын бағамдайды.

Арпалыс үстінде Сәлменге жасаған ісі үшін абақтының үрейлі елесімен ілесіп қамалап келген қорқынышты көп ойдан түйін жасаған Бақтығұл, енді Қозыбақ аулымен бәсекелестігі, өштігі бар Жарасбай болысқа келіп, панасына алуға сұранады. Күш-қайраты толысқан, мықты ер-азаматтың өзі қоластына келіп тұрғанын сезінген, түпкі есебі әріде жатқан Жарасбай аулы Бақтығұлды қамқорлығына алған болады. Қат-қабат күрделі оқиғаларға толы повестің сюжеті бойынша, ақырында Жарасбай да өзіне сеніп келген Бақтығұлдың адал еңбегі мен маңдай терін әбден пайдаланып, оның үстіне ұдайы барымтаға жұмсап келіп, соңында арамзалықпен арандатып итжеккенге айдатпақ болады. Шығарманың ширыққан шырқау кезеңі, қалың қатпарлы мағынасы мен ұлы шешімі осы сәттен бастау алады.

Өзі үшін емес, өзге үшін, соның жұмсауымен жасаған әрекеті болғандықтан, неден болса да ақпын, менде айып жоқ деген таза көңіліне бекіген Бақтығұл өзінің жеке кінәсінің жоқтығын айтып ақталып, жасалған істің бәрі «партия үшін», демек, Жарасбай болыстың жұмсауымен болғанын білдіре отырып айтқан уәжіне арсыз билер құлақ аспайды. Қарапайым шаруа адамы, сеніп келген, қорғаның, қамқоршың болам деген уәдесін алған мырзасына адалдықпен қызмет етуді ғана ойлаған, болыс-билердің, оның ар жағында тұрған патшалық ұлықтардың қитұрқы, арамза істерінен өзінің әлеуметтік орнына сәйкес мүлде алыс тұрған Бақтығұл басына төнген қатердің бәрі де тап сол Жарасбайдың жоспарымен жасалып, онымен ауыз жаласқан арамза билердің арам қолымен іске асырылып жатқанын аңдай алмайды.

Ал, осындай қоластындағы өз адамдарын өзі аяқ-қолдарын байлатып ұстатып, жер аудартуға басыбайлы мәжбүр болып отырған сол болыс Жарасбайдың өзі патшалық ұлықтардың қолбаласы, айтқанын істеп, айдағанына көнуге тиіс тәуелді, қақысыз, уәкілеттіксіз, қорғансыз қуыршақ. Бұларды «дағдылы әдетпен қоқан-лоққы жасап қорқытып, жалындырып, арада параға қалтаны толтыра жүретін» үстерінен қарайтын отарлық билік өкілдері тұр.

Қазіргі қоғамның өзінде жағымсыз сипаттағы елеулі әлеуметтік проблемаға айналып отырған «пара» ұғымына арнайы тоқталатын болсақ, осы жұқпалы індеттің тамыры патшалық отарлық билік жүйесінен таралғандығына М.Әуезовтың шығармаларынан тағы бір көз жеткіземіз.

Бақтығұл билердің кесігі айтылатын ең соңғы сәтте ғана Жарасбайдың бұған жуан мойнын бұрмастан, көрмегенсіп теріс қарап өтіп бара жатқанын көргенде «Қап» деп өкініп қалады.

Көрнеу тұрған қиянатты, әдейі арсыздыққа жеңгізіп, арамды ақтың үстіне не айламен болса да шығарамыз деп, жұмыла қарайып алған билер мың батпан жауыздықты ұятсыз, арсыз қалың кеудемен өрге сүйреп, жазықсыз Бақтығұлға Жарасбайдың өз құлқынына кеткен ұрланған мал басын толық өтеумен бірге үш жыл абақты кеседі. 

Билердің кесімі сол күні орындалатын болып, қол-аяғына кісен салынбақ болатын кезде, Бақтығұл қашып шығады. Бұдан кейін оның өмірі елден, жұрттан безінген, тау ішінің жабайы тағысының күйіне түседі.

Қашып шыққан күннен бастап Бақтығұлдың ойынан абақты шықпайды. Сол қорқынышты ажал: абақтының шойын есігі, қараңғы тас қабырғасы. «Тіршілікті темір тұзақтың ішіне салып, тірі шығармын деп ойлаған жанның көрген күні бар болсын. Одан өлім артық, бәрібір бұл да өлім. Ләнет, ләнет болсын бұл күйге, бұл күнге!..»

Бақтығұлдың ендігі жағдайы Алаштың ардақты перзенті, әйгілі ақын Мағжан Жұмабаевтың «сұм өмір – абақты ғой саналыға» дейтін философиялық ащы тұжырымымен толық үндеседі. «Қараш-Қараш оқиғасының» авторы Бақтығұлдың басындағы күй арқылы уақыт өткен сайын отарлық құрсауы қатайып, жан-жақтан қаусыра қамалап келе жатқан бүкіл қазақ даласының ендігі қазақтың өзіне пана болудан қалып, тұтас, аспан астындағы абақтыға айналып бара жатқанын меңзеп отырғаны анық. Сондықтан кейіпкерінің ойы арқылы мұндай өмірге лағынет айтқызады. Абақтының суық елесімен қатар, соған әкеліп отырған, қазірде күні-түні, тыным тапқызбай мұның артына түскен, анық қас дұшпанына айналған Жарасбайдың жауыз, жуан жотасы көрінеді. 

Не қылса да ұстатпаймын, қолыңа тірі түспеймін... Егер тіпті болмай бара жатсаң, Жарасбай, көрермін!... – деген байлауға келеді.

Тағы екеш тағыға да, жабайы аң-құсқа мекен болған тау-тастың өзі Бақтығұлға пана болмауға айналған. Жау көп, жаттың жан-жақтан қамап, бұқтырып, ықтырып отырған тегеурінді ықпалына амалсыз көнген жақынның өзі, ағайын-туыс, қысқасы, барша қазақ атаулының өзі жалғыз Бақтығұлға жау болып шыққан. Дәл мұндай кепті басынан өткерген атақты әнші-сазгер Мәдидің «сайыңнан сайғақ құрлы пана таппай» дейтіні де осы кезең. Бақтығұлды абақтыға жапқызғанша, асын дұрыстап іше алмай отырған Жарасбай болса, оның бұл әрекеті, анығында, Бақтығұлдың көзін құртуға бекіген ата жаулық, жеке өшпенділіктен емес, қаладағы ұлықтардың отарлық билік өкілдерінің алдымен мұның өз басын айыптап, қорқытып, үркітіп отырғандығынан шыққаны мәлім. Осылайша, «болыс» («волостной») тәрізді қолдан жасалған мардымсыз билік институты арқылы, оған қолында малы бар бай адамдар қатарына жататын, бірақ негізінен, тіпті хат та танымайтын надан әлдекімдерді тағайындатып, патшалық билік қазақ халқын қырық бөлікке бөлумен қатар, араларына от тастап, бір-біріне айдап салу, абақты, түрмемен үрейін алып ойыншыққа айналдыруға жеткен.

Мұндай «үлкен ойын», яғни империялық саясат үшін жекелеген адам тұрмақ, бүтін бір халықтардың тағдыры түкке тұрмайтыны, есепке алынбайтыны тарихтан мәлім. Өз жерінде, ата-баба мекенінде, ағайын-жұрағаттан, бала-шағасынан тірідей айырылып қашқын болып кеткен Бақтығұл ғана емес, бір қарағанда есебі түгел, қарны тоқ, уайымы жоқтай көрінетін Жарасбай, Сәт, Сәлмендердің өзі – қақысыз, дәрменсіз топ. Айырмасы бұлар - лақтырған сүйекке таласқан ауыл иттеріндей болмашы билікке, баянсыз байлыққа таласып, сол жолда талай арамдық, зорлыққа батып, әлдері келетін кедей-кепшіктерді құрбандыққа шалып, өздері жақсатты кісі атанбақ. Олардың бұл ісінен Бақтығұл сияқты талай жалғыз-жарым азаматтар, анығында, жинақтап келгенде, барша қара халық қиспасыз қорлық, арылмас азап көріп, зардап шегуде.

Бақтығұл жауларына қарсы қаншалықты кектеніп, зығыры қайнап, қаны тасып келсе де, шамасы жетпейтінін біліп, қашудан басқа айла таба алмай діңкесі құриды. Дүние асты-үстіне келіп, аударылып түспесе, ақырзаман болмаса, бүгінгі мұның қарсысында тұрған мықтыға мұның қарғысы жетпейтін сияқтанатын.

Өзі аз ауыл, кірме атанған шағын елден шыққан болғандықтан бай, жуан ауылдардан, ар жағы қаланың ұлығынан есе дәме қылу, теңдік сұрау қашқын атанған өзіне санасыздық сияқты.

Тірі жанға қастық қылуды былай қойып, енді адам баласы атаулыға келін болып, таудың аңы сияқты жалғыз жатып жүрген күнін де көп көретін болды. «Өлтірмей, жерге тықпай, тынбаймын» деген ниет көрінді.

Артынан қалмаған қуғын Бақтығұл Талғардай жайынға әкеліп те қамайды. Өлім құшағына түсіп, ағын судан өзі әупірімдеп аман қалып, ендігі жалғыз сенері, жалғыз серігі мен соңғы тірегі - астындағы атынан да айрылды. «Өліп-тірілген кісідей болып, «мына сияқты итшілеп жүрген тіршіліктен біздей кісіге өлсек те түк етпейді екен» деген байламға келді.  Сонда өлімге бекінген жанның артында қалып бара жатқан суық, жау дүниеге, мейірімсіз тіршілікке барынша суынып, наразы болған кегі қайнады. Бар дүниеден қуылып шыққан, құлазыған жалғыздық жүрегімен барлық басы аман, малы түгел, жаны рақаттағы болыс сияқтыларға мың рет лағнат оқып, қарғыс айтты. Соны айтумен бірге, осы бүгінгі ниетке бекінді.

Бұл істемек ниеті Бақтығұлдың бұрыннан ойланған нәрсесі емес-ті. Жуандардың істеген арамдығы, қорлық-зорлығы шектен асты. Ауыр тиді. Пәлеге, жаманшылыққа өздері сүңгітіп жіберіп, аяғында сол жолда мұны құрбан қылып, өздері жақсатты кісі болып қалды. Ол бола берсін. Талай Бақтығұл сияқты жалғыз-жарым кедей-кепшіктің көріп жүрген қорлығы. 

…Өзінің ойлаған ниетіне  Бақтығұл орта Қарашты сайлаған соң, соның иір-иір тұмсықтарын, қиын қаптал жолдарын, ат жасыратын ұры қойын, жалтарыс шаттарын, тоғайларын кезіп аралап байқаған. Бақтығұлдың өзінің иен тау ішінде қашқын болып жүргенінде өзі бұрында араласқан бірер таныс адамдарының үйіне келіп қонып кетіп, олардан ел жақтан хабар алғызып, сонда Жарасбайдың жақын күндері жас тоқалын алып қайтатынын білген. Қазіргі күндері Қараш асуы арқылы жүретін соның жолын тосуда.

  ...мұз тау мұның ішіне мұздай қайрат кіргізді. Асыққан қол, дайындап ұстап отырған қаруды сығымдап қысып қойды. Күздің салқын күнінде тоңазып көк темір суық күйге тіл қосқандай болды.

...тастай түйілген қабақты бір жазбастан, қалың қара мұртты, шоқша сақалды иегін берденкенің құндағына әкеліп жатқызды. Көк жөтелдей тиетін сенімді бердеңке бұл уақытта құлағы қайрылып, нысанаға құрылып қалған. .. бәйгі шабдардың үстінде Қалыштай жас тоқалын ұзатып алып келе жатқан белгілі зор, жуан денелі болыстың қызыл-күрең жүзінде бақытының шегіне жеткен ырзалық жұбаныш сәулесі бар сияқты... шабдар қатарға келіп, енді ырғалып қиыс өте берді.

Сол уақытта асығып тұрған саусақ жіңішке суық темірді нығыздап қысып қалғанда, қарғыс оғы күрс етті... үлкен денелі болыс шіреніп барып шалқасынан құлап түсті».

Автордың осынау «қарғыс оғы» деген бірауыз сөзінде, жалғыз түйінінде бүтіндей шығарманың тұжырымы жатыр. Бұл қарғыс оғы барша зұлымдық атаулыға, әділетсіздік пен арамдыққа, қатыгездік, жауыздықпен қатар жүретін қылмыс атаулыға қарсы атылған кек оғы.

Сәт, Сәлмен, Жарасбайлар сияқты арамза жуандар тобы Бақтығұл және ол сияқты мыңдаған, миллиондаған еңбек адамдарының азаматтық намысына, адамдық болмысына бір емес, екі емес, дүркін-дүркін тиіп, үзбей қорлай бергендіктен, ыза-кегін оятып, алдымен Сәлменнің жылқысын алған әлеуметтік қимылға, ақырында Жарасбайды атып өлтірген саяси қарсылыққа ұласты.

«Қараш-Қараш оқиғасын» талдау тақырыбына алған бұрынғы кеңестік дәуір кезіндегі зерттеушілер Бақтығұлдың әрекетін жалғыз адамның ісі,  таптық күрес, көтеріліс деңгейіне жете алмады деген мағынадағы біржақты пікірде болғандығы мәлім. Әрине, бүкіл елді қамтып, мемлекеттік ауқымда жүзеге асырылатын таптық күрес, халықтық көтерілістің жүзеге асуының әбден пісіп жетілген экономикалық, әлеуметтік, саяси себептері, тарихи, кезеңдік алғышарттары болуы тиіс. Сондықтан «Қараш-Қараш оқиғасы» халықты көтеріліске шақыратын үндеу немесе құзырхат  емес, әдеби көркем шығарма болғандықтан, ондағы ең маңыздысы – белгілі бір оқиға желісі арқылы идея ұсыну, тұжырым жасау және олардың оқырманға жеткізілу тәсілі, тіл шеберлігі, көркемдік қуаты, еңбектің концепциялық мақсаты болып табылмақ. Шығарма – барша адамзат қоғамының даму жолына тән оның күнгейі мен көлеңкелі тұстарын, қайшылықтар мен қақтығыстардың тамырын тануға жол ашып, әсіресе оған ең алдымен себеп болатын қорлық пен қиянат, зұлымдық пен қылмыс, сатқындық пен аярлық категорияларының сипатын аршып көрсеткен.

Бақтығұл өзіне, отбасына қарсы жасалып отырған жауыздықтармен бірнеше мәрте бетпе-бет келсе де, мұның барлығына адал еңбегімен ел қатарлы күн көріп, қарапайым өмір сүруді мақсат тұтқан ер-азамат, жар, әке, қайратты, қуатты тұлға ретінде барынша төзімділік танытты. Ол тумысынан күрескер, төңкерісшіл, ақыр соңында қылмыскер болып дүниеге келмеген. Өзінің ар-ұяты, адамдық болмысы таза болғандықтан, өзгелерден де соны күтіп, сеніп отырған, уәде, кепілдік берген мырзасының жұмсауымен жасаған іс-қимылдары үшін ешбір қауіп-қатер ойлаған жоқ. Осындай адал азаматты бүкіл әулетімен қоса құрбан етіп, Жарасбайларды ойыншық қылып отырған зұлымдық ұясы тым алыста, сонау империя ордасынан тарайтын алапат, жаһандық ауқымдағы талас-тартыс, бақталастық пен ашкөздіктен туындап жатқанын Бақтығұл, әрине, білген жоқ. Бірақ ол өз жауларын анық танып,  басына түскен қиянат атаулының барлығына қарсы оқ атқан саяси биікке көтерілді. Бақтығұлдың жеке адам ретінде ой-санасында, ішкі әлемінде төңкеріс жасалды. Ол ең ақырғы, ең қауіпті әрекетке барды. Оның артынан өзін бер жағы абақты, ал ар жағында өлім жазасы күтіп тұрғанын, шаңырағының ортасына түсіп, жары, бала-шағасы қайыршының күнін кешіп қаңғып кететіндігін де біледі. Бірақ, бұдан басқа барар жер, басар тау қалмаған. Тарих барысы күрес пен төңкеріс, ақырында соғысқа апарып соғатыны қоғамдағы қайшылықтардың ең соңғы сатысы ретінде тығырыққа тірелгендіктен, шарасыздықтан келіп туындайтындығын көрсетеді. Шын мәнісінде ол, қай жағынан алып қарағанда да, ақтап болмайтын ауыр қылмыстармен қатар жүреді, әлбетте адамзат үшін зор апат, орасан трагедия. Шегіне жете ширыққан қарсы тұрушылықтың қай түрінде болмасын екі жақ бір-бірін аяушылықсыз жойып құртуға тырысса, оның айналасында өзге де әлеуметтік, қоғамдық  топтардың барлығы да сөзсіз зардап шекпек.

Бақтығұл - өз ортасындағы, ағайын-туыс арасындағы ахуалға, отбасы-шаңырақ күйі мен жеке басының жағдайын барлап-байыптайтын, мұның барлығына салмақты оймен, сын көзбен қарауға қабілетті жан. Басына түскен әділетсіздіктің қайдан, кімнен болып жатқанын түйсінеді. Ол - намысы сөнбеген, жігері жасымаған, құлдық мінезден ада, орайы келсе ел ісіне араласып, малшы-жалшылықтан жоғары тұрған қиын шаруаларды да шыр айналдырып әкетуге дайын; сауаты болмаса да әлеуметтік істерді атқару деңгейіне көтерілген көкірегі ояу азамат. Тағдырдың маңдайына жазған кедей әулеттен шыққан, сауат ашып оқуға мүмкіндігі тумаған, ағайын-жұрағатының бәрі де малшы құл есепті болғандықтан, бір де бірі ұлтарақтай болса да жерге ие еместігін біледі. Ол «солардың көнген сорына мен көнбесем деп, өмірде талай талпынып көріп еді. Бұл өзге ағайындарынан жігерлі, ер екпінді, естірек болды. Заманы тура болса, тәуір адамның бірі боларлық ақыл-сезімі, тіл орамы да бар. Бұл көрген әлем - көшпелі ауыл тірлігінде зорлықшы көп сотқарға есең кетпес үшін етек алған қалың іргең болу керек.  Әйтпесе, сен – көзге түрткі; сен – ел ішіндегі саяқ-сандыра, кірме...»

Бақтығұлды тәуекелге бел байлатып, қолына қару алғызып, жалғыз болса да жанкештілікпен жасап отырған ісіне жеткізген жайттар, дәл осылайынша бүкіл жер бетіндегі мыңдаған, миллиондаған адамдардың күреске шығуына себеп боларлығы кәміл. «Қараш-Қараштағы» адамдық болмысты қорлап отырған алапат әділетсіздікке ендігі төзудің, ары қарай көнудің мүмкін еместігі, шыңырауға құлатар шекке алып келген ширыққан шындық Бақтығұлдың шаңырағының басында ғана емес, кез-келген уақытта дүниенің қай түкпірінде болмасын адам баласының басына түсуі хақ.

Біздің ойымызша, М.Әуезов шығармасының ұлылығы да осында.

Қазіргі уақытта әлем өз дамуының өркениетті кезеңіне көшті деген заманның өзінде әлеуметтік қайшылық пен қарсылық, қоғамдардың дағдарысы тереңдей келіп, ірі саяси текетірестерге әкеп соғуы бұған нақты дәлел бола алады.

Жарасбай өлген соң қаланың ұлығы да, Жаныстың жуаны да жабыла соңына түскен Бақтығұл ақыры абақтыға қамалады. Азаматы қол-аяғы кісенделіп қамауға алынып, азын-аулақ бар малы талан-таражға түскен соң, артында қалған шиеттей бала-шағасы торғайдай шырылдап, шаңырағы қайыршының күйіне түсіп, қорғансыздық күйде қаңғып қалады. Қатыш кіші балаларын алып, қаладағы бір байдың үйіне жалшылыққа кетеді. Бақтығұл үлкен ұлы Сейітті қасына алады. Ендігі әкесімен бірге абақтыға бойы үйрене бастаған Сейітті  Афанасий деген бір жастау орыс жігіті жазуға үйрете бастайды. Кішкентайынан ойлы, зерек өскен Сейіт сезгені мен білгенін ішіне ғана іркіп жыя бергендей, кейде үндемей отырып-отырып себепсіз жылайды... қағаз, кітапқа көп қарайды... тығылып өсіп келе жатқан қара бала өз басына ерте бастан күн туғанын сезеді. Баланың көз алдынан әкесін жабыла сабаған, долданып құтырған күшті үлкендер кетпейді. Бетінен қан сорғалап, сұп-сұр болып дірілдеп тұрған әкесін көреді. Сол сурет денесін мұздатып қалтыратқандай болады. Алғашқы күндері ылғи түсінен шошып оянып жүрді. Бақтығұлдың ендігі бар айтатыны: оқу оқы, сені бірдеңеге жеткізсе – сол жеткізеді деп, ендігі өзінің көзі жеткен түйінін өсиет етеді.

Өзін оқытып жүрген Апанастың – Сейітжан, қалай, сен ауылды сағынады ма? Деген сұрағына, «Жоқ, ауылдан абақты жақсы» деп берген жауабы сол абақтыда отырған кәрі-жас,  орыс-қазақтың барлығын таңғалдырып, шошытып, терең күрсінтеді.

Бақтығұлдың тағдыры шетсіз-шексіз кең даласы, «сайынан сайғақ құрлы пана таппай», жел қуған қаңбақтың күйіне көшіп, ол аздай жазықсыз азаматынан тірідей айырылып отырған шаңырағының ортасына түсуі Жарасбай тәрізді болыстың арам ойында шешіліп, оның айтағындағы бейшара билердің қолымен іске асырылып жатса, мұның бәрінің ар жағында бүкіл болыс-билерді бір-ақ күнде үркітіп, қойдай иіріп, айтқанына көндіріп отырған империялық билік мекемелерінің жымысқы әрекеті жатыр. Отарлық билікті орнату үстінде патшалық шенеуніктер өз жеке бастарының құлқындарын да бір сәтке ұмытпай, қазақ байларынан пара алу, халықтан жасырын және оның мүддесіне мүлде қайшы әрекеттер жасау, өтірік айту, алдап-арбау, іріткі салу, қанау сияқты қоғамның дәстүрлі қалыпты дамуын бүлдіретін зарарлы жүйесін енгізгенін біз Мұхтар Әуезов шығармаларынан, әсіресе «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» повестерінен және басқа да ұлы еңбектерінен тағы бір көз жеткіземіз. Рас, елдің жалпы тарихында, қоғам өмірінде, әсіресе билік өкілдері, ауқатты адамдар арасында бір-біріне қымбат, құнды заттар беру, әртүрлі, соның ішінде саяси, әлеуметтік, тұрмыстық, туысқандық  мақсаттарда сый-сияпат жасасу салты ежелден қалыптасқандығы жоққа шығарылмайды. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі уақытқа дейін қалмай жалғасып, бүгінгі қоғамның да жағымсыз сипатының біріне айналған қылмыстық мәндегі пара ұғымы патшалық билік шенеуніктерінің енгізуімен түпкілікті қалыптасқандығын аңғарамыз. Классикалық тұрғыда мемлекеттік басқару жүйесі заң шығарушылық, атқару, және  сот билігінен тұратындығын ескерсек, жоғарыда айтылғандай, қазақтың өз арасында атқару билігі болыстық деңгейге дейін төмендеп, сот билігі сол болыстықтың шеңберінде ғана іске асырылатын, болыстың жеке өзіне бағынышты болып қалған дәрменсіз билерге жүктелді, ал заң шығару саласы толық империяның құзыретінде болатын.

Болыстардың сайлануы, орнында қалу үшін қайта сайлануы, қолындағы билігін атқаруы оязға басыбайлы бағынышты болғандықтан, содан келіп шығатын дәрменсіздік, өздеріне деген сенімсіздік ахуал қалыптасып, уақыт өткен сайын беки түсті. Бақтығұлдың ақтығын көріп-біле отырып шімірікпестен абақтыға кескен Жарасбайдың жағымпаз билері қазақтың байырғы «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейтін, қара қылды қақ жарған биік тұлғалы билер институтының түпкілікті жойылып, оның орнына қарақан бастарының қамын ойлаудан аса алмайтындай төмен деңгейге құлдыраған опасыз бисымақтардың пайда болғандығын білдіреді. Бұлардың да құлқыны параға, арам асқа үйреніп барады. Осы індеттің қоғамда батпандап кіргендігінің өкінішті белгілері қазіргі уақытқа дейін көрініс беретіндігін жоққа шығара алмаймыз.

Мұндай жағдайды қолдан жасап, болыстардың тәуелділігін барынша пайдалануға тырысқан патшалық шенеуніктер жасқанту, қорқыту жолдарымен оларды үнемі үрейде ұстауды әдетке айналдырды. Расында, сол бір сұр замандарда билік бұтағында отырған адамдарды ғұмыр бойы қорқыныш сезімі билегені, тіпті ақ патшаның өзінен бастап, сатылай келгендегі ең төменгі буында тұрғандарға дейін жететіндігі Ресейдегі саяси ойдың, сондай-ақ орыс әдебиетіндегі ең бір өзекті тақырып екендігі белгілі.

«Ресей 1839 жылы» деп аталатын кітабында маркиз де Кюстин Николай I туралы «оның бет-әлпетіндегі мазасыз қаталдық»  маңайындағы адамдарды үрейлендіру үшін қажет, сонымен бірге бұл қаталдығының әлсіздігі өзінің жігерін сындырып, болмысын жұмсартып тастауға қабілетті болғаны үшін патшаның өзін де қорқытады» дейді. Осындай бойын үрей билеген патшалық шенеуніктердің бірі Николай Гогольдің «Шинель» деген әңгімесінің кейіпкері - бір «маңызды адамның» іс-әрекетін талдаған зерттеуші И.Золотусский былай деп жазады: «Оның Акаки Акакиевичке айғайы императордың үрейіне өте ұқсайды, бұл үрей - өзінен төмен тұрған адамдарға еркіндік беруден, «табиғаттың тәуелсіздігіне» ерік беруден қорқу. «Сіздің қалайша дәтіңіз барады? Кіммен сөйлесіп тұрғаныңызды білесіз бе? Алдыңызда кім тұрғанын түсінесіз бе?», - деген сөздерді айтып тұрған, сондағы қоластында бар-жоғы он-ақ адам жұмыс істейтін генерал үшін бұл тым артық».

Кек оғын атқан Бақтығұл өз уақыты үшін өте жоғары сатыға көтерілді, әлеуметтік қарсылыққа жетті оның ар жағында саяси қарсылық пен күрестің негізі көрінеді. Герой бір емес, бірнеше мәрте қарсылық көрсетті. Алдымен Сәттің жылқысын айдап әкетті, кейін билердің алдында істеген әрекеттерін жасырмай, ой-пікірін ашық білдірді, ең соңында қолына қару алып, яғни қарулы қарсылық деңгейіне көтерілді.

Анығын айтар болсақ, Мұхтар Әуезовтың кең ауқымды, қуатты да парасатты кейіпкері Бақтығұл бейнесінен қилы-қилы замандарда басына түскен ауыртпалықтан еш мойымаған, керісінше, өр кеудесі қасқайып тұрып күресіп өткен, азат, мәңгілік ел болу мұратынан айнымаған қазақ халқының өзін көреміз.  

 

Мұхтар Кәрібай.

 

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5306