Абылай хан тарихындағы өтірік
Ол - Абылайдың хан сайлануын баяндаудағы бәтуәсіздік. Мәселен, «Абылай хан» атты жинақта («Жазушы» баспасы,1993-жыл) Сүйінбай Аронұлының «Үш жүзге би Төле еді» деп аталған қысқа толғауы бар, онда:
«...Үш жүзге би Төле еді,
Заманында сол Төле
Тәшкенге бір күн келеді.
Сенің атаң Абылайды,
Әбілмәнсұр атанып,
От жағып жүрген жерінде
Шайханадан көреді.
Сол құлдықтан құтқарып,
«Сабалақ» деген ат қойып,
Төле би алып кеп еді.
Ел түйесін бақтырып,
Қызметін көпке жақтырып,
Кірме екенін айтқызбай,
Хан қойған бабам сол еді...»,
- делінсе, Шәді төре Жәңгірұлы «Тарихатында» (аталған кітапта) Жәнібек ханның Абылайды хан етіп сайлауды ұйғарып, үш жүзге хабар беріп, билерді шақыртқанын жырлай келе:
«...Бас қосып бірнеше күн бірге тұрды,
Сөйлесіп жұрткершілік кеңес құрды.
Ақыры Абылайдың хан болуын
Бәрі де бірауыздан қабыл қылды.
Әкеліп ақ киізді жайып салып,
Үстіне отырғызды ханды апарып.
Қолдасып әр рудың қариясы,
Киізді ұстадылар бәрі барып.
Ұлы жүз Төле биге жолын берді,
Қазыбек Орта жүзден шыға келді.
Әйтеке Кіші жүзден киізді ұстап,
Біреуі Жәнібектің өзі де еді.
Төртеуі төрт бұрыштан ұстап тұрды...»,
- депті. Ал ақын Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» дастанында (ол да аталған кітапта):
«...Жиылды өңшең ноян ығай-сығай,
Байжігіт, Тасболат пен би Толыбай.
Түу баста Абылайды хан көтерген –
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай»,
- деген.
Сүйінбай атамыздың сөзіндегі үш ағаттықтың біріншісі – Төле Үш жүзге би болды деуі. Екіншісі – Абылайды хан көтеруге Төле би қатыстысы. Үшіншісі – Абылайды Тәшкеннің шайханасында от жағып жүр деуінің нанымсыз екені. Абылайдың тегі туралы басқа деректерде: «Түркістанда Әбілмәмбет төреге қызмет қылып жүр едің»; «Арқада Әбілмәмбет төренің түйесін бағып, Сабалақ атанып жүрген құл едің»; «Үйсін Төле бидің түйесін бағып жүріп сабалақ атанып едің» делінген. Бірізділік жоқ.
Тарихи үш биіміз жайында жазылған әдеби, тарихи-ғылыми әңгіме, өлең-жыр, мақала, т. б. үңілсем: олардың фәниге келген, бақиға аттанған жылдары да әрқалай көрсетіліпті:
Төле би Әлібекұлы (1657-1756 және 1663-1756),
Қазыбек би Келдібекұлы (1667-1764 және 1665-1765),
Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700 және 1683-1739 және 1683-1722),
- деп жазылған. Демек, Абылайдың үш жүзге хан сайлануынан:
Төле би - 15 жыл бұрын,
Қазыбек би - 6 жыл бұрын,
Әйтеке би - 49 жыл бұрын бақилық болыпты!..
Сонымен, Абылайды 1771-жылы хан сайлаған жұртшылық арасында атақты үш биіміздің үшеуі де болмаса, Шәді төре мен Сүйінбай ақын нені, кімді жырлады?!. Олардың ізімен әдеби, тарихи «еңбек» жазғандар да аз емес шығар. Бұл ағаттыққа тарихшыларымыздың ләм-мим демегендері қалай? (Дегендер болса, ғафу еткей).
Би атаулыдан Қанай Құттымбетұлының қатысқаны (Мағжан Жұмабаев айтқан) иланымды. 1696 - 1778 жылдарда өмір сүрген Қанай Көкшетаудың Зеренді өңіріндегі Қарабұлақ ауылында туып-өскен. Аймаққа кең тараған аңыз оның әрі батыр, әрі шешен, әрі әділ қазы болғанын айтады. Абылайдың бас биі делінеді.
Енді Шәді төренің «Тарихатындағы» Жәнібекті алсақ, менің көзіме түскен жазба еңбектердегі жәнібектер де Абылайды хан көтеруді көрмеген, ең бергісі - Шақшақ Жәнібек 1752-жылы дүниеден озған.
Міне, осы ала-құла ақпараттарды хал-хадари нақтылап, бір жүйеге тиянақтатар уақыт болған жоқ па?
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
Abai.kz