Бақытгүл БАБАШ. КЕШІРІМШІЛ ЖҮРЕГІМДІ ЖЕК КӨРІП...
Жетім қозы
Кезім еді жерден жылу іздеген.
Жайлау барып, жан сырымды тізбек ем.
Құлдыраңдап шыға келіп алдымнан,
Жетім қозы, қонақтаттың көзге өлең.
..Мен де сендей құсалымын, шерлімін.
Әкем бар-ды, қойнына алды жер бүгін.
Жалғыз шешем... жетілмеген жетеуміз...
Қорған болар, орман болар енді кім?
Мен де сендей маңырамай отыққам.
Жан жарамды жазды уақыт, атып таң.
Рас, кейде кеуде тұсым сыздайды,
Рас, кейде кеш қаламын бақыттан.
Әкесіздің сен де көрдің талайын,
Жетесіздің мен де көрдім талайын.
Артта қалсаң, ақылсызға балайды,
Оза шапсаң, күндейді көп ағайын.
Мұңды қылған мұнар-күннің кәрінен,
Жалқы Тәңір тауып берді жаныма ем.
«Жетім қозы-тасбауыр» деп алдайды ел,
Жетім қозы - мейірімді бәрінен!
..Осы бір жай езіп кетті еңсені.
Ертегі енді ерке кездер естегі.
Қара жолға қарауменен қамыққан,
Жесір шешем... жетім қозы... кеш мені!
***
Мизам да өтті.
Күрсіндіріп, күлдіріп.
Кірпігіме мөп-мөлдір шық ілді үміт.
Ақ әжемнің алақаны секілді,
Самал сүйді бетімді.
Ақ сәулесін төгеді үнсіз жанарға Ай.
Бір мейірге жүргенімді-ай қана алмай!
Сүйгенімнің (қу сезімнің әлегі),
Суық бүгін сәлемі.
Күнтізбеде ән салады Ақырап.
Оның да әні, менің де әнім жапырақ.
Ақ қайың тұр күзгі желге тоналып,
Мен де ертең кетсем бе екен жоғалып?
***
Бақытым сен демейді енді, уақыт емдемейді енді.
Қапыда кез болғаны сол, алтын да жез болғаны сол;
Әріме мұң тұнады, бәрі де ұмытылады,
Жылама, жүрегім менің!
Тағдырым талқан болса да, ар-мұңым арқандалса да,
Отына күйгенім еді, өртеніп сүйгенім еді.
Кеселге бұл шыдар Күз, кінәлі біз шығармыз,
Жылама, жүрегім менің!
Асқардан құламау үшін, басқаға жыр арнау үшін,
Түндігін көңіл түрер ме ед, қайтадан өмір сүрер ме ед...
Кешенің келмейтіні үшін, тек елес тербейтіні үшін,
Жылайық, жыласақ егер...
***
Түс ауғанда жанарыңа тұсауланған елік пе ем?
Жан емеспін жеңіл сезім жетегінде желіккен.
Сәукелемді әлдеқашан алмастырғам шарқатқа,
Сәнді орамал сыйға тарттың неліктен?
Бір жарығым жалғандағы, дертім де сен, емім де.
Шерлі едім мен, шуақты еттің өміріме ендің де.
Беймезгілде мойыныма бөз орадың неліктен,
Шәйі орамал бар өкпесін шайып кетсін дедің бе?
Кім біледі қайда екенін, біздің басқа қонар бақ?
Көз көргесін, көңілімнен қалай мүлде жоғалмақ?
Алабөтен ой кештім мен алакөбең бөлмеде,
Сен сыйлаған орамалға жүрегімді орап ап...
***
Кімге керек жанарым жас төккені?
Кімге керек өкінішім, өкпе, мұң?
Сен де бір кез менен жеріп кеткенсің,
Көлгір көйлек киіп алып, Көктемім...
Кімге керек ар бекіген сөздерім,
Кімге керек жан дертіне төзгенім?
Сен де бір кез менен артық көргенсің,
Боталаған басқа қыздың көздерін...
Тас төбемде қара Түн тұр тек төніп,
Есіл күндер ессіздікпен кетті өліп.
Өмір кешіп жүрмін бүгін, сені емес,
Кешірімшіл жүрегімді жек көріп...
АРЗУ
Бақытгүл Алшынға.
Ақ қар кешіп келемін. Көңілімде - қара мұң.
Мұң да қара боларын кімге ұқтыра аламын?
Безірейген дүние-ай, тұрсың неге түнеріп?
Қар астынан бүр жарған біз Бақыттың Гүлі едік.
Ақ сезімнен жаралған Гүл едік біз болғаны,
Сізді елең етпей ме жүрегіміз тоңғаны?
Талқысына тағдырдың күлтемізді қалдырып,
Сізден мейір күтумен шаршады Арман, талды Үміт.
Тар маңдайға тап болған Сорымызды қарашы -
Күллі адамды көзге ілмей, Ақын сүйдік адасып.
Ақын сүйіп, бақытқа жетіп еді жерде кім?
Бір тамшы у тамызшы, у тамызшы, шөлдедім.
Ей, безбүйрек дүние...
Қар қызының хаты
(поэтикалық триптих)
Оралхан Бөкейге
I.
Әппақ... әлем...
Әппақ маржан айналам.
Жаным-көкте,
Жерде жүрген құр сүлдем.
Неге осы мен,
Қайырымсыз дүниеден қайғы алам?
Неге осы мен,
Сіз жайлы ойлап, күрсінем?
Әппақ... әлем...
Адыра!
Түнге ғана құмартады жас жаным.
(Қаралығы үшін бе?)
Алма-қыз ем, қапияда қарға айнала бастадым,
Қара ниет Қоңқай шалдың ісінен...
Әппақ... әлем...
Мөлдір мұңның моншақтарын теремін.
Уысымда - толы Бақ.
Ақ қар кешіп, мен Сізді іздеп келемін.
Ыстық,
Мұ-ұ-ұ-ұздай
Жүрегімді қолыма ап...
ІІ.
Айыртауда...
Тағы да түн. Қара түн.
Мен отырмын сыздап сыңар қанатым.
Кім біледі періштелер мекенін?
Кім біледі Жолды Сізге баратын?
Айыртауда...
Қорғалады бүгін Ай.
Ақ жүзімнен сорғалады жас тағы.
Өрімталдай өмірімді, түбі лай,
Суы да сор теңіз етіп тастады...
Айыртауда...
Көңілімнен күй кетіп,
Болмысымды белгісізге билетіп.
Кім біледі, әлі қа-а-анша жүремін,
Боз далада бос шанамды сүйретіп?
ІІІ
Ағатай!
Жеттің бе Айға, алыстап Арманымнан,
Бейуақта кеттің қайда, «бейғұмыр жалғанымнан»?
Бақытқа шөлдедім мен. (Елге не берем үлгі?)
Айтар ма Әулиекөл, сұрасам дерегіңді?
Жай түскен жаным-жара, жаһанның сызы қонып.
Үлбіге шақырсам ба, үндінің қызы болып?
Ағатай!
Жоғалтпадым сіз берген ар жүзігін.
Жаны-өрт, тәні-дертті баяғы Қар Қызымын.
Алыста - қуанышым, қасымда нала қалып,
Сізді іздеп ақ толқыны, Бұқтырма барады ағып...
Ақшоқы баурайында адасқан Кербұғы кім?
Дауасын таба алар ма ем мен оның шер-мұңының?
Мінәжат еттім тағы, Тәңірге тізе бүгіп.
Кезігіп қалам ба деп көзімде жүзеді Үміт...
Әр түні алаңдаймын. Әр күні таппақ болам.
Бәрібір... бара алмаймын... Айналам - әппақ тұман.
Ағатай!
Жерде әлі жалғасуда, Қоңқайдан қалған лаң.
Беймезгіл неге көштің, «Бейғұмыр жалғанымнан???».
Абай.kz