ҮКТЕШБАЕВ ҮДЕДЕН ШЫҚПАДЫ, СЕРҒАЗИН СҮРІНДІ...
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Есенбек Жапарұлы Үктешбаевтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды. Лингвистикалық комиссияның шешімімен Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Есенбек Жапарұлы Үктешбаев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп танылды.
«Таңдаған тақырыпты ашу талап етілетін жазбаша тапсырмада кандидат өз ойын қисынына келтіріп жеткізе алмады, сөз тіркестерінің әдеби нормаларын бұза отырып, сөйлемдерді стилистикалық жағынан дұрыс құрған жоқ. Жазбаша тапсырманың көлемі талап етілетін екі парақтан кем болды», - деді ол туарлы лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.
Сондай-ақ, ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия алдында сынақ тапсырған өзін-өзі ұсынушы Ержан Серғазин де сыннан өтпей қалды.
Ол тапсырмадағы бірінші жазба жұмысын «Конституция - тұрақты даму кепілі» деген тақырыпта орындаған. Мазмұндық жағынан комиссия көңілінен шықпаған жазба жұмысында 24 қате кетіпті. Ал, Абайдың поэзиясы мен қара сөздерінен алынған 3 беттік мәтінді ежіктеп әрең оқыған. Сондай-ақ, үшінші кезеңде «Қазақ өнерінің бел-белестері» деген тақырыпта 15 минут сөйлеген Е.Серғазин өз ойын анық жеткілзе алмапты...
Айтпақшы, ҚР Президенттігіне тағы үміткер Қайрат Маишев кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыру үшін келмей қалды. Ол бүгін күндізігі сағат 15.00-де мемлекеттік тілден сынақ тапсыруы тиіс болатын.
Абай-ақпарат.