ДОЛЛАРМЕН КҮРЕСУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
«Бір қуантарлық жағдай, Ұлттық банк төрағасы долларсыздану мәселесімен айналыса бастады. Өте құптарлық қадам. Коммерциялық банктердің сыртқы активтерін шектеуге күш салды. Теңгемен сақтайтын депозиттердің үстеп коректендіру мөлшерлемесін 10 пайызға көтерді. Ал доллармен сақталатынды 4 пайызға түсірді. Енді, міне, 3 пайызға төмендемек. Мұның өзі теңге рөлінің күшеюіне жол ашу еді. Сондай-ақ доллармен депозит сақтауға да шектеу қойылды. Бір банкке 500 мың доллардан артық депозит сала алмайсың. Бұл да теңгені қолдау болып табылады. Доллардан құтылатын болсақ, экономика тұрақты болады. Қаржы саласы тұрақтанады. Сондай-ақ әлемдік қаржы жүйесінде туындаған валюталық спекуляциядан құтыламыз. Отандық өндіріс доллардан ада болған кезде дамуы да артпақ. Ешқандай әлемдік қаржылық дағдарыста елімізге әсері болмайды. Қысқасы, долларды ығыстыру арқылы біз көп мүмкіндікке ие боламыз. Тағы бір мәселе, қолма-қол ақшасыз төлемдер аясын кеңейту. Бұл да дұрыс шешім. Ал бағаны шетел валютасында көрсетуге тыйым салу баяғыда қажет еді. Бұл нағыз қылмыс болатын. Неге екен, кешеге дейін біз бәріне көз жұмып келдік. Құқық қорғау орындары қайда қарап келді? Түсініксіз. Тәуелсіз елдің ішкі сауда-саттығы тек ұлттық валютамен ғана жүруі керек еді. Кеш те болса, қолға алып жатырмыз. Бұл – доллармен күресудің алғашқы қадамдары. Әлі де көп жұмыс атқарылу қажет...»
(Қаржыгер-сарапшы Iлияс ИСАЕВТЫҢ «Айқын» газетіне берген сұхбатынан)