Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3890 0 пікір 22 Қазан, 2010 сағат 10:01

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ. Отарлаудың ойраны: Әліпби өзгерту арқылы халықтың тарихи жадысын жойды

Отарлау дегеніміз - басқаның жерін басып алу немесе байырғы географиялық атауларды өзгер­тумен  шектеледі  десек қателесе­міз. Отарлаушылардың отарлан­ған халыққа тигізетін рухани зардаптары өлшеусіз көп. Қазақия тәуелсіздік алған тұста да өткен отаршылықтың рухани зардаптарынан әлі құтыла алмай отыр.

Осы орайда,  қазақ  халқын орыстар қалай рухани азғындауға ұшыратты? Оны қалай іске асыр­ды дегенге тоқталмақпыз.

 

Қабағың қарс жабылып,

Қарс ұрып қайғырып,

Күле алмассың қазағым,

Бейпіл тыныш күлкіңді.

Жібек жалын жайнатып,

Ортекедей ойнатып,

Қабырғаңды сөгілтіп,

Аш күзендей бүгілтіп,

Әлі-ақ шауып алады

Түйең менен жылқыңды.

Орыс деген атымен,

Теріс жазған хатымен,

Әуелі Құдай біледі,

Шығыс, батыс кәпірі,

Бірігіп атқа мінеді.

Байтақта жатқан қайран ел,

Астын-үстін бөледі,

Ашар шайдай ұйқыңды.

Асау тайдай үйретіп,

Шәркейіңді сүйретіп,

Кетірер кәпір сыйқыңды.

Дулат БАБАТАЙҰЛЫ

 

Отарлау дегеніміз - басқаның жерін басып алу немесе байырғы географиялық атауларды өзгер­тумен  шектеледі  десек қателесе­міз. Отарлаушылардың отарлан­ған халыққа тигізетін рухани зардаптары өлшеусіз көп. Қазақия тәуелсіздік алған тұста да өткен отаршылықтың рухани зардаптарынан әлі құтыла алмай отыр.

Осы орайда,  қазақ  халқын орыстар қалай рухани азғындауға ұшыратты? Оны қалай іске асыр­ды дегенге тоқталмақпыз.

 

Қабағың қарс жабылып,

Қарс ұрып қайғырып,

Күле алмассың қазағым,

Бейпіл тыныш күлкіңді.

Жібек жалын жайнатып,

Ортекедей ойнатып,

Қабырғаңды сөгілтіп,

Аш күзендей бүгілтіп,

Әлі-ақ шауып алады

Түйең менен жылқыңды.

Орыс деген атымен,

Теріс жазған хатымен,

Әуелі Құдай біледі,

Шығыс, батыс кәпірі,

Бірігіп атқа мінеді.

Байтақта жатқан қайран ел,

Астын-үстін бөледі,

Ашар шайдай ұйқыңды.

Асау тайдай үйретіп,

Шәркейіңді сүйретіп,

Кетірер кәпір сыйқыңды.

Дулат БАБАТАЙҰЛЫ

 

1876 жылы патша ағзам қазақтардың арабша әліпбиін жойып, орыс жазуына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлықты іске асыру үшін Ағарту министрі граф Толстой қазақтардың араб әліпбиін орыс графикасына көшіру үшін Орынбор қаласында арнайы мәжіліс шақырып, нұсқаулар берді

Ресейлік басқыншылар бодандыққа алған халықтарды тілі мен дінінен айырып, оларды орыстандыру ең бірінші кезекте тұрған шаруа деп білді. Олар шоқындыруды ХІV ғасырда коми, чуваш, мордва халықтарынан бастады. Коми халқынан шыққан священик Стефан дейтін бейбақ (атын орысша өзгерткен) 1383 жылы епископ дәрежесіне дейін көтеріліп, орыс графикасы негізінде коми әліпбиін жасап беріп, халқының ежелгі тума мәдениетін жойып жіберді.

Одан кейін 1719 жылы патшалық Ре­сей Сенаты орыс еместерді шоқындыру арқылы орысқа айналдыру мәселесін мемлекеттік дәрежеде күн тәртібіне қойды. Олар шоқындыруды алдымен татарлардан бастап, кейін 1728 жылы  Еділ қалмақтарына ауыз салды.

Бұл істі атқару Ильминский бастаған миссионерлерге жүктелді. Келесі кезекте қазақтарды шоқындыру жұмысын жүйелі жүргізу үшін жоғарыдағы Ильминский 1872 жылы Қазан қаласынан Орынборға ауыс-тырылды.

Сөйтіп, қазақтарды шоқындыруды ресми түрде орыстар 1862 жылдан бас-тады. Осы жылы Орынбор шекаралық комиссиясының бастығы В.В.Григорьев миссионер Ильминскийге орыс әліпбиін қолдану арқылы қазақша оқулық дайындауды тапсырады.

Саясаткер-ғалым Мұхтар Құл-Мұхам­медтің еңбегінде: «Қазақ жерін отарлау 18-ғасырдың орта шенінен ерекше қарқынмен, түрлі «дипломатиялық» байланыстардың қат-қабат қалтарыс­тарында қалып қойған сұрқия саясат арқылы жүзеге асты. Орыстар айла-шарғының барлық түрін қолданды. Соның бір үлкен бағыты - алдымен мұсылмандық дәстүрді оқытатын мектептерді жойып, орыс әліпбиін енгізуді басты талап етіп қойды»,  -  деп  жазады. («Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі», Атамұра. Алматы, 1994, 49-бет).

Жазуды өзгерту арқылы халықты тарихи жады мен дәстүрінен ажыратып, миғұла-мәңгүртке айналдырып жіберуге болатынын білді. Бұл барлық отарлаушыларға тән құбылыс болатын. Мысалы, Үнді жұртын отарлаған ағылшындар да, сонау қиырдағы Латын Америка тұрғындарын отарлаған испан­дықтар да дәл осы тәсілді қолданды.

Нақтырақ айтқанда, 1876 жылы патша ағзам қазақтардың арабша әліпбиін жойып, орыс жазуына көшіру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлықты іске асыру үшін Ағарту министрі граф Толстой қазақтардың араб әліпбиін орыс графикасына көшіру үшін Орынбор қаласында арнайы мәжіліс шақырып, нұсқаулар беріп,  қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсаринді осы іске пайдалануды тапсырды.

Бұл оқиға жайында Ы.Алтынсарин­ның өзі: «1876 жылы граф Толстой Орынбор қаласына келіп әуелі қазақ арасына орысша хат таныту жайлы және бұл іске орыс әліпбиін қолданудың жолын мәселе етіп көтерді. Бұл бас-тама Орынбор өлкесінің бұрынғы генерал-губернаторы Крижановский, Орын­бор оқу округінің попечителі Лав­ровский, Қазан қаласындағы оқыту­шылар семинариясының директоры Ильминский және Торғай, Орал облыстары тарапынан қолдау тапты», - деп жазады. («Таза бұлақ», Алматы, 1988, 133-б).

Әліпби ауыстыру ісінің мемлекеттік дәрежеде сипат алғанын біз граф Толстойдың 1878 жылы Батыс-сібір ге­не­рал-губернаторына жазған хатынан да байқаймыз. Онда: «Қырғыздарға (қа­зақтарға) үкіметтік орындарды бас­қаруды қырғыз (қазақ) тілінде жариялауға тура  келген  кезде,  біз  қандай жағдайда да орыс әліпбиін қолданамыз. Жоғары мәртебелім, 4 мамырдағы №26 ұсынысыңыз негізінде қырғыз (қазақ) интернаттарында қазақ тілін оқыту мазмұны да дәл осы әліпбимен жүргізілсін. Далалық жерде де орыс әліпбиі араб әліпбиінен үстемдік алатын уақыт та туады әлі... » - дейді.

Жоғарыдағы патша жарлығынан бұрын 1870 жылы Ағарту министрлігі «Ресейде тұратын жатжұрттықтарды сауаттандыру шаралары» атты құжат қабылдады. Осы құжатта көрсетілгендей орыс емес халықтарға білім берудің үш түрлі бағыты анықталды. Бірінші бағыт - сабақ сол ұлттың тілінде, бірақ міндетті түрде орыс әліпбиімен оқытылсын. Екінші  бағыт - са-бақ таза орыс тілінде оқытылсын, түсінбеген жағдайда басқа тілді пайдалануға рұқсат. Үшінші бағыт - сабақ тек қана орыс тілінде жүргізілсін.

Осы құжатта айтылған негіздемелер бойынша Ильминский бастаған миссионерлерге үкімет тарапынан тапсырмалар берілді. Атап айтқанда: бірінші, қазақтарды оқу-тоқу жағынан мұсылман татарлардан аластату. Екінші, мұсылман діні кең етек жайған Бұхара, Самарханд медреселеріне қазақтарды жолатпау. Үшінші, түркі тектес мұсылман халықтарының рухани тұтастығын әлсірету үшін бір-біріне ұқсамайтын әліпби жасап беру.

Бұл идеяны іске асыру үшін генерал адъютант фон Кауфман арнайы жоспар жасап оны Ағарту министріне бекіттіріп алып отырды. Ал миссионер ғалым Остроумов болса азиялық түркі тектестерді орыстандырудың желісін анықтай келіп: «...орыс халқымен және орыс мемлекетімен түземдіктерді жа­қындастыру бағыты - тікелей орыс транскрипциясымен жүргізілуі керек және орыс әліпбиіне ешқандай өзгеріссіз, қосымшасыз, қысқартусыз жүргізу талабы басшылыққа алынуы тиіс», - деп жазады. (Остроумов Н.П. Отчет Туркестанской учительской семинари за ХХV лет ее существования. Ташкент, 1904, с-25)

Кеңес кезінде қазақ даласына оқу-ағартудың ұрығын септі деп (Ғабит Мүсірепов) әспеттеп жүрген Н.П.Остроумовтың шынайы бет-бей­несі осындай. Тіпті бұл мырза 1904 жылы Тәшкентте жарық көрген «Отчет Тур­ке­станской учительской семинарий за ХХV лет ее существования» дейтін жазбасында: «Ресейдің мемлекеттік міндеттері мен біздің отанымыздың бұратаналарға деген көзқарасы оларды орыстандыруда болып отыр... екінші бір міндет - қазақтарды орыстармен бірге біртұтас саяси мемлекеттік организмге біріктіруге қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз», - дейді. Ал керек болса...

Сонымен 1860-1917 жылдар арасында православие дінінің 72 кітабы қазақ тіліне аударылып, Қазақия даласына тегін таратылды. Орыстандыруды қазақтың өз қолымен істетуді қолай көрген отаршылдар аталмыш іске қазақ білімділерін пайдалануды көздеді. Н.И.Ильминский 1869 жылы Ағарту министріне жазған хатында: «Ыбырай Алтынсарин қазақтардың ор­тасына өзі мектеп ашса, орыс әліп­биін сонда қолданса, оны орыстар істетіп отыр дегізбей атқарса,... ең әуелі идея Алтынсариндікі болса...» деп пікір қосады. (Қазан архиві, 968-қор, 1-тізім, 16-іс, 1-2 бет)

Осы орайда, біз Алтынсарин миссионер болды немесе «қол шоқпарға» айналды деген ұғымнан аулақпыз. Тіпті әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахметовтың дәлел­іне жүгінсек: «Ы.Алтынсарин өзінің ағартушылық жолында Ильминскийдің миссионерлік танымын бойына дарытпай әрі сенімсіздік тудырмай дип­ломатиялық жолмен пайдаланды. Иль­минскийдің қарсылығына қарамай «Шариат-уль ислам» атты еңбегін араб әліпбиімен жазып шықты», - дейді. («Қазақ қалай орыстандырылды», Алматы, 45-бет).

Әрине, Ыбырай атамыздың ұлт үшін істеген еңбегі зор. «Шариат-уль ислам» еңбегі 1883 жылы 24 қазанда Петерборда, келесі жылы Қазан университетінің баспаханасында басылып шықты. Төрт баптан тұратын бұл еңбегінде ғұлама 140-тан астам араб терминдеріне қазақша түсіндірме жасаған. (Жұлдыз журналы, 1991, № 6, 25-28 беттер).

Сонымен қатар «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» (Начальное обучение киргиз русскому языку) атты оқулық жазуды қолға алғанымен, аяқтай алмай қайтыс болды. Марқұмның 23 бет қолжазбасы қазір Алматыдағы  ҚР Ұлттық кітапханасының қолжазбалар қорында сақтаулы тұр.

Бір таңданарлық жағдай - қазақтарды һәм түркі тектес халықтарды орыстандыру, олардың әліпбиін өзгерту ісі патшалық Ресей кезінде де, кейін саяси күшке айналған декабристер қозғалысы тұсында да, 1917 жылы жеңіске жеткен қазан төңкерісінен кейін де күн тәртібінен түскен жоқ. Қай-қайсы да бір мақсат, бір мүддені көздеді. Қалай да қазақты орыстандырып, мәңгүртке айналдыру қажет деп тапты.

Мысалы, 1905 жылы 10 мамыр мен 3 маусым аралығында Шығыс халықтарын оқыту жөніндегі арнайы Кеңес кезекті жиын ашып, оқу жүйесін жаппай орыстандыруды күн тәртібіне қойды. Барлық оқулықтар орыс әліпбиі негізінде жасалсын деген шешім шықты.

Сол тұста Ресейдегі әділеттілік туын көтерген декабристердің конституциялық құжатында: «Ресейдің құрамындағы барлық халықты бір халыққа айналдыру керек. Оның бәрі орыс болғаны дұрыс», - депті. («Русская правда», СПб., 1906.)

Орыс отаршыларының мұндай әреке­тіне қазақ оқығандары да қадау-қадау наразы-лық танытып жатты. Мысалы, ұлт жанашыры Жүсіпбек Аймауытов: «Орыстар қазақтың жерін тартып алып, тілін бұзуға, дінін бұзуға аулный школ, миссионерлер таратты, әдет-ғұрпын, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа закон, мировой судия, крестьянский начальниктер шығарды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау, штат деген шырға тастап, өзді-өзін жұлқыстырды», - деп жазады. (Қ.Ә. 20.01. 1989 ж)

Ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов 1914 жылы «Қазақ» газетіне: «...қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отыр. Школдар қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді. Сол үшін балалар орыс әрпімен оқысын дейді... Хүкметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі - өз діні, тілі, жазуының сақталуы», - деп жазыпты. Алаш арыстары осылай  шырылдапты...

Жоғарыда айтқанымыздай қазақтар мен түркі тектес азиялықтарды орыстандыру саясаты «әділетті» мемлекет - Кеңес Одағы орнаған соң тіпті қарқын алды. Мемлекет басшысы Сталин бұл жұмысқа жүйелі түрде кірісті. Нәтижесі мынадай: 1926 жылғы санақтың қорытындысы бойынша Кеңес Одағының жерінде 194 ұлт пен ұлыс өмір сүрген болса, қазіргі таңда солардан жойылып кетпей тірі қалғаны 101 ұлт. Қалғаны, яғни 50 пайызы Кеңес дәуірінде-ақ жоқ болып кетті.

Сталиннің бұйрығымен 1926 жылдан бастап қазақ әліпбиі күрт өзгеріп, латынға көшті. Іс қағазды жаппай латын әліпбиіне көшірді. Қазақтарға латын әліпбиін жаппай қолдану туралы Ораз Исаев қол қойған үндеуде: «...Жарияланып отырған 20 күннің ішінде бүкіл кеңсе ісі жаңа әріпке көшірілетін болсын. Жаңа әріпті білмейтін қызметкерлер жаңа әріптің жасырын жауы саналып, сотқа тартылсын», - делінген. (Еңбекші қазақ. 1931, 25 мамыр)

Келесі бір есте тұтарлық дүние - пат­ша ағзам заманында бұратана халықтарды жоюдың тағы бір жолы - әке-шешесіз жетім балаларды пайдалану деп тапты. Бұл іске Жетісу өлкесінің генерал-губернаторы Колпаковский айырықша назар аударды. Қырғыз-қазақтың барлық жетімектерін жинап алып, Ыстықкөлде, тағы бірнеше жерде мектептер ашты. Бұл саясат Кеңес Одағы орнаған алғашқы жылдары қатты қарқын алды.

Бұлғақ жылдары жетім қалған мыңдаған балалар мен  кедейдің ұрпағын әспеттеп жүздеген детдомдар (жетімдер үйі) ашып, қазақ балаларын орысша оқытып, қазаққа қарсы тәрбиеледі. Арнаулы адамдар шығып, мыңдаған жетімектерді жинап-теріп алып келді.

Детдомда тәрбиеленген бала үкіметтің айырықша «жақсы көретін» тұлғасы болып саналды. Тіпті осындай тексіздік мақтанышқа айналды. Детдом балалары жаппай билікке келді. Қазіргі ұлт руханиятының осыншама құлдырап кетуіне бұл адамдардың қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Бұл оқиға туралы кезінде Мұхтар Әуезов: «...қазақтың жетім балаларын оқытып, «ізгілік миссионерлік» әрекетке пайдалану етек алды...» - деп жазыпты.

Көп кешікпей латын жазуын қайтадан орыс жазуына көшіру бастамасы 1937 жылы көтеріліп, 1940 жылы қабылданды. Бұл тұста ешқандай қарсылық болған жоқ. Себебі, қарсы келеді-ау деген азаматтардың бәрін алдын ала аттырып тастады. Осылай ақ патша армандап жете алмаған отаршылықты Кеңес Одағы жүзеге асырды.

Өзі де миссионерлік семинарияда оқы-ған Сталин әу дегенде-ақ  түркі тұқымдас мықтыларға ауыз салды. Мысалы, атақты әнші Краузенің түрік екенін білгенде дереу оның фамилиясын «Петров» деп өзгертіп жіберсе, әйгілі түрік қайраткері Омар Файкті фамилиясын орысша өзгертуге көнбегені үшін қолма-қол атып жіберген.

Қысқасы, патшалық Ресейден мұра болып қалған әліпби ауыстыру идеясын Кеңес империясы іске асырды. Одақ құрамындағы түркі тектес һәм мұсылман халықтарын орыс әліпбиіне толық көшіріп, жазу емлесін өзгертіп, бірін-бірі жазбаша түсінісе алмайтын жағдайға жеткізді. Бұл жайлы «Известия» газетінің 1941 жылғы 13 маусым күнгі санында: «КСРО Ғылым академиясының халықтар тілі және жазуы Инс­титуты, одақтас және автоно­миялы республикалардың ғы­лы­ми, қоғамдық ұйымдары аса ауқымды мәдени маңызы бар  жұмыстарды аяқтады», - деп жар салып жазды.

Бүгінгі қазақ баласы орыстар күштеп енгізген кириллица әрпімен білім алып жүр?!.

 

Намыс.кз сайтынан

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502