Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
«Соқыр» Фемида 6147 7 пікір 30 Наурыз, 2017 сағат 12:40

Асановтың ұрлық-қарлықсыз қалада тұрғысы келеді...

Басқа, басқа Қазақстандағы ұрлықтан Бас прокурор Жақып Асановтың өзі азар да безер болып, қашып отыр. Ол қазір қылмыстан ада, ұрлап-жырламайтын қаланы қиялдап, утопиялық идеяның соңында жүр.

Құқықтық тәртіптің сақталуы мен қылмысқа қарсы күресті Заңмен қаматамасыз етуге арналған Үйлестірушілер кеңесінің Астанада өткен жиынында Жақып Қажманұлы:

  • Мемлекеттің алдыға қойған мәселесі, біздің міндетіміз – ешкім ештеңе ұрламайтын орта қалыптастыру. Егер сондай ортаны жасай алатын болсақ, бір өңірге, ісі ілгері басып тұрған бір ауданға, әлде бір облысқа бәріміз барып тұрайық та, сол жерде ұрлық-қарлықсыз өмір сүріп көрейік. Содан кейін өзгелерге өнеге көресетіміз. Сөйтейік, жымқырып-қымқырмайтын облысты таңдап алайық, ұрлықпен солай күресейік, - деді.

Әрине, біз бұл жерде Бас прокурордың сөзін дәлме-дәл көшіріп алып беріп отырған жоқпыз, бірақ, шамамен – осы. Қысқасы, Асановтың арманы – ұрлықсыз қала, әлдебір елді-мекен. Ел іші. Байқаған шығарсыз, қылымысты істердің қылкеңірдегінен алуға тиіс құзыретті органның басшысы да қажыған, шаршаған сияқты. Не нәрседен? Әрине, Қазақстандағы жемқорлықтан, жең ұшынан жалғасқан қулық-сұмдықтан, коррупциядан... Алайда, Асанов армандап отырған аудан, иа, облыс орталығы Қазақстаннан табыла қояр ма екен? Әй, қайдам...

Еске түседі. Баяғыда ағайынды екі шал болыпты. Екі шалдың да кемпірі ана дүниеге өздерінен бұрын аттанып кетіп, екеуі бір келіннің қолына қарап қалыпты. Келін шырақ былайынша ақкөңіл, қолы ашық, дастарханы кең адам екен. Қарттардың қарнын ашырып, өзегін талдырмапты. Өзі де тамақты нықтап ішетін болса керек. Тамақты нықтап ішкеннен кейін бе, келіні бар болғыр отырса да, тұрса да жел жібере береді екен. Келіннің сол қылығын сыртынан сөгіп екі шал:

  • Қаракеней, а, Қаракеней, қайда барып жатамыз? Тамның төбесіне барып жатамыз ба, әлде, таудың басына барып жатамыз ба? Келінжан отырса да «тырқ», тұрса да «тырқ», - деп күңкілдесетін  көрінеді.

Сол екі шал айтпақшы, Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да желіндеп алған жемқорлық арандай аузын ашып тұр.  Осындай жағдайдағы елден Асанов мырза қандай қайырымды орта іздеп жүргенін түсінудің өзі қиын. Алайда ол жемқорлық дейтін жегіқұрттың  құқықтық сауатсыздықтан да шығып жатқанын аңғартып:

  • Біз халықтың заң орындарымен заңды біле отырып қарым-қатынас жасауын қамтамасыз етуіміз керек. Егер көпшілік заңды жақсы білсе, онда бізге басшыларды, прокуорларды қызметтерінен босата беруге болады. Ал, біз халықтың сауатты болғанын қаламаймыз. Ел іші көп нәрсені білген сайын бізге олармен жұмыс істеу де қиынға соғады. Мен бұны жасырмаймын, - деді Бас прокурор.

Рас, Бас прокурор айтқандай, жемқорлықтағы басты мәселенің бірі – халықтың құқытық сауатының кемдігі. Құқтық қана емес, жалпы сауаты аз, билікке нақты талап қоя алмайтын, дәрменсіз, қараңғы халықты басқару қашанда оңай болған. Бұл жайтты Жақып Қажыманұлы да жақсы білсе керек деп ойлаймыз. Сондықтан да оған ұрлықсыз қала туралы қиялдау ғана қалып тұрған сияқты.

Нұрзат Тоғжан

 Abai.kz

 

 

 

7 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969