Депутат: 38 миллионнан астам шот бұғатталып тұр
Бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасының «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы туралы бірінші оқылым өтті.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасы мен шоты бұғатталған азаматтарға арналған тәсілдер туралы депутаттық сауал жолдады.
– Соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде шамамен 38 миллионнан астам шот бұғатталып тұр.
Мен азаматтардың ең төменгі табысын қорғау және өндіріп алушылар мен борышкерлер құқықтарының теңгерімді сақталуын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасына қорғалған әлеуметтік шот немесе арнайы банктік шот ашу туралы ұсыныс бердім.
Мұндай шотқа айына 300 мың теңгеге дейінгі сомадағы түсімдерге өндіріп алу шаралары қолданылмайды.
Сіз азаматтарға айына 300 мың теңгеге дейінгі сомада өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасына қалай қарайсыз және шоты бұғатталған азаматтар үшін сіздің агенттік қандай тәсілдер қарастыруда?, - дейді депутат Қырықбаев.
Өз жауабында Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің төрайымы өткен жылы осы заң қабылданған кезде табысы төмен азаматтарды қорғауға бағытталған нормалар кеңейтілгенін айтты. Атап айтқанда, қаржы ұйымдарына бірқатар әлеуметтік төлемдерді өндіріп алуға тыйым салынған.
«Блокталған шоттар бойынша сіз келтірген деректерге қатысты біз мүмкін болатын шараларды қарастыруға дайынбыз. Әлеуметтік осал азаматтармен жұмыс істеу кезінде банктер әрбір шот бойынша жеке тәсіл қолданады. Біздің негізгі мақсатымыз — оларға жан-жақты көмек көрсету. Сондай-ақ қабылдауға болатын қосымша шараларды да қарастыруға дайынбыз», — деді агенттік төрайымы.
Сонымен қатар қаржы реттеушісінің басшысы бұл мәселені заң жобасын әрі қарай пысықтау барысында қарастыруға уәде берді.
Abai.kz