Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Мәйекті 14049 0 пікір 30 Қаңтар, 2015 сағат 15:25

ҚАЗАҚТАРДЫҢ БАТЫС МОҢҒОЛИЯҒА ҚОНЫСТАНУЫ

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, тарих ғылымдарының кандидаты

1770 ж.ж. соңында Абақ Керей ақылмандары алқалы кеңес құрып, хан нәсілінен бір мұрагер әкеліп, өздеріне төре етіп белгілеуге кіріседі. Бұның себебі, ұланғайыр байырғы мекенге егелік ету үшін елді елдестіру мақсаты тұрды. Шығыс Түркістан өңірін қайта мекендей бастаған іргелі жұртқа айбыны мен ақылы астасқан билік жүйесі қажет еді. Ақылмандар ақыры бір мәмілеге келді. Сол ұсынысты әйгілі Есімханның немересі Жәнібектен туатын Әбілпейіз сұлтанның назарына жеткізіп, оның екінші әйелі Тұмар ханымнан туған Көгедай, Сәмен, Жабағы есімді үш ұл тақ мұрагерлікке лайық деп әкелінеді. Мұны шыңжандық тарихшы Асқар Татанай: «...Көгедай 1773 ж. дүниеге келген, он екі жасында 1785 ж. Абақ Керейге төре болды. 1797 ж. Бейжіңге барып Мәнжу Чин патшалығынан «гүн» шенін алды, 39 жыл ел билеп, 1842 ж. 51 жасында дүниеден өтті...» деп келтіреді (А.Татанай, «Тарихи дерек, келелі кеңес», І, 1986, Шыңжаң халық баспасы. 1992).

Көгедай өмірден өткеннен кейін 1824 ж. Ажы төре тақ мұрагерлігіне лайықталды. Қазіргі ШУАР-дың (Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) Буыршын өлкесі Үштас жайлауында 1836 ж. болған мәміледе Қарақас руының аса беделді тұлғасы Жанбайұлы Кененің (1765-1862) бітімсөзімен «Төрт би төре» жүйесі ұсыныс етілді. Сол кездегі «төрт орын» билерге: Мамытұлы Көкен (1797-1879),  Жантеліұлы Құлыбек (1796-1852), Дөненбайұлы Бейсенбі (1799-1872), Сатайұлы Топан (1802-1881) қатарлы би, төрелер келіп он екі Абақ Керей тағдырына жөн сілтеді. Қарақас пен Молқы өкпелемеді. Олардың алдында елді мекендердегі талас-тартыстарды реттеуден бастап, қазақты береке-бірлікке шақыру мақсаты тұрды. Дәл осы тұста қазақ тарихында тұңғыш рет Найманнан Дүзбенбет Құмырысқаұлы, Матайдан Оспан Жәнібекұлы Мәнжу Чин патшасынан «әмбі» атағын алды.

Өр Алтай өңіріне қазақтардың қоныстануы жергілікті өзге ұлыстар үшін дау-дамайсыз бола қоймады. Өріс, шұрайлы жайылымдарға таласу, малдың сыйыспауы, қыстау, жайлауға лайықты өңірлер үшін түрлі қақтығыстар туындады. Жақсылық Сәмитұлы, Нәбижан Мұқаметханұлы қатарлы жазушы, ғалымдардың дәлелдеуі бойынша 1827 ж. Көктоғай, Қу Ертіс, Ақдала, Сарбастау қатарлы алқапты жерлерді баса қоныстанған қазақтарды қудалау тоқталмады. Бұл туралы Н.Мұқаметханұлы Чин патшалығы тұсындағы Шуан Зүн патшасының деректеріне сүйене отырып былай жазады: «...Күші басым қазақтар моңғолдарды ығыстыра бастайды. Өріс-қоныс таластары үздіксіз жалғасты. Қазақтардың қоныстарына қатысты мәселені Бейжінде шешті. Соның бірі Алтай урианхайларының қазақтарға деген наразылығын,өтініш тілегін Қобда әмбісі Бейжіңге мәлімдейді. Мәлімдемеде: «Қазақтар Чин Лүн (Цзя-Чин) Сайшаалт Ерөөлт (1796-1821) заманынан қазірге дейін урианхай жеріне сан рет келді, екі мыңнан астам түтін көшірілді. Тек ғана Ізғұты Жанбалаұлы бастаған 600 түтін көшпей отыр. Бұларды Тарбағатай әмбісі әскер жіберіп қуғындау керек...» делінген (Н.Мұқаметханұлы, «Қазақ тарихынан зерттеулер», Үрімжі, 1989. Жас өрендер баспасы).

Осыдан соң Мәнжу патшасынан «...Урианхай бұқарасының көңілін табу үшін көшпелі қазақтар мен жергілікті тұрғындарды қырқыстыру мақсатында дөрвөдтің оң, сол қанатынан бір мың, халхадан бір мың қол жинап Чулуундорж дегенге басқартып аталмыш өңірлерден қазақтарды қуып шығару керек...» деген пәрмен түсіреді. Әскерлер жасақталып, жайбарақат жатқан елге шабуылдар жасалды.

Қарасеңгірдегі қанатты ел-жұрт, іргелі ауылымен күзеп, жайлап отырған Беген Бәйімбетұлының еліне тиіскендер бейғам елді аяусыз қырып-жояды. Іргелі ауыл үрке көшіп, көбісі жолшыбай тозғынға ұшырайды. Бұл туралы А.Татанай: «Беген байдың қалың жылқысын, бірқанша отауы мен жүзден аса жас жігіт, қыз-келіншектерін олжалап Қобдаға асырып айдап әкетеді. Бұл әйгілі «Сайн ноян шапқан» деген тәмсілмен ел есінде қалды» дейді (А.Татанай, «Тарихи дерек, келелі кеңес», І, 1986, Шыңжаң халық баспасы. 1992., 89-91-б.б).

 Моңғолия қазақтары бұл оқиғаны «Халха шапқыны» деп атайды. Себебі, Сайн ноён хан – Халханың сенімді төрт ірі аймағының бірінің сұлтаны, Мәнжу патшасының сенімді адамы-тын. Шекаралық аймақтан қуғын көрсе де, қазақтар түп қопарылып алыстап кетпеді. Жылдың төрт мезгіліне тәуелді ел-жұрт, таудың қойнау-қолаттарында мал-жанын бағып жата берді.

 1830 ж.ж. Ізғұты Жанбалаұлы (1772-1836), Қазыбектің ұрпағы Иман Қожекеұлы (1790-1824), Қуанбай қатарлы ірі ауылдар мекен еткен жерлеріне қайта көшіп келді. Тағы да дүркін-дүркін қақтығыстар жалғасты. Сондай бір кезеңде Ізғұты, Иман, Қуанбайлар моңғол әскерлерінің қолына түсті. Ал, Жарқынбай, Өтеміс, Құлыбек бастаған мыңнан астам түтін Бұлғын өзенінің Улаанхус деген жеріне қоныстанды (Н.Мұқаметханұлы, «Қазақ тарихының зерттеулері», 169-170 б.б).

Осы жағдайларға қарағанда Қобда бетіне қазақтардың көшіп қоныстануы 1820 ж.ж қарқынды жалғаса түскен. Ізғұты ауылдары сонда да Моңғолдың шекара шебінен алыстамады. Бұның бір айғағы Жарқынбайды арулап қойған жер – Дэлүүннің Бессала-Үйртісінде, Ізғұтының бейіті – Дэлүүннің Жалғыз ағаш деген жерінен анықталуы болып отыр. Кей зерттеушілердің пікірінше, Мініс Әбілтайұлының «Қазіргі Баян-Өлгей қазақтары ХІХ ғасырдың екінші жартысында немесе 1868-1869 ж.ж бастап Қобда бетіне қоныстана бастады...» деуі шындыққа жанаспайды (Керейхан Аманжолов, «Түркі халықтарының тарихы», Алматы, 1999, «Білім» баспасы, 321 б., 201-206 б.б).

Нығмет Мыңжан еңбектерінде 1860 ж. «Қытай-Ресей (Бейжің) шарты» жасалып, осы кезеңдердегі аталмыш елдер қарым-қатынасына оңды нәтижелер бергендігі айтылады. Бұл шарттың маңызы – көшпелі қазақтардың елді мекендерді еркін таңдауына жол ашты. Чин династиясы 1860 ж. өз саяси әлеуетінен айырыла бастады. Аз ұлттар көтерілістері бірінен кейін бірі ашық майданға шықты. Әйгілі «Тайпиндер көтерілісі», «Ниендіктер мен исламдықтар наразылығы» аса күшті қақтығыстарға ұласты. Қашқарияда Британдықтар жебеуімен «Қоқан хандығы» түрен салды. Осындай факторлардың барлығы Чин патшалығының шаңырағын шайқалта түскен.

Г.Н.Потанин «Солтүстік батыс Моңғолия очерктері», «Түркі тайпалары. Қырғыздар (қазақтар)» атты еңбегінде: «Қазақтар Қара Ертістің салалы қойнауын, Тарбағатай мен Сауырдың солтүстік беткейін, Өр Алтайдың оңтүстік бөктерін, кейбір бөлігі Қобда өзенінің жағалауында көшіп-қонып жүреді. Қырғыздардың айтуынша, біздің Қобдаға келуімізден алты-жеті жыл бұрын олар Моңғолға қарай ауа бастаған. Мұнда қазақтың белгілі адамдары Көбеш би (Айтбайұлы Көбеш би – Р.С.), Өжекеұлы Самархан (Қожамжарұлы Самархан – Р.С.) және Қожамжар сұлтандар (Қожамжар Сәменұлы – Р.С.) қол астындағы рулармен бірге шекаралық аралықтарда көшіп-қонып жүрген. Олар алғашқы екі жылды Алтайдың Қобда бетінде өткізген. Сондай-ақ Қожамжар сұлтан Алтайдың оңтүстігіндегі Сұмдайрық өзенінің басын жайласа, Сагсайдың Қобда өзені бойын қыстаған. Бұл жерлер урианхай қоныстары саналатындықтан қазақтар оларға жер үшін салық төлеп, ол төлемдер урианхай шонжарларының қалтасына түсіп отырған. Қазақтар Бұлғын өзенінің басынан Шегіртайға дейін көшіп отырып, Бұлынтоқайдан Гушенге дейінгі жолда Үрінгі өзені бойындағы кең жазықты артқа тастап тура Говьға қарай тартады. Бұл өңірдің қазақтары Алтайдың жазығын жайлап, Қара Ертістің Үрінгісінде қыстайды. Ал, қазақтың Жәнтекей-Шақабай руының ауылдары Бала Ертістің ұшар басы мен Чаган-чил тауында жайлады. Бала Ертіс қойнауынан ауған қазақтар да шығысқа қарай Таван бэлчээр тауында Күрімті өзенінің басында жайлаған.  Бұл ең шығыстағы жайлау болатын. Тілеулі би бастаған қарақас руының қыстауы Сүпті және Күрті өзендерінің жағалауында болған және малдары қыста Үрінгі өзенінің бойында отарлап отырған. Ал, Байбосын бастаған молқы руының ауылдары Үрінгі өзені бойында қыстаған. Алтайдың оңтүстік бөктерін қазақтар осы жердің нақты иелері урианхайлардан қалыспай иеленді әрі олардан жан саны да көп еді. Қара Ертіс қойнауындағы кең жазықты қоныс еткен қазақтар Абақ Керейлер мен Қаракерей руының өкілдері болды» деп келтіреді.

Ол сондай-ақ «Атантай, Есенбай, Есентай әулеттері Базарқұлдар, Атантайдың ұлдары Итқара, Толыбай, Аққошқар, Ақжігітпен (Теңсізбай)... кездескен» деп, олардың Моңғолдың шекарасы маңында көшіп-қонып жүргенін анықтайды (Потанин Г.Н. Этнографиялық және фольклорлық еңбектері. 2-басылымға қосымша. Астана, «Алтын кітап», 2007. VІ т. 248 б., 5-7 б.б). Сол Ақжігіттің өзі балаларымен 1860 ж. 103 жасында дүниеден көшкенге дейін Алтай өңірі, Қобда бетіндегі Сұмдайрыққа (Сум Дарь эх) дейінгі жерлерді мекендеді. Ақжігітұлы Маңғұл (1828-1914) 86 жасында Моңғол жерін мекендеп тұрып, Жа Лама лаңы кезінде Қош-ағаш, Шүй арқылы Алтай өңіріндегі Боғда маңына барып қайтыс болған. Потанин деректерінде көрсетілген рулар әулеті әлі де Моңғол жерінде мекендейді.

Ел Тілеулі биді «Бәлекең» деп қастерлеп, кие тұтатын. Ол қайтыс болған соң, билік мұрагерлікпен ұлы Тырқайға өтті. «Бәлекеңнің» бейіті –  Дэлүүннің Жалғызағаш деген жерінде, Жанбалаұлы Ізғұты қабірінің маңда.

Саяхатшы Г.Е.Грумм-Гржимайло қазақтардың Қобда бетіне қоныс аударуы жайлы аса маңызды деректер келтіреді. Мысалы: «Мұндағы қазақтар өткен ғасырдың 60-жылдарында Алтайдың ар жағынан бергі бетіне өткен. Қара Ертістің бойынан басталған жер дауы керейлерді Қобда бетіне келмеске шарасыз етті...». («Западная Монголия и урианхайский край», Ленинград., 1930, 413-б.). Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы бұл жөнінде: «Қытайдың батысындағы Мүсілімдер көтерілісін пайдаланған Керейлер Қыран Ертіс, Алтай асып Бұлғын, Сагсай өзенінің басынан урианхай жеріне қоныстанды» деп келтіреді («Нулимстай жилүүдийн намтар», УБ., 193 б. 28-29 б.б). Мұсылмандар көтерілісі – 1863-1864 ж.ж. екі мәрте Тарбағатайда көтерілді. 1865 жылы қаңтарда қазақтар да оған үн қосты, қолдады. Осы жағдайлар кезінде көптеген қазақ ауылдары Моңғолия шекарасына қарай беттеді (Шынай Рахметұлы, «Моңғолиядағы қазақ халқы», УБ., 2007, 262 б. 87-88 б.б). Алтай өлкесіндегі қазақтар көбінесе жергілікті урианхайлармен жазғы жайылымға таласа берді. Осы жағдайларды ушықтырған Ойраттар арасына Тибеттен келтірілген дінбасы «Шаған Кеген» (Цагаан Гэгээн) Хонгилжанцан еді. Сонымен қоса 1876-1877 ж.ж  Қашғардағы оқиғалар дүмпуі Алтай бетіндегі қазақтарды да алаңдатты.

Әйгілі ғалым Цэвээн Жамсрано Алтай өңірі, Батыс Моңғол немесе Қобда түгелдей Мәнжу Чин патшалығына қарасты болғанын айта келіп, қазақтар үшін Қобда бетіне қоныстануға оңтайлы болғанын дәлелдейді. Ол «Қазақтар алғаш рет Алтай өңірінен (Қобда бетіне) жайылым жағдайымен өткен...» деп жазды (Ц.Жамсрано, «Қазақтардың тегі, жайы». УБ., 1927. 131-б). Оның дәлелдеуі бойынша осы кезеңдегі қазақтардың саны да нақтыланады. Айталық, «...1860 ж.ж Алтай бетіндегі қазақтар саны көп емес... 1870 ж.ж бір отбасында төрт адам деп есептесек, барлығы 7480 адам, бір түтінде 6 адам бар деп есептесек 11220 адам болар еді...» деп байлам жасайды («Дархад, Хасаг, Хаминган нарын гарал үндэс байдлын өгүүлэл», УБ., 1927, 131-б).

Ал Г.Е.Грумм-Гржимайло: «1860 ж.ж Шәуешектегі Ресей консулы Балкашкин баяндамасы бойынша Алтайдың арғы бетіндегі қазақтар саны Білезік өзенінің бойын мекендеуші наймандардың 500 түтінін қосқанда 12500 түтін, бір жанұяда орташа есеппен төрттен жан болған болса барлығы 50 мың жан болған...» («Западная Монголия и урианхайский край» ІІІ т. Выпуск ІІ., Ленинград., 1930, 469-б.) деп жазады. Патшалық Ресей мен Мәнжу Чин мемлекеті 1864 ж. қыркүйектің 25-і күнгі шарт бойынша Тарбағатайда солтүстік-батыс шекарасы оны қазіргі Завхан аймағы Улиастайдағы Мәнжу әкімшілігіне қарасты етіп 1869 ж. тамыздың 23-і күнгі хаттамасы арқылы бекітті. (КСРО «Шекара» журналы, 1968. №8)

Осы хаттама бойынша шекара бекіген тұста Қобда бетіне қарай қоныстанушыларға ыңғайлы сәт туындай бастайды. Бұл жөнінде тарихшы Зардыхан Қинаятұлы: «...1864 ж. «Қытай мен Ресей солтүстік-батыс шекарасын бақылауға алу шартты белгілері» атты қазақтың ата-жұртын саудаға салған келісім-шарттың салдарынан Алтай бетіндегі қазақтар Чин империясына қарасты болып қалды. Бұрынғыша қазақта хан сайлайтын салт жойылды. Әкімшілік бірліктері Мәнжулік үлгідегі жүйеге көшіп, бөлшектелді. Ғасырлар бойы хандық билікке бойы үйренген қазақтар жаңа жүйеге бірден жатылып кете бермеді. Кейбір ру басшылары түгелдей қарасты елімен Қобда бетіне асып кетіп отырды» деп жазды (З. Қинаятұлы, «Жылаған жылдар шежіресі», 1995, Алматы, 297 б., 32-33 б.б).

Қобда бетін мекендеген қазақтар. «Қазақтар Моңғол жеріне қай жылдары келіп орнықты?» деген сауалға тарихшылар нақты дәйектер таппай келді. Тарихшы Ісләм Қабышұлы қазақтар алғаш 1867 ж. келді деп жазады. Бұны әбден дәлелденген дерек ретінде қабылдаудың қисыны жоқ. Әуелгі кезекте Моңғолия шекарасының Шыңжаң, Алтай өңірімен шекаралас тұсынан, яғни Даян өлкесіне 1855-58 ж.ж. Дүт ауылдары келді деген дерек табылып отыр. Дүттің руы – Арғын ішінде Сүйіндік. Дүт Жанбайұлы 1858 ж. іргелі ауылымен, мал-жанымен Моңғол жерін мекен етіп тұрды. Қазіргі Цэнгэл сұмынының Даян көлінің жағасында «Дүт шоқысы» деп аталатын тарихи, аңызды жер бар. Сол маңда Жанбайұлы Дүттің бейіті орналасқан.

Екінші кезектегі іргелі ауылдар – Керейдің Қанкелді руының Буянтөлекұлы Дүмжік (1826-1918) ауылдары қазіргі Дэлүүн сұмынына қарасты Бұлғын өзенінің бастау тұсы – Хөхцүнхэг, Үш Көкбұлақ, Төвшиннуур, Қасқақұм маңына келіп қоныстанды. Бұл – 1856 ж.шамасы.

Үшінші кезекте руы Базарқұл – Көбеш Айтбайұлы (1810-1890) бастаған аса ірі ауылдар келіп қоныстанды. Мәнжу Чин өкіметі құзырлылығына тәуелді  болуды қаламаған  Көбеш Айтбайұлы Моңғолияның Шыңжаң, Алтай өңірімен шекараласатын Өрмегейті (Ирмэгт) асуымен асып, қазіргі Алтай сұмыны Түргэн өлкесіне қоныс тепті. Осы кезде онымен Орыстың әйгілі саяхатшысы Г.Н.Потанин кездесіп, әңгімелескені жөнінде деректер қалдырылды. Өкіметтен салынатын ауыр салықтан жалтарған іргелі елдің Моңғол жеріне нақты қоныстана бастауы 1866 ж. басталады.

Көбеш батыр 1890 жылы 80 жасында дүниеден көшті. Мағаз Рәзданұлының дерегіне сүйенсек, «Көбеш батырдың... Қызыл қияны жайлап, үш жағына жүздей биені байлап, кілең мақпал қара жылқы жасыл жайлауды баран өңге бояп...» отыратын жайлауы – қазіргі Баян-Өлгей аймағына қарасты Алтай сұмынының жері Қызылқиясы болса керек. Оның мұрагері Көбешұлы Асылбек 1831 жылы Алтай өлкесінде дүниеге келген. Мәнжі өкіметінің Сары уаңдарының салық саясатына қарсылық көрсеткені үшін 1868 ж. небәрі 37 жасында басы алынды. Асқар Татанай, Ғазез Райысұлы қатарлы қаламгерлердің дәлелдеуінше, Асылбекті Іле генералының нұсқауымен Шаған Кеген әскерлері өлтірді делінеді (Ғазез Райысұлы, «Самұрық», Алматы, 2007 ж. 333 б.). Бейіті – Сагсай сұмынына қарасты Қу үй (Хуэй) деген жерде. Асылбектің өз кіндігінен үш ұл болған: Төлепберді, Жарас, Баян. Қыздары: Мәрке, Ұмсындық, Зәуре. Төлепбердіден Нұрғали, одан Жұлдызбай. Кенжесі Баян 1876 ж. дүниеге келген. 1938 ж. Қызыл өкіметтің қудалауына ілігіп, 62 жасында қаза тапты. Әйгілі барлаушы Баянның баласы Қамай барлау саласына көп міндет атқарды.

Тарихшы Ісләм Қабышұлы қазақтардың Қобда бетіне қоныстанғаны туралы айта келіп, «Көбеш батыр» жырында «Қазақтар қоян жылы немесе 1867 жылы Қобда бетіне қоныстанды» деп жазады. Халық жазушысы Мағауия Сұлтанияұлы құрастырған «Көбеш батыр» (1997) атты еңбекте жыр туралы қызықты деректер келтіреді де, «жыр – Қасихандікі емес, руы Сарбас Қабимолланікі болуы мүмкін» деген жорамалға келеді («Көбеш батыр», Өлгий; 1997. 134 б. 4-10 бб). Жырда: «Арғы атасы Қотырақ, бергісі Көбеш батыры...» деген жолдар келтіріледі де, «Батырдың сонда жолдасы, Жылқышы, Мәйті, Тілеуді...» деп жалғастыра береді.  Көбештің туған жылы мен қайтыс болған жылы туралы тарихшы, ғалым Сарай Асқанбайұлы біршама ізденістер жасады. Оның дәлелдеуінше, Көбеш батыр 1802 жылы туып, 1888 жылы 86 жасында қайтыс болады. Қайтыс болған батырдың сүйегі қойылған жер жөнінде руы Қарақас Мешел атты ақын: «Қызылқия  Сұртұмсық, Батыр дүние салған жер...» деп ұзыннан ұзақ жыр жазғаны бар. Көбеш батырдың ұрпақтарының бірі – Темірбек Шәмелұлы «Қара шаңырақ» атты естелігінде: «Көбештің 63 жасында алған кіші әйелі Мақтадан туылған Жақсылықтың (1878-1962) 10 жасында, яғни 1888 жылы 74 жасында Көбеш батырдың дүниеден қайтқаны тағы айтылады. Мәселе батырдың қай жылы туып, қай жылы дүниеден көшкенінде емес деп пайымдаймыз.Ал, ақын-жазушы Кәкей Жаңжұңұлы «Батыр Керей» атты еңбегінде: «Көбеш батырдың ең алғаш Қобда бетіне қоныс аударуы 1852-1853 ж.ж» деп көрсетеді. Сондай-ақ тарихшы Сарай Асқанбайұлы «Айтбайұлы Көбеш» атты еңбегінде Г.Н.Потанин белгілеуіне сүйене отырып, «...1876 жылы 9-айдың 13-і күні Даян көлінің жағалауында отырған Самырхан төренің ауылының маңындағы Жәнтекей Көбеш батырға хат әкелгендігін...» тілге тиек етеді де, тұңғыш рет Қобда бетіне көшіп келушілер осы ауылдар еді деп түсіндіреді. Яғни, орыс жиһанкезінің келгенінен қаншама жылдар бұрын Қобда бетіне қазақтардың қоныс тепкені жөнінде деректер неліктен есепке алынбағаны түсініксіз. Көбеш батыр қайтыс болған 1888 жылы қытайлар оның баласы Асылбектің басын алғаны жөнінде де деректер табылуда. Асылбек Көбешұлының мәйіті қазіргі Даян заставасының маңына жерленген. Қытайлық шежіреші, жазушы Мағаз Рәзданұлының «Санатқа алынбаған билік» атты деректі әңгімесінде «Ши әмбінің қолшоқпары Шаған кегеннің қаталдығына төзе алмаған қазақтар Қобда бетіне қарай қоныс аударған...» деп, бірсыпыра мәліметтер келтіреді. Мұнда: Шеруші Жылқышы би, Сүйіншәлі билеушісі Барлам, Молқы биі Жуанған Майтыұлы, Қарақас биі Бітімші Тілеудіұлы қатарлылар Қобда бетіне қарай ойысты делінетін деректер біздің айтқанымызды дәлелдей түседі.

Қобда бетіне қарай қоныс тебушілердің тағы бір ірі бөлігін Найман руының биі Отыншыұлы Қалдеке (1809-1860) бастады. Қалдеке би 1809 ж. Марқакөлде дүниеге келген. 1860 ж.ж. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы Дэлүүн өлкесі қазіргі Оқас қыстауының маңындағы ойпаңды мекендеді. Бұл өлке бұрынғы Мянгад, Ах, Оорцог, Цэрвээ деп аталатын руларға қарасты еді. Бұл жерлердің атаулары жөнінде Моңғол зерттеушісі т.ғ.д. Б.Катуу «Монгол урианхайн аман зохиол» (Моңғол ұранқайлары ауыз әдебиеті) кітабында біршама деректер береді.

Қалдеке Отыншыұлы осы елді мекенге келген кезінде жергілікті урианхайлармен қақтығысып, солардың бірінің қолынан 1860 ж. 49 жасында қаза тапқан. Патшалық Ресейдің әміршілерінің қыспағына шыдамаған Қалдеке бидің ауылы 1860 ж.ж баласы Абдолланың бастауында 300-400 түтін елімен Шыңжаңның Алтай өңірі Шіңгілді мекен етеді. Сол жылы, яғни 1860 ж. Шіңгілге сыйыса алмаған ауылдардың Моңғол жеріне өтіп қоныстануы жергілікті урианхайлар мен қазақтар арасында төтенше дау туындауына себепкер болды. Сол дау-шардың салдарынан түрлі қақтығыстар орын алып шиеленіс күшейе түседі. Мәнжу Чин патшалығы Қобдадағы Әмбі өздері пәрменімен қоныстануға рұқсат еткен ауылдардың ара қатынасына бітім жасаудың орнына рубасыларын бір-біріне айдап салу тәсілін қолданды. 1860 ж. Қалдеке би басқаның қолынан мерт болғаннан кейін Абдолла бастаған 400-дей түтін қазіргі Қошағаштың Шүй өзенінің теріскейіне өтіп қонады. Қалдеке бидің немересі Абдоллаұлы Шәкірт бұдан кейін Батыс Сібір генерал-губернаторына арызданып Қаратай, Самай, Сарғалдақ ауылдарының 400 түтініне жер бөлдіріп алады (Бошай Кітапбай «Шежіре» І, ІІ кітап. Алматы, 1994. 309-б., 275-б).

Осы тақылеттес тағы бір шоғыр ауылды бастап келген тұлға – Ақтайұлы Жылқышы (1829-1890). Жылқышы 1890 ж. 61 жасында дүниеден көшті. Сұлтан Тәукейұлының шығармашылығы туралы Н.Энхтөрдің еңбегінің  64-бетінде Жылқышы Ақтайұлы 1826 жылы туып, 1890 жылы 64 жасында қайтыс болғаны туралы жазылады (Н.Энхтөр. «Нэрт зохиолч Т.Султаны амьдрал, уран бүтээлийн үнэ цэнэд хөтлөхүй». УБ., 2008. 80 б. 64-65 б.б.). Шыңжандық қаламгер Қостай Жақияұлы «Дәлелхан генерал» атты кітабында (2006 ж.) Жылқышы би 1896 жылы қыркүйектің орта шенінде қайтыс болды деп мәлімет береді. Қаламгер бұл туралы: «1867 жылы шілденің соңында Ботамойын асуынан асқан көш Алтайдың теріскей беті Халха жеріне қоныс аударды» деп келтіреді («Дәлелхан генерал». Өлгий, 2006. 95 б., 11-13 бб.). Ақтайұлы Жылқышы Моңғол жерінде 30-дай жыл мекендеді. Жылқышыдан Сүкірбай (1869-1918) және Мөрдіжан, Ботажан, Айжан, Бижан атты қыздары болған. Жылқышыұлы Сүкірбайдың аты ертеден шыққаны байқалады. Ол 1896 жылы 27 жасында шеруші руының үкірдайы болып тағайындалды. Үкірдайлыққа сайланған жері – Моңғолияның Ұланқұс, Соғақ өлкесі.  Сүкірбайдың кіндігінен Дөрбетхан (1884 ж. т - 1921 ж. ө.), Дәлелхан генерал  (1905 – 1949), Ажықай, Бәделхан, Далайхан тарайды. Шекара бөлінгеннен кейін осы шекараның екі жағын қоныстанған қазақтарға қайбір елге қарауды таңдату үшін біржарым жыл уақыт берілді. Осы мезет ішінде қайсы мемлекетке қарасты болуды қазақтар өздері шешті. 1882 жылы 14 қазанда Шыңжанды өлкеге айналдыру жобасы ұсынылды. Мәнжу Чин патшалығы 1884 жылы Шыңжанды өлке ету жөніндегі саясатын жүзеге асырды. Шыңжан өлке болып құрылғанда Алтай мен Қобда ерекше аймақ болып орталыққа бағынды. Оны Қобдада тұратын Мәнжу Чин әмбісі (моңғол нәсілінен) Санзай Да Чин басқарды.  

Моңғол жерін мекендеуге келген елдің орнығуына тағы бір мүмкіндік жасалды. 1881 ж. Петербургта Қытай-Ресей билеушілері арасында «Қытай, Ресей солтүстік-батыс шекараны өлшеп, айыру шарты» жасалды. Аталмыш келісімнің 5-тармағында: «Қазақ халқы бұрын қай жерді мекендеп келген болса, байырғы мекендерінде отырып, бұрынғы кәсіптерін істеп, бейбіт өмір өткізе береді. Шекара айырылғаннан кейін бұл жерлер қайсы мемлекетке қараса, сол жерді мекендегендер жерімен бірге сол мемлекетке қарайды» деп белгіледі (Н.Мыңжан, «Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 1986. 550-б.) Қытай дипломаты Цен Чи Це-нің сан реткі іс-қимылының нәтижесінде Шығыс Түркістанға берілген ерекше құқықпен Санкт-Петербург келісімі 1881 жылдан бастап жалғасын тапты.

(Жалғасы бар)

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3312
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6001