Қазақтың әнін, ұлттық киімін мазақ еткендерге Астана төрін бермек
Орыс телеэфирінің "қоқысханасы" саналатын "ТНТ" арнасы қазақ әнін мазақ етті. Асыра айтып, бәле қуғанымыз емес. Жақында ресейлік "ТНТ" арнасындағы "Comedy Club" бағдарламасы қазақ әнін әжуалап, ұлттық киімді қорлайтын әзіл көрсетті.
Боқауыз сөздерді бейпіл айтып, бейәдеп әндер орындайтын "USB" дейтін топ (псевдо-әншілер тобы) "ТНТ" сахнасында қазақ әні де айтылуы керек дегенді сылтауратып, ұлтаралық араздықты тудыратын саяси пропаганда жасайды.
Сөйтіп, есім-сойы қазаққа жат "Сыңылдық Таранбаев" дейтін "қазақ" жігітін сахнаға шығарып, түсініксіз тілде ән айтқызады. Бұл уақта өздері қазақтың ұлттық киімін киіп, екінші планда ербеңдеп жүреді.
"Comedy Club" мақамындағы бұл әзілдің арасында қызтекелікті ашық насихаттайтын "USB" тобы: "Сыңылдық ескі қазақ тілінен аударғанда Таранбаев дейтің бай мұнайшының ұлы дегенді білдіреді. Паша, "Comedy Club"-ты Қазақстанда да жақсы көреді. Ал мына сахнада тек орыс әншілері ғана өнер көрсетеді. Сондықтан біз өзімізге тиесілі эфир уақытын Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы жолында құрбан еттік" дейді.
Өткен жылы НАТО-ның жанынан құрылған "Stratcom Center of Excellence" зерттеу орталығы орыс телеэфиріндегі ойын-сауық бағдарламаларына талдау жасапты. Зерттеу нәтижесінде, ресейлік бірсыпыра теле бағдарламалардағы (ойын-сауық) Батыс едері басшыларын, НАТО мен Украинадағы, Түркиядағы, Қытай мен Қазақстандағы саяси жағдайларды сынайтын, келемеждейтін саяси әзілдерге толы болып шыққан.
Оған қоса, "Форбс" жүргізген зерттеу бойынша, ресейлік "КВН" бағдарламасы Кремльдің негізгі саяси пропагандисі болып шықты. Көбіне көп дезинформаторлықпен айналысатын орыс телеэфирі қатаң бақылауда екені белгілі. Ал көпшілік сүйсініп көретін "КВН" ойындары КГБ арнайы жобасы негізінде қайта ашылғаны белгілі болды.
Біз неге "КВН" туралы сөз қозғадық. Өйткені ресейлік "КВН"-нің жазғы кубогін сарапқа салатын фестиваль Астанада өтеді.
Керек дерек, соңғы оншақты жылдың шегінде Қазақстан құрамасы Александр Масляковтің ойынына тұрақты қатысқанымен, бірде-бір рет жеңімпаз атанған жоқ. КВН ойындары тарихына көз жүгіртсек, фестивальдің бас жүлдесі Кремль ауа-райына қарай таратылып отырады. Ал бас қазы Константин Эрнест дейтін ТМД-дағы нөмірі бірінші дезинформатор.
Бір қызығы Астаналық шенділер өзге емес, дәл осы про-кремльдің пропагандистерінің арзанқол әзілдеріне әуес болып шықты. Олай дейтініміз, жаңағы "Comedy Club" Астанада кеш өткізбек. Арнайы шақырту алып, "Энергия Холл" сарайында әзіл ойнайтын ресейлік сайқымазақтар бұған дейін де халықаралық саясаттағы өзгерістерді келемеждейтін әзілдер көрсетіп, Батыс елдері лидерлерін ашық әжуалаған-тын.
Ал біздің кейбір шүйкебас шенділер шатаққұмар арнаның "шалбарсыз" әртістерін әспеттемек.
Осыған дейін Астанаға жалаң аяқ, жалаң бұт жүріп ән салатын Барбадостың бәденді бикеші Рианна келеді деп күткен.
Өткен жолы орыс телеэфирінің төсектегі теоретигі Владимир Соловьев келіп кетті.
Бұлардың барлығы дерлік тегін келіп, қазақты жарылқап жатқан жоқ. Арнайы алдыртқандықтан, қыруар қаржы алып қайтады.
Біздің жалқы сұрақ: қазақтың әнін, ұлттық киімін мазақ еткендерге Астана төрін бермек пе? ҚР Мәдениет және спорт министрі бас болып, боқауыз сөздерді бейпіл айтатын "Comedy Club" пен гомосекуализмді ашық дәріптейтін "USB" тобына тиісті шара қолдану керек!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz