Алаш ардақтылары кім, Алмалар кім?
Асықпаңдар! Артымызда қазы бар.
А. Байтұрсынұлы
«Қазақ әдебиеті» газеті «Алаштың ардақтаған Алмасы еді» атты мақала жаиялады былтыр ( Қ.Ә. №48. 25.11.2016.) Авторы - Гүлзада Ниетқалиева. Әлгі мақаланы оқып болған соң «Тұлғатануға» байланысты қатып қалған қатаң қағидалар мен парықсыздықтар туралы өз ұстанымдарымды ортаға салғым келді. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан азаматтарына үлгі-өнеге етіп дәріптер тұлғалар мен қайраткерлерге қойылар талаптар, өлшем-мизамдар бар ма, жоқ па осы?.. Егер бар болса, кешегі қызыл империя тұсында ұлтын, дінін, ділін сатып, жанын жалдаған, сол үшін 70 жыл бойы көкке көтеріле дәріптелген қызыл белсенділер, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы тұсында да ардақталып «Алаштың ардақтаған Алмасы еді» деп көлдей мақала жарияланар ма еді?
Ақиқатында Алаш ардақтылары кімдер, ал Алмалар кімдер еді?
Қайран Алаш ардақтылары Әлихан, Ахмет, Мұстафа, Шәкәрім, Міржақып, Жүсіпбек, Мағжандардың қатарына қосарлықтай Алма кім? Біз 70 жыл бойы қып-қызыл коммунист, кеңес өкіметі көкке көтерген нағыз белсенді батырақтардың бірі болған, Алашордашылармен жау болғаны туралы жазылған нағыз Лениншіл, Сталиншыл Алма Оразбаеваны білеміз. Сатыбалды мен Гүлзада келтірген өмірбаяндық деректердің өзінен кешегі келмеске кеткен Социалисттік қоғам жарнамалаған қып-қызыл үгіт парағын оқығандай болдық. Бірер мысал келтіріп көрелік, cөз мәнеріне назар аударып көріңіздер: Алманың 1919 жылы ұлттық қарулы күшіміздің тұңғышы, қазақтың бірінші үлгілі атты әскер полкін құрған кездегі белсенділігі мен ұйымдастырушылық дарыны ерекше көзге түсіпті. Сөз, Алаш Орда астанасы Семей мен Арқада қазақ автономиясының мүддесін қорғау үшін жасақталған Алаш әскер-сақшылар құрмасы туралы айтылған болса, кәнеки? «Үлгілі қызыл әскер полкі» Алаш үшін қызмет етті ме, керісінше Қазақстанның әр өңірінде, Өзбекстанда бас көтерген көтерісшілерді жаныштаудың қанды қолдарына айналды ма?
Кеңестік тарих қолданған қызыл үгіттің мәнерімен 2016 жылы шын тарихтың тонын теріс айналдырып мақала жазуға болмайтынын авторларымыздың қаперіне келмегені өкінішті-ақ. Алма апамыздың сол 1919 жылы Мәскеуге «Коммунистік университетке оқуға барып Н. К. Крупская, Инесса Арианд, р.с. Землячка, Б. М. Ярославски, В. В. Куибышев сияқты партия қайраткерлерімен танысқанын» автордың баяғы кеңестік мәнермен мақтанышқа айналдырғысы келгені, бүгінгі қазақ жастарының отаншылдық сезімін тәлкек қылғандық болмай ма? Біздер үшін аты аталған «партия қайраткерлері» дегендердің құны көк тыйын ғана емес, аса ұнамсыз, зиянды пенделер еді ғой.
Ал Қазақстан мен Советтік Ресейдің алуан түрлі жоғары дәрежелі органдарында атқарған қолбала қызметтерін тізбелеп, РК(б)П ХІІ съезінде И. В. Сталин жасаған баяндама бойынша жарыс сөзге шыққаны біздің мәртебемізді аспандатады деп ойлау күлкілі әрі ұят. Алма Оразбаева туралы кітабында Сатыбалдының «Алма жүрек сыздатарлықтай аянышты тағдыр иесі» деген сөзінде ащы шындық болғанымен, «аянышты тағдыр, трагедиялық жағдайларға» ұрындырған саяси, әлеуметтік, рухани себептері һам ұлттық салт-сана мен діни қадір-қасиетімізді тәрк етіп, құдайсыздыққа, ұлтсыздыққа бой алдырып ата-баба кепиятына ұшырауы туралы авторлар мүлде ой кездірмеген. Бүгінгі күн талабы тұрғысынан талдау-таразылау дегендерді қажетсінбегені өкінішті-ақ.
Алманың трагедиясы кездейсоқтықтан, сенгіш аңғалдықтан немесе басқа себептерден болған трагедия емес екенін, коммунист Алма, жас Алма, мансап, атақтан басы айналған Алма білмей қалды деп ақтау, ОГПУ полковнигі – Жоһит Иван Каширинді «ия, ол сатқын болып шықты» деп лағнеттеу тым аңғалдық. Иван Каширин сатқын болып туған, сатқындықпен талай бейкүнә адамдардың қанын төккен нағыз әзәзілдің өзі болатын. Солай бола тұра бір қазақ қызы, мұсылман отбасында тәрбиеленген сауатты бойжеткеннің қайдағы бір тілі де, діні де, ділі де жат, қан шеңгелді ОГПУ полковнигін таңдауы, қазақылық пен мұсылмандықтың шырқы әлі бұзыла қоймаған 1919-20 жылдар үшін кешірілмес күнә, ауыр қылмыспен бара-бар болатын. Аруақ атқан, қарғысқа ұшыраған дегеннің дәл өзі десек, Алманы және «қызыл отаудан» жұлқынып, қағынып шыққан талай қызыл белсенділерді әспеттейтін жазғыштардың өре түрегелетінін біле тұра осыны айтуға мәжбүр болдық.
Менің ақкөңіл, отандастарым, аптықтарыңызды басып сәл ойлануға мұрсат берсеңіздер, Алма апамыздың трагедиясының нағыз қыры-сырын Гүлзада Ниетқалиеваның өз сөзінен ұзақтау үзінді келтіру арқылы аша түсуге болады. Ол былай дейді: «Алма іс-сапарға аттанысымен жас қызды (Қанипа апасының Сақыпжамал есімді қызын екі жасар баласына бас-көз болсын деп үйіне әкелген) біресе қорқытып, біресе алдап жүріп дегеніне жетеді. Тіпті, үйленіп те алды. Алма ұзақ жолдан үйге оралғанда төбесіне жай түскендей болады. Әлбетте үй ішінде айғай да шығады. Осыны пайдаланған Каширин Алманы «ақылы ауысты» деп ауруханаға салған. Аурухана дәрігерлері бірнеше рет «науқасты үйге алу керек, жағдайы жақсы» деп хабарлағанымен туғандары да, Каширин де оны маңдарына жуытпаған... Сөйтіп, Алма Оразбаева 1931 жылғы Маусым айынан 1948 жылдың көктеміне дейін аурухана керуетіне таңылып, дүниеден өткен. Оның сүйегі Жамбыл облысы, Луговой станциясы маңына жерленген болуы керек».
1998 жылы Алма Оразбаеваның туғанына 100 жыл толуына орай Ш. Ш. Уәлиханов атындағы тарих-этнология институтында конференция болып еді. Сол тұста баспасөзде Алма 1948 жылы ақпанда Луговойдағы жындыханадан қашып шығып, із-тозсыз жоқ болғаны, қасқырларға жем болғаны туралы жазылған. Аянышты, қасіретті өлім, ит өлім деген сондай-ақ болар. Оның қай жерін әспеттеп, қай тағдырға лағнет айтпақпыз?
Алма және сол сияқты трагедиялы тағдырлар туралы, халық жауы деп атылып-шабылғандар туралы зерттеулер жасалмасын деп ешбір ақыл-есі дұрыс адам айта қоймас. Мәсенің ділгірлігі, ғылымилығы, тарихи ақтаңдардың орнын толтырып әділдікті қалпына келтіру ата-баба аруағы алдындағы өтелмес қасиетті борыш екені дау тудырмас. Алма Оразбаеваның трагедиялы тағдырын зерттеуші қазақ қаламгерлері өз алдарына, сол трагедияның нағыз қанды қол құныкерін, оның саяси қоғамдық, әлеуметтік себептерін аша отырып, бүгінгі жас-тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу, тәрбиелену үстіндегі жас ұрпағына өкінішті өткеннің ащы сабағынан алар тағылымдық түйіндерді ашалап айтып беру, Алмалардың трагедиялы тағдырын қайталамау жолдарын нұсқау мақсатын қойса дегіміз келеді. Ол үшін кешегі санамызды сарсылтқан коммунисттік-шовнисттік һам дінсіз-құдайсыздық ұстанымдарды аулаққа серпіп тастап, ұлттық, түркілік, мұсылмандықты бағдар тұтқан зайырлы Қазақстандық, шыт-жаңа ғылыми-теориялық зерттеу тәсілі бойынша тарих жазуды, тарихи тұлғаларды, тарихи оқиғаларды жаңаша бағалауды үйренуіміз қажет демекпіз.
Тарихи тұлғаларды (егер ол тарихи чиновниктер болмаса) бағалауда адасып жүрген жазармандарымыздың бір парасы өзінің қай дәуірдің, қай елдің, қай мемлекеттің өкілі екенін парықтамай мақтаймын деп даттап отырғанын, Советтік стереотиптерден шыға алмай, өзін де, оқырмандарды да, алдап отырғанын байқамай қалатын сияқты.
Әлімғазы Дәулетхан,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
Жетекші ғылыми қызметкері
Abai.kz