Үмітжан ЖАПАР. «Жетім бұрышты» жағалаған үш күн
«Жетімдер бұрышын» жағалап жүргеніме бүгін үшінші күн. Күнде ештеңе таппай қайтсам да, осы жерге келіп, жалға берілетін үйлердің бағаларын бір шолып шығуды әдетке айналдырғандаймын... Ауылдағы кең үйде еркін шапқылаған, қаладағы ұядай болса да өз үйінде бұла өскен, «пәтер» деген бәлені білмеген ерке қызға бұл жүрісі тым ауыр тиді... Бірақ «адам үш күннен соң көрге де үйренеді» дейді ғой, оған да етім өліп кеткендей. Кеше ғана тұрмыс құрған жас қыздың алдынан өмір өзінің ащы шындығының бетпердесін бірден ашты. Бізді де еліміздің бар жасының басындағы үйсіздік пен күйсіздік тосып тұр екен...
Бірінші күн
«Жетімдер бұрышын» жағалап жүргеніме бүгін үшінші күн. Күнде ештеңе таппай қайтсам да, осы жерге келіп, жалға берілетін үйлердің бағаларын бір шолып шығуды әдетке айналдырғандаймын... Ауылдағы кең үйде еркін шапқылаған, қаладағы ұядай болса да өз үйінде бұла өскен, «пәтер» деген бәлені білмеген ерке қызға бұл жүрісі тым ауыр тиді... Бірақ «адам үш күннен соң көрге де үйренеді» дейді ғой, оған да етім өліп кеткендей. Кеше ғана тұрмыс құрған жас қыздың алдынан өмір өзінің ащы шындығының бетпердесін бірден ашты. Бізді де еліміздің бар жасының басындағы үйсіздік пен күйсіздік тосып тұр екен...
Бірінші күн
Бұл бұрышқа келем деген ой санама тіптен кіріп-шықпайтын. Әркез осы көшенің бойынан өткен сайын құжынаған қара халықты көріп, іштей мүсіркеп, аяйтынмын. Тағдыр бұл жаққа қарай аяқ бастырмайтындай көрінетін. Ал енді бүгін сол аянышты халге өзім түсіп отырғанымды ойлап, еңсем езіліп кетті. Ары-бері өткен елдің бәрі маған қарап тұрғандай, мені «байғұс қыз» деп мүсіркейтіндей... «Маклер» деп әспеттейтін қабағы қатулы ағай-апайларымыз танауының үстінен қарайтыны тіптен қаныңды қайнатады.
Бірінші күні өзім жалғыз баруға жүрексініп, қасыма құрбымды ертіп алдым. Оның маған қарағанда пәтер іздеуден «тәжірибесі» бар. Менен бұрын бірнеше рет келіп, осы жерден аядай ғана бөлме тапқан. Екеуміздің жағдайымыз да ұқсайтын секілді. Ол да, мен де жаңа тұрмысқа шыққанбыз, «отбасы» деген институттың балмұздақтарымыз. Ол да ешқашан пәтер іздеп сандалып көрмеген. Пәтерден-пәтерге көшудің азапты дәмін татпаған.
...Жетімдердің бұрышына алғаш ат ізін салғанда өзімді расымен-ақ жетімдей сезініп кеттім. Қолдап-қорғайтын, «жас едің-ау» деп маңдайымнан сипайтын ешкімім жоқ. Еліме-жеріме, қоғамға керексіз жетіммін... Бұндай күй менің ғана басымнан өтпеген болар. Уақытша болса да басына пана болар үй іздеген талай жастың тәлейіндегі дүние. Қос алыптың атындағы көшелердің қиылысында орналасқан бұл бұрышта талайлардың тағдыры тоғысып жатқандай. Түскі уақыт, көше маклерлерінің саудасы қызып тұрған шақ. Ең шетте отырған апаның алдында жатқан қағаздарға үңілдік. Екі отбасы бірігіп тұрайық деп шешкенбіз. Екі бөлмелі пәтерлердің тізімі жазылған қағаздан керегімізді іздеп тұрмыз. Жас отбасының қалтасы көтеретін баға көрінбейді. Біз де пендеміз ғой, тиын төлеген соң, жақсы жағдайы бар үйде тұрғымыз келеді. Бірақ аспандаған баға біздің шарықтаған көңілімізді су сепкендей басады. «Осы болады-ау» деп тапқан пәтеріміздің жайын сұрайық деп, апамыздың қасында біраз тұрдық, бірақ ол кісінің құлағы телефоннан босамады... Бағасы қолайлы болса да, маклері жақтыртпай тұрғандай көрінген соң, жайма базардай жайылған жарнамаларды жағалай бердік...
- Екі жас отбасына екі бөлмелі пәтер болса дейміз?
- Қаншаға?
- 60-70 мыңның айналасы...
- Ондай ақшаға пәтер таппайсыңдар!
Қалтамыз көтеретін бағадағы пәтерлердің өзі қаланың ең шетіндегі, алыс шағынаудандарда орналасыпты.
- Мына пәтердің жағдайы қандай? Ішінде не бар? Екі отбасы тұрамыз...
- Жай ғана пәтер, ішінде барлық жиһаздарымен...
- Жөндеу жұмыстары жүргізілген бе?
- Ой, қыздар, сендерге еще еуроремонтымен үй керек шығар? Ондай пәтерлер қанша тұратынын білесіңдер ме?
- ....
- Онда қараңдар!
Маклер біздің алдымызға «2 бөлмелі пәтерлер» деп шала сауатты жазылған бір қағазды итере салды. Қаланың ортасындағы 2 бөлмелі пәтерлерді жалдау құнының АҚШ-тың 800-1000 көкқағазынан кемі жоқ. Біз бұрылып жүре бердік. Кетіп бара жатып маклердің қасында отырған жасы отызға таяп қалған қыздың (ол да осы жерден нәпақасын тауып жүрген жан болуы керек шамасы) «бізге де байға тиіп алу керек еді» деген сөзін құлағым шалып қалды. Оның осы сөздерінен өзегін өртеген өкініштің де, ішін қызыл иттей тырнаған қызғаныштың да лебі сезіледі. Неге тістенеді, кімге ызаланады?
...Бірақ сол сәт менің бойымды бір қуаныш, мақтаныш сезімі билеп алды. «Отбасы» деген сөз қандай құдіретті, қандай қадірлі еді. Қуықтай бөлмені жалға алсаң да, бұнда қайнайтын өз өмірің, өз шаңырағың, өз отбасың... жалғыз емессің... «Өзімдікі дегенде өгіздей қара күшім бар». Кішкентай мемлекет құрып, өз шекарамыз бен шебімізді бекітуге деген құлшыныс пайда болады кеудеде. Адамдарды алға жетелейтін осы құлшыныс екен. Қандай қиындық көрсең де, тағдырдың бұралаң жолдары қалай бұрылса да, артқа қарайлатпайтын, сүрінсең де қайта тұрып еңсеңді тіктететін де сол секілді.
Екінші күн
Мен де пәтер іздеуден аздап тәжірибе жинақтай бастадым ба, екінші күні ертерек келдім. Кеше кешірек шыққан соң, лайықты ештеңе жолықпаған. Қай маклердің жанына жоламайын, «сен іздеген пәтердің барлығы таңертең өтіп кеткен» деді. Құрбым екеуміз құр сандалып қайттық. Бұл жолы еш жүрексінбей, өз-өзіме сенімді келем. Керек пәтерімнің қандай болатынында дауысымда еш діріл жоқ, тақылдап тұрып түсіндірем. Бізге де өзгенікі болса да ұқыптап ұстайтын дүние-мүлік, жанға жайлы жағдай керек. Көше маклерлері де Еңбек кодексінің ережелері бойынша «еңбек ететін» секілді. Таңғы тоғызда келеді, түскі астары бір мен екінің аралығы, ал алтыдан соң ешкімді де таппайсың. Мен ертерек келген болуым керек, кешегідей құжынаған халықтың қарасы көрінбейді. «Благоустроенный» үйлердің бағасынан меселім қайтып қалғандай ма, «времянка» деген жазуларды жағалаймын. Міне, бір ағайдың алдында ондаған құжыралардың тізімі жатыр. Олардың құжыра екендігіне еш күмәнім жоқ. Өйткені жалдың құны олардың жағдайын өзі-ақ айтып тұр. Сонда да болса келісіп қалармын деп бұрылдым.
- Ағай маған Саяхаттың айналасынан керек еді?
Бұл кісінің де ең алғашқы сұрағы «қаншаға?» болды. Бас-аяғыма сынай бір шолып, қалтамның қалыңдығын бағамдағандай. Түріме көңілі толды ма кім білсін, көңілдене қолындағысын көрсете бастады. Бірақ хабарламаларының бәрін де «2 қызға» немесе «2 жігітке» деген жазу тұр.
- Ағай біз екеу едік... Отбасымыз.
- Бірден айтпадың ба, сендерге ыңғайлы ештеңе табылмайды...
Сонда да болса, бағасына қызығып біраз тұрдым. Өзара қауқылдасқан екі жігіттің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Біреуі маклер ұсынған пәтерді барып көрейік десе, екіншісі қарсыласып бой берер емес. Шамасы, талай пәтерді көріп, көңілі қалғандай. «Білем ғой, бұларды... Мұннан мақтап-мақтап жібереді, барсаң түк те жоқ, отын өзің жағасың, суын сырттан тасисың, не оңған жолы жоқ...» Жігіт жерге шырт түкірді. Оның да жүзінен әлдекімдерге өкпелегені, осы күйіне ызаланғаны көрініп тұр. Неге өкпелі? Кімге ренжиді?
...Мен ғана емес. Мендейлер көп. Бала-шағасы жиырмадан асып, үй болатын кезі жақындаса да пәтерден-пәтерге көшіп жүргендер бар. Ал жас шаңырақ иелерінің ілуде біреуі болмаса, бәрі баспанасыз. Осы ой мені жұбатқандай болды. «Бал жалап жүрген кім бар дейсің, Құдайдың бұйыртқаны болады да» деген енжар ой санамды билеп алды. «Көппен көрген ұлы той» деген мақал да орынсыз оралғандай. «Жетісіп жүрген кім бар?» деген жұбанышымнан өзім шошынайын дедім. Бұл - алға ұмтылдырмайтын, бір күндік тамағыма тәубе дегізетін, болашаққа жоспар құрғызбайтын сипаты жаман бір жұбаныш еді... Кешегі құлшынысым қайда кеткен? Сонда мен де, сіз де, ол да, осылай жүре бермекпіз бе? «Бұйыртқаны болар» деп?!
Үшінші күн
«Жетімдер бұрышынан» ол күні де түк бітірмей қайттым. Үмітім үзіле бастағандай. Алабажақ жарнамадан ала-құла болып тұрған бұл бұрышты жек көріп кеттім. «Газет арқылы іздемейсің бе?» деген білгіштерімнің ақылына сүйеніп, хабарландыру газетін сатып алдым. «Свежий» нөмірі. Кеңсеге келе сала қара телефонның тұтқасына жабыстым. «Арзанның жілігі татымайтынын» білсем де, бағасы айғайламай тұрғандарына көзім бірінші түседі.
- Кешіріңіз, мен квартира бойынша хабарласып тұр едім?
- Өтіп кеткен...
Талай нөмірді тердім, тұтқаның ар жағынан еститінім бір жауап: «Уже сдали!» Бүгін ғана жарық көрген газеттің бетіндегі пәтердің өтіп кеткені қызық. Кеше бір маклердің қолынан жарнама газетін көріп едім, олар да пәтерді газет арқылы іздей ме? Пәтер иелеріне елден бұрын телефон шалып, маклерлік қызмет көрсетуге келісетін болғаны ғой. Бұрышта отырып телефон арқылы тапқан пәтерін ұсынғаны үшін бірнеше мыңды қалтасына басады. Бағасы қымбат үйлерге телефон шалғанымда, олардың әлі өтпегендері көп екен. Арғы жақтағы әйел «қай уақытта келіп көрем десең, өз еркің» деп жалбақтап-ақ жатыр. Пәтердің жағдайын айтып, мақтауын келістіреді. Әрине, үйдің күйі көңіліме жаққанымен, қалтама жақпайды... Құнын түсіріп көрмек боп біраз саудаласып едім, «бұдан арзанын тауып ал» деп тұтқаны тастай салды. Жаңа ғана жалбақтаған жан, бір демде терісі түтігіп шыға келді. Көзбен көрмесем де, оның келбетін өзіме осылай елестетем. Ол да бірдеңеге ызалы, кекті. Өзімді адам ғұрлы көрмей, тұтқаны тастай салғанына мен де ызалымын. Бірақ кімге ренжіп, неге өкпелеймін?
P.S.
Жалғыз жүріп ештеңе таппаған соң, жолдасыммен қарап көруді ұйғардық. «Бірге барсақ, бірдеңе табамыз» деп сендіреді ол мені. Сол сәт кеше жоғалтып ала жаздаған құлшынысымды қайта тапқандай болдым. Міне, екеуміз қол ұстасып қос көшенің қиылысына таяп қалдық. Енді маған елдің бәрі мүсіркей емес, қызғанышпен қарап тұрғандай. Жағалай жүріп, қолайлы деген бір пәтерді ұнаттық. Көріп келейік деп кетіп барамыз. Сол сәт болашаққа деген бір сенім мен ертеңгі күнге деген үміт пайда болды. Өйткені мен жалғыз емес едім. Бұл өмірде ешкім басымнан сипамаса да, сүйеніш, қорғаныш болар бір жан бар...
Құдайым осы құлшыныс пен үміттен айыра көрмесін... Ешкімді де...
Жас маманға жалдық үй де арман...
«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп өткен Жиренше шешеннің бүгінгі ұрпақтарына боз үй де бұйырмай тұр. Бұл мәселе айтыла-айтыла жауыр болған. Сонда да болса, жас отбасыларға қандай мүмкіндіктер бар екенін байқап көргіміз келді. Тек Алматы қаласы бойынша 17 мыннан аса отбасы тұрғын үй кезегінде тұрғанын, бұл тек «пропискасы» бар жұрттың саны екенін, оған қоса ауыл-аймақтан ағылған жұрттың аяғы сиремей тұрғанын ескерсек, қаламызда қанша жұрттың үйсіз-күйсіз жүргенін бағамдай беруге болар. Әлеуметтанушылар бір зерттеуінің қорытындысында Қазақстан халқының тең жарымы баспанасыз жүр дегенді айтып еді. Қазақстандықтардың барлығы болмаса да, қазақ халқының басым бөлігі баспанасыз.
Өйткені әкімшілік өткізетін пәтер кілтін тапсыру салтанаттарында кезекте тұрғандарына жиырма жылдан асқан жандардың қуанышына талай куә болдық. Қырықтың қырқасына шыққан көкелеріміз кезекте тұрғанда, бізге, жастарға қайда әлі?.. Тұрғын үйдің құрылысы осы «қарқынмен» жүре берсе, пәтер кезегінде тұрсаңыз, Құдай қаласа, жиырма-отыз жылда сізге де бұйырып қалар. Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беруге болмас. 2005 жылы билік жас отбасылардың мәселесіне көз қиығын салып, алғаш рет арнайы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша жас отбасылар айрықша құқығы бар санат қатарына жатқызылды. Бұл тоңның жібігені еді. Қазір жүзеге асырылып жатқан 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада да жас отбасыларға басымдық беріледі. Отызға толмаған ерлі-зайыптылардың еңбек өтілі, балаларының саны балдық жүйе бойынша есепке алынатыны белгілі. Бірақ қазір бұл бағдарлама бойынша құжат қабылдамайды. Өйткені қала әкімдігінің сайтындағы дерекке жүгінсек, салынатын пәтерлердің саны 4 мың болса, ал одан үміттілердің қатары 18 мынан асып кетіпті. Тұрғын үйдің құрылыс қарқыны баяулап қалғандықтан, мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер кілтіне 2005-2007 жылдары құжат өткізгендер қол жеткізіп жатыр. Сондықтан әзірге мемлекеттік бағдарламадан бүгін үйленгендерге қайыр болмай тұр. Алдағы жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны күтпесе...
Соңғы кездері жарнамасын жалаулатқан жалға алу өмірімізге екпіндетіп еніп келеді. Үкімет жалға беру бағдарламасын жан-жақты қолдап жатыр. Өркениетті елдерде елдің бәрі жалдамалы үйде тұрады дейді. Оған қызметіне, жасына, әлеуметтік санатына қарамастан, барлық азаматтар қатыса алады. Бірақ ең бірінші төлем қабілетіңіз ескеріледі. 2009 жылы «Самұрық-Қазына» қоры табысты үйлерді жалға беру бағдарламасын жасап, ел-жұртқа таныстырғанда Жылжымайтын мүлік қорының атқарушы директоры Ернар Нұрғалиев: «Пәтерлерді бөлген кезде біздің басшылыққа алар бірінші ұстанымымыз - Ұлттық қордың қаржыларын қайтару, яғни тиісінше, төлемдік мүмкіндіктері жақсы дәрежедегілерге, басым көңіл бөлінетін болады», - деген еді. Ал ұлттық қордың қаржысы - мемлекеттің ақшасы. Сақалды құрылыстарға салынған миллиондар өз орнына қайтып келуі керек. Алдымен айлығыңыздың көлемі есепке алынатын болғандықтан, өз қалтаңызды шамалай беріңіз. Жалпы, қор басшылығының 2010-2011 жылдары 7 мыңнан аса пәтерді жалға беру туралы жоспары болған. Сатып алу құқығымен бірге жалданатын үйлер әлеуметтік, эконом, бизнес-класс болып бөлінеді. Егер төлем қабілетіңіз жетіп, үйді жалға алсаңыз, тек 5 жылдан соң ғана сатып алуға мүмкіндік бар. Қалтаның қалыңдығы бірінші ескерілетіндіктен, айлығы 50 мыңнан аспайтын отбасылы жас маманға жалдық үй де қолжетпейтін армандай көрінді, бізге. Дегенмен жалға берілетін үйлер бір жағынан әкімдіктер арқылы бөлінуде. Қазір талай жыл пәтер кезегінде тұрғандарға құны төмен пәтерлерді жалға алу ұсыныла бастаған. «Үмітсіз шайтан» деген, тұрғын үй басқармасына бір бас сұғып, пәтер кезегіне құжат өткізіп көріңіз... Мүмкін жалға берілетін үйлердің арқасында баспаналы болып қаларсыз...
Ипотекалық несие алайын деген ойымда болмаса да, қызығушылық жеңіп, еліміздің айтулы деген екінші деңгейлі банкіне несие рәсімдеудің жай-жапсарын сұрай бардым. 16 пайыздық үстемақымен несие алу үшін алдымен сатып алатын үйіңді кепілдікке қойып, оның құнының 30 пайызын бірден төлейді екенсің. Бір бөлмелі пәтерді шамамен 50 мың доллар деп бағалап, есептетіп көріп ем, менің айлығым тіпті жетпей де қалды. Бірге қарыз алатын адам табыңыз дейді. Кеңесші қыздың айтуынша, 15 мыңды бірден төлеп, қалған 35 мың долларды өтеу үшін отыз жыл бойы банкке ай сайын 65 мың теңге құйып отыруым керек екен. Егер менің есебім дұрыс болса, 50 мыңдық пәтердің құнын 30 жылда банкке үш есе - 164 мың! доллар етіп қайтарады екенмін. Бұл ашықтан-ашық тонау емей немене? Банктердің қайта құрылымдаудан өткені, несиенің пайыздық үстемақысы төмендегені қайда?
...Мемлекеттік бағдарламадан да, жалға берілетін үйлерден де, банктің несиесінен де көңіл қалғандай. Әр жанға он сотық жер тиесілі дейді ғой, соны алсам ба екен? Әрине, Алматыдай алып шаһарда он тұрмақ, бір сотық бос жер жоқ. Менікі тек арман ғана. Бізге тек бірнеше жыл тиын-тебен жинап, қаланың шетіндегі, су мен жарық түсірілмеген, газдың иісі де шықпайтын алыс ауылдан сегіз сотық жер сатып алып, үстіне үй тұрғызу қалғаны ма?
Бетті дайындаған Үмітжан ЖАПАР
«Айқын» газеті