ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН “ҚҰЛАНСАЗ”
«Құлансаз» дегенде есімізге бірден аяулы Әсет Бейсеуов түседі. Көрнекті композитордың шығармашылық өмірінде шыққан биік шыңдары бір бұл ғана емес, әрине. Дегенмен осы өнер ұжымын құруға, қанаттандыруға ол өлшеусіз еңбек сіңірген еді. Сондықтан ғой, жерлестері Әсет десе «Құлансазды», «Құлансаз» десе Әсетті ойға алатыны. Бір байыптап қараған адамға отыз жыл дегеніңіз де оңай уақыт емес екен-ай, тегінде. Зымырап өте шығыпты. Кеше ғана сияқты еді.
«Құлансаз» дегенде есімізге бірден аяулы Әсет Бейсеуов түседі. Көрнекті композитордың шығармашылық өмірінде шыққан биік шыңдары бір бұл ғана емес, әрине. Дегенмен осы өнер ұжымын құруға, қанаттандыруға ол өлшеусіз еңбек сіңірген еді. Сондықтан ғой, жерлестері Әсет десе «Құлансазды», «Құлансаз» десе Әсетті ойға алатыны. Бір байыптап қараған адамға отыз жыл дегеніңіз де оңай уақыт емес екен-ай, тегінде. Зымырап өте шығыпты. Кеше ғана сияқты еді.
«Құлансаз» шарықтау мен құлдыраудың дәмін бірдей татқан ұжым. Әуелеген кезінде әлемнің біраз сахнасын әнге бөледі, әрі тайған шағында «халық ансамблі» деген атағын әрең қорғап қалған күндері де болды. Ол да бейне бір тірі ағза тәрізді өсіп-өнді, жайқалта жеміс төкті, жапырағы сарғайды дегендей... Оның сапында өнер көрсеткен шынайы дарын иелері бүгінде алпыс атты биігіңізді бүтіндей еншілеп болмаса да, соның аз алдында тұр. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейтінін» дәлелдеген солар кеше сахнаны самалдай тербетіп ән салғанда «Аһ, шіркін-ай!» демеген ағайын қалмады. Өнер тозбайды екен. Шаңнан суырып алып, сүртіп-сүртіп жіберсеңіз жарқырап шыға келетін сом алтын сияқты, шынайы дарынды да сәл шыңдаса алмастай өткірлігінен жаңылмайтынын және бір көрсетті. Марат пен Базарбайдың дуэтінен, Кеңестің күмбірлеген қоңыр үнінен, Сарагүл мен Алтынның сыңғыр даусынан соны аңғардық. Әйтпесе, бұлар сахнаға шықпай кеткелі қашан. Олар әлі де осылай ән салады дегенге көрерменнің көбісі сенбес еді әншейінде. Бірақ бүгін сенбеске ләжі жоқ. Шындық.
Ал енді осы шындықты дәлелдеу үшін Алматы облысының әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін, оның өнерге, мәдениетке деген ерекше жанашырлығы арқасында қайта жаңғырған «Құлансаздың» бүгінгі тірлігін толғана тербеген дұрыс болады.
«Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, келер ұрпаққа аманаттау - «Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты» деген Елбасының ұлағатты сөзін бағдар еткен облыс және аудан басшылары «Құлансазды» құлпырту үшін биыл барын салды. Сол үшін бюджеттен бөлінген 40 533,0 мың теңгені ұқсата білген ансамбль ұжымының көркемдік жетекшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ержан Қосбармақовтың еңбегін де бөле атаған орынды. Оған көмектескен белгілі ақын, сатирик Толымбек Әлімбекұлы, музыкалық жетекшілер Марат Жалбыров пен Ізбасхан Мұхитұлы, балетмейстерлер Ғалия және Әлия Мырзахановалар, гриммен әрлеуші Жазира Әбілқайырова, тағы басқа ынталы азаматтар айналасы төрт айда «Құлансаз» фольклорлық ән-би ансамблін саф алтындай қайта жарқыратты. Ансамбльге 48 штаттық орын бөлініп, музыкалық аспаптары, сахналық киімдері, аппаратурасы мен студиясы түгелдей жаңаланды. Репертуарына отыздан астам әндер мен күйлер, билер таңдалды. Әншілер тобында 12, бишілер тобында 14, оркестрде 15 адам уақытпен санаспай күндіз-түні шығармашылық ізденіспен толайым тер төкті. Соның арқасында «Құлансаздың» үні құлақ құрышын қандыратын, жүрекке шуақ құятын дәрежеге жетті.
Иә, жұма күні Жамбыл аудандық Мәдениет үйіне жиылған жұртшылық алдында «Құлансаз» ансамблінің мерейлі 30 жылдық салтанатын ашу рәсіміне орай сөз сөйлеген Жамбыл ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев өнер ұжымының өткені мен бүгіні туралы біз жоғарыда атап өткен мәліметтердің біразын ортаға салып еді. Одан кейін екі сағатқа жуық ел ықыласын өзіне аударған ансамбльдің өнерін тамашалағанбыз. «Құлансаздың» аға буын легі әлі де бабында екенін көрсетсе, сахна төріндегі орнын енді таба бастаған жастар да көрермендер көңілінен шықты. Алма Аманжолова, Айым Қоғамова, Зәмзәгүл Ахметова, Жанель Сембаева, Данияр Ысқақов, Айзат Қарабекова, Ермек Шаштайұлы, Марта Төлепберген, Мөлдір Тұрсынқызы сияқты таланттарына жұртшылық тамсана қол шапалақтады.
Ансамбль репертуарынан орын алған Жамбылдың «Угәй-ай», Сүгірдің «Бозінген», Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», «Саржайлау», Шәмші Қалдаяқовтың «Теріскей», Өмірбек Байділдаевтің «Туған жер», Манарбек Ержановтың «Қуанамын», Кенжебек Күмісбековтің «Биші қайың», Сейдолла Байтерековтің «Кішкентай», Тұрсынжан Шапайдың «Дариға дәурен», Бауыржан Есебаевтың «От Ана - Отан», «Арман қала - Талдықорған», Нышан Төлегеновтің «Бәйдібек баба», «Домалақ ана» атты әндері мен күйлері, жерлес композиторлар Жолдасхан Құрамысовтың «Жамбыл ата елі», Қилан Сәрсенбиевтің «Шынарым», Жылбек Тоқтасыновтың «Ұзынағаш вальсі», Талғат Сембаевтың «Жасыл ел - Қазақстан» атты шығармалары шынайы өнердің бәсі қашан да биік екенін көрсетті. Жерлестері алдында аудан өнерпаздарын 30 жылдық мерейімен шын жүректен құттықтаған Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов ұрпақтар сабақтастығының жарқын дәстүріне тоқтала келе, талабын ұштай бастаған жалын кеуде жастардың қадамына сәттілік тіледі. «Құлансаз» ансамблінің негізін салған ауданның бұрынғы басшысы Бекболат Тұрысжанов ағамызға, мәдениет пен өнерді көркейтуге көп үлес қосқан Қазақстанның халық ақыны, Жамбылдың немересі Әлімқұл қарияға, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сұлтанғали Садырбаев ағамызға, өзге де өнерге жанашыр азаматтардың баршасына зор ризашылығын білдірді.
«Өнерді сүймегеннің өнегесі өрге баспайды» деп бір қайырған ол: - «Құлансаз» арқылы кезінде Жамбыл ауданын бүкіл ел таныды. Сол үшін де бұл ұжымға деген құрметіміз бен рахметіміз шексіз. Әр нәрсеге ерекше мән беретін Елбасының өзі кезінде: «Жамбылдың әуенін бұзбай айтыңдар, Сүйінбай мен Қатағанның айтысынан тағылым алыңдар», -деп мәдениет мәселесіне үнемі назар аударып отырады. Ендеше, «Құлансазды» қайта түлетуге көп еңбек сіңірген аудан әкімі Махаббат інімізге, жаңа ансамбльді сахнаға жарқырата шығарған Ержан інімізге рақмет! - деп, азаматтардың елеулі еңбегіне өзіндік бағасын берді.
Салтанат жарасымы сый-сияпатсыз бола ма, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталған «Құлансаз» ансамблі ардагерлерінің қатарынан Марат Әбдіқадыровтың, Базарбай Кәрбозовтың, Айман Дауыдова мен Шолпан Жанаеваның, Кеңес Керімбаевтың, Ерлан Сәбитовтің, Сарагүл Машақованың, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Ұлжан Айнақұлова мен Ержан Қосбармақовтың есімдері аталғанда, көрермен зор ризашылықпен дүр сілкіне қол соқты.
Өзге өзге, өнердің бағаланғанын ескерусіз қалдыруға болмайды. Сондықтан, осы күні аттары аталған барлық әншілер мен күйшілердің, бишілердің есімдерін толық келтіргенді жөн санаймыз. Облыстық мәслихаттың марапатына ие болған Молдахан Саркөбенов, Сағымбек Малтабаров, Базаркүл Әжіғожаева, Нәсілхан Мұстафаева, Әбдіқай Сыдықов, облыстық мәдениет басқармасының марапатын еншілеген Алтын Әліпбаева, Дүйсебай Шаштайұлы, Мәнзура Әбдірахманова, Гүлзәуре Ерғалиева, Айсұлу Игісінова, Әсем Молдағалиева, Арыстанбек Ердәулетов, Жамбыл ауданы әкімінің Алғыс хатына ие болған Тұрсынхан Жанаманова, Берік Бөкебаев, Найманхан Сәбеков, Кемелбай Ұзақов, Әлихан Қашағанов, Жазкен Жұмабеков, Шора Қастекбаев «Құлансаздың» кешегі дәуірлеген тұсында ыстық-суығын бірге бөліскен, қанатын қайта жазған бүгінгі мерейлі сәтінде бірі тілектес болса, бірі әлі оркестр құрамында тамшылата тер төгіп жүрген азаматтар болатын. Еленген еңбектеріңіз жемісті болсын дейміз біз де.
Аудандық Мәдениет үйінің алдында асқақ тұлғалы ескерткішімен ұрпағын рухтандырып тұрған Қарасай батыр бабамыздың есімі - ұран, ерлігі - тағылым. Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлінің жарқын бейнесі де сонау тұстағы панорамадан жарасым таба қалыпты. Орталық алаңды «Жол картасы» бағдарламасына сай қайта жаңғырата жөндеген құрылысшылар бәрін жымдастырып, бәрін жайнатып қойыпты. «Құлансаздың» 30 жылдық мерейіне тарту іспеттес. Ымырт үйрілсе түрлі-түсті бояумен көмкеріле атқылайтын субұрқақ, алаң табанына төселген айшықты тақта тастар, жарық беретін шамдал бағандар, төселген асфальт, қырқылған газон, егілген шырша, себілген гүлзар, бәрі-бәрі жаннаттың миуа бағына кіргендей әсерге бөлейді. Бұл жұмыстардың дені аудан әкімі Махаббат Садуақасұлының іскерлігімен жүргізіліп жатқанын бірнеше күн бұрын көзіміз көрген. Енді, міне, тиянақ тауыпты. Жарасып тұр. Ендеше, елінің дәулеті мен сәулетін, мәдениетін көркейту үшін өрелі істерге білек сыбана кіріскен азаматтың алдағы қадамдары да сәттілік тілейміз.
Рәтбек ТЕРЛІКБАЕВ