Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 9988 9 пікір 29 Мамыр, 2017 сағат 12:00

Тұңғыш Олимпиада чемпионы Мәскеуде тұрып жатыр

Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов қолдың қысқалығынан елге қайта алмай, Мәскеуде тұрып жатыр…
Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген 25 жылда бір миллиондай қандас бауырларымыз атажұртына оралды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында туған жерімізде қазақтың үлес салмағы 70 пайызға жуықтады. Біле білгенге, бұл – ұлттық саясаттағы ірі тарихи қадам.

Ал сол миллионға жуық бауырлардың қатарында алаш жұртының тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов неге жоқ? Бұл өзі көзқарақты жұртты көптен бері толғандырып жүрген мәселе. Иә, Әлжан Жармұхамедов жарты ғасырдан бері көрші Ресейдің астанасы – Мәскеуде тұрып жатыр. Елге келсем, деген ойын баспасөз бетінде, телеарна арқылы бірнеше рет ашық айтқан. Мысалы, былтыр 26 наурызда «PROСПОРТ Казахстан» басылымына «Отанымды аңсаймын!» («Тоскую по Родине») деген сұхбаты шықты. 2009 жылы 8 мамырда Казправда.кz сайтындағы Жармұхамедовпен болған әңгіме-сұхбаттың тақырыбы – «Елге оралсам деп армандаймын!» («Мечтаю вернуться на Родину!») – деп аталады. Қазақ басылымдарындағы осы мәселеге қатысты мақалаларды тізетін болсақ, біраз жерге барамыз.
Ол кісі өмір бойы доп ойнаған, жаттықтырушы болған адам. Жалғыз еңбекақыны қанағат қылып, сирек қолға тиетін сыйақыға риза болған қарапайым қазақ. Алматыдан не Астанадан пәтер сатып алуға қалтасы көтермейді. Бірақ, елге оралсам, деген ниеті күшті. «Мәскеу маған спорттық атақтың бәрін берді. Бірақ туған Отаным — Қазақ еліне деген махаббатымды жеңе алған жоқ», – дейді Әлжан Мүсірбекұлы.
Әлжан Жармұхамедовты 1989 жылы тамыз айында Ташкент қаласына арнайы іздеп бардым. Ол кісі сол тұста КСРО чемпионатында ойнайтын Ташкенттің баскетбол командасының жаттықтырушысы болатын. Екеуміз метрода жолықтық. Жер түбінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионын іздеп келгенімді ашық айттым. Ол кісі жымиған қалпы сыртында советтің гербі бар қызыл паспортты ашып көрсетті. «Национальность» деген сөздің тұсындағы «қазақ» атауы көзіме оттай басылды. 1944 жылы 2 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданы Табақсай ауылында дүниеге келгенін сол паспорттан оқыдым. Сол сәт қуанышым қойныма сыймай кетті.
Иә, Әлжан Жармұхамедов қатардағы көп спортшының бірі емес. Нақты деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдағы ең атақты қазақ спортшысы.

Баскетболдан Мюнхен Олимпиадасының жеңімпазы (1972 жыл), Монреаль Олимпиадасының қола жүлдегері (1976), яғни қатарынан екі Олимпиада ойындарында олжа салған тұңғыш қазақ саңлағы.
Әлем чемпионатының күміс (1978) және қола (1970) жүлдегері;
Дүниежүзілік универсиаданың жеңімпазы (1970);
Еуропаның 3 дүркін чемпионы (1967, 1971, 1979);
Еуропа Суперкубогінің иесі (1971);
Кеңес Одағының 10 мәрте чемпионы (1970-1980);

Кеңес Одағының «Құрмет Белгісі», Ресейдің «Почет» орденімен марапатталған.
Тағы бір ескеретін жағдай, Әлжан Мүсірбекұлы КСРО құрамасы мен Мәскеудің ЦСКА командасына өзі сұранып барған жоқ. 1967 жылы КСРО құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Гомельский Әлжанды одақ құрамасына шақырды. Жармұхамедов сол жылы КСРО құрамасы сапында Еуропа чемпионы атанды. Гомельский дарынды қазаққа ұлттық құраманың базалық командасы ЦСКА-ға ауысу туралы ұсыныс жасайды. Бұл кезде Ташкентте ойнап жүрген Әлжан өзіне сонша жақсылық жасап, қамқорлығына бөлеген азаматтарды тастап кете алмайды. Гомельский өз ұсынысынан бас тартқан Жармұхамедовты 1968 жылғы Мехико Олимпиадасына әдейі апармайды. Бас жаттықтырушы қайткен күнде де Әлжанды Мәскеуге әкетпек ниетпен соңынан әскери адамдар жібереді. Әлжан олардан қашып, Алматы асып кетеді.
Алматының «Локомотивінде» бірнеше ай ойнаған Әлжан Қазақстанда қалғысы келген. Республика спортының басшылары қазіргі Абылай хан көшесінің бойындағы үйден пәтер аласың, деп уәде береді. Бірақ уәде сөз жүзінде қалып қояды. Содан Жармұхамедов Қазақстан құрамасы сапында КСРО кәсіподақтарының біріншілігіне барады. Сол жарыс үстінде өзбектер Әлжанның паспорты Ташкентте тіркелгенін желеу етіп, оның алаңға шығуына мүмкіндік бермейді. Сөйтсе, жағдай былай болған екен. Қазақстан жағы Әлжанды Алматыға тіркейтін кезде, Ташкенттен тіркеуден шығаруды ескермепті.
1969 жылы қарашада КСРО қорғаныс министрлігінің бұйрығымен Әлжан Мүсірбекұлы Мәскеудің ЦСКА-сына алынады. Содан табаны күректей 11 жыл осы команданың, Кеңес Одағындағы ең үздік клубтың намысын қорғады. Сол жылдардағы КСРО баскетбол құрамасы сапындағы ойыншылардың ішінде жалғыз қаракөз спортшысы біздің Жармұхамедов болғанын мақтанышпен айта кету артық болмас.
Туған елін аңсаған Әлжан Мүсірбекұлы 1987 жылы Алматыда қызметке орналасты. Баскетбол маманы ретінде емес, нысана көздеуші ретінде. Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионын сол тұстағы спорт басшылары осылай өгейсітті. Мұндай қорлыққа шыдамаған Жармұхамедов үндеместен аттың басын артқа бұруға мәжбүр болды.
Әлжан тек даңқты спортшы ғана емес, білікті бапкер ретінде де бағасын алған тұлға. Жармұхамедов ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында үзеңгілес досы Сергей Беловпен бірге Ресей ұлттық құрамасын жаттықтырды. Белов пен Жармұхамедов баптаған Ресей баскетболшылары 1994 жылы әлем чемпионатында күміс медальға, 1997 жылы Еуропа біріншілігінде қола жүлдеге ие болды. Бұл да Жармұхамедов өміріндегі мәртебелі белес екені анық.
Әлжан ағамыз Алматыға ет жүрегі елжіреп, екі рет көшіп келуге әрекет жасады. Біз ел ретінде бауырымызға тарта алмадық. Кезінде Мәскеу әскери жарлықпен, жауынгер жіберіп тартып алған біртуар баскетболшымызды жат жерде қалдырғанымыз қалай болар екен?!
Осы жан ауыртатын мәселеге Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек назар аударса, деген тілегіміз бар. Иә, Алматы кімдерге қоныс болмаған?! Заманында орыс патшасы мен совет билігі қалаған жұртын осы жұмақ өлкеге, байтақ қалаға қалағанынша қоныстандырды емес пе. Ендеше, еліміздің ең үлкен қаласынан Әлжандай ардағымызға бір баспана табылады деп сенейік! Уақыт жел аударған қаңбақтай өте шығады. Бауке, егер Жармұхамедовты Жетісуға көшіріп әкелетін болсаңыз, туған халқыңыздың алдында мәртебеңіз асқақтап сала береді. Себебі Әлжан алаш жұртының тарихында орны бар тұлға. Дүние өткінші, күндердің-күнінде Әлжан ағамыздың дәм-тұзы Мәскеуде таусылып, жамбасы сол жердің топырағына тисе, қандай күй кешеміз? Иманға ұйыған, намысы күшті ұлт өзінің тұңғыш Олимпиада чемпионын жат жұртта қалдырмаса керек-ті!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақ «Туған жерге туыңды тік!» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» – деген жолдар бар. Ендеше, Әлжанның атажұртын аңсауы заңды құбылыс.
Сонау жылдары Міржақыптың сүйегін Ресейдің солтүстік қиырынан алып келдік. Жуырда Кейкі батырдың бас сүйегі елге жетті.
Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев ағаларымыз батыс аймақтарды басқарып тұрғанда Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қадыр Мырзалиев, Ілия Жақанов, Аққұштап Бақтыгереева секілді тұлғаларымызға туған жерінен үй салдыртып берді емес пе. Жамбылдағы азаматтар Шерхан Мұртаза ағаны қалай қадірледі! Шымкенттегі атқамінерлер Дулат Исабеков ағамызға баспана тұрғызып жатыр деп естідік. Ер қадірін білетін азаматтар қазақта әр заманда болған. Ендеше, Әлжанды да мерейін өсіріп, Алматыға көшіріп алайық! Ерінің қадірін сезінетін қалың елі бар екенін ол кісі де біле жүрсін.
Бұл – көптің тілегі. Ақсақал жасына жеткен Жармұхамедовтың ортамызға келіп, қалған ғұмырын ағайын ортасында өткізіп жатса, тек Әлжанның отбасы ғана емес, мыңдаған тілеулес бауырлары қуанып қалар еді. Ал көптің қуанышына себеп болған адам Алланың нығметіне бөленеді.

Қыдырбек Рысбек,
Б.Бұлқышев атындағы Қазақстан Жастар одағы және С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың лауреаты, спорт тарихшысы

Дереккөзі: jasqazaq.kz

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322