Жұма, 22 Қараша 2024
Осы ғой енді... 6673 0 пікір 29 Қаңтар, 2015 сағат 11:28

«ҚАЗПОШТА» ҚЫЗМЕТ ҚҰНЫН КӨТЕРУДІ ҒАНА БІЛЕ МЕ?

Мәжілістің кешегі өткен жалпы отырысында депутат Алмас Тұртаев ҚР Инвистициялар және даму министрі Әсет Исекешевке депутаттық сауал жолдады. «Құрметті Әсет Өрентайұлы! Мына мәселелерді ескере отырып, «Қазпошта» АҚ қызметінің сапасын жақсартуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпарат беруіңізді сұраймыз» деп келетін халық қалаулысының сауалында бірқатар мәселелер сөз болады.  

«Қазпошта» АҚ еліміздің бүкіл аумағында пошталық және қаржылық қызметтердің толық спектрін ұсынатын Қазақстан Республикасы пошталық байланысының ұлттық операторы болып белгіленген. 2013 жылы Қазпошта кірістері 2012 жылмен салыстырғанда 14 пайызға өсіп, 30,8 млрд теңгені құраған. Қазпоштаның тиімділігі және таза табысы үш жыл қатарынан өсуде, бірақ пошта басшылығы жұмсалған шығынның ақталмауы туралы айтып, үнемі субсидияға сүйенгенді жөн көреді.

2014 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазпошта қызметтер тарифтерін көтерген. Бұл ретте, бағаны кезекті жоғарылату девальвациямен түсіндіріледі, бірақ теңге құны 19 пайызға төмендеп, кейбір позицияларға (жазба хат-хабарларды жөнелту) бағалар 27 пайызға артқан.

Қызметтер құнының кезекті артуынан көптеген баспа басылымдары күрделі жағдайға тап болуда. Айталық, кейбір басылымдар жазылудан және баспа нобайынан бас тартып, толығымен «онлайнға» көшуде. Бұған қоса, Қазпоштаның негізгі проблемаларының бірі – тиімсіз менеджментте деп есептейміз. Егер алынған табыс пошташылардың еңбекақыларын индекстеуге жіберілмесе, поштаның қаражаты қайда жұмсалатыны түсініксіз. Мысалы, өңірлерде пошташылар өз жұмысы үшін 5 мыңнан 15 мыңға дейінгі көлемде жалақы алады. Ал орталық аппараттағы қызметкерлер 10 есе жоғары алса, басшылық тиісті сыйақы да алады. 

Сонымен бірге қызметтер құны артқанымен, қызметтер сапасы жақсарған жоқ, яғни хат-хабарлар Астана және Алматы қалаларына 2-3 күнге, облыстарға 7 күнге кешеуілдеп жеткізіледі. Өңірлерде интернет дамымағанын, жұртшылық әлі күнге дейін газет оқитынын ескерсек, онда «Қазпошта» АҚ өзінің әлеуметтік-саяси міндеттерін әлі сезінбей келеді. Қазпошта баспа басылымын босату бағасына комиссия қосатындықтан, оқырмандар үшін газет бағасы көтеріліп отыр.

Пошта қызметі сапасының төмендеуімен бірге, пошта қызметкерлері тарапынан жасалған заң бұзушылықтар жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2014 жылдың соңында Орал қаласында «Қазпошта» АҚ-ның 9 қызметкері мүгедек балалар шотынан ақша жымқырды деген айыппен әр түрлі мерзімге сотталса, осы жылдың басында бұқаралық ақпарат құралдары Ақтау қаласында пошта қызметкерлері сәлемдемелерді ашып, өздеріне ұнаған заттарды алғандары үшін ұсталды деген мәліметті таратты.

Қазіргі кезде пошта арқылы жіберілетін заттарды жөнелту үшін халық пойыз жолсеріктерінің немесе ұшақ экипаждарының қызметіне жүгінеді. Дәл осы пошта жұмысына азаматтар сенімсіздікпен қарайтындықтан, Қазақстандағы пошталық қызметтер нарығында шетелдік курьер қызметтері (мысалы, DHL) пайда болып, табысты жұмыс істеуде. Ал мерзімді басылымдарды қабылдаумен және жеткізумен Қазпоштадан басқа өзге де компаниялар айналысады.

«Өткен жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының пошта байланысы саласындағы заңнаманың нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру және пошта операторларының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдап, Қазпоштаның халықаралық деңгейде қызмет етуін қамтамасыз еттік. Бірақ оның ішкі қызметі төмен деңгейде қалып отыр. Бұл мәселелерді бұрын бірнеше көтергенімізде Үкімет тарапы пошта қызметін реттеуге қатысты жаңа редакциядағы заң жобасын әзірлеп, Мәжіліске ұсынатындығын айтқан болатын. Бірақ ондай заң жоба әлі күнге дейін депутаттардың қолына тиген жоқ» дей келе депутат Алмас Тұртаев  «Қазпоштаның» халыққа қызметін жетілдіруді ұсынады.

 

Абай.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5302