Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. Жазушылар одағының жаңа бастамасы хақында
Жазушылардың біразы 22 қыркүйекте өткен конференциясында осы күнгі басшылықтың пәлен жыл бойы құлаққа құйып келе жатқан мағлұматына сай, қаламгерлердің «дүние-мүлкіне бас-көз болып отыратын құрметті төраға» қажет екендігі хақында пікірлесіпті. Соның кейбір ұшығы конференциядан соң айдан астам уақыт өткен соң, баспасөзде наразылық білдіріле бастағаннан кейін, қалың жұртшылыққа да мәлім болды («Қазақ әдебиеті», 29.10.2010). Онда «Ашық хат» деген айдармен жазушылар ұйымы басшысының кіріспе мақаласы («Ақиқатты бұрмалау - арға сын»), «Ұлт әдебиетінің алтын төрі» айдарымен конференцияның есебі («Жарғы -ұйымның күретамыры») беріліпті.
Жазушылардың біразы 22 қыркүйекте өткен конференциясында осы күнгі басшылықтың пәлен жыл бойы құлаққа құйып келе жатқан мағлұматына сай, қаламгерлердің «дүние-мүлкіне бас-көз болып отыратын құрметті төраға» қажет екендігі хақында пікірлесіпті. Соның кейбір ұшығы конференциядан соң айдан астам уақыт өткен соң, баспасөзде наразылық білдіріле бастағаннан кейін, қалың жұртшылыққа да мәлім болды («Қазақ әдебиеті», 29.10.2010). Онда «Ашық хат» деген айдармен жазушылар ұйымы басшысының кіріспе мақаласы («Ақиқатты бұрмалау - арға сын»), «Ұлт әдебиетінің алтын төрі» айдарымен конференцияның есебі («Жарғы -ұйымның күретамыры») беріліпті.
Онда ұйым басшысы: «...Мен 15 жылға тарта уақыт ішінде ...биліктің бәрін көрдім... Көріп келемін! Одақтың дүние-мүлкін кімдердің, қалай талан-таражға салып кеткенін де көрдім. Бірақ бір адамның атын айтқан емеспін. ...Ұйымның ішкі бірлігін сақтағым келді...» - деп бір түйіп, дегенмен, «басты кілтипанды» атамай тұра алмапты: «...Ал, жақсы. Кешегі бөлініп, талауға түскен дүние біз келгенде «Госкомимущество» деген мекеменің қаулысымен қайда, кімге беріліп кеткенін қалай ұмыта қойдыңыздар? «Жазушылар одағы шығармашылықпен айналысуы керек. Ал «Литфонд» шаруашылықпен айналысуы керек» деген «пышақ жүзі» бөлісінің ақыры ұйым басына қандай қатер төндіріп, даудың соңы үш жарым жылдық сотқа тірелгенін неге ұмытуымыз керек. Кешіріңіз, Төке, бұл сіздердің кездеріңізден қалған дау еді ғой? Шығармашылық билік деген не? Шығармашылық билікті қарап отырсам, Жазушылар одағының төрағасында мына қағаз бен қаламнан өзге ештеңе қалмаған. Қалғанының бәрін «Литфонд» алып қойған. «Литфонд» өз кезегінде жеке-дара қоғамдық ұйым болып, үкіметтің қаулысын шығартып, меншіктің бәрін толық өзінің иелігіне алып қойған. Солардың бәрін қайтару үшін қаншама уақыт кетті. Мен мұны ертең билік жасай қояйын, сөйте қояйын деп отырған жоқпын. Ұмытыңыздар мені...»
Сонымен, бүгінгі басшылық билікке келгенде «Госкомимущество» деген мекеменің (ал ол - Мемлекеттік меншікті басқаратын үкіметтік құрылым!) қаулысымен... «Литфонд» ...меншіктің (ұйым басшысы айтқан «бөлініп, талауға түскен дүниенің») бәрін толық өзінің иелігіне алып қойған», «солардың бәрін қайтару үшін қаншама уақыт кетті», «даудың соңы үш жарым жылдық сотқа тірелген». Анықтай кетейік: бұл басшылық ұйымды басқаруға 1996 жылдың жазында келді, демек, содан бастап 3,5 жылын, яғни 2000 жылға дейінгі уақытын соттасуға жұмсаған...
Осы жерде мынандай сұрақ туады: Жазушылар одағы сонша уақытын кіммен соттасуға қор қылды екен? Жоғарыдағы мәтінге қарағанда, - әрине, «Литфондпен». Алайда ол «Литфондты» 1997 жылдың қаңтарында Жоғарғы сот судьясының шешімімен жойып жіберген еді ғой. Ал Жазушылар одағы «Литфондты» жоюға неге құштар болды екен? Ең бастысы, «Литфондтың» мүшелері де, Жазушылар одағының мүшелері де кәдімгі қаламгерлердің өздері болатын. Ендеше, Жазушылар одағына жаңа басшы келгенде, тап сол жазушылардың екінші ұйымы Әдеби қор оған қалайша жау болып көрінді екен? Жаңа басшының «шығармашылық билік» дегенді өте тар ауқымда - міндетті түрде меншікке билік жасау деп ұққаны ма? Шындап келгенде, меншікке билік жасауын Әдеби қорды сақтай отырып та - сол екі ұйым арасындағы Қызметтестік жөніндегі келісімшартты басшылыққа алып жүзеге асыруына болар еді ғой? Неліктен бұлай болды?
Бірақ, газетке шыққан есепке қарағанда, бұған ешкім бас ауыртпаған секілді. «Ертең билік жасай қояйын... деп отырмаған», өзін «ұмытуға» шақырған басшыларының аузынан естіген осы «жүрекжарды сырдың» мәніне баруға тырыспаған тыңдаушылары артынша жарғыға оның қажет еткен толықтыруларын енгізіпті. Әйтсе де, қанша дегенмен, Жазушылар одағы мүшелерінің дені әділетті жақтауға тиіс деп сенгендіктен, шын ахуалды баян етуді парыз санап отырмын...
Сонымен, 1991 жылға дейінгі уақытта мынандай жағдай орын алған еді...
***
Қазақстан Жазушылар одағы Кеңестік жазушылар одағының республикалық бөлімдерінің бірі, компартияның идеологиялық бөлімінің қоғамдық тармағы ретінде 1934 жылы құрылды. Содан бері ол жарты ғасырдан астам мемлекеттің саясатын жүргізіп келді, жазушылар өздерінің көркем шығармашылығы арқылы коммунистік партияның идеяларын жүзеге асырысуға қызмет етті. Сол себепті де Жазушылар одағын Үкімет қаржыландырды. 1935 жылы СССР Әдеби қорының Қазақ бөлімшесі құрылып, республика жазушыларының әлеуметтік жағдайына жәрдемдесумен шұғылданып тұрды. Қаржыландыру СССР Әдеби қоры тарапынан жүргізілді.
Қазақстандағы жазушылардың шығармашылық үйін салуға арнап бөлінген жердің құнын СССР Әдеби қоры төледі, содан күрделі құрылыс үшін, 1972 жылдан бастап жыл сайын қалалық аткомның тиісті басқармасына (барлығы 1 млн сомнан астам) қаржы аударып тұрды. Он шақты жыл бойы салынған (құны сол 1 млн сомға тарта) ғимарат 1982 жылдың аяғында бітті де, үкімет шешіміне сәйкес, қайтарымсыз негізде, СССР Әдеби қоры балансына берілді. Ал ол, тиісінше, Шығармашылық үйді жиһазбен, өзге де қажет жабдықпен қамтамасыз етті, жұмысын тікелей өзі қаржыландыра отырып, ырғақты жүргізуді Қазақ бөлімшесіне жүктеді.
***
Қайта құру саясаты өріс ала келе, 1990 жылы СССР Әдеби қорының пленумы өзінің құрамындағы республикалық бөлімшелерді шаруашылық есепке көшіру керек деп шешті. Соған сәйкес, СССР Әдеби қоры тиісті бөлу балансын жасап, Алматыдағы шығармашылық үйді Қазақ бөлімшесіне өз меншігі ретінде басқаруға берді. Алайда, қазақ жазушылары мен олардың әдеби чиновниктерінің бойларын билеген масылдық психология бұл төңіректе ізденіп бас ауыртқыза қоймады. Сөйтіп, Мәскеуден қаржы түсу біртіндеп азая келе, алғашқыда жоспарланған мерзімде біржола доғарылғанда, Шығармашылық үйдің күллі тіршілігін шындап қожыратты: қызметі тоқырады, адам таситын, жүк таситын көліктері қилы желеумен әркімге үлестірілді. Мұндай өзгерістерді Жазушылар одағы ғимараты да бастан өткеріп жатты. Оның ішінен уақыт талабына сай пайда болып жатқан неше түрлі жалға алушылардың кеңселері орын тепті...
1991 жылғы қыркүйектегі съезде сайланған басшы осылай туындаған қиын ахуалдан құтылуды көздегендіктен, әкімшілік жолмен ірі өзгерістер жасады: ғимаратты жалға алушылардың істерімен таныса келе, біреуіне ғана көңіл қойып, басқаларын аластады; сосын сол коммерциялық ұйымның қарауына ғимараттың шаруашылық жүргізуге ең қолайлы бөлігін және Тайманов көшесіндегі Шығармашылық үйді берді. Дүние-мүлік сол коммерциялық мекемеге 1991 жылғы қазанда жаңа хатшының қатысуымен өткізілді.
***
Мұның бәрі тәуелсіздікке дейінгі шаруа. Ал тәуелсіздіктің алғашқы айларында Жазушылар одағы бюджет тарапынан қаржыландырылмайтын қоғамдық ұйым ретінде қайта құрылды. Осы орайда күтпеген қиындықтар туды. Кеңес кезінде жақсы өмір сүріп, өкіметтің алақанында жүріп, масыл өмірге дағдыланып қалған жазушылардың бірқатары бұған көндіге алмай, жаңаша тіршілікке бейімделудің орнына, реформа жасауға тырысқан әрекеттердің бәріне сын көзбен қарап, қайткенде кедергі келтірумен, тіпті, қолдарынан келгенше жоққа шығарумен айналысты. Олар жайында түрлі жиындарда, баспасөз беттерінде сөз болған. Сол шақта - 1991-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1992-1996 жылдары Қазақстан Әдеби қоры басқармасының төрағасы болып істегендіктен, көп ретте маған да баспасөзде, жиналыстарда өз пікірімді білдіріп, түрлі дау-дамайға араласуға тура келген еді. Бұлар жайында дер кезіндегі білдірген пікірлерім 2000 жылы шыққан «Ар - Қуат» атты публицистикалық хроникада, сондай-ақ тағы біразы одан бергі кітаптарда да («Талтүске дейін». Публицистикалық хроника. 2005, «Қарқара». Публицистикалық хроника. 2010) бар. Сондықтан мен мәселенің егжей-тегжейіне тереңдемей, негізгілеріне ғана тоқталмақпын.
Коммерциялық құрылым Жазушылар одағымен екі келісімшарт жасап, 1991 жылғы қазанда қаламгерлер меншігінің - негізгі ғимараттың жартысы (Әдебиетшілер үйі) мен тұтастай Шығармашылық үйдің іс жүзіндегі қожайынына айналды. Ұзамай-ақ, Шығармашылық үйдің заңды қожайыны болып табылатын Әдеби қор мүддесінің аяқасты етілгені, қаламгерлердің ұтылып қалғаны анықталды. Жазушылардың наразылығы күшейді. Соған байланысты, коммерсанттармен арақатынас секретариатта бірнеше мәрте талқыланды, алайда ешқандай оң нәтиже болмады. Ал келісімшарттарды сот арқылы бұзуға Жазушылар одағы тәуекел ете қоймады. Сонда, ақыры, қаламгерлер мүлкін құқықтық жолмен қорғауды Әдеби қор өз қолына алды...
***
Арбитраждық марафон бір жарым жылдай уақытқа созылды. Қалалық арбитражда Әдеби қордың талап-арызы бойынша істі байыппен қарай бастаған судьяны коммерсанттар, сенімсіздік білдіру арқылы, өздері қалаған басқа судьяға алмастыра алды. Ол бұлардың «сенімін ақтады»: бірнеше отырыстан кейін Әдеби қордың талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Алайда қаланың бас төрелік соты міндетіне адалдық танытып, заңның Әдеби қор жағында екенін көрсетті. Коммерсанттарды, өздері босата қоймағандықтан, Шығармашылық үйден мәжбүр ету жолымен шығарып жіберетін уақыт белгіленді. Бірақ, сот шешімін жүзеге асыруға бірнеше сағат қана уақыт қалғанда, Жоғарғы арбитраждық соттан мәжбүрлеп шығару жайындағы шешімді сырттай, талап-арыз иесінің қатысуынсыз бұзған ұйғарым келіп түседі. Бұл 1994 жылдың мамырында болған жәйт еді.
Қалалық соттың шешімін жоққа шығарған Жоғарғы төрелік соттың бригадасы «өз міндетін адал атқарып», кезекті келесі топқа береді. Бұл бригада бірнеше отырыстан кейін, шамасы, коммерсанттарды разы етерліктей желеу таба алмаса керек, істі қарауды кезекті бір алқаға өткізеді. Осы үшінші бригада заңды қақпақылдаумен, қайткенде Әдеби қордың меселін қайтару жолын қиыстырумен сегіз ай бойы шұғылданады. Бұл іске жазушылар арасындағы астыртын әрекет-қимылдың шеберлері де атсалысады, солардың тікелей «ақыл беруімен» коммерсанттар Әдеби қорды жоюды көздеген қадамға барады. Белгілі-бір дәрежеде оң нәтижеге қол жеткізе де алады: Бас прокуратура Әдеби қордың Жарғысын тіркеген Әділет министрлігіне наразылық жолдайды. Сол себепті Әдеби қор Төтенше съезд шақырады, Жарғысын заңнамаға сәйкестендіретін толықтырулар мен түзетулер жасап, қайта тіркеуден өткізеді. Одан соң, қайткенде коммерсанттардың көңілін тапқысы келгені шығар, бригада сотты сағызша созып жүріп, ақыры әлдебір ілік тапқандай болады да, Әдеби қордың талап-арызын қанағаттандырусыз қалдырады. Сосын оны Сот шешімдерінің заңдылығын қадағалайтын алқа бұзады. Коммерсанттарға Шығармашылық үйді босату ұсынылады.
Барлық заңмен көзделген мерзім өткен соң, сот орындаушысы коммерсанттарды Шығармашылық үйден 1995 жылғы 14 маусымда мәжбүрлеу жолымен шығарып жібереді...
***
Сол сәттен бастап жазушылар өз меншігін - Шығармашылық үйді өзіне қызмет етуге қою мәселесімен рынок әліппесін меңгере отырып шұғылдана бастады. Алайда Әдеби қордың шаруашылық жүргізуші ірі субъект дәрежесіне жетіп, жазушылардың кәсіпкерлік қызметін мейлінше өркендетуі үшін - Әдебиетшілер үйін де жыртқышша қанап жатқан коммерсанттардан арылту қажет еді. Бірақ олардан арылудың заңды жолына Жазушылар одағы бара қоймады, ал Әдеби қордың бұған араласуға құқы жоқ-тын. Сонда ғимараттың Әдебиетшілер үйі орналасқан бөлігін пайдалану жөніндегі Жазушылар одағы мен коммерциялық ұйым арасында жасалған келісімшартты бұзудың басқа заңды жолы қарастырылды. Баршаға мәлім, ғимарат тарихи құнды ескерткіштер қатарына жатады, сондықтан, қалалық прокуратураның мемлекет мүддесін қорғап берген талап-арызына сай, аталған келісімшартты 1996 жылғы көктемде сот заңсыз деп тапты. Ғимарат 5.04.1996 ж. Әдеби қор балансына берілді...
***
Бірақ коммерсанттарды Жазушылар одағының ғимаратынан мәжбүрлеп шығару шарасы жүзеге асырылып үлгерілмеді, ал 1996 жылғы 29 маусымда билікке келген жаңа басшы, өкініштісі, оны қажет те етпеді. Оны айтасыз, жаңа басшы Жазушылар одағы мен Әдеби қор арасында 25.01.1995 ж. жасалған Қызметтестік туралы келісімшартты мойындамайтынын жария етті. Жазушылар меншігін қорғау жолында жүргізілген сот марафоны кезінде коммерсанттарға астыртын қолдау көрсетіп, Әдеби қорды жоюға әрекеттенгендер енді мүлдем ашық кетті. Солардың әсіре белсенділігі салдарынан 1996 жылғы 2 желтоқсанда Жоғары сот судьясы Әдеби қор жарғысының 1992 жылы тіркеуден, 1994 жылы қайта тіркеуден өтуінің де күші жойылсын деген шешім шығарды. 26 желтоқсанда Жоғары сот алқасы өз қаулысымен бұл шешімді бұзды. Алайда әлгі судья алқа қаулысын елең қылмай, 1997 жылғы 10 қаңтардағы ұйғарымымен Әдеби қорды жоюға пәрмен берді. Заң мен заңнаманы осынша өрескел бұзушылықтың себебін бірде Президент Н.Назарбаев судьялар съезінде «істі әділ қарамайтын судьялар не сауатсыз, немесе өздерінің белгілі бір мүдделері бар» деп, соттағы сыбайластыққа жол берушілікті аймандай етіп әшкерелеген еді...
***
«Кешіріңіз, Төке, бұл сіздердің кездеріңізден қалған дау еді ғой?» - бұған Төкең келісер-келіспес, және өзіне арналған айыптауды кешірер-кешірмес - өзі білер, менің ойымша, дұрысы - «дау» жаңа басшылықтың әділеттілікті, шындықты, заңдылықты сыйламаушылығы, бәрін күшке басып шешуге болатынына құдайдай сенгендігі және солай ете алғандығы салдарынан туған. Өйткені, коммерсанттардан дүние-мүлікті қайтарып алған талап-арыз иесі болып табылатын қуынушы Әдеби қорды жою - коммерсанттар мен Жазушылар одағы арасындағы бұзылған бұрынғы келісімшартты қайтадан күшіне келтірді. Сондықтан да Одақ әлдеқашан біткен істі қайта қоздатуға мәжбүр болды. Ана бір жылдары жаңа басшының коммерсанттармен жаңа келісімшарт жасағаны жайында бір азаматтың газетке жазғаны бар... Соған қарамастан, жаңа басшы өз кінәсін бүгіп, бар пәлені өткендегілерге жаба беруді («бұл сіздердің кездеріңізден қалған дау») қолайлы көріп жүр және бұл тарапта нәтижесіз де емес, бұқара «аузы қисық болса да - байдың баласы сөйлесін», өйткені «билікке тақау басшы әрдайым дұрыс айтады» деп біледі...
***
Одан бері де талай су ақты. Шығармашылық үйді оның жұмысын жүргізіп жүрген қаламгерден Жазушылар одағы тартып алды да, қаржы таппағандықтан, он шақты жыл бойы қаңтарып қойды. Сосын үкіметтің көмегімен жөндеуден өткізді, бірақ жұмысын ұйымдастыруды жазушылардың өзіне бергеннен, әлдебіреулерге жалға өткізуді қолайлы көрді. Қандай құжат жасалды - құпия. Бүгінде қаламгерлер шығармашылық жұмысымен онда барып тұра алмайды: ол шетелдіктердің қонақүйі, аула салып қоршап алған, күзеті бар. Жанындағы бақ егілген аумақтың кімге қызмет етіп жатқаны да құпия. Анығы - Жазушылар одағы шаруашылық мәселесін бірде-бір ашық талқылап көрген емес. Бірақ «шығармашылық билік дегенді» - тек қана құпия коммерциялық жұмыс деп білетін тәрізді. Сондықтан да, конференцияда сөйлеушілердің пікіріне қарағанда - «өзі тірнектеп жинаған», бірақ құпия астарлары бар «дүние-мүлікті бақылап тұратын» «вето қоюға хақы бар» «құрметті төраға» лауазымы өте қажет боп тұрған сыңайлы...
***
Қорыта айтқанда... Әдеби ұйым басшысының өзі айтқандай, «ақиқатты бұрмалау - арға сын». Демек, жоғарыда айтылған шын ахуалды - ақиқатты - қаламгер қауым білуге тиіс. Сонда «Жазушылар одағының дүние-мүлкін қорғайтын құрметті төрағаны» қажет етудің астарын әріптестер өздері-ақ ажырата жатар деп ойлаймын...
30.10.2010
"Абай-ақпарат"