СІБІР БЕКІРЕЛЕРІ «ЕРТІС» ӨЗЕНІНЕ ЖІБЕРІЛДІ
Өткен аптада «Восток - Аквакультура» бекіре зауыты ЖШС-і мыңнан аса сібір бекіресінің майшабағын Ертіс өзеніне жіберді. Бір жылдық сібір бекірелерінің салмағы 650 грамды құрайды. Ертістің Павлодар өңірі тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған аталмыш акцияға облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасенов, «Восток - Аквакультура» ЖШС директоры Қанат Сыздықов және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Зайсан-Ертіс» облысаралық балық өнеркәсібі инспекциясының бастығы Мәулен Қанатбаев қатысты.
Өткен аптада «Восток - Аквакультура» бекіре зауыты ЖШС-і мыңнан аса сібір бекіресінің майшабағын Ертіс өзеніне жіберді. Бір жылдық сібір бекірелерінің салмағы 650 грамды құрайды. Ертістің Павлодар өңірі тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған аталмыш акцияға облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасенов, «Восток - Аквакультура» ЖШС директоры Қанат Сыздықов және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Зайсан-Ертіс» облысаралық балық өнеркәсібі инспекциясының бастығы Мәулен Қанатбаев қатысты.
- Бекіре зауыты 2008 жылдан бері балық өнеркәсібін алға қойып, оның көптеген түрлерін шет елдерден әкеліп ұрықтандырады. Басты мақсатымыз - жергілікті өзен-көлдердегі балық түрлерін көбейту. Алдағы уақытта су жәндігінің басқа да түрлерін ірілендіру жұмысын басты назарға қойып отырмыз. Ертіс өзеніне жіберген сібір бекіресінің тұқымын Мәскеу қаласының жанындағы Канаковский зауытынан арнайы алдырып өсірдік. Енді нәтижесін алдағы уақыттарда көретін боламыз. Жалпы мыңнан аса сібір бекіресі майшабағын сатып алуға 3 миллион теңге қаражат кетті,- дейді «Восток - Аквакультура» ЖШС директоры Қанат Тұрлыбекұлы. Ертістің Павлодар өңірінің тарихына үңілер болсақ, сібір бекіресін аулауға осыдан отыз жыл бұрын тыйым салынған екен. Егерде олардың өсуіне ешкім кедергі жасамаса, сібір бекірелерінің ұзындығы екі метрге дейін жетіп, салмағы 200 килограмды құрауы мүмкін. Әсіресе, жиналғандардың басым бөлігін «Өзенге жіберілген майшабақтар су толқынымен бірге өзге аймақтарға жүзіп кетпей ме?» деген сұрақ мазалады. Бұл тақырыпта көптеген зерттеу жұмыстарын жасап жүрген С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мониторинг орталығының ғылыми қызметкері Александр Боскиннің айтуына қарағанда, сібір бекірелері тек қана бір аймақта өмір сүреді. «Біз сібір бекіресінің өмір сүруі туралы биологиялық зерттеу жұмысын жүргіздік. Жалпы, жергілікті мекендерге үйреніп алған сібір бекірелері ешқайда кетпейді. Тек қана сол аймақта тіршілік етеді. Сібір бекірелерін өзенге күзгі уақытта жіберу керек. Себебі, дәл осы уақыттағы су қысымы балықтарға жайлы болады»,- дейді А.Боскин.
Мұндай акцияны ұйымдастыруға республикалық бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбеген. Балық өнеркәсібін алға қойған «Восток-Аквакультура» ЖШС сібір бекірелерін «Ертіс» өзенінде көбейтуге арналаған акцияны өз қаржыларына ұйымдастырған. Акцияға арнайы келіп қатысқан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Зайсан-Ертіс» облысаралық балық өнеркәсібі инспекциясының бастығы Мәулен Қанатбаев: «Мұндай шаралар алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарында өткізіліп тұрса, балық өнеркәсібі алға басып, жетіле түседі. Ендігі кезекте осынау кәсіпті жаңдандырушыларға қолымыздан келген көмекті аямаймыз»,- деп ағынан жарылды.
Туған жердің тылсым табиғаты үшін өзгеге үлгі боларлықтай іс тыңдырған зауыт акцияны дәстүрлі түрде ұйымдастырып тұруға сөз берді. «Сібір бекірелері Ертіс өзенінің Қытай елі аумағындағы бөлігінде көптеп кездеседі екен. Ал Қазақстанда тек қана орта және жоғарғы Ертісте өмір сүреді. Бүгінгі таңда Ертіс өзенінде балықтың бұл түрі жойылып кетудің алдында тұр. Қауіптің алдын алу үшін осындай игі шараларды әрдайым ұйымдастырып отыру керек» екендігін атап өтті облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының бастығы Бауыржан Қасенов.
Фархат ӘМІРЕНОВ.