Петербург метросындағы жарылысқа қатысты істе алты күдіктіге айып тағылды
РФ Тергеу комитеті 11 мамырда петербургтік метродағы теракті бойынша істе алты күдіктіге айып тағып, алғаш рет олардың есімдерін атады. Бұл туралы Ресей Тергеу комитеті таратқан баспасөз хабарламасынан белгілі болды.
Бахрам Эргашевты, Ибрагимжон Эрматов пен Махамадюсуф Мирзаалимовты террорлық акт жасады, жарылғыш заттарды заңсыз алды, өткізді, сақтады, тасымалдады немесе алып жүрді, оны заңсыз айналымға шығарды деп айыптады.
Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренконың хабарлауынша, дәл осы баптар бойынша тағы үш күдікті: Сейфулла Хакимовқа, Аъзамжон Махмудовқа және Дилмурод Муидиновке айыптар тағылды.
Комитет хабарламасына сәйкес, Петербург метросындағы жарылыс туралы істе барлығы 10 күдікті бар, қалғандарына да жақын күндері айып тағылады. Дегенмен, Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, 11 мамырда Мәскеуде тағы бір күдікті қолға түскен. Ол - "Орта Азия республикаларының бірінің тумасы Эрматов".
Петербург метросындағы жарылыс биыл 3 сәуірде болды. Шабуылдан 16 адам қаза тапты, соның ішінде теракт жасаған жанкешті Акбаржон Жалилов те бар. Шабуыл жауапкершілігін "Әл Қаида" ұйымымен байланысы бар "Имам Шамиль батальоны" мойнына алды.
Абай-ақпарат