Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Cатира 7496 4 пікір 3 Сәуір, 2017 сағат 12:14

Үкімет жұмақ пен тозаққа билет сата бастады

Бүгінде ештеңеге таң қалуға болмайды, әлі талай  еске аласыз ондайды, қысқасы, жұмаққа да, тозаққа да билет алмаған оңбайды... Былай ғой, үкімет бюджеттің бүйірін қампиту үшін  о дүниедегі жұмақ пен тозаққа билет сата бастады.

Кейін шын дүниеге кеткеніңізде жұмаққа да тозаққа да сол билетіңізбен кіре қояды екенсіз. Бірақ әркімнің арына салды, күнә арқалағандар, жемқорлар, қылмыскерлер, билік дәлізіндегі улы кландар, жат діннің жетегінде кеткендер, тағысын-тағылар тозаққа билет алулары тиіс. Ал, Отаны үшін жанын пида етуге даярлар, патриоттар, халық қамын ойлаушылар, тағысын-тағылар жұмаққа билет алулары тиіс болатын. Құданың құдыреті, алғашқы аптаның өзінде ақ, жұмаққа деген билеттің бәрі сатылып кетті! Жоқ! Бәрін арам жолмен байығандар, шікірейген шенеуніктер, жемқор әкім-қаралар «оптом» сатып алып қойыпты! Шетелге қашып кеткен опасыздар да астыртын жолмен жұмаққа билет сатып алғандарын қайтерсіз? Жемқор министрлерің де тозаққа билет алғысы келмей, жұмаққа жол тартқысы келіпті... Содан, Премьер-министр таңертеңгілік жиында министрлерден:

– Тозаққа кім барады? – деп сұрады. Құлқындары жыбырлап, жұтып қойған бірді-екілі министр қол көтермеді. Тіпті, ешкім жөтелмеді.

– Бірдеңе айтайын ба? – деп қалды бір министр.

– Иә?

– Мұғалімдерге күштеп саттырайық!

– Мұғалімдер? ЭКСПО көрмесіне билет сатсақ, мұғалімдер, сайлау науқаны бола қалса, мұғалімдер, оларға обал емес пе?

– Мұғалімдер өмір тозағына үйреніп қалған дегенім ғой... Жұмақты жатырқап жүре ме деп...

Содан не керек, тозаққа деген билеттерді сатып алу қазақ мұғалімдеріне міндеттелді. Сол бейшара мұғалімнің бірі мен едім. Айлығымызды көтеріп жатқаны қуантады, тозағы несі?  Мектеп директорына кірдім де:

– Кешіріңіз, мен тозаққа бармаймын! – деп салдым.

– Неге?

– Кісінің ала жібін атттаған емеспін, адал өмір сүрудемін, сотталмадым. Неге менің баруым керек?

– Сотталмасаң, сотталуыңа көмектесейік?

– Керегі жоқ!

– Тозақта отқа өртейтіні болмаса, ол жақты да көргенің жақсы ғой... Дегенмен...

– Не дегенмен?

– Тамағымды майласаң...

Қуаным кеткенім ай! Мұғалімдердің айлығын өсретін болғалы, мектепке жұмысқа қабылдау парасы екі есе өскенін білемін, ал, жұмаққа билет үшін пара алатын директорды көріп тұрғаным осы! Айлығымды қолына ұстатып, алыпсатар директордан жұмаққа билет алдым! Жұмаққа! Жылап тұрып, жұмақ билетін сүйіп сүйіп алдым!

Мұхтар Шерім

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1969