Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4875 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 09:50

Қазақстанның топографиялық карталары 30 жылдан бері жаңартылмай келеді

Молдияр Серікбаев, геолог:
– Картография ғылымымен айналысып келе жатқаныңызға аз уақыт болмағаны баршамызға аян. Осыған дейін еңбектеріңіз газет беттерінде де жарық көріп келеді. Жалпы, бұл саламен айналысуыңызға не түрткі болды?

Молдияр Серікбаев, геолог:
– Картография ғылымымен айналысып келе жатқаныңызға аз уақыт болмағаны баршамызға аян. Осыған дейін еңбектеріңіз газет беттерінде де жарық көріп келеді. Жалпы, бұл саламен айналысуыңызға не түрткі болды?
– Мен 1957 жылдан бастап, геологиялық картографиямен айналыстым. Картография жасағанда геологиялық құрылымдардың ерекшеліктерін картаға түсіреміз. 1964 жылы Шахмардан Есенов Қазақстанмен көршілес жатқан елдердің картасын жасау керек деген ұсыныс айтты. Ол ұсыныс қабылданған соң, геологиялық, тектоникалық картаны жасап шықтым. Одан кейін қазба байлықтың картасын жасап, Ленинградтың бір баспасынан жарыққа шығардық. Елімізде геологиялық картаның негізін қалаған адам – Вениамин Беспалов. Ол картаны жасау үшін еліміздің барлық нүктесін шарлап шыққан. Қытайдың да геологиялық картасын жақсы біледі.  Қазақстанның аумақтық-әкімшілік картасының қазақ тіліндегі нұсқасы алғаш 1995 жылы жарық көрді. Оның ізін суытпай 14 облыстың аймақтық картасы да жасалды. Кейін Ресей, Иранның солтүстігін қамтитын қорғаныс министріне қарасты картаны жасауға кірістік. Негізінен, сол кезден бастап, картография саласына  қызығушылығым  артты. Картография кешенді ғылым болғандықтан, барлық саланы қамтиды. Бұл саламен етене айналысу үшін қазақтың тарихы, ауыз әдебиеті, биология, этнография, археологиясынан хабардар болуың керек. Мен зейнетке шыққан уақыттан бастап еліміздің 20-ға жуық тақырыптық картасын жасап шықтым. Өкініштісі, әлі күнге дейін сол карталар түрлі-түсті болып жарық көрген жоқ.                                                                            
– Молдияр ата, «Ана тілі» газетінің бастамасымен тақырыптық картаны жасап шығу үшін арнайы экспедицияға екі рет шығып, еліміздің барлық нүктесінде болып шықтыңыз.  Сол экспедиция барысында картаға қандай тарихи маңызды жерлер енгізілді?
– Картада Орталық Азия толығымен қамтылды. Мамандығым геолог болған соң жер шарының картасын да жасап шықтым. Ақтөбе облысының Темір, Мұғалжар, Ырғыз, Шалқар аудандарының  жер-су аттарын жасадым. Картаға Қазақстанның өсімдіктері мен жер-су аттары, Шығыс Қазақстандағы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға қатысты карта жасадым. Осы күнге дейін халық Алқакөл сұлама қайда орналасқанын білмейді. Бірақ Мұхамеджан Тынышбаев Алқакөл сұламаның Сырдария бойы  Өзбекстан шекарасында жатқанын дұрыс айтып кеткен. Ақтабан шұбырынды 1723 пен 1757 жылдар аралығын қамтыған оқиға. Егемендігімізді 17 жыл бұрын алдық деп жар салып жүрміз. Ол шындық! Бірақ егеменді ел болу идеясын кезінде Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би Ордабасында жиналғанда ортақ талқыға салған.  Ертай деген азамат Қазақстанның жер-су схемасын картаға енгізді. Бұл картада Тянь-Шань тауына солтүстік, оңтүстік Тәңір тауы деп қазақша атау берілген. Тәңір тау деп негізінде қазақша атау берген география ғылымының докторы Достай Жақыпбайұлы еді. Біз  Моңғолиядағы қазақ диаспорасын аралап,  Алтай тауларына қазақша атау бердік. 1643 жылы Жаркент өңірінде Орбұлақ шайқасы болды. Мен сол жерлерді толыққанды зерттеп, Жаркент өңірінің картасын жасадым. Исатай, Махамбеттің 200 жылдығына барып, оның да картасын жасағанмын. Бұл картада қазақ тайпаларының Болгарияға дейін барғанын көрсеттім. VI-VIII ғасырларда Дұлғастық князы болған. Оны І ғасырда Дұлы, одан кейін Далу, Дұлғас, Доғлат деп атаған қазір оны Дулат дейді. Мен оның қалай көшіп-қонып жүргендерін тақырыптық картаға түсірдім.
– Қазақстанның картасын дұрыс белгілеу үшін ең алдымен оның орналасқан жерін, Орталық Азияның картасын айқындап алу керек. Ал Орталық Азияның шекарасы қаншалықты дұрыс белгіленген?             
– Осы күнге дейін географиялық ұғымдар қалыптаспағандықтан, Еуропа мен Азияның шекарасы дұрыс көрсетілмей отыр. Еуропа мен Азияның шекарасын көрсету үшін бірнеше ерекшеліктер болу керек: бедерлік, геологиялық, геологиялық құрылысының ерекшелігі, топырақтық ерекшелік және метрологиялық фактор. Осы ерекшеліктеріне байланысты құрлықтардың шекарасын бөлу керек. Солтүстіктегі «Жаңа жер» аралы,  одан кейін Байғаш, полярлық Орал, солтүстік Орал, орталық Орал – бұлар Екатеринбург, Свердлов территориясына кіреді.  Жайық өзені мердионалық бағытта Орал қаласынан  Атырау қаласына шейін ағып, Оренбург қаласынан аяқталады. 1831 жылы А.И Левшин «Описание Киргиз Казачьих или  Киргиз-Кайсацских степей» атты еңбегінде Еуропа мен Азияның шекарасын геологиялық ұғымға сай келтіріп айтып кеткен. Оралдың оңтүстігінде Оралтау деген тау жотасы бар. Одан кейін Орал өзені, Губерлі тауы, Ор өзені, Жаман тау, Дәу тау бірінен соң бірі жалғасып жатыр. Бұлардың бәрі Мұғалжар жотасының құрамына кіреді. Мұғалжарды көбінде тау деп шатыстырады. Бірақ ол тау емес, жота.  Мұғалжар көлемді, кешенді ұғым. Жота болғаннан кейін оның ішінде тау болады. Сол Еуропа мен Орталық Азияның шекарасы екенін бізден бұрын А. Левшин айтып кеткен. Соның ізін біз жалғастырып отырмыз. Алайда бізден кейінгі буын оның бәрін шатыстырып жіберді. Мысалы, бір баспасөз бетіне Еуразиялық интеграция тақырыбында зерттеу материал жарық көрді. Онда Орталық Азияны  Шығыс Еуропалық жазықпен шатыстырған. Орталық Азия деген ұғымға Қазақстанның  барлық территориясы, Тәжікстанның солтүстігі, Орталық Азия кіреді.  Тағы бір шатыстырғаны, Орталық Азияны Жоғарғы Азия деген.  Жоғарғы Азия деген ең биік Азия дегенді білдіреді, оған Алтай мен Моңғолияны кіргізіп жіберіпті. Ал Орталық Азияны Шығыс Еуропа жазығы деп көрсеткен. Сондай-ақ Саратов, Новгород, Мәскеуді Орталық Азияның құрамына кіргізіпті. Мұндай қателікті 10 сынып оқушысы жіберсе кешіріммен қарауға болар еді, ал мына баспасөз бетінен жарық көрген материалдың авторы жоғары білімді академик.
– Кеңес Одағында картография, геодезия саласымен айналысатын іргелі  оқу орындары мен мекемелер болды, ғылыми зерттеу институттары жұмыс жасады. Ал бүгінде бұл ғылымға көңіл қаншалықты бөлініп отыр?
– Мына картография, геодезия саласына ғалымдар Кеңес Одағында қызығушылық танытып, белсене кіріскен. В.И Вернадский 1919 жылы Ленинге хат жазады. Ол хатта геодезиялық құрылым жасау керек деп айтқан. Геодезия саласы сол шақтан бастап қолға алынып, 1882 жылы Ресейде геологиялық комитет құрылады. Ол комитет Қазақстанның қазба байлықтарының жатқан жерлерін анықтаумен айналысты.  Картография  ғылымының өзі классикалық, іргелі, қолданбалы болып үшке бөлінеді. Кеңес өкіметі кезінде министрлер кеңесінің жанында геология, картография басқармасы болды. Бірақ ол одақ 1991 жылы ыдырады. Сол уақыттары Алаш азаматтары Қазақстан картографиясыз қалатын болды деп арыз-шағымдарын жазды.   1992 жылы Картография геодезия құрылымы құрылды. Алайда ол төрт жылдан кейін жабылып қалды. Алматы қаласында геодезия, картографиямен айналысатын жеті қабатты ғимарат болған. Ол ғимаратқа жер-су ресурстар агенттігінің бастығы Бақыт Оспанов пен Президент Әкімшілігінің жетекшісі Ахметжан Оспанов қызығушылық танытып, картография мен геодезияны жер-су ресурстар агенттігі құрамына қосты.  Мәскеуде «Федеральная служба картографии и геодезии» мекемесінің құрамында ғылыми-зерттеу институты бар.  Ресейде екі ғылыми-зерттеу институты, оған қоса бірнеше карта шығаратын фабрикалар, әдістемелік орталықтар, салалы картографиялық фабрикалар бар. Ал бізде оның бірі де жоқ. 1994 жылы карта фабрикасын ашу жөнінде қаулы шықты. Оны «Республикалық картографиялық фабрика» деп атап, 12 жылдан кейін  іске қосты.  Өкініштісі, ол фабрикада қазақ тілін жақсы білетін редактор жоқ. Ресейде картография, геодезия саласына арналған арнайы жоғары оқу орны  бар. Бізде университетті былай қойғанда, классикалық іргелі картография факультеті жоқ. Ғылыми-зерттеу орталықтары болмаса қалай өзге мемлекеттермен бәсекелесеміз? Балғымбаев, Тоқаевтың кезінде менің ұсынысымды Қауіпсіздік комитеті қолдап, комиссия құруға ұсыныс берген. Бірақ шекараны белгілеу жұмысы аяқталғаннан кейін ғана комиссияны құрамыз деді. Шекараны бөлу аяқталғаннан кейін комиссияны құру да аяқсыз қалды.
– Сіз еліміздің шекарасы дұрыс бекітілмеген деп айттыңыз. Ал бүгінде баспалардан сан мыңдап карталар жарық көріп отыр. Ол карталар сол өзгертілмеген қателіктермен шығып отыр ма?
– Біздің топографиялық карталар 30 жылдан бері жаңартылмай келеді. Дамыған мемлекеттерде картаны бес жылда жаңартып отырады. Мен, Жер ресурстары агенттік басшылығына хат жазып едім, картаны жаңарту үшін қомақты қаражат керек. Сол себептен де әзірге ұсынысыңызды қабылдау мүмкін емес деп хатыма жауап қайырды. Бүгін де ескі карталарды баспадан шығарып жатыр. Бірақ соңғы 10 жылда картаны жаңартпаса да біраз қателіктерді дұрыстады. Барлық облыстарды аралап, картаны жаңартатын экспедициялық топ құру керек. Оның құрамында жер-су аттарын жақсы білетін әр саланың мамандары болуы тиіс. Геология министрлігін құрып, оның құрамына картография, геодезия, космотектоника сияқты жерге байланысты құрылымдардың бәрін шашыратпай бір жерге топтастыру керек. Сондай қосымша комитеттерді қысқартып, салалы қызмет жасайтын мемлекеттік мекеме құру керек.
– Біздің ұлы даналарымыз бен батырларымыздың кесенелері өзге елдің аумақтарында орналасқан деп айтып отырсыз. Бұның себебі неде?                                                                                         
– Оның себебін осы күнге дейін этникалық, этнографиялық, археологиялық картамыз жоқ болғанынан іздеу керек.  Мәселен, 20 млн әзірбайжан ирандықтардың аумағында жатыр. Тәжіктің жартысы Ауғанстанда. Ұлы данамыз Сырым Датовтың денесі Хиуа жақта. Құрманғазының денесі  Астраханның Алтын жар ауылын бойлап жатқан қызыл төбеде жатыр. Төле би – Ташкентте. Егер де этникалық, этнографиялық карталарымыз болғанда ондай қателіктерге жол берілмес еді. 1920 жылы Тұрар Рысқұлов Түркістан Республикасын билеген кезде қарамағындағыларына Мәскеуден Түркістанның картасын алу керек деп тапсырыс берген. Картографияға мән бермегендіктен Өзбекстанға үш ауданды бердік. Нұра тауының солтүстігі, біздің ата-бабаларымыздың қоныстанған жайлауы еді. Ол да Өзбекстан шекарасына өтіп кетті.
– «Қазақстанның жерлері картамыз бекітілмегендіктен көрші елдің еншісінде кетіп жатыр» деп айтып отырсыз. Ол жерлерді қайыру үшін қандай қадамдар жасау керек?
– Картографияны білікті мамандар басқармай отыр. Түрік тілдес ұлттардың ортақ картасы жоқ.  Біз мұндай дағдарыс жағдайынан шығу үшін  дұрыс құрылым, ғылыми орталық, салалы оқу орнын қолға алуымыз керек. Мен  92-дей тақырыптық карта керектігін анықтадым. Ал бізде әзірге оның 30-ға жуығы ғана бар. Геологиялық картографиялау, геммологиялық картографиялау, топырақтану картографиясы, ботаникалық, зоогеографиялық, археологиялық, гидрогеологиялық, тарихи және мәдениет ескерткіштерін картографиялау, магистральді мұнай-газ жолын, сейсмотектоникалық, агрохимиялық, ұлы тұлғалардың жүрген жолдарын, қоршаған ортаны, ата қоныстар, жайлауларды картографиялау деп 70-ке жуық тақырыптық картаны тізіп шықтым.
– Еліміздің ірі мегаполисі болып табылатын Алматы қаласының көше, өзен, су аттары дұрыс берілмегендігі жөнінде мәселе көтеріп келесіз. Осының жайын таратып айтсаңыз.
– Әр нәрсеге атау берерде тарихқа сүйену керек. Мен қаладағы 22 өзеннің атауын қайырып бердім. Оның ішінде ең қиынға түскені Есентай өзені болды. Алматының оңтүстіктен солтүстікке созылып жатқан өзенін «Весновка» деп атайды. Есентайдан басқа Батарейка, Беделбай өзендеріне қазақша атау бердім. Менің ұсынысыммен «Каменское Платоның» атын «Терісбұтақ текше тауы» деп өзгерттік. Тіпті бұл жөнінде 1997 жылы үкімет қаулысы да шықты. Алайда бұл қаулыны калалық әкімшілік қабылдамай, «Тау самал» деген жасанды атты берді.  Алматыға көшелердің атын берерде қоғамға еңбегі сіңген адамдардың атын еске алу керек. Соңғы кезде Алматыға қатысы жоқ атаулар қаптап кетті. Мына Райымбек көшесін үш бөліп атау керек. Көшенің басынан Райымбек зиратына дейін Жібек жолы, ары қарай Райымбек көшесі деп қалдыру керек. Ташкентте ондай тәжірибе қолданыста бар. Бұрынғы М.Горький көшесі қазір Жібек жолы деп аталады. Ол көшеге Сауда жолы деген атау беру керек. Себебі ол жерде бұрын  сауда-саттық орны болған. Ташкент және Құлжа трассасы бар. Ол негізінде Ұлы жібек жолы. Өзендер мен көшелердің басында көрсеткіш жоқ. Көшеге ат қойғанда тарихқа, жердің ерекшелігіне мән берген жөн. Әлем атласында да Қазақстанның жер-су аттары ескі атаумен берілген. Біз ең алдымен дүниежүзілік аренаға шығу үшін карта бетіне түскен жер-су аттарын жаңартуымыз керек. Тағы бір айтар нәрсе, адамтану, тұлғатану, таланттану үрдісін дамыту керек. Қазақ-тану біздің тарихтың  ақтаңдақтарын аша-тын даңғыл жол. Оқу орындары ашылды, әр салада кешендер аштық. Бірақ олар түпкілікті зерттеліп жатқан жоқ. Әр саланың ойы, мүддесі бір жерден шыққанда ғана еліміз дамиды.

 

 

ДАТЫМ!


Дүниежүзінде картографиямен айналысатын халықаралық қоғамдар бар. Бірақ біз оның мүшесі емеспіз. Қазба байлықты үнемдеу тұжырымдамасы жасалмай отыр. Егер ол тұжырымдама жасалмаса, қазба байлық таусылады. Ал біздің шетелге қазба байлық пен астықтан басқа  экспортқа шығарар затымыз жоқ. Қазба байлық  таусылған соң келер ұрпаққа не қалдырамыз?! Осы жағын да ойлау керек. Ғылым саласын дамытуда Ресейден үлгі алуымыз қажет. Себебі ол жақта барлық ғылыми мекемелер сақталған. Ал технологиясын өзімізде өндірсек те болады. Арзан бағамен шикізатты шетелге сатып жатырмыз. Оның орнына өзіміз өндіріп сатуымыз керек. Бүгінде біз шетелдің тауарын үйлестіретін ғана мемлекетке айналдық.

 

Сұхбаттасқан Елдос Өмірзақұлы, «Алаш айнасы» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5441