Екінші тынысы ашылуда
Қазіргі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты - ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Осыған орай мемлекет тарапынан салаға көрсетілетін көмектің мөлшері жылдан-жылға артып отыр. Өткен жылы аудан бойынша 15 мың 660 гектар алқапқа егін егіліп еді. Алайда қуаңшылыққа байланысты ол күйіп кетті. Дегенмен егіс «Альянс Полис» сақтандыру компаниясымен сақтандырылғандықтан, шаруа қожалықтары жалпы сомасы 33 миллион 58 мың теңге мөлшерінде сақтандыру төлемдерін алды.
Қазіргі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты - ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Осыған орай мемлекет тарапынан салаға көрсетілетін көмектің мөлшері жылдан-жылға артып отыр. Өткен жылы аудан бойынша 15 мың 660 гектар алқапқа егін егіліп еді. Алайда қуаңшылыққа байланысты ол күйіп кетті. Дегенмен егіс «Альянс Полис» сақтандыру компаниясымен сақтандырылғандықтан, шаруа қожалықтары жалпы сомасы 33 миллион 58 мың теңге мөлшерінде сақтандыру төлемдерін алды.
Бау-бақша салуда да нәтижелі жұмыстар бар. Атап айтқанда, ерте көктемнен он екі бау-бақша нүктесі белгіленіп, көлемі қырық бір гектарды құрады. Бақша өсірушілердің көпшілігінің алқабы Б.Сабанов шаруа қожалығының шетелдік «Джон Дир» техникасымен өңделген болса, Ұзынкөл, Талов және Жақсыбай ауылының бағбандарына бюджеттен су сорғыштары алынып берілді. Бау-бақша салушылармен арада өнімдерінің он пайызын жергілікті халыққа арзандатылған бағамен сатуға келісілген төртжақты меморандумға қол қойылды. Осындай игі істердің арқасында халық аудан орталығында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде экологиялық жағынан таза да сапалы және қолжетімді бағаға бау-бақша өнімдерін сатып алды. Талов, Қамысты, Тау ауылдарындағы бақшалар ұқыпты, тиянақты күтімге алынса, Ақоба, Жақсыбайда өнім мол шығып, жәрмеңкедегі сауда сөрелерін ұдайы толықтырып отырды. Тіпті көршілес Бөкей ордасы ауданының Бисен, Мұратсай ауылдарынан бізге келген тұтынушылар көп болды.
Биыл да осы қарқыннан таймай жұмыс жасау қажет. Ол үшін Қамысты ауылдық округіндегідей тамшылата суару әдісіне жаппай көшкен тиімді. Осы орайда Оралдағы «Агрореммаш» зауытымен келісілді. Сондықтан қаражаты барлар осы бастан өтініштерін беруі керек. Себебі зауыт құрылғыларды қандай бақша дақылының егілетініне қарай жинақтайды. Сондай-ақ құрылғыны «БатысАгроСервис» арқылы лизинг пен несиеге алуға да мүмкіндік бар. Бұған алушының қаржысы, кепілдігі немесе екінші деңгейдегі банктердің кепілдігі керек.
Мал шаруашылығындағы тағы бір басты мақсат - мал тұқымын асылдандыру, ірі тауар өндірушілердің жұмысын қадағалап, санын көбейтіп, көмекқаржы алуына ықпал ету. Осыған орай өткен жылы талай жұмыстар атқарылып, аудан бойынша ірі он бір шаруашылық мал азығын дайындауға берілетін көмекқаржыға қол жеткізді. Оның жалпы сомасы - 3645498 теңге. Аудандағы бірден-бір тұқым шаруашылығы болып табылатын «Қайрат» ЖШС-на сапалы тұқым дайындап сатқаны үшін 776 мың теңге көмекқаржы төленген. Ағымдағы жылы да мұндай шаруашылықтардың санын көбейту қажет. Жақсыбай, Күйгенкөл ауылдық округтерінде малы әлі сұрыпталмаған шаруашылықтар бар. Оны арнайы құрылған комиссия тексермек. Ал асылдандыру жұмыстарына әзір бірден-бір ұжым - «Әлем» шаруа қожалығы. Қожалық өткен жылы бордақылаудағы малдан отыз тонна сапалы ет тапсырса, биыл 300 бас ірі қараны бордақылауға қойып, кем дегенде жетпіс тонна сапалы ет дайындауға тапсырыс беріп отыр. Мал шаруашылығында жүзеге асырылған соңғы талаптың бірі ҚР Үкіметінің 2009 жылдың 4 қарашасындағы №1754 қаулысына сәйкес сатуға шығарылатын жануарларды арнайы белгіленген орында сою. Осыған байланысты мал соятын алты алаң ашылды. Олар облыс орталығынан арнайы рұқсат алып, жұмыстарына кірісті.
Елбасы биылғы Жолдауында: «Бұл күрделі міндетті аграрлық-индустриялық әртараптандыру ғана, яғни ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжірибені пайдалану, оны біздің ауыл шаруашылығымызға жедел ендіру керек», - деген болатын. Демек, келешекте де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы кешенін одан әрі дамытуға күш салуымыз керек.
Абзал ҚАРАТАЕВ