Өзі жүретін вагондар ғылыми байқауда үздік деп танылды
Кеншілер қаласының ғалымдары өздерінің ізденгіштіктерін тағы бір мәрте мойындатып отыр. Өнертапқыштарымыздың кезекті өндірістік-технологиялық жаңалығы ел көлемінде өткізілген дәстүрлі ғылыми-зерттеулер байқауында үздік деп танылды.
Кеншілер қаласының ғалымдары өздерінің ізденгіштіктерін тағы бір мәрте мойындатып отыр. Өнертапқыштарымыздың кезекті өндірістік-технологиялық жаңалығы ел көлемінде өткізілген дәстүрлі ғылыми-зерттеулер байқауында үздік деп танылды.
Қарағанды Мемлекеттік техникалық университетінің авторлар ұжымы ұсынған «Өздігінен жүретін кен машиналарын есептеу әдістері мен конструкцияларын жетілдіру» атты ғылыми жұмыс циклы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде өткен Қ.Сәтбаев атындағы ғылыми зерттеулерге арналған республикалық конкурста бірінші сыйлыққа лайықты деп танылды. Осы байқауға ұсынған жұмыс циклын ҚарМТУ-дың ғалымдарының арасында бұрынғы Қарағанды политехникалық институтының өнеркәсіп транспорты кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған, техника ғылымдарының докторы, профессор Асылхан Данияров, техника ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Малыбаев, техника ғылымдарының кандидаты Серікқазы Әдекенов, «Гипроуглегормаш» ғылыми-зерттеу институтының бас конструкторы Мереке Шәкенов, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлан Данияровтар бар. Есімдері аталған ғалымдардың ішінде профессор Асылхан Данияров пен ғалым Серікқазы Әдекенов қазір бұ дүниелік емес екендігін ескерсек, бұл жұмыстың ғұмырлық маңызы қаншалықты екенін де саралауға болатын сыңайлы. Ал ғылыми тұрғыдан қараған байқау сарашылары конкурсқа ұсынылған 17 жұмыстың ішінен қарағандылықтар еңбегін ерекше елегені тегін емес екен. Өйткені, бұл жұмыс циклы кен өндіретін кәсіпорындардың жұмыс процесін едәуір жеделдететін, шахта ішінде өздігінен жүретін вагондардың жаңа конструкцияларын жасау бағдарында толық зерттеліп, аяқталған ғылыми еңбек деп танылып отыр. Бұл еңбекті «аяқталған» деп санауға да негіз бар. Себебі, қарағандылық ғалымдар жасаған шахта ішінде өздігінен жүретін вагондар қазір Қазақстанның (Қарағанды шахталары), Ресейдің (Кузбасс, Солиманск, Березняки шахталары) және Беларусь республикасының (Солигорск) тау-кен кәсіпорындарында кеңінен қолданыста.
Бірнеше жылға созылған зерттеулер аясында ұзын-ырғасы 90 ғылыми еңбек, оның ішінде 3 монография, 17 оқу құралы, 50 оқу-әдістемелік нұсқаулықтары және 7 өнертабыс патенті қорғалған екен.
Өнертапқыш ғалымдардың өндіріске маңызы ерек, адам еңбегін оңтайландыруда орыны орасан ізденісі ел өнеркәсібінде кең өріс тапса, жөн болар-ақ еді...
Серік САҒЫНТАЙ.
«Орталық Қазақстан» газеті, Қарағанды облысы.