«АТТАН ЖЫҒЫЛМАҒАН ЖЕР ТАНЫМАЙДЫ»
Ғасырларға созылған бодандықтың қара түнегі түріліп, азаттықтың ақ таңы қылаң еткенде, бойында - жаны, бетінде - қаны бар қазақтан жүрегі жарыла қуанбағаны жоқ. Елдегіні қойғанда, шеттегі қазақтардың жүзін «Тәуелсіздік!» деген жалғыз ауыз сөз ғарыштан келген ғажайып сәуледей қас қағымда нұрландырып жіберді. Қарттар «А, Құдай!» деген тілегін дамылсыз қайталап, жайнамазына қарай қалбалақтаса, жастар жат халықтың көзі тая бере құтты болсын айтысып үлгірді. Ұйғыр бауырлар: «Сіздер не деген бақыттысыздар! Бізге ондай атты күнді көруді Алла жазар ма екен?!» деп кемсеңдеді.
Өйткені, адам баласына азаттықтан құнды еш нәрсе жоқ. Онсыз сенің адаммын, арманыма жеттім дегеніңнің бәрі бекер. Отар елдің кісісін ешкім де адам санатына қоспайды. Сондықтан да, азаттықтың құны еш халыққа арзанға түспеген. Біз үшін де солай болды. Ғасырлар бойы төгілген арыстарымыздың ыстық қанының қарымжысы үшін, үш қазақтың тек екеуінің ғана қолы азаттыққа әзер жетті. Үшіншісі әлі де телмеңдеп, құлдықтың күнін кешуде. Ендеше, оған қуанбаған жүректі жылан жайласа рауа. Ал, ең салымды жандардың ғана маңдайына бұйыратын мұндай ұлы қуанышты біреудің сүйіне, біреудің күйіне қабылдауы заңды. Олайы, «ұлттың досы жоқ». Сондықтан да, азаттыққа жету қандай азапты болса, оны баянды етудің өзі тұтас ұлтқа ауыр сын. Мұндайда ең ес қататын құрыш сауыт - төл құндылық. Сондай құндылықтардың бірі - ана тілдегі жер-су аттары. Себебі, ол - сол жерді мекендеуші халықтың заңды құжаты есепті. Оған алыстан ат сабылтып дәйек іздемей-ақ, өз тарихымыздан көптеп табуға болады. Айталық: Қарамұран (/Ұлы өзен/ Қытайдағы Хуаң-хы), Сарғусын (Сарық Ұсын – Сары Үйсін), Татар бұғазы, Памер (Пам /апам/ – атам, ата-бабам, ер – йер, жер. Ата мекен), Маңдай (Тибет үстірті), Көгмен және Таңқан (Ерен, Тәңіртағ – Тянь-шань), Балқан тау (балқын, яғни вулкан атқылап тұратын тау). Айта берсе көп. Осының бәрі арада мыңдаған жылдар өткеніне қарамастан, осы өлкеде Түркі халқының ұзақ замандар бойы өмір кешкенін тұтас әлемге жарнамалап тұр. Сол себепті де отаршылдар біздің жеріміздің атын өзгертуге, бұрмалауға, қисынсыз түсініктемелермен шатастыруға ерек ділгір болды.
Әлемге әйгілі Ерен тауды Тянь-шань деп мүлде басқаша атандырып жіберді. Құбы шөлін Жоңғария қойып алды. Ал, Жоңғар Алатауы, Жоңғар Қақпасы дегенге өзіміздің де аузымыз жып ете түсетін болып кетті. Мұның бәрі өткеннің ісі деп тарих ақсақалдың көмпіс мойнына іле салармыз. Ендеше, азаттықтың ақ таңында сара жолдан адасып барып тауып алған «Алашаңхай» деген жересімді (топонимді) қай бетімізбен, кімге артамыз? Оны біздің қандай білгіш қай мұрағаттан шұқып тапты екен шіркін?! Ары ойланып бері толғанғанда, мәлім бір «полиглот» қытайшадан төте дыбыстық аударма жасаған-ау деген қарарға келесің. Алайда, біздің «аудармамызға» қарағанда қытайша «А-ла-шан коу» (阿拉山口) деген атаудың өзі әлде қайда имантаразы. Өйткені, ол қазақтың Алатау сағасы деген атауынан жартылай дыбыстық, жартылай мағыналық аудармамен жасалған. Ондағы «а-ла» дегені баспа-бас қазақша ала сөзінің қытайша баламасы. Қалған: «шан» дегені тау, «коу» дегені ауыз, аңғар, саға деген мағынада. Сонда, біздің «Алашаңхай» деген жасампаз аудармамыз қайдан келген? Бұл әрі-беріден соң жаттың аузына жаман сөз салғандық болмай ма? Күн ұзара келе, біздің осы тантық аудармамыздың өзгенің пайдасына шешілетін «тарихи айғақ» болмасына кім кепіл?
Ақорданың емеурінімен «Дружба», «Панфилов» деген бәлелерден құтылып едік. Енді, «Хоргос», «Чугчак» деген кесапатынан қашан арылар екенбіз?! Іс жүзінде екуі де төл қазақы атау еді. Оны «достарымыз» өздерінің ниетіне сай бұрмалап жіберген. Біз болсақ, сол шиырдан әлі шыға алмай-ақ келеміз. Мұндағы алдыңғы жересімнің (топонимнің) әсілгі тұлғасы «Қорғас» болатын. Оны жерлік қазақтар күні бүгін де солай атайды. Сонымен бірге, Шығыс Түркістандағы барлық қазақша басылымдарда солай жазылып келеді. Оның бәрі тегіннен тегін емес. Бұл атау осы өлкедегі недәуір өңірді қамтиды. Ол, әсілі Шыңғысханның Жошы ханнан кейінгі ұлы Шағатай хан ұрпақтарының қорығы болатын. «Қорғас» атауы содан келіп шыққан. Яғни, қорық, қорғалатын өңір деген мағына береді. Бұл жерде Шағатай ұрпағы – әйгілі Тұғлық Темір ханның күмбезі де болған. Қызыл өкімет шек қоюдан ілгері, ел кие тұтып, ерекше ұлықтап келген. Қылаяғы сонау Алтайдан тентіреп келген қазақтардың сол жерге түнеп, түсінде аян алып, өмір жолын тапқандары бар. Енді келіп, оны қалмақтың «хоргос» (түйенің құмалағы) деген сөзінен шықты дейтін тантыққа жүгініп жүрміз. Онымен қоймай, орысша ораммен «харгос» деп тілімізді бұраймыз.
Шәуешек деген де - төл қазақы атау. Қазақы болғанда қандай, әрбір әрпінде шежіре тұнып тұрған тарихи атау. Ұлы Абылай хан жоңғарды жойған соң бір жылдары ордасын Үрімжі өзенінің бойына көшіріп барып, Ханжұрты деген жерде (қазіргі У-жә-чүй /五家渠/), шүршіт (мәнжүр) патшасымен болған келісімге сай олармен сауда жүргізген. Кейін, солтүстік және батыс жақтағы қазақтарға мойны жақындау болсын деп, қазіргі Шәуешек қаласы маңында да базар аштырған. Дәл соны қазақтар «Шәуешек» деп атаған. Олай атайтыны, «шәуе» (шөбе) бөлімше, тармақ дегенді білдіретін сөз еді. Демек, «Шәуешек» бөлімше сауда орталығы деген қазақ сөзінен келіп шыққан. Басқадан жаңылсақ та, тап осыдан жаңылатын жөніміз жоқ еді. Бәрі де алдымен аузымыздағы тілмізді алып, одан соң жүректегі ділімізге жармасқан сұм отаршылардың лаңы ғой. Сол тұста, Сауыр тауындағы Майқапшағай өңірінен және Ертіс бойындағы қазіргі Семей маңынан да сауда орындары ашылған. Сондықтан, осы екі жер де «Жеменей» аталған. Кейін орыс отаршылдары жерді жер атымен жеу зымияндығына басып, біріне «Семей» деген жалған ат қойып, екіншісіне «Шегара қарауылын» салуды ойлады. Әрі сол арқылы шығысқа қарай жүздеген шақырым ілгерлеген. Ал, бұл жерлердің неге «Жеменей» аталғанына келсек: саудаға салған мал жайылыстан таршылық тартпас үшін, осы аумақ хан пәрменімен қорғалған. Содан барып, арнаулы желінетін ақоттық деген мағынамен «Жеменей» аты қалыптасқан. Бұған Алтай керейлерінің «Жеменей жердің түбі» деген мәтелі де куә. Олай дейтіні, ертеде «Ішкі елге» жиынға келген Керей ұлықтары Жеменейге (Семейге) жаз кетсе, елге күз оралады екен.
Біздің жаңылып жүргеніміз жер аты ғана емес, суларымыздың да атынан қарап отырып алжастық. Ертістің бойында әлемге әйгілі бір ұлы көл барын бәріміз білеміз. Соны арғы беттегі қазақтар күні бүгін Жәйсәң деп атайды. Ал, темір тордан бері өте қалсаңыз, Зайсан деген «атауға» бірден ұрынасыз. Сірә, қайсысы дұрыс? Қазақта жер жүзі жауыннан сабыр болып шалшықтанғанда, егінге су қаптап кеткенде айтатын «көл-жәйсәң» дейтін теңеу бар. Онысы - тұрған көлшіктің, үйелеген судың мөлшерін тасыған өзеннің шығанақ-шығанақтарды басып алапқа жайылғанына теңегені. Бұл көлдің аты да сондай ұғымнан келіп шыққан. Ертістің атырапқа жайылуынан қалыптасқан көл дегені. Өйткені, Жәйсәң көлі басқа ұлы көлдер секілді өзеннің аяғынан қалыптаспаған. Ертіс одан соң да ағысын жалғастырып Обь өзені арқылы Солтүстік мұзды мұхит су жүйесіне қосылады. Демек, көл аты ешқандай да басқа тілден емес. Қайта қазақтың жер мен суға ат қоюдағы талғампаздығын көрсететін бұлтартпас айғақ. Қалмақтың «жайсан» деген шен атынан шықты деген де шатпақ сөз. Ол - кезіндегі залым отаршылардың қазақтың жерге деген иелік құқығын жоққа шығарып, ұрпақтардың сағын сындыру үшін ойлап тапқан сұрқиялығы. Әйтпесе, қалмақтың сол атауының өзі қазақтың «жәйсәң» (жайсаң) – ел жақсысы деген сөзінен қабылданғанын білмеді дейсіз бе?
Осындай жересімдеріміздің бір парасы Шығыс Түркістанда қалған жер-су аттарын жазғанда байқалады. Жылты бар әрбір қазақ бұл жердің қазақтың байырғы отаны екенін біле жүргені абзал. Байырғы қоныс болғандықтан, онда қазақша ат қойылмаған түйір тас, тамшы су жоқ. Ол жерге жат халықтың дендеп кіре бастауы - ХХ ғасырдың екінші жартысындағы шаруа. Керек десеңіз, Алтай, Тарбағатай, Іле өңіріне 1960-жылдарда ғана «жаңа мүше» деген атпен алғашқы топтағы еңбекші қытайлар және дүңгендер кіргізіле бастады. Ал, қазақтардың жоңғарларды тықсырып, қайта серпе жеткені 1740-жылдар шамасы. Осының өзі де - бұл өлкедегі жересімдердің (топонимдердің) кім арқылы қалыптасуы мүмкін екеніне жеткілікті дәйек. Қалмақтар да өздерінің алдындағы қазақтар қойған жер аттарын сақтап келген. Жоңғар жойылғаннан кейін, олардан қалған кіші-гірім аттар ұмыт болды. Сақталып қалғандарының өзі әбден қазақыланған. Сондықтан, ол жақтағы жерлер туралы жазғанда (айтқанда) келсе-келмес шүлдірлеудің керегі жоқ. Өзгені қойғанда, қазір қытайша аталып жүрген қалалардың өзінің қазақша аты бар. Айталық: Шы-хы-зы (石河子) – Тасырқай; У-су (乌苏) – Қарасу, немесе Көр Қарасу; Бей-тұң (北屯) – Дөрбелжін т.б..
Атам қазақ айтқан екен: «Аттан жығылмаған жер танымайды» деп. Біз аттан сан мәрте жығылдық. Енді жығылсақ... Тәйт! Бетін ары қылсын. Сонда да «жер танымасақ» – қасиетті жер-суымыздың атын дұрыс жазып, тура айта алмасақ және өзгеге солай етіп таныта алмасақ, кім болғанымыз? Онда Ақордадан шыққан тамаша пәрмен қайда қалады? Әдетте биліктің бидайын-ақ қуыратын БАҚ мұндайда сол биліктің байыпты бастамасының байыбына бара алмай жатса, онда халықтың алдында «бақ» демек түгілі бәу деуге хақысы қала ма? Өйткені, Жер – ұлтымыздың атасы, Су – еліміздің анасы. Сондықтан, оның атын келсе-келмес бат-бұттауға ешкімнің, ешқашан да құқы жоқ!!!
Ұлы бабаларымыз: «Тау айналмаса да, тас айналады» деген екен. Дүниенің бар түкпіріндегі жерімізді танып жүрейік, Алаш ұранды ағайын!
Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын,
ҚазҰҒА-ның құрметті мүшесі.
Абай.kz