Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 8567 0 пікір 10 Наурыз, 2015 сағат 16:28

ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ – ЖАҺАНДЫҚ ДАМУҒА БІЗДІҢ ҮЛЕСІМІЗ

Жаһандық дағдарыс алғаш басталған тұста осындай кері құбылыстың әсерімен күресетін тиімді тетік ретінде Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған болатын. Елбасының бастамасымен жүзеге асқан бағдарламаның алғашқы бесжылдық белесі артта қалды. Әлбетте, бұл бағыттағы кешенді шаралардың нәтиже беруі әлі алда деседі мамандар. Алайда қазірдің өзіндегі көрсеткіштер осы бағыттағы жұмыстың жемістілігін айғақтайды.

Бағдарлама қолға алынған алғашқы жылдары Елбасы: «Индустрияландыру – бүкіл қазақстандықтардың ісі. Өйткені, бұл күрделі жағдайды бастан кешіріп отырған жаһандық даму үдерісіндегі біздің мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігін, даму мүмкіндігін айқындайтын маңызды шара», – деген болатын. Шындығында, бес жылдық белес ішінде біраз нәтиже айқындала бастады.

Мәліметтерге сүйенсек, бес жыл ішінде Қазақстанда бұрын өндірілмеген тауарлар шығарыла бастады, бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген, мүлдем жаңа 400 өнім түрі игерілді. Тау-кен өндіру саласының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайызға азайды. Қазақстан Тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта экономикаға салынған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызына жуығын өңдеуші сектор осы индустрияландырудың бірінші бесжылдығында иеленді. Бұдан бөлек, индустрияландырудың нәтижесінде 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылып, мүлдем жаңа деңгейдегі 75 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың жалпы саны 1 миллионнан асады.

Сонымен қатар, Елбасының индустрияландыру саясаты арқасында өңдеуші өнер­кәсіптегі еңбек өнімділігі 60 пайызға артты, әрбір жұмысшы жыл сайын орташа алғанда бағасы 20 мың доллардан артық өнім шығара бастады. Бұрынғы Кеңестер одағынан қалған зауыттар қирандыға айналып, қаңырап бос қалған жоқ, керісінше заман ағымына сай жаңғырып, жаңа өнімдер шығара бастады. Әлемнің ірі индустриялық алпауыттары Қазақстанға қадам басты. Нарыққа «Airbus», «General Electric», «Alstom», «Eurocopter», «Toyota», «Ssang Yong», «LG» секілді әлемге танымал компаниялар енді. Олар бірлескен қазақстандық өнімнің нарыққа жол ашуына өз септіктерін тигізіп те келеді.

Үнемдеу мәселесі де жолға қойыла бастады. Мәселен, экономиканың энергия қамтымдылығы осы жылдар ішінде 19 пайызға жуық төмендеген. Бұл ғана емес, индустрияландыру аясында инфрақұрылым базасы кеңейіп, 4 мың шақырымнан астам автожолдар, 1700 шақырым теміржолдар салынды.

Индустрияландырудың алғашқы кезеңінде отандық құрылыс материалдары 2 есеге арттып, қазіргі таңда құрылыс материалдарының 80 пайызы елімізде шыға бастады.

Ауыл шаруашылығы саласы да жоспарлы түрде дамып келеді. Мәселен, агроқұрылымда 2010 жылмен салыстырғанда ірі қара мал басының саны 50 пайызға артқан. Ал өнеркәсіп жылыжайларының алаңы осы жылдар ішінде 3 есеге өскен.

Тұтастай алғанда осындай басты көрсеткіштер индустрияландырудың бірінші бесжылдығында орын алды. Енді осы бағыттағы шаралар одан әрі орнықты бол түссе, онда қандай болса да дағдарысты лайықты еңсеруге Қазақстанның күш-жігері толық жететін болады.

Айта кетерлігі, индустрияландыру ісін Корея, Малайзия, Қытай секілді елдер 30-40 жыл ішінде жүзеге асырған. Ал олармен салыстырғанда Қазақстан мұндай нәтижелерге өте жоғары қарқынмен қол жеткізіп отыр. Алдағы күрделі кезеңдерде де осы бағыттың маңызы арта түспек. Өйткені, Елбасы айтпақшы: «Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына – бұл индустрия мен инновация».

Қанат МӘМЕТҚАЗЫҰЛЫ.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394