Дүйсенбі, 10 Қараша 2025
Әдебиет 286 0 пікір 10 Қараша, 2025 сағат 13:43

Құрманәлі ағаны еске алғанда

Сурет: Сайт мұрағатынан алынды.

Құрманәлі Оспанов (1924-1999) – Қытай қазақтарының әйгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын. Чанкайши заманында «Үш аймақ төңкерісіне» қатысқан. Мао Цзэдун билікке келген соң Іле қазақ автономиялы облысы құрылып, облыс басшысы болып сайланған.

Жасымнан Құрманәлі ағаның өлеңін оқып, қайраткерлік қызметін сырттай естіп жүрсем де, ол кісімен бетекі көріскен де, танысқан да емес едім. Танысуымызға Іле қазақ автономиялы облыстық партком бірліксап бөлімінің жауаптысы Әбдіманап Мысаұлы дәнекер болды. Ол менің жерлесім, сабақтасым әрі досым еді. Жаңылмасам, 1980 жылдың жазы болса керек, Әбдіманап менің жатағыма келді. Бұл менің 20 жылдық әуре-сарсаңға толы азапты сапарды аяқтатып, бұрынғы қызмет орыным – «Шынжаң жастар-өрендер баспасына» қайта оралғаныма әлі бір жыл болмаған кез еді.

Досым Әбдіманап өзінің Үрімжіге саяси кеңес жиынына келгенін, бұл жиынға Құрманәлі ағаның да келгенін айтты. Өзім де осыдан ілгеріректе Құрманәлі ағаның 17 жылдық азаптан ақталып қалпына келе бастағанын – алдымен автономиялы райондық саяси кеңестің мүшелігіне, одан соң тұрақты жоралығына белгіленгенін естігем. Жиынға келген осы орайда ағамызбен кездесіп, таныссам деген ойға келдім де, бұл ойымды Әбдіманапқа айтып едім, ол:

– Ертең кеш менің жатағыма кел, жолықтырайын, жазғандарың болса ала барарсың, - деді.

Келесі күні уәделі уақытта бардым. Әбдіманап мені ағамыздың жатағына бастап апарды. Ол мені сол күні сыртымнан таныстырған екен. Құрекең менімен ежелден таныс адамдай аңқылдап амандасты. Әңгіме өткен-кеткеннен ойысып шығармашылық жайына ауғанда, мен ала барған бірнеше өлеңімді қолына бердім.

– Ара-кідік уақытыңыз шығып жатса оқып көріңіз, пікіріңізді айтыңыз, - дедім.

Жиын тарардан бір күн бұрын кешке қарай жатағына бардым. Әнеу күнгі берген өлеңдерімді қайтарып жатып:

– Өлеңдерің астарлы оймен жақсы жазылыпты. Бірақ, бастыруға асықпа, біраз байқап көр, бетіміз де енді-енді оңалып келеді. Көнеде: «Қорқақтық – бойға құт» деген де сөз бар ғой, - деп күлді.

Алғашқы таныстығымыз осылай басталып еді, кейін әр жолы жиынға келген сайын барып амандасып тұрдым. Одан соң отбасын көшіріп келіп, барып-келуге орай тіпті кең ашылды. Алғаш жолыққанымда сөзге сараңдау, пікірге батылсыздау көрінген еді. Ұзақ уақыт нақақшылық азабын тартып, көп қақпай көрген кісіде мұндай күйдің болуы табиғи ғой. Шайлыққан жүректің орнына келуі оңай дейсіз бе, ондай күнді басы жұмыр пендеге бермесін деңіз. Оның үстіне, Құрманәлі аға – биіктен құлаған кісі. 1944 жылы «Үш аймақ төңкерісіне» қатынасып, жалынды үгітші болған. «Үш аймақ төңкерісі» жеңіске жеткен соң газет-журналдарда басшы қызмет атқарған, ел азаттығынан кейін өлкелік үкіметте орынбасар бас хатшы, Іле аймағының орынбасар уәлиі, Іле облысының басшысы қатарлы ірі орындарда ірі лауазым иесі болған адамның бір-ақ құлап, аяқ астынан «іште тұрып шетпен астасқан», Іле облысында болған «29-май» кері төңкерістік бүлікті ұйымдастырушы, кері төңкерістік ұйымы бар адам болып шыға келуі, ұзақ мезгіл қолда тұруы (мырза қамақ) оңай дейсіз бе?! Мұндай күйді басқалардан гөрі бастан кешіргендер тереңірек түсінеді. Түсінбеген бірсыпыра жолдастар басында: «Құрекең қайтіп сондай ірі органдарда басшы болып жүрген?! Тіпті жай сөйлескенде де жасқаншақтап, батыл бір пікір айтпайды» десіп те жүрген болатын. 1980 жылы қыркүйекте Шынжаң ұйғыр автономиялы райондық 3-кезекті әдебиет-көркемөнершілер құрылтайында бірлестіктің орынбасар бастығы болып сайланды. Осындай маңызды орындарға отырып, партия мен халықтың өзіне шын сенгенін сезінгенге дейін Құрманәлі ағаның тым батыл болмай келгені рас еді. Алғашқы кезде тіпті автономиялы район басшыларына төте барып жолығуға да жүрексініп, Сымайыл Ахмет жолдасқа Тоқтасын, Жанәбіл ақсақалға Сәбиғазылардың бастауымен барып өз жағдайын айтаны бар еді. Кейін ісі ақталып, қызметі бірте-бірте қалпына келген соң баяғы ашық-жарқын, батыл күйіне қайта келген болатын.

Құрманәлі аға автономиялы райондық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің бастығы болғаннан кейін, әдебиет-көркемөнерге ерекше көңіл бөлген еді. Әр рет жолыққан сайын менен баспалардан әдебиет-көркемөнерге тән қандай кітаптар шығып жатқанын сұрап тұратын. Мен өзім оқыған кітаптарды айтып беретінмін. Бір жолы біздің баспамыз (Шынжаң жастар-өрендер баспасы) «Мәдениет зор төңкерісінен» бұрын қазақ жазушыларының өз кезіндегі жарыстарда бәйге алған туындылардан «Қазақ әңгімелері», «Қазақ драмалары» деген атпен құрастырып шығарған кітаптармен қоса, жазушы Ғалым Қанапияұлының «Бұрқасын», жазушы Шәміс Құмарұлының «Бөке батыр», жазушы Жұмабай Біләлұлының «Қоңыр таудың күңгірі», ақын Дутан Сәкейдің «Тәлиға-Талғат», ақын Жұмәділ Маманның «Әкбар-Сейіт» (бұл соңғы екеуі өлең роман) қатарлы шығармаларын апарып бердім. Бұларды көріп Құрманәлі аға қатты қуанды.

– Тіршіліктерің жақсы екен, «Мәдениет зор төңкерісінен» бұрынғы біршама жақсы жазылып, бәйге алғандарын құрастырып кітап етіп шығарғандарың қандай жақсы болған! Дәуір өзгерді, оқырман өзгерді, оқысын, көрсін, - деді ол кісі қуана отырып. Сонан соң көңіліне әлдене қалт түскендей біраз ойланып отырды да:

– Егер, баспаларыңның тәртіп-ережесі көтеретіндей болса, Жанәбіл секілді басшы жолдастарға да шыққан кітаптарыңнан жіберіп тұрсаңдар болар ма екен? - деді.

Мен мақұлдық білдірдім. Содан бастап автономиялы райондағы қатысты басшылар мен орындарға кітаптардан бір нұсқадан жіберіп тұрдық. Кейінгі бір кездесуде «Бөке батыр» романын сәтті шыққан роман екен деп қарайтынын айтып еді, ағамыздың сол айтқаны келіп, кейін «Бөке батыр»  романы мемлекеттік роман бағалауда «1-дәрежелі роман» сыйлығын алды.

***

Әлі есімде. Бір жолы ақын ағамызды бөлмесіне арнайы іздеп барсам, газет оқып отыр екен. Мені көріп газетті ары сырып қойып, неге келдің дегендей маған қарады.

– Сізге бір маңызды жұмыспен келіп едім, аға! – деп бастадым сөзімді, – «Үшінші жалпы жиын» көзімізді ашты. Ақты ақ, қараны қара деп айта алатын үлкен жүрек берді. Осы жүректің бұйрығымен екі жұмысты бастағаныма біраз жыл болып еді, енді осыны сізге айтып, ақылыңызды алайын деп келдім.

– Ондай маңызды жұмыс болса айт қане, тыңдайық, ақылдасайық.

– Өзіңізге белгілі, еліміз қазақтарынан шыққан Ақыт Үлімжіұлы, Жүсіпбекқожа Шайхысыламұлы, Әсет Найманбайұлы, Көдек Маралбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы сықылды ақындар мен Қожеке Назарұлы, Бейсенбі, Қайрақбай сықылды атақты күйшілер өткен ғой. Солардың атын енді-енді атай бастағанымызбен, шығармаларын әлі жинау, реттеу, баспадан шығару тың күйінде тұр. Осылардың ішіндегі Қожеке батырдың күйлері мен Көдек ақынның өлеңдері жасымыздан құлаққа сіңісті болғандықтан, осы екі кісінің шығармаларын Іленің аудан-ауданындағы мәдениет үйлері, кейбір білікті азаматтары арқылы жинай бастап едім. 1962 жылы сіз облыс бастығы болып тұрған кезде ел ішіндегі халық мұраларын жинау жөнінде ұйымдастырған екенсіздер. Мұңғұлкүреге кәдімгі Жабықбай ақалақшының Абылайы барып, Көдек өлеңдерінен біраз жинап, облыстық мәдениет мекемесіне тапсырыпты. Соны қосып шағындау болса да бір жинақ етіп, реттеп дайындадым. Баспамыздың жоспарына енгізіп, қатысты орындардың бекітуін де алдық. Сол жинақты сізге көрсетейін деп алып келдім. Мынау сол Көдек ақын өлеңдерінен басуға дайындаған нұсқа. Уақытыңызды қиып көріп берсеңіз! - дедім.

– Ой, сенің мұның өте жақсы болған екен, көрейін, көрейін, - деді қолымдағы оригинал салынған сары қалтаға асыға қол созып.

– Ал, Қожеке қай күйде?

– Оны ел ішінен Текес аудандық мәдениет үйіндегі Дүйсенбек Тұрлығожаұлы деген азамат магнитофонға түсіріп жинап жатыр. Оның бастығы – баяғы Мазақ ақалақшының баласы Дәулет. Оған да тапсырдым. Амандық болса бірер жылда ол да нотаға түсіріліп дайын боп қалар, - дедім.

Сары қалта ағамызда қалды.

Құрметті оқырман, орайы келгенде айта кетейін: содан біраз жыл өтіп, қызмет бабымен аудандарды аралап Текеске бардым. Барсам, Қожекенің 40-қа жуық күйі жиналып қалған екен. Сол үшін Текес ауданында біраз уақыт аялдап, нота білетін Акиман дейтін жігітке цифрлы нотаға жаздырып алып қайттым. Келісіммен Құрманәлі ағаға жеттім.

– Қожекеңіз де дайын болды, - дедім қуана.

– Жарайды, - деді ағамыз, - бірақ...

– Не «бірағы» бар?

– Нотаны жақсылап тексерту керек. Ол сені мен менің қолымнан келетін жұмыс емес.

Бұған мен де ойланып қалып ем.

– Оны сен Баяқынға көрсет, Баяқынды танушы ма едің? Баяғы Бұқара Тышқанбаев ағаң мен Уаң Юху жазған «Қасен-Жамила» киносындағы байдың рөлінде ойнаған Баяқын Әлімбеков. Ол өзі қырғыз болғанымен, өмірі қазақ мәдениетімен байланысты кісі. Мұндайлардан Чаң Лишанды білесің, ол – ханзу. Ал, татардан Мұхаммед бар. Мына Баяқын жауапкершілігі күшті, ұяты бар, өте табанды кісі, - деді Құрекең. Бұл солай болды да...

Көдек ақынның жинағына қайта келейік, Құрманәлі аға сары қалтаны алып қалып, жарым ай шамасы өткенде «Шұғыла» журналының сол кездегі бас редакторы, Шынжаң ауыз әдебиет қоғамының орынбасар бастығы Әбдірешит Байболатов көшеде кездесіп:

– Құрекең сенің телефоныңды білмейді екен. Бір жолықсын деп саған ділгір болып отыр. Оншалық не жұмыс еді ол? - деп сұрады. Айттым. Мен Құрманәлі ағаның бөлмесіне бардым.

– Түгел оқып шықтым. Сен жазған кіріс сөзді де оқыдым. Бала кезде әкемнен, басқа да өлеңқұмар кісілерден «Көдек – жүйрік ақын, тапқыр ақын» деп естігем. Кейін ес білген соң көп өлеңін ет құлағыммен елден естідім. Облыста тұрғанда да, Текес, Мұңғұлкүрелерге барып жүріп те жатқа білетіндерден бірсыпыра өлең, толғауларын естігем. Бірақ мынадай бір жинақ шығады ғой деп ойламаған едім. Мынауың үлкен еңбек болды. Көдек енді осымен тірілетін де, саған разы болатын да болды. Сен ел ішінде болдың, Көдек жөніне естігенің көп, сондықтан сенен анық болмаған кейбір жағдайларды сұрайын. Анау «Жауап хат» деген өлеңде Таңжарықты қағытқандай бір жолдар жүр, әсілінде бұл екі ақынның арасында қайшылық болған ба, қалай?

– Бұл ұзағырақ әңгіме, Құраға, - дедім мен. Таңжарық 1920 жылдары Қазақстанның Алматы облысына қарасты Нарынқол ауданына неге, қалай барғанын сіз білесіз. Сол барғаннан Күнеске қайтып келгенге дейін сондағы Албан елін нағашы тұтып, сонда болған. Ондағы Албандардың Құланаян Құлманбет, Албан Асан, Көдек секілді ақындарымен жақын достасып, аралас-құралас жүрген. Сол күнгі Албан елінің білікті кісілері сыйлап, төрден орын берген, албанның Қарқара, Шалкөде, Асы жайлауларында болып, ауыл арасындағы той-томалақтарда талай-талай қыз-келіншектермен айтысып, ел арасына аты шыққан. Ел арасындағы айтуларға қарағанда, сондағы айтысқандардың бірі Қойдым екен. Қойдым Алжанқызы болып келген жері Досалының Байсейітінен тараған Тоқан деген аталы да, атақты ауыл екен. Қойдымның күйеуі – Біржан. Біржанның Ыбырай, Ержан деген бірге туған туыстары біздің ауылға үнемі келіп жүретін. Себебі, менің әкемнің Итжан дейтін немере ағасы бай болыпты, Итжанмен бірге туған інісі Мүсатай деген кісі болыс болыпты. Сол Итжан атамыз перзент көрмей, төрт әйел алып, кіші тоқалы Назей дейтін шешемізден Екен деген жалғыз ұлы туған. Екен әнші, домбырашы болған, Құлжада ойын-сауықта да болған. Осындай құдандалыққа байланысты Ыбырай, Ержандар үнемі сол үйге келіп-кететін. Сол Нәзей шешеміз төркін жағын ауызға алғанда Қойдымға да соқпай өтпейтін. «Қойдым әкесі өлгенде былай деп жоқтапты, Біржан өлгенде былай жоқтапты» деп жоқтауларды айтып отыратын. «Ой, ол өлеңшіні бет бақтырмайтын, айыбын бетіне басқанда қандай өлеңші болса да шыдамайтын, бетпақ өлеңші еді», - дейтін. Міне, сол Қойдым мен Таңжарық Қарқарада болған бір тойда айтысып отырып егеске түседі де, Қойдым Таңжарықты «қаңғырған қызай», «жалғыз атты қызай», «Жақсы болсаң еліңнен қашып неғып жүрсің?» деп қорлайды. Оған Таңжарық та бос келмейді. Айтыс насырға шауып бара жатқан соң үлкендер Қойдымды сөгіп, Таңжарыққа жол бергізеді. Таңжарық Күнеске келген соң бұл айтысты жазып, елге таратады. Дәл осы кезде Күнеске шүйке Арынбек деген адам келеді. Бұл Арынбек мына қол астыңыздағы «Шұғыла» журналындағы Әуесқанның әкесі Нұрғожамен бірге туған кісі. Арынбектің Күнеске келетін себебі: 1916 жылы Қазақстандағы Албандардың патша үкіметіне қарсы Жәмеңке, Ұзақ бастаған көтерілісі болып, көтеріліс басшылары қырғынға ұшыраған соң патша әскерлері жазықсыз халықты қыра бастайды. Сол қырғыннан жанын алып қашқан албанның алды Күнес, Нылқыға дейін келеді. Сол кезде осы Арынбектің бір қызын сұлулығына қызығып Сасан бидің тұқымынан тараған бір бай кісі тартып алып кетеді де, ертесі: «Албан қызының құны мұнан артпас», - деп 200 қой айдатып жібереді. Кейін Кеңес үкіметі құрылған соң қашып келген албанның бір бөлегі Қазақстанға, ата мекеніне кетеді. Арынбек те осы қатарда Нарынқолға көшіп кетеді.

Арынбектің бұл жолғы келісі сол қыздың артынан іздеп келген келісі екен. Осы жолы Арынбек Таңжарықтың Қойдыммен айтысын жазып таратқанын естіп, Нарынқолға «албанды жамандапты» деп айтып барса керек. Бұл сөзді естіген Көдек айтыстың қалай өзгеріп жазылғанын біле алмай дағдарып жүргенде, 1930 жылдардың басында өз басына күн туып, туған жерін тастап бер жаққа ауған болады. Көдек мұнда келген соң тұрғын елдің жай-жағдайын көріп білу үшін ел аралап, барған-тұрған жерінде көрген-білгенін өлеңге қосып айтып жүреді. Содан Көдектің даңқы Тоғызтараудағы Сөрті ауылына, Дарубай ақалақшының құлағына жетеді. Дарубай Тоғызтараудағы албанның мықты азаматтары Әнәпия, Нұрсапа деген кісілер арқылы Көдекті ауылына шақыртып, елін аралатып, құрмет-сый көрсетіп, өлең айтқызады. Осы сапарда Дарубай ақалақшының өзі де бірге болады.

Бұл кезде біз жоғарыда айтқан Қойдымның күйеуі Біржан, оның інісі Ержандар да Тоғызтарауда екен. Біржан отбасы сондағы Еркебай деген байдың малын бағады екен де, інісі Ержан болса бала оқытады екен. Олардың мұнда екендігін естіген соң Көдек барып қонақ болыпты. Ел аузындағы айтуларына қарағанда, сол жолы Қойдым Көдекке: «Әй, Көке, «Қазаншының еркі өзінде қайдан құлақ шығарса» дегендей, қолы хат білген кісі не десе де болады екен ғой. Құдай Таңжарықты көзіме көрсетпей-ақ қойды, енді бір айтысып жеңсем де, жеңілсем де арманым болмас еді» депті деген сөз бар.

Сонда да Таңжарықты елді жамандады дегенге қимаған Көдек бір жағынан ел-жер көрейін деген оймен, бір жағынан осының анық-қанығына жетейін деген оймен Дарубай ауылынан аттанып Күнеске барады. Бірақ, ол кезде Таңжарық Дағыты асуында Мақсұтпен бірге болғандықтан, жолыға алмай қайтады. Көдек «Сасан ауылына барғанда» дейтін ұзақ өлеңін осы жолы қайта қайтып Талдыға келгенде шығарыпты. Дағытыдан қайтып келген Мақсұт бұл өлеңді естіп Көдекті ұстап келуге екі шерік жібереді. Көдек болса олардан қашып, Дарубай ақалақшыға келіп паналап аман қалады. Одан соң Мақсұт Таңжарыққа өлеңмен хат жазғызып, албанды жамандатады. Бұл өлең Көдекке тиген соң Көдек осы жинаққа алынған «Жауап хат» дейтін өлеңін жазады.

Мінеки, Құраға, Көдек пен Таңжарық арасындағы әңгіме осы. Бірақ, бұлар сонан кейін де бір-бірін көрмей дүниеден өткен.

– Бұл анық болды, - деді Құрманәлі аға, – Көдектің мына жинағында ойлануға тиісті бірлі-жарым түйін бар секілді. Бірі – «Жауап хаттағы» Таңжарықты сынағаны. Өзің білесің, қазір біз өткен замандағы алғабасар ақын-жазушыларды қалпына келтіруді істеп отырмыз. Соның бірі Таңжарық болса, енді бірі – Көдек. «Жауап хатта» айтылғандай Таңжарықтың, Қойдымның аты берілсе, басқадай ықпал тудырып қала ма, қалай? Сондықтан, ол адамдардың атының орнына көп нүкте қойып қана кетсең. Мұны «Сасан ауылына барғанда», «Тұрғын елді аралау» өлеңдеріне де қолдансаң. Онда ауызға алынатын кісілер кезінде Көдек айтқандай болған шығар. Бірақ, олардың ұрпақтары бар. Ынтымақтасуға болатын бір күшпен ынтымақтасу дәріптеліп отыр ғой, оларға жаман әсері болмасын...

Мінеки, Көдек өлеңдеріндегі адам аттарының орнына көп нүкте қойылуы осыдан келіп шыққан. Солай болса да Көдек ақынның «Тұрғын елді аралау» сықылды кейбір өлеңдерінде аталған кісі аттары сол бойынша берілді. Өйткені, бұл кісілердің сол өлең шығарылған кезде бәрінің-ақ көзі тірі еді. Олардың кейбіреуі «әттеген-ай» десе, кейбірі наразы болып Көдектің сыртынан оны-мұны айтып жүрген. Одан айтып ештеңе істей алмаған. «Тап тепкенге тай шыдайды» деген сол болса керек.

***

Құрманәлі аға әдебиеттегі түрліше көзқарас, құбылыстарға жіті қараушы еді. Бұрын өткен ақын өнерпаздардың артығын артықтай, кемін кемдей көрсетіп, тура бағалау керек деп отыратын. Мысалы, сол кезде Таңжарық ақынға баға беруде оны «демократ ақын» деушілер де, «төңкерісшіл ақын» деушілер де болған еді. Бірақ, Құрекең берген «Таңжарық – демократ ақын» деген баға ақыры тұрақтанды. Аты әйгілі «стиль дұрыстау» қимылы барысында аты аталып, әруағы сынға ұшырап, көлеңкесіне «ұлтшыл» қалпақ кигізілген аса дарынды ақын Таңжарық ақталып, ортамызға тіріліп қайта келгендей болып еді. Осы игілікті істің басы-қасында Құрекең жүрген болатын.

Ойлап отырсақ, сол 80-ші жылдар аса ірі оқиғаларға толы жылдар болыпты. Жалғыз Таңжарық ақын ғана емес, сол жылдары Ақыт, Әсет, Нүсіпбекқожа, Көдек сықылды заманның биік тұлғалы ақын-жыршыларының, Қожеке, Қайрақбай, Бейсенбі сықылды талай-талай халық күйшілерінің да бағы жанған екен. Іле облысы Дәулет, Баяқын, Мұхаммед сықылды өнер иелерін ұйымдастырып, ел арасындағы күйлер мен күй аңыздарын жинапты. Әбдірешит, Қабден, Оразанбай сықылды азаматтар ел арасындағы халық ауыз әдебиетін жинапты, тағысын-тағылар. Міне, осы барыстың да басы-қасында Құрекең жүрді.

1950 жылдардың соңындағы «стиль дұрыстауда» әр дәрежелі «оңшыл-ұлтшыл» қалпақ киіп, жазықсыз жазаға ұшыраған жазушы-ақындардың да көктем шуағына шыққаны осы 80-ші жылдардың ісі еді. Енді оларды қатарға алу, қамқорлық жасау, сынық көңілін бүтіндеу керек еді, осының да басы-қасында да Құрекең жүрді.

***

Құрманәлі аға ақкөңіл, адал, ашық-жарқын, қарапайым, турашыл еді. Әлдекімдерше шекірейіп шекесінен қарайтын, не болмаса басқаларды сызданып сыңар құлағымен тыңдайтын, не екі сөзге келмей дүрс қоя беретін әдеті жоқ еді. Бұл әдеті 1988 жылы автономиялы райондық халық құрылтай тұрақты комитетінің орынбасар бастығы болып, өлке дәрежелі басшы болған соң да өзгермеді. Басқалардың айтқан сөзін аяғына дейін сабырмен тыңдайтын, одан соң өз көзқарасын байсалдылықпен, ара-арасына «Сізше қалай?» дегенді қосып, ақылдасқан кісіше ұғынықты, иланатындай етіп айтатын.

Құрманәлі аға алғаш Құлжадан көшіп келгенде, Оңтүстік Шинхуа бойындағы («Хуачиау» қонақ үйінің қарсы бетіндегі) бір аулада отырды. Ол аулада сол кезде ақын Мақатан, жазушы Оразанбайлар да отырған болатын. Бір күні Мақатандікіне барып, Құрманәлі ағаға сәлем бере кетейін деп кірсем, жасы мосқалдау бір кісімен сөйлесіп отырған екен. Мен кірген соң әлгі кісі сөзін тоқтатып, маған бір, Құрекеңе бір қарап еді.

– Айта беріңіз, - деді Құрманәлі аға. Ал, ана кісі сөзін жалғап:

– Жоқ, Құреке, олар маған егесіп осылай істеп отыр. Бірнеше рет барып айтсам, сөзім өтпеді. Өтпеген соң олармен бет жыртысып қалдым. Тіпті, жөн емес қой, «бір айналдырғанды шыр айналдырыпты» деп, «жуас түйе жүндеуге жақсы» деп...

– Олай демеңіз, өткен іс өтті, кетті. Оны қорғаудың қажеті аз. Дэн Сяопин жолдас та: «Артқа қарамайық, алдыға қарайық»,- деп айтқан жоқ па? Олар да өткенде сізге көрілген шара қате болды деп толық ақтапты. Саяси беделіңізді, айлығыңызды қалпына келтіріпті. Бірақ, жасыңыз 60-қа таяп қалғандықтан, демалыңыз деп пенсияға шығарыпты. Оның үстіне, қазір кадрларды жастандыру, білімдендіру ортаға қойылып отыр, меніңше, ауданыңыз осыны ойласқан болу керек.

– Жоқ, Құреке, олай емес.

– Енді қалай? Бір кезде солшылдықтың салдарынан жазықсыз жазаға ұшыраған жалғыз сіз ғана емессіз. Мына мен де, мына келген азамат та – бәріміз де ұшырадық. Біздің мұндай күйге ұшырауымыз негізінен сол кездегі солақай саясаттың кесірінен еді. Сонымен бірге өзімізде де азды-көпті қателік болған болуы мүмкін. Біз өзімізге: «Неліктен елден ерек көзге түсіп, мәселесі бар адамға айналып қалдық?» - деп сұрау қоюға да болады ғой. Қазекең айтпады ма:

«Шығысы жаман қамысты

Көл ішінде өрт шалар.

Жүрісі жаман жігітті

Ел ішінде жау алар» - деп, біз осыны да ойлап қойсақ болады...

Кейін естісем, бұл кісі осыдан кейін сабасына түсіп, Құрманәлі ағаның айтқанына сай іс істеп басқаларға өрнек болған сияқты. «Мәдениет зор төңкерісінен» бұрынғы орынбасар аудан дәрежелі мансабын да қайтарып беріңдер деп дауласпайтын болыпты.

***

Құрманәлі ағаға 17 жылдық азаптың ауыр тигені сонша, содан жүрек еті ауыр дәрежеде өлеттенуге душар болған еді.  Үзбей емделсе де, ада-күде қалпына келе алмай, 1999 жылы сол науқастан көз жұмды. Көз жұмардың алдында неше рет автономиялы райондық халық емханасында құтқаруда болды.

Бір жолы Тоқтасын Батырқанұлы екеуміз көңілін сұрай бардық. Өңі бозарып, оттегімен демалуда жатыр екен. Бізге тек қолымен ишаралап сапаны нұсқады. «Отырыңдар» дегені еді. Біз ағамыздың бұл күйін көріп тіксініп қалдық. Бөлменің ортасы қан, жүрек, тағы нелерді өлшейтін машиналармен лық толыпты. Медбике әлсін-әлі келіп, машиналарды тексеріп кетіп жатыр. Біртүрлі қарбалас. Мұны көріп не отырарымызды, не кетерімізді біле алмай дағдардық. Мөлшермен бір сағаттай уақытта дәрігер келіп машиналарды көрді, Құрекеңнің тамырын ұстап біраз күлімсірегендей болды. Мұнан ағамыздың оңалғанын сезіп, біз де бір-бірімізге қарап жымиған болдық. Дәрігер:

– Қауіптен құтылдыңыз, енді жақсы демалыңыз, - деп оттегін алып былай қойды да, кетіп қалды. Біз жанына барып халін сұрадық.

– Екеуіңе көп рақымет, - деді бізге біраз қарап жатып, – Жүрек еті өлеттеніп, жиырылу-созылу қуатын жойса керек. Қатқан көнге ұқсап қалған ба деп ойлаймын. Енді қанша өмір қалғанын дәрігерлер де айта алмаса керек.

– Олай демеңіз, Құреке! - деп біз без ете түстік. – Қазір ғылым-техниканың қолынан келмейтін не бар?

– Оны көре жатармыз. Ендігі айтарым, Тәке, өзімнің жазған-сызғандарымды толық реттеп, чемоданға салғызып қойдым. Жағдай болып жатса уағында көрерсің, - деді. Көп өтпей біраз жақсыланып үйге шықты. Одан соң тағы да сол бөлмеге, тексеретін қалың машина бар үйге барып жатты. Одан тағы да үйге шықты. Осыдан кейін емделуге қайтып бара алған жоқ. Өйткені, заманына, халқына өмір бойы адал қызмет еткен бір ұлы жүрек соғудан мәңгі тоқтаған еді. Шақырсаң келмейтін, іздесең табылмайтын мәңгілік сапарға аттанған еді...

***

2000 жылы автономиялы райондық жазушылар одағында Құрманәлі, Асқар, Мағаз, Омарғазы ағаларымыздың томдарын шығару жөнінде ақылдасу жиыны болды. Бұл жиынға шақыру бойынша мен де қатынастым. Ақылдаса келе аталған ағалар томдарына жауапты редакторлар бекітіліп, оған қажетті қаражатты баспа, аталған жазушылардың ұрпақтары, қоғамдық ұйым көтерсін деп тарастық. Осы жиында Құрекеңнің томдарына (екі том етіп шығару жоспарланған) мені жауаптандырды. Бірақ, іс ойлағандай болмады. Қаражат мәселесі шешілмегендіктен, іс аяқсыз қалып қойды...

Аралықта Ажар жеңгеміз бен Құрманәлі ағаның жалғыз қарындасы Тұранның қозғауымен балалары қаражат шығарып, бір томдық өлеңдер жинағын шығармақ болыпты. Тіпті, баласы Еркін компьютерде теріп дайындапты. Ұлттар баспасы қазақ бөлімінің жауаптылары Әлімжан, Бақытбек бауырлар бір бөлім қаражатын көтеретін болып келісіпті.

Осы барыста Еркін бауырымыз баспалардан Құрекеңнің 1944 жылы жаза бастағаннан бергі Шынжаңда қазақ тілінен шыққан бұрынғы-соңғы газет-журналдардан, топтық жинақтардан қыруар еңбектерін жинапты. Ағамыздың жеке кітаптарын дайындапты. Мұны көрген соң біз Құрекеңнің жазғандарының ересен көптігін, тек өлеңдерін шығарып, қалғандарын қалдырып қоюға болмайтындығын сонда білдік. Туындылары толық жиналған, баспа белсеніп тұрған бұл жақсы жағдайды қолдан шығаруға болмайтын еді. Егер бұл орай қолдан кетсе, Құрекеңнің шығармаларының енді бас қосуы қиын еді. Осыны ойластыра келіп Шәміс, Еркін үшеуміз ақылдасып, 5 томдық Құрманәлі шығармалырын шығаруды мақұл көрдік әрі бұл ұсынысымызды Ұлттар баспасына жолдап, мақұлдап алдық.

***

Осы томдардың жұмысы барысында Құрманәлі ағаның өзі сақтап келген жекелік архивінен басқалармен алысқан хаттарын оқу орайына ие болдым. Бұл өзі көп хат екен. Сондай ірі басшы бола тұра, қыруар қарбалас жұмыс, үзіліссіз ашылатын көп жиындардан босай алмай жүріп те азаматтықты, кісілік пен кішілікті ұмытпағанына таңғалдым.

Бұл хаттардың арасында әдебиетке әуестенген оқушылардың да, жаңа жаза бастаған жас ақындардың да, басына күн түскен белгілі жазушылардың да, жалғыз шешесінен көз жазып қалған жетім қыздың да, тағы басқалардың да хаты бар. Оның сыртында әдеби қызмет бабымен жазылған хаттар да жоқ емес.

Бір ерекшелігі, Құрекең бұл хаттың ешбіреуін жауапсыз қалдырмапты. Хат жіберушілерге қайтарылған жауаптың көшірмесін сол келген хаттың артына тіркеп қойыпты.

Жауап хаттарды әуел жазып болып, одан соң кейбір жерін алып тастап сөз қосыпты. Тіпті, кей жерін тауып оқу қиын. Ал, әрбір бөлім хаттың соңына қиғаштатып, қалай шешім етілгенін жазған. Жыл, ай, күнін де ұмытпаған. Бұл неткен ұқыптылық, неткен жауапкерлік, неткен кісілік пен кішілік! Бұл жауап хатты өз қолымен жазған, хатшының не басқаның қолы жоқ. Кейбіреуі бір бет болса, кейбіреуі 8 бетке дейін барады. Соншама көп копияны көшіруге қаншалықты уақыты кетті десеңізші! Бұл жағынан Құрекең әрқандай басшыға үлгі болады деп кесіп айтуға болады.

Бұл хаттардың бір бөлегі орталау және орта мектеп оқушыларынікі. Мұнда олар: «Өлеңді қалай жазуға болады?» - деп жазса, өздерінің әлі балаң ойлы үйреншік өлеңдерін де жіберген. Соның бірі – 1960 жылғы Тоғызтарау аудандық орта мектептің 8-класс оқушысы Самалбаев Нүсіпқан деген оқушы. Ол Құрекеңе жазған хатында: «1958 жылдың ноябрі ме екен, біз орталау мектеп оқушылары темір-болат қорыту фронтына аттандық. Осы мезгілде сіз біздің ісімізді көргелі келген де болуыңыз тиіс... машинадан түсісімен (Тоғызтараудың Карсынбұлақ деген жерінде) оқушылар сізді қаумалап алды. Сіз кішіпейілдікпен және ақжарқын күлімдеген көңіліңізбен бізбен ықыластанып қол алыстыңыз... сондағы сіздің кішіпейіл позицияңыз маған өте ұнады». Оқушы Нүсіпқан «Түсі жылыдан түңілме» деп, әрі Құрекеңнің кішіпейіл екеніне шын сеніп, біраз өлеңін тұп-тура облыс бастығының өзіне жібереді. Ал, бастық болса, бұл баланың бәдір-батпағы демейді, екі беттік жауап жазып жолдайды, әрі қалай жазу жөнінде ақыл айтады.

Сол жылдары осындай оқушылардан Тоғызтарау аудандық орта мектеп оқушысы Иманбек Нұрпейісұлы да өлеңдерін жіберіп екі рет хат жазып, екі рет жауап алады.

1961 жылы Шәуешек 2-орта мектеп жанындағы әдебиет группасының жауаптысы, оқушы Пәтем Рахманова оқушылар жазған өлеңдерді жіберіп, қалай жазу жөнінде нұсқау сұрайды. Облыс бастығы ағамыз бұларға тұп-тура 8 беттік жауап хат жолдайды. Мұндайларды тізе берсек өте көп.

Архивте бүгінгі белді ақын-жазушы Жұмаділ Маманның 1962 жылы 12 наурыз күні жазған хаты жүр. Онда Құрекеңе «Жыр көзі» атты баллада жібергенін, пікір айтуын өтінеді. Оған ағамыз: «Қайта қарауға ауызекі пікір берілді. 05.04.1962.», - деп жазыпты.

Осы қатарда Дөрбілжін ауданынан Сәбит Нығыметжанұлы да екі рет хат жазып, өлеңдерін жіберген. Бұл екі хатқа екі беттен жиыны қалай жазуға қатысты 4 беттік жауап қайтарған.

Текестік Дәуітбек Азаматовқа да қалай жазу жөнінде пікір айтып, жауап жазған.

Мұнан сырт, халық ақындарының туындыларын жинау қызметі жөнінде де бірсыпыра қызметтер істеген. Бұған мысал ретінде Тарбағатай аймағының Шағантоғай аудандық үкіметке халық ақыны Ауғанның өмірбаяны, туындыларын жинау жөнінде нұсқау берген. Бұған аудандық халық үкіметі жауап жазған. Сол жауапқа тіркеп жіберілген Ауған ақынның қысқаша өмірбаяны бар. Онда айтылуынша, Ауған ақынның әкесінің аты – Жақсылық, Ауған 1888 жылы Қазақстанның Қарақол деген жерінде дүниеге келеді. Табы – кедей. Ауған 7 жасқа келгенде әкесі, 16 жасқа келгенде шешесі қайтыс болады. Ағайындары жақсы қарамағандықтан, ол туыстарынан бөлек кетеді. 1931 жылы 42 жас мөлшерінде Тарбағатайға өтеді. 18 жасынан бастап өлең шығарып, байлар мен мансаптыларды жамандайды. Кейін олар Ауған ел арасына жамандығымызды өлеңмен жаймасын деп қорқып, мал, басқа да нәрселер беріп алдамақ болады. Бірақ, ол алған бетінен қайтпай, ақыры елге Ауған ақын аты жайылады.

Бұл арада ескерер жайт мынау: Ақынның туған жері Қарақол болса, ол 1917 жылдан бұрын Алматы оязына қарағанымен, кейін Кеңес үкіметі құрылған соң Қырғызстанның Ыстықкөл облысына қарасты болған. 1916 жылы орыс патшасының жарлығына қарсы шығып көтеріліс жасаған қазақ албандарының Жәмеңке, Ұзақ батыр бастаған көтеріліс басшыларының, қырғыздың Бұғы тайпасының басшыларының қырғынға ұшыраған жері – Қарақолда қырғыздың Бұғы тайпасы, қазақтың Албан тайпасы, біраз ұйғырлар мен дүнгендер аралас жасаған. Мұнан Ауғанның қазақтың қайсы тайпасынан шыққанын да байқауға болады. Құрекең архивіне Ауған ақын жайындағы мәліметті осыған бола кіргізді ме, жоқ па, оны дәп басып айту қиын (бұл архивтің уақыты 1961 жыл).

Архивте басына іс түсіп Құрекеңнің көмегі арқасында 3 түрлі қыспақтан құтылған 3 адамның хаты сақталған.

Мұның бірі – Сауан ауданы Бөртіңке ауылы су пунктінің кадрі Қабдырашұлы Қабидолланың хаты. Бұл бала 1952 жылы ауыр өкпе ауруына шалдығып, Құлжа қаласындағы кеңес емханасында Құрманәлі ағамен бір бөлмеде жатып, ағамыздан заттық және рухани жақтан көп көмек алған. 1962 жылы осы бала жігіт Құрекеңнің облыс бастығы екенін естіп жазған хаты. Хат шынайылығымен, адалдығымен әсерлі.

Екінші хат – ұйғыр қызы Әминаның хаты.

Әмина әкеден ерте айырылған, шешесінен басқа туысы жоқ жетім қыз. Ол 1950 жылдардың соңғы жылдары Құлжа қаласындағы жетімдер сарайында тәрбиеленіп оқыпты. Содан соң Үрімжіге, Мұнай институтына оқуға қабылданып кетеді. Шешесі қартайғандықтан басқа жерде тұратын бауырының қолына барып кіреді. Сөйтіп аналы-балалы екеуі бір-бірінің адресін білмегендіктен көз жазып қалады. Арада екі жыл өткенге дейін өзара хабарласа алмайды. Ақыры Әмина облыс бастығы Құрманәлі Оспановқа осы жағдайды айтып, шешесін табуға көмектесуін өтініп хат жазады. Хатты алған соң Құрекең бұл жұмысты Нұржан дегенге хат жазып тапсырады. Нұржан тапсырма бойынша Әминаның шешесін Құлжа ауданы жергілікті мемлекет меншігіндегі жұмысшылар ұйымы қарауында, Оспан Қасым деген бауырының қолында екенін анықтап, Құрекеңе хат жазады. Құрекең Әминаның кәрі шешесін осы байланыспен қуантады. Сөйтіп, ақырында Құрекеңнің үздіксіз қузауы арқылы ана мен бала табысып, қуанышқа бөленіп, қам-қасіреттен құтылады.

Үшінші, хат –  әйгілі жазушы ағамыз Рахметолла Әпшеұлының хаты.

Рахметолла ағамыз 1959 жылы «оңшыл» қалпағын киіп, жазықсыз жазаға ұшырап, мүшкіл халде жүргенде 1961 жылы сүйікті жары, қазақ сахнасының тұңғыш қарлығаштарының бірі Бағи апай қайтыс болады. Бұл аз дегендей, ұйымы оны Дөрбілжін ауданына көшіп кетуге бұйырады. Оның үстіне өкпе, бауыр ауруы асқынып, денсаулығы нашарлайды. Осындай жан-жақтылы қыспақта қалғанда ес көріп, ескі жолдас еді деп Құрманәлі ағаға хат жазады. Бұл кездің жағдайы да ауыр еді. Сонысына қарамастан Құрманәлі аға өте ерлік көрсетіп, тәуекелге бел байлап, «сасық иісі әлемге жайылған үлкен оңшылды» қорғап қалуға бел байлайды. Сөйтіп, Рахметолла ағаның мекемесімен сөйлесіп, бір қатерден аман алып қалады. Бұл хаттың соңына өз қолымен: «Байланысты басшылармен сөйлесіп, орнында тұруына мүмкіндік жасалды. Құрманәлі. 18.1961» деп жазыпты. Бұл сол жылғы қайсы айдың 18-і күні екенін білуге мүмкіндік бермейді. Бірақ, оның мәні шамалы, маңыздысы–  Құрекеңнің ерлігі.

Ең соңғы хат – «Сәлиқа-Сәмен» операсы жөнінде Ерғали аға және Мақатанмен алысқан хаттары.

Осы хаттарға қарағанда, «Сәлиқа-Сәмен» опера либреттосы 1959 жылдан бастап жазылған болса керек. Өйткені, бұл кез «стиль дұрыстау қозғалысы» аяқталып, Бұқара, Рахметолла, Қажығұмар секілді бір топ «жойпандар» тиісті сазайын тартып, енді жеңіс жемісін қорғау, «жаңаша алға басуға беттеген» кез еді. Осындай жағдайда қазақтың тұңғыш операсын жазу ең көкейтесті мәселе болды. Өйткені, тұңғыш кино сценариы («Қасен-Жамила») жазылып, түсіріліп те, қойылып та болды. Тұңғыш повес («Бақыт жолында») жазылып жариялады. Өлең, дастан жаңалық болудан қалды. Қаусылқан мен Рахметоллалар да арт-артынан драмалар жариялап, ол да бірінші болудан болды. Ендігі шабуыл жасайтын қамал екеу еді. Бірі – роман, оған көз жеткізу де, жету де ұзақ жол. Одан гөрі опера қолайлы көрінсе керек. «Сәлиқа-Сәмен» міне, осы ой жүйесінің қозғауымен қолға алынған әрі алғашқы нұсқасын жазу Құрекеңе тапсырылған болса керек. Алғашқы нұсқаны 1960 жылдың тамыз-қыркүйек айларында аяқтаған көрінеді. Мұны Ерғали ағаның 1960 жылы 16 қыркүйек күні Құрманәлі ағаға жазған хатындағы: «Жолдас Мәмет Татлық келіп хош хабар айтты, пьеса кітап аяқтапты» деп, Ерғали аға пьесаны (операның деп жазу керек еді) аяқтағанына қуаныш білдіріп: «Мен оған (Мәмет Татлықты көзге ұстаған) алдымен Құрекеңді құттықтау керек. Мен құттықтарлық түк те бітіре алмадым», - дедім... Сіз шынында жақсы қайрат көрсеттіңіз. Мұндай қайратыңызды қос қолдап құттықтап қуаттап, қолтығыңыздан көтеріп аттандырып мадақтауым керек. Ал, мен бұл мәселеде сізге ешқандай жәрдем бере алмағаныма қысыламын...».

Бұл – 1960 жылы 16 қыркүйек күні жазылған хат. Ал, ақын Мақатан жолдас сол жылғы 5 қазан күні Үрімжіден облыс бастығы, ақын Құрманәлі ағаға жазған хатында: «Опера либреттосын уәделі күнде (кеше) Ерғали екеуміз соңғы рет қарап шығып баспаға ұсындық. Соңғы қаралған нұсқасын өз айтуыңыз бойынша жібердік», - деп жазыпты.

Мақатан жолдас 1962 жылы 6 маусым күні Құрекеңе жазған хатында: «Жуықта Ерғалиден хат алдым, сізді сұрапты. Операның жай-күйін сұрап сізге хат жаз депті. Иә, «Ол жұмыстың жайы не болды екен?» - деп сұрапты. Бұл хатқа Құрекең 3 беттік хатпен жауап беріп: «Сәлиқа-Сәмен» операсы алғаш сәуірдің соңында ойналмақ болып қолға алынған болатын. Кезектегі өзге шұғыл міндеттер мен даярлықтағы кейбір олқылықтар салдарынан ойналмады. Қазір 1 шілде күні ойнау мақсатында қызу даярланып жатыр... Бірнеше рет барып, бір-екі пердесін көрдім... Ойнау барысында шамалы өзгерістер жасалды...»,- деп жазыпты.

Мақатан жолдастың сол хатының басында: «Жуықта қалаңызда болған бір көңілсіздікті естіп, сіздей ренжіп қынжылдық. Бірақ, бұл сіздің табанды күресшеңдік рухыңызды әсерлендіріп, серпілтіп жіберді... Ақсақал, қызметіңіздің артып, гымиңдік (төңкерістік) рухыңыз шарықтап отырған шағына достарыңызбен бірге қуанып, бірге тілектестік білдіремін» деген жолдар бар. Көңілсіздік деген сол жылғы «29-май» кері төңкерістік бүлік екені айқын.

Осы мағынадағы хатты «Шынжаң жастар-өрендер баспасындағы» әріптестері атынан Зейнолла Сәнік те жазыпты. Ол хатында: «... Бізге де, өзіңізге де мәлім себептермен сырқат болып қалуыңыз бізді әрі қынжылтты, әрі сүйсінтті. Қынжылтқаны, сіздің мұндай күйге тап болмағаныңыз абзал еді. Ал, сүйсінткені, сіз қазіргі халықаралық коммунизм қозғалысындағы ең зор, ең күшті, ең көрші қауіп – осы заманғы ревизионизммен  сайысқа түстіңіз... Мұның өзі күллі жұрттың, соның ішінде біздің де құрметімізге бөленіп, үлкен разы еткен іс болды» депті.

Шындығында, Құрманәлі аға 1962 жылғы «29-май» кері төңкерістік бүліктен соң бір мезгіл үлкен мадаққа ие болған еді. Одан соң қалайша от айланбай жатып «іште тұрып шетпен астасқан, Құлжа, Тарбағатайдағы шетке қашушыларды ұйымдастырушы, кері төңкерістік ұйымы бар адам» бола қалды? Егер бұл шын солай болса, шетке қашқан 60 мың адам мен неше жүз мың бас мал үшін Құрекең 17 жылдық емес одан да зор жазаға тартылуы керек еді. Бірақ, 17 жылдан соң осындай өлшеусіз ауыр қателік өткізген адам ақталды. Өкінішті жері, ақталған кезде денсаулығының моторы болған жүрек еті қалыңдап қатып, көнтекке айналған еді. Ақыры сол аурудан келмес сапарға аттанды. Әрине, өмірінің соңында орынбасар өлке бастығы болып бірнеше жыл ойдағыдай қызмет істеді. Бұл міндет, әрине, Құрекеңе ақталғаны үшін емес, кінәсіз, жазықсыз жазаға ұшырағанының бодауына берілді деп ойлаймын. Іс жүзінде Құрекеңе таңылған кінә жауапкершіліктен қашушылардың Құрманәлі ағаның атына лайықтап таңған заты болса керек. Кезінде осындай бір ой, сұрау көз алдымнан кетпеген соң ағамыздың өзінен бірер рет сұраған да едім. Ол кісі ашық айтудан жалтарып:

«Шығысы жаман қамысты

Су ішінде өрт шалар.

Жүрісі жаман жігітті

Ел ішінде жау алар» деп қазақ айтпады ма, ол әлдеқашан өткен іс қой, - деп қана жауап берген еді. Бұл жұмбақтың жауабын келешек айтатын шығар.

Тәліпбай Қабаев (1935-2017)

Әдебиет зерттеуші, баспагер. 2006 жыл, 2 ақпан

Abai.kz

0 пікір